"Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттық талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 196 бұйрығына өзгер

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 25 шілдедегі № 493 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 қыркүйекте № 15736 болып тіркелді

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттық талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 196 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12045 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 8 қазанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттық талаптарында:

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сертификаттық талаптары авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді (бұдан әрі – АТ ТҚ және Ж) жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды белгілейді.

      3. Осы Сертификаттық талаптарында мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) авиациялық техника - авиациялық техникалық құралдардың жиынтығы (әуе кемелері, оның борт жабдықтары және агрегаттары, қозғалтқыштары, мемлекеттік авиация әуе кемелерінің авиациялық жарақтары, авиациялық құтқару құралдары, кешендік тренажерлер (әуе симуляторлары), жиынтық бұйымдар, әуе қозғалысын басқарудың техникалық құралдары, қондыру мен байланыс навигациялары, сондай-ақ ұшуды орындауға арналған жалпы және арнайы жерүсті ұшуларды қамтамасыз ету құралдары, әуе қозғалысын және жерүсті ұшуларды басқаруды ұйымдастыру;

      2) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша сертификаты (бұдан әрі – АТ ТҚ және Ж бойынша сертификаты) - авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын, белгіленген үлгідегі құжат;

      3) авиациялық техниканы жөндеу – ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес анықталған, ұшуды орындау жағдайына жарамды ету үшін авиациялық бұйымды қалпына келтіру;

      4) авиациялық техниканың пайдалану құжаттамасы – авиациялық техниканың және компонентінің техникалық қызмет көрсетуді қоса алғанда, ұшуы мен техникалық пайдалануын регламенттейтін және пайдалану шектеулері, рәсімдер мен ұсынымдар бар құжаттама;

      5) адам факторы - авиациялық техника әзірлеуде және сертификаттауда, персоналды даярлауда, ұшуларды жүргізуде және техникалық қызмет көрсетуде қолданылатын және адамның қасиеттерін тиісінше қарастыру және есепке алу жолымен адам мен жүйенің басқа да элементтері арасындағы өзара қауіпсіз іс-қимылға қол жеткізуге бағытталған қағидаттар;

      6) азаматтық авиация техникасына техникалық қызмет көрсетуді және жөндеу  жөніндегі рәсімдер бойынша нұсқау (бұдан әрі – АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер бойынша нұсқау) - авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеу жөніндегі ұйымның басшысы бекіткен және авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеу жөніндегі ұйымның құрылымы, оның басшылығының міндеттері, орындалатын жұмыстар саласы, өндірістік базасы, техникалық қызмет көрсету рәсімдері мен сапаны қамтамасыз ету жүйесі туралы толық ақпараттан тұратын құжат;

      7) азаматтық авиация техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сапа жөніндегі нұсқау (бұдан әрі – АТ ТҚ және Ж сапа жөніндегі нұсқау) – АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның сапа саласындағы саясатын баяндайтын сапа жүйесін сипаттайтын құжат;

      8) АТ ТҚ және Ж жөніндегі сыртқы желілік станция - азаматтық әуе кемелерінің АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым, оларға техникалық қызмет көрсету үшін құрған және Қазақстан Республикасынан тысқары жерде әрекет ететін желілік станция;

      9) АТ ТҚ және Ж жөніндегі желілік станциясы - Қазақстан Республикасының аумағында авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеудегі негізгі базасы орналасқан әуежайдан тысқары кемінде үш ай мерзімге құрылатын авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеу жөніндегі ұйымның бөлімшесі;

      10) АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым - қолданыстағы сертификаты бар және авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсетуді және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) басшы персонал - АТ ТҚ және Ж жөніндегі барлық жұмыстарды өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес ресурстық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін жеткілікті өкілеттігі бар ұйым персоналының құрамындағы уәкілетті тұлғалар;

      12) бұзылмайтын бақылау – объектіні жұмыстан немесе демонтаждан шығаруды талап етпейтін және оның жеке элементтерінің/тораптарының немесе объектінің құрылымдары мен параметрлерінің негізгі жұмыс беріктігін бақылау;

      13) инженерлік-техникалық персонал - ӘК және/немесе оның компоненттерін АТ ТҚ және Ж жөніндегі жұмысқа рұқсаты бар авиациялық персоналдың қолданыстағы куәлігі бар авиациялық персонал;

      14) рұқсат беруші персонал - Техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұйым техникалық қызмет көрсеткеннен кейін авиациялық техниканы немесе оның компоненттерін пайдалануға рұқсат беруді жүзеге асыратын уәкілеттік берген авиациялық персонал;

      15) сапа жүйесі - АТ ТҚ және Ж жөніндегі сапасына әкімшілік басқаруды жүзеге асыру үшін қажетті ұйымдастырушылық құрылымның, құжаттамалық әдістемелердің, процестер мен ресурстардың жиынтығы;

      16) техникалық қызмет көрсету туралы куәлік - техникалық қызмет көрсету жөніндегі ұйымның қызметі туралы басшылықта баяндалған бекітілген деректер мен рәсімдерге сәйкес, онда көрсетілген техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды қанағаттанарлық орындауды растайтын мәліметтер бар құжат;

      17) техникалық қызмет көрсету – бақылау қалпына келтіру жұмыстарын, тексеруді, алмастыруды, ақауларды жоюды қоса алғанда, әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды жүргізу, жеке-жеке де, үйлестіріп те орындалатын, сондай-ақ түрлендіруді іс жүзінде жүзеге асыру;

