"Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 498 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 19 қазанда № 15908 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13420 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Курстар:

      1) еңбек қызметінен қол үзбей (соның ішінде қашықтан оқу нысаны бойынша);

      2) еңбек қызметінен қол үзу немесе жартылай қол үзу арқылы;

      3) жеке білім беру бағдарламалары бойынша;

      4) шетелде 1 жылға дейін мерзімге еңбек қызметінен қол үзу арқылы ұйымдастырылады.

      5. Курстарды педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын мынадай білім беру ұйымдары (бұдан әрі – Ұйым) өткізеді: "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы, "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығы" акционерлік қоғамы, "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы", меншік нысанына қарамастан жоғары оқу орындары, білім беру орталықтары, біліктілікті арттыру институттары мен заңды тұлғалар, сондай-ақ облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әдістемелік кабинеттері және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттері.

      Шетелдегі курстарды "Халықаралық бағдарламалар орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Орталық) ұйымдастырады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Курстарда оқуға үміткер педагогикалық қызметкер педагогикалық кеңестің қарауына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидалардың 2 немесе 2-1-қосымшаларына сәйкес нысанда жазылған өтініш;

      2) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысанда толтырылған педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары тыңдаушысының сауалнамасы;

      3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      4) жұмыс орнынан лауазымы мен жұмыс өтілі көрсетілген анықтама;

      5) сертификаттар көшірмелері (бар болса);

      6) шетелде біліктілікті арттыру курстарынан өту үшін мемлекеттік немесе орыс тіліндегі уәждемелік хат.";

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Білім басқармасы жыл сайын 20 желтоқсанға дейін:

      1) қысқа мерзімді Курстардың тыңдаушыларының тізімін Ұйымға;

      2) ұзақ мерзімді Курстардың тыңдаушыларының тізімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік);

      3) шетелдегі Курстардың тыңдаушыларының тізімін Министрлікке жолдайды.

      13. Жыл сайын 25 желтоқсанға дейін Курстарға оқуға үміткер педагогика кадрларының тізімдерін:

      1) қысқа мерзімді Курстарға Ұйымдар;

      2) ұзақ мерзімді Курстарға Министрлік жасайды.

      Министрлік жыл сайын 25 желтоқсанға дейін шетелдегі Курстарда оқуға үміттенуші педагог кадрлардың тізімін Орталыққа жолдайды.";

      мынадай мазмұндағы 14-1 және 14-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "14-1. Шетелдегі Курстарды педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік білім беру ұйымдары, халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтары (бұдан әрі – Шетелдік ұйым) өткізеді.

      14-2. Орталық пен Шетелдік ұйым арасында жасалған біліктілікті арттыру бойынша қызметтерді көрсету шартының негізінде Орталық Министрлікпен келісілетін Шетелдегі Курстарды өткізу кестесін әзірлейді.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Курстардың ұзақтығы:

      1) қысқа мерзімді Курстар – кемінде 36 академиялық сағат;

      2) ұзақ мерзімді Курстар – кемінде 108 академиялық сағат.

      Шетелдегі Курстардың ұзақтығы:

      1) қысқа мерзімді Курстар – 3 (үш) айға дейін;

      2) ұзақ мерзімді Курстар – 1 (бір) жылға дейін.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Сертификатқа Ұйым басшысының, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқарушының қолы қойылады және берілген күннен бастап 5 (бес) жыл бойы жарамды.";

      мынадай мазмұндағы 34, 35, 36, 37 және 38-тармақтармен толықтырылсын:

      "34. Педагогикалық қызметкер Орталықпен біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы шарт (бұдан әрі – Шарт) жасасады.

      35. Шарт Курстардан өтуді ұйымдастыру бойынша барлық шығыстарды төлеуге байланысты ақша аудару үшін негіз болып табылады.

      36. Курстар педагог қызметкердің біліктілігіне сәйкес тілдік дайындықты қамтиды.

      37. Шетелдік ұйым Курстар аяқталған соң біліктілікті арттыру курстары тақырыбы бойынша сертификат (өз үлгісінде) береді.

      38. Педагогикалық қызметкер Шетелдік ұйымнан шығарылуына алып келген теріс нәтижемен Курстан өткен жағдайда педагогикалық қызметкер Орталықтың Курстардан шетелде өтуді ұйымдастыруға байланысты нақты жұмсаған шығындарын өтеуді жүзеге асырады.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 2-1-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ш.Т. Каринова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А. Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
А. Әмрин

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 498 бұйрығына қосымша
  Педагогика кадрларының
біліктілігін арттыру курстарын
ұйымдастыру және жүргізу
қағидаларына
2-1-қосымша
  Нысан

      _____________________ басшысы

      (ұйым атауы)

      ______________________________

      (тегі, аты және әкесінің аты (бар болған

      жағдайда) (бұдан әрі - Т.А.Ә.)

      ______________________________

      (Т.А.Ә.)

      ______________________________

      (лауазым)

Өтініш

      Мен, _____________________________________________________________________

                                          (Т.А.Ә.)

      Қазақстан Республикасы педагог кадрларын шетелде біліктілігін арттыру бойынша

      ________________________________________________________________________ тобында

                                    (оқу елі)

      ______________________ оқу тілінде ____ айлық/жылдық (3 айға немесе 1 жылға дейін)

      курстарда оқу үшін менің кандидатурамды қарастыруңызды сұраймын.

      ______________________                         201 ___ жылғы "____"_________

      (өтініш беруші қолы)                                (өтініш беру күні)