Шикі мұнайды, газ конденсатын, шикі газды және оны қайта өңдеу өнімдерін (тауарлық газды) есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 сәуірдегі № 154 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 мамырда № 16960 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Тақырыбы жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 144-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Шикі мұнайды және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары бекітілсін.

      2. "Мұнайды есепке алу ақпараттық жүйесінің қалыптасуы және жұмыс істеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 18 наурыздағы № 211 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10828 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 19 мамырда жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2018 жылғы 29 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      ________________ Д. Абаев

      2018 жылғы 14 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________ Б. Сұлтанов

      2018 жылғы 10 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ____________ Т. Сүлейменов

      2018 жылғы 4 мамыр

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 28 сәуірдегі
№ 154 бұйрығымен
бекітілген

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағида жаңа редакцияда көзделген - ҚР Энергетика министрінің 02.11.2022 № 343 (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Шикі мұнайды және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Шикі мұнайды және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 144-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және шикі мұнайды және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін қалыптастыру және оның жұмыс істеуі (бұдан әрі – Жүйе) тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Жүйе белгіленген тәртіппен қабылданған Кодекстің 144-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес тұтынушыға беруге дайындалған айналымдағы шикi мұнайдың және газ конденсатының саны туралы деректерді тәулік сайын автоматтандырылған жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға арналған.

      3. Осы Қағидаларда қолданылатын ұғымдар Кодексте айқындалған мағыналарды білдіреді.

2-тарау. Жүйені қалыптастыру қағидалары

      4. Шикі мұнай және газ конденсаты айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілер (бұдан әрі – субъектілер) көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға Кодекстің 144-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес тұтынушыға беруге дайындалған айналымдағы шикі мұнайдың және газ конденсатының мөлшері туралы деректерді есепке алу жүйелеріне (бұдан әрі – Субъектілердің жүйелері) қолжетімділік ұсынады.

      Жүйені қалыптастыру кезінде Субъектілермен ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде алынған шикі мұнай және газ конденсаты айналымы саласындағы қызметті жүзеге асыратын субъектілерде орнатылған есепке алу аспаптарынан алынған деректер пайдаланылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Уәкілетті орган Жүйені қалыптастыру және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін құрамына уәкілетті органның мүшелері және өзге де мүдделі тұлғалардың өкілдері кіретін жұмыс тобын құрады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Жұмыс тобы өз бетімен немесе кеңесшілер және (немесе) сарапшылар ретінде өзге ұйымдарды тарту арқылы:

      1) Субъектілердің қолда бар жүйелеріне талдау жасау графигін әзірлейді;

      2) Субъектілердің қолда бар жүйелеріне талдау жасайды;

      3) Субъектілердің жүйелерін интеграциялау және Жүйені қалыптастыру алгоритмін жасайды;

      4) Жүйеге интеграциялау мақсаттары үшін әрбір Субъектіге жүйелерді жетілдіру бойынша ұсынымдар жасайды;

      5) Субъектілердің жүйелерін Жүйеге интеграциялау графигін әзірлейді;

      6) жүйелері тәжірибелік пайдалану кезеңінде Жүйеге интеграцияланатын Субъектілер тізбесін айқындайды.

      7. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгенге дейін жұмыс тобы мынадай іс-шараларды өткізеді:

      1) Жүйенің және субъектілердің интеграцияланған жүйелерінің ақпараттық өзара іс-қимылын сынаудан өткізу;

      2) тәжірибелік пайдалану нәтижесіне талдау жасап, қажеттілік болса –ақпараттық өзара іс-қимыл шеңберінде әзірленген сервистерді пысықтау;

      3) қосылатын сервистегі ақпараттық сұрау салу қарқынын бағалау, жүктемелік тестілеу;

      4) Жүйені алдын ала сынақтан өткізу.

      8. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 40-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгеннен кейін көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган тәжірибелік пайдалану кезеңінде интеграцияланбаған Субъектілердің жүйелерін интеграциялауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізгеннен кейін Субъектілер өздерінің жүйелерінің Жүйемен ақпараттық өзара іс-қимылының жұмыс істеуі шарттарының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

3-тарау. Жүйенің жұмыс істеуі қағидалары

      11. Жүйеге жаңа ақпаратты қосу және (немесе) Жүйедегі ақпаратқа өзгерістер енгізу Жүйенің дерекқорына жаңа ақпараттық жазбалар жасау жолымен жүзеге асырылады.

      12. Ақпараттық өзара іс-қимыл процесінде Кодекстің 144-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес тұтынушыға беруге дайындалған айналымдағы шикi мұнайдың және газ конденсатының саны туралы деректер Жүйеге берілуге тиіс.

      13. Мемлекеттік құпияға, коммерциялық құпияға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, Жүйедегі ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді (бұдан әрі - жалпыға бірдей қолжетімді ақпарат) болып табылады.

      14. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратты қалыптастыру және тарату мақсатында, сондай-ақ таратуға шектелген ақпарат бөлігінде Жүйеде қамтылған ақпаратты өңдеуді және талдауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган Субъектілерге өздері берген ақпаратқа және Жүйенің бағдарламалық-техникалық құралдарын қолдану арқылы Жүйедегі жалпыға бірдей қолжетімді ақпаратқа қолжетімділік ұсынады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 01.04.2022 № 122 (07.03.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.