      18) ұшуға жарамдылығы - әуе кемесінің қауіпсіздігі мен ұшу сапасын қамтамасыз ететін ұшу-техникалық сипаттамаларға сәйкес келетін оның техникалық жай-күйі;

      19) ұшу жарамдылығын ұстау – авиациялық техниканың ұшу жарамдылық нормаларына сәйкестігін және оларды пайдалану қызметінің мерзімі ішінде қауіпсіз пайдалану үшін қажетті күйде ұстауын қамтамасыз етілетін шаралар кешені;

      20) ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі - қажетті ұйымдастырушылық құрылымды, жауапкершілік сатылығын, басшылық ететін қағидаттар мен рәсімдерді қоса алғанда, ұшу қауіпсіздігін басқаруға жүйелі көзқарас (ИКАО Чикаго конвенциясының 6-қосымша 1-тарауы).";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. АТ ТҚ және Ж ұйымдастыру үшін мынадай талаптарға сәйкес болуы

      қажет:

      1) қызметтің мәлімделген саласында жұмыстарды орындау үшін жеткілікті өзінің рәсімдерін басқару жүйесін сипаттайтын бекітілген ұйымдық құрылымның және АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым рәсімдері бойынша нұсқауының болуы;

      2) қызметтің мәлімдеген саласына сәйкес жұмыстарды ұйымдастыруға және орындауға қойылатын талаптарды айқындайтын жарамды және белгіленген тәртіппен ескерілген пайдалану құжаттамасының болуы;

      3) авиациялық техникаға (бұдан әрі - АТ) техникалық қызмет көрсету бағдарламасы бойынша (регламенті), ұшуға жарамдылық директивалары, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның нұсқаулары мен өкімдері, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ақпарат, АТ әзірлеушінің (жасаушының) бюллетеньдерімен байланысты АТ ТҚ және Ж бойынша жұмыстарды орындауды қамтамасыз ету;

      4) азаматтық авиациядағы қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының және ұйымның ішкі құжаттамасының талаптары мен ережелерін оларды уақытылы зерделеу және орындау мақсатында персоналдың назарына уақытылы жеткізу нұсқаулығының болуы;

      5) бекітілген жұмыс түрлерін орындау үшін қажетті техникалық деректердің, жабдықтардың, құралдардың және материалдардың болуы;

      6) құрамдас бөліктер мен материалдарды, жабдықтары сақтауға арналған қоймалармен қамтамасыз етіледі. Сақтау шарты сақталатын заттардың зақымдануын және бұзылуын болдырмайды және қорғанысты қамтамасыз етеді.

      7) жұмыстарды орындауға қажетті құрамдас бөліктердің, қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарының қажетті қорының болуы;

      8) штатта жоспарланған жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ететін мөлшерде білікті персоналдың болуы;

      9) персоналдың біліктілігін қолдау (арттыру), оны даярлау және қайта даярлау жүйесінің болуы;

      10) техникалық қызмет көрсету туралы куәлікке қол қою кезінде барлық талаптардың орындалғанын куәландыратын, техникалық қызмет көрсету туралы толық тіркелетін деректерді сақтауды қамтамасыз ету;

      11) АТ ТҚ және Ж жөніндегі барлық жұмыстардың тиісінше орындалуына кепілдік беретін сапаны қамтамасыз ету жүйесінің болуы;

      12) АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқаудың және АТ ТҚ және Ж сапасы жөніндегі нұсқаудың болуы;

      13) ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесінің (бұдан әрі - ҰҚБЖ) болуы.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымда осы талаптарға тұрақты түрде сәйкестігіне қатысты жауап беретін басшы персонал болады. Бұл басшы персонал тек ұйымның жауапты басшысына ғана бағынады, бұл ретте әрбір нақты адамдардың ішінен олардың ұзақ уақыт болмаған жағдайында орнын алмастыру рәсімдері болуы тиіс.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым нұсқаулықты АТ ТҚ және Ж сапасы жөніндегі нұсқауда айқындалған тәртіппен ғана өзгертеді, бұл ретте жөндеу мен түрлендіруге арналған құжаттаманы әзірлеу процестеріне жол берілмейді.";

      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым осы Сертификаттау талаптарының 41-тармағының ережелеріне сәйкес есептілікке жататын оқиғаларды бағалау нәтижелері бойынша іріктеу рәсімдерін қоса алғанда, осындай есептілік деректерін жинау мен бағалауды қамтамасыз ететін ұшу жарамдылығының бұзушылықтары туралы есептіліктің ішкі жүйесін құрайды және АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауда баяндайды. Көрсетілген рәсімдер кемшіліктерді жоюға қабылданған түзету іс-қимылдарының теріс үрдістерін айқындайды, сондай-ақ қаралатын оқиғалар туралы барлық қолда бар ақпаратты талдау тәртібі мен осы ақпаратты қажет болған жағдайда тарату әдістерін қамтиды.";

      2-тараудың 8-параграфының атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-параграф. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер бойынша нұсқауға қойылатын талаптары";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым мынадай ақпаратты қамтитын АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауды қабылдайды:

      "1) АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның жауапты басшысы қол қойған ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқаудың ережелеріне сәйкес қызметті жүзеге асыру кезінде ұйым рәсімдерінің осы Сертификаттау талаптарына сәйкестігі туралы декларацияны және онда көрсетілген барлық басқа нұсқауларды, сондай-ақ осы сәйкестікті үнемі қолдау міндеттемесі. Егер АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның жауапты басшысы басқа жауапты басшының қарамағында болса, онда осы декларацияға аталған тұлға қол қоюға тиіс;

      2) осы сертификаттау талаптарына сәйкес қауіпсіздік және сапа саласындағы ұйым