"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноталарын шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 қыркүйектегі № 239 қаулысына өзгерістер мен толықты

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы № 196 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 30 қарашада № 16037 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноталарын шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу тәртібін және талаптарын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноталарын шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 қыркүйектегі № 239 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14423 болып тіркелген, 2016 жылғы 5 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноталарын шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидаларда Бағалы қағаздар нарығы туралы заңда, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң), "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бір реттік код – жеке тұлғаның сұрауы бойынша бағдарламалық-аппараттық құралдармен жасалатын және жеке тұлғаның Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын сатып алуына немесе сатуына рұқсат бергенде бір реттік пайдалануға арналған электрондық цифрлық символдардың бірегей қатары;

      2) веб-портал – жеке тұлғаға Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын сатып алуға немесе сатуға қол жеткізу орнын ұсынатын ақпараттық жүйе;

      3) жеке тұлғаны сәйкестендіру – жеке тұлғаның шот және (немесе) электрондық әмиян ашу және Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарымен мәмілелерді жүзеге асыру құқығын нақты растау мақсатында жеке тұлғаның нағыз өзі екенін айқындау рәсімі;

      4) көп реттік код – жеке тұлғаның сұрауы бойынша бағдарламалық-аппараттық құралдармен жасалатын және жеке тұлғаға Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын сатып алуға немесе сатуға рұқсат берілген кезде белгілі бір уақыт кезеңі ішінде көп рет пайдалануға арналған электрондық цифрлық символдардың бірегей қатары;

      5) кірістілік мөлшерлемесі – Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын орналастыру немесе құнын төлеп алу бағасын есептеу үшін пайдаланылатын жеке тұлғалардан Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын сатуға немесе құнын төлеп алуға жасалатын мәмілелердің параметрі;

      6) қадағалау бөлімшесі – Ұлттық Банктің бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеуге жауапты бөлімшесі;

      7) Орталық – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      8) уәкілетті бөлімше – Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын шығаруға және орналастыруға жауапты Ұлттық Банктің бөлімшесі;

      9) Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын құнын төлеп алу – Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарының айналыс мерзімі аяқталғанға дейін оларды бағалы қағаздардың қайталама нарығында Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын одан әрі сату мүмкіндігімен Ұлттық Банктің оларды ұстаушы болып табылатын жеке тұлғадан сатып алуы;

      10) Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын өтеу – эмитенттің Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарының (кейіннен сату мақсатынсыз) номиналды құнын электрондық ақшамен төлеу жолымен орналастырылған қысқа мерзімді ноталарын айналыстан алу әрекеттері;

      11) шот – орталық депозитарий Ұлттық Банкке және (немесе) мемлекеттік бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімінің жүйесінде жеке тұлғаға ашылған Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын есепке алуға арналған шот;

      12) электрондық әмиян – микропроцессор (чип), дербес компьютердің бағдарламалық қамтамасыз етуі, операторы Орталық болатын және (немесе) оларға рұқсатты қамтамасыз ететін электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын электрондық ақша сақталатын өзге бағдарламалық-техникалық құрал;

      13) электрондық қосымша – мобильді телефондарда және өзге құрылғыларда не веб-порталдарда Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын сатып алу немесе сату қызметін жеке тұлғаларға ұсынуға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету.";

      18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Шот және (немесе) электрондық әмиян ашу өтінімінде мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      2) жеке сәйкестендіру нөмірі;

      3) мобильді телефон нөмірі;

      4) электрондық пошта мекенжайы;

      5) Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген жеке тұлғаны сәйкестендіру мақсатында орталық депозитарийге, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және өзге үшінші тұлғаларға жеке тұлғаның дербес деректерін жинауға, өңдеуге және жариялауға келісімі туралы белгі.

      19. Жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін мыналар пайдаланылады:

      1) жеке тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы;

      2) немесе Орталық және орталық депозитарий ақпарат алмасу туралы келісім жасаған екінші деңгейдегі банк немесе Ұлттық пошта операторы шығарған төлем карточкасының деректемелері (төлем карточкасының нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем карточкалар жүйесінің атауы);

      3) немесе орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде жеке тұлғаға ашылған қосалқы шоттың нөмірі;

      4) немесе Қағидалардың 18-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында бар мәліметтер;

      5) немесе орталық депозитарийдің қағидалар жинағында көзделген жеке тұлғаны сәйкестендіру тәсілдері.";

      мынадай редакциядағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. Жеке тұлғаны Қағидалардың 19-тармағының 1) тармақшасында көзделген тәсілмен сәйкестендіру кезінде электрондық қосымшада шот және (немесе) электрондық әмиян ашу өтініміне клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.".

      2. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Шайқақова Г.Ж.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) тармақшаларында және осы қаулының 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев