Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихатының 2017 жылғы 16 қаңтардағы № 64 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 13 ақпанда № 5727 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихатының 2017 жылғы 20 қыркүйектегі № 117 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихатының 20.09.2017 № 117 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қармақшы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қармақшы аудандық мәслихатының келесі шешімінің күші жойылды деп танылсын:

      "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қармақшы аудандық мәслихатының 2016 жылғы 27 қыркүйектегі № 36 шешімі (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5622 тіркелген, 2016 жылғы 22 қазанда "Қармақшы таңы" газетінде жарияланған).

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қармақшы аудандық Қармақшы аудандық
      мәслихатының кезектен тыс мәслихатының хатшысы
      8-сессиясының төрағасы
      __________ Ә. Бекбергенова _________ М. Наятұлы
      КЕЛІСІЛДІ:
      "Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды
      үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
      басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _________________________ А.Алдажаров
      "16" қаңтар 2017 жыл

  Қармақшы аудандық мәслихатының
  2017 жылғы “16” қаңтардағы
  № 64 шешiмiмен бекiтiлген

Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары

      1. Осы Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) “Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы” Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Әлеуметтік көмек Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласы аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) арнайы комиссия – өмiрлiк қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша аудан әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi – “Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қызылорда облысының Статистика департаменті” Республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтiн, мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      4) жергілікті атқарушы орган (Қармақшы ауданының әкімдігі) – Қармақшы ауданының әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде Қармақшы ауданының аумағында жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган (бұдан әрі - ЖАО);

      5) мереке күндерi – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мереке күндерi;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбiр мүшесiне келетiн үлесi;

      7) өмiрлiк қиын жағдай – азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол оны өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      8) өтініш беруші – өз атынан немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауылдық округтің әкіміне өтініш білдірген адам; 

      9) уәкiлеттi орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын “Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      10) уәкiлеттi ұйым – “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы – “Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы” Департаментінің Қармақшы аудандық бөлімшесі;

      11) учаскелiк комиссия – әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн кент, ауылдық округ әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      12) шектi шама – әлеуметтiк көмектiң бекiтiлген ең жоғары мөлшерi.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтiк көмек ретiнде ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететiн көмек түсініледі.

      5. Әлеуметтiк көмек бiр рет және (немесе) мерзiмдi (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетiледi.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері

      6. Әлеуметтiк көмек алушылар санаттарының, әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен марапатталған адамдарға – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына: Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен марапатталған адамдар, сондай -ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен марапатталмаған адамдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      2) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай:

      саяси қуғын-сүргін құрбандарына, мүгедек болып қалған немесе зейнеткер болып табылатын саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға – 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      3) 15 ақпан – Ауғанстан аумағынан совет әскерлерін шығару күніне орай:

      жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларына теңестірілген адамдар, оның ішінде басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларына, атап айтқанда: бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлігінiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде);

      жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлерге;

      ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлеріне;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;

      Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      Жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген адамдар, оның ішінде: бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер, әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдар – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      4) 26 сәуір – Чернобыль АЭС-індегі апатқа ұшырағандарды еске алу күніне орай:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      5) 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай:

      азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдарға - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      7. Әлеуметтік көмек алушылардың өзге де санаттары:

      1) Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына, әлеуметтік қолдау ретінде – 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет;

      2) жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне теңестірілген адамдарға, оның ішінде:

      ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге жылына бір рет – 40 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      3) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс қатысушыларына теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына, атап айтқанда:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен марапатталған адамдарға жылына бір рет – 30 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      4) “Отан”, “Даңқ” ордендерімен наградталған, айырымның ең жоғары дәрежесі - “Халық Қаһарманы” атағына, республиканың құрметті атақтарына ие болған азаматтарға әлеуметтік жеңілдік ретінде ай сайын - 1,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Мүгедектер қатарындағы кемтар балалардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеуге – 9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Бұл ретте, уәкілетті орган оқытуға жұмсаған шығындарды өтеуді кемтар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне тиісті білім беру кезеңіне тоқсан сайын жүзеге асырады;

      Шығындарды өтеуді тоқтатуға әкеп соғатын жағдайлар туындағанда (мүгедек баланың он сегіз жасқа толуы, мүгедек баланың қайтыс болуы, мүгедектікті алып тастау, мүгедек баланың интернат-үйі немесе санаторлық мектепте оқып жатқан кезеңінде, мүгедек баланың тұрғылықты жерін ауыстыруы), төлемдер аталған жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      8. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде алушылар санатының тізбесі мен әлеуметтік көмектің шекті шамалары:

