"Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 220 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 28 тамыздағы № 499 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 9 қазанда № 15864 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 45-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 220 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7148 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Тізілімге тіркелуге жататын ұшқышсыз ұшу аппараттары мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) орындалатын міндеттердің арналуы мен түрі бойынша:

      жауынгерлік (соққы беретін) – авиациялық зақымдау құралдарымен соққы беру үшін арналған әуе кемесі;

      барлау – инфрақызыл және теледидарлық диапазондарда барлау, қадағалау құралдарымен әуеде барлау жүргізу және қашықтықты лазерлік метрлеу үшін арналған әуе кемесі;

      көп мақсатты – бір уақытта немесе ұшуға арналған тапсырмаға байланысты бірнеше міндетті шешу үшін арналған әуе кемесі;

      2) басқару қағидаты бойынша:

      автономды – оператордың араласуынсыз навигациялық жиынтыққа енгізілген бағдарламаға сәйкес ұшу тапсырмасын орындайтын әуе кемесі;

      қашықтықтан басқару – жерүсті басқару станциясынан (басқару пунктінен) оператор басқаратын әуе кемесі;

      аралас – ұшуда оператор жерүсті басқару станциясынан (басқару пунктінен) автоматты түрде немесе көрсетілген тәсілдерді үйлестірумен басқаратын әуе кемесі;

      3) массалық-габариттік сипаттамалары бойынша:

      микро – барынша ұшу массасы 10 килограмнан аз болатын әуе кемесі;

      шағын – барынша ұшу массасы 10 килограмнан 100 килограмға дейінгі әуе кемесі;

      орташа – барынша ұшу массасы 100 килограмнан 1 000 килограмға дейінгі әуе кемесі;

      ауыр – барынша ұшу массасы 1 000 килограмнан асатын әуе кемесі;

      4) ұшуды орындау биіктігі бойынша:

      шекті төмен биіктіктерде – жергілікті жер бедерінен немесе су бетінен 0 метрден 200 метрге дейінгіні қоса алғанда;

      төмен биіктіктерде – жергілікті жер бедерінен немесе су бетінен 200 метрден 1 000 метрге дейінгіні қоса алғанда;

      орташа биіктіктерде – теңіз деңгейінен 1 000 метрден 4 000 метрге дейінгіні қоса алғанда;

      үлкен биіктіктерде – теңіз деңгейінен 4 000 метрден 12 000 метрге дейінгіні қоса алғанда;

      стратосферада – теңіз деңгейінен 12 000 метрден жоғары.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
С. Жасұзақов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      полиция генерал-полковнигі

      _____________ Қ. Қасымов

      2017 жылғы "___" ________

      КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы

      _______________ К. Мәсімов

      2017 жылғы "___" __________