      1) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне келген зардабын жоюға – бір рет, әрбір отбасы мүшесіне 40 айлық есептік көрсеткішке дейін, бірақ бір отбасына 150 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      2) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезден емделудің сүйемелдеу сатысындағы азаматтарға табыстарын есепке алмай, қосымша тамақтануға - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      3) гемобластоздар мен апластикалық анемияны қосқанда гемотологиялық аурулармен ауыратын диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне - ай сайын 7,6 айлық есептік көрсеткіштен артық емес;

      4) Өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Қызылорда облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың тұлғаларына тұрмыстық қажеттіліктерге әлеуметтік көмек, жылына бір рет - шекті шама 10 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде көрсетіледі;

      5) Орта білім алғаннан кейін “Бакалавр” академиялық дәрежесін алу үшін, жоғарғы оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлауға бағытталған “Магистр” академиялық дәрежесін алу үшін және Қазақстан Республикасының медициналық білім және ғылым ұйымдарында резидентурада медицина кадрларын дайындау үшін, өңірге қажет мамандықтар бойынша, әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал тобы қатарынан, күндізгі оқыту нысаны бойынша білім алушыларға оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек аудан жастарына тағайындалады.

      Әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал тобы қатарынан білім алушыларға:

      бала кезінен мүгедектер, мүгедектер;

      жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      асыраушысынан айырылған балалар;

      интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілері;

      көп балалы отбасылардың балалары;

      ата-анасының екеуі де зейнеткер болып табылатын балалар;

      ата-анасының біреуі немесе екеуі І және ІІ топтағы мүгедек болып табылатын балалар;

      отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар;

      оралмандардың отбасындағы балалар жатады.

      Білім алушыларға әлеуметтік көмек жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жылына бір рет, оқу орнының білім беру қызметінің құны шегіндегі жыл сайынғы төлемдерді және тамақтану мен тұру шығындарын өтеуге көрсетіледі.

      9. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) Қызылорда облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен бір еселік шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      10. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтiк көмек көрсету тәртiбi

      11. Атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекiтетiн тiзiм бойынша көрсетiледi.

      12. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек алу үшiн өтiнiш берушi өзiнiң немесе отбасының атынан уәкiлеттi органға немесе кент, ауылдық округтың әкiмiне өтiнiшке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты;

      3) Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша адамның (отбасының) құрамы туралы мәлiметтердi;

      4) адамның (отбасы мүшелерiнiң) табыстары туралы мәлiметтердi;

      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.

      13. Құжаттар салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаларда және көшiрмелерде ұсынылады, содан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.

      14. Өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетуге өтiнiш келiп түскен кезде уәкiлеттi орган немесе кент, ауылдық округтiң әкiмi бiр жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу үшiн учаскелiк комиссияға жiбередi.

      15. Учаскелiк комиссия құжаттарды алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiге тексеру жүргiзедi, оның нәтижелерi бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы актi жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтiк көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкiлеттi органға немесе кент, ауылдық округ әкiмiне жiбередi. Кент, ауылдық округ әкiмi учаскелiк комиссияның актiсi мен қорытындысын алған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде оларды қоса берiлген құжаттармен уәкiлеттi органға жiбередi.

      16. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      17. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      18. Уәкiлеттi орган учаскелiк комиссиядан немесе кент, ауылдық округ әкiмiнен құжаттар келiп түскен күннен бастап бiр жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеудi жүргiзедi және құжаттардың толық пакетiн арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      19. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      20. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажеттi құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 16 және 17-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда уәкiлеттi орган өтiнiш берушiден немесе кент, ауылдық округтiң әкiмiнен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      21. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

4. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту, көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      22. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы Қызылорда облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      24. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзгеше тәртiппен қайтаруға жатады.

5. Әлеуметтік көмекті төлеу және қаржыландыру

      25. Әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктердегі және банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы алушылардың жеке шоттарына ақшалай сомаларды аудару жолымен жүргізіледі.

      26. Әлеуметтік көмек тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгерісін ескере отырып төленеді.

      27. Әлеуметтік көмек беруге шығыстарды қаржыландыру аудан бюджетінде көзделген ағымдағы қаржылық жылға арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

6. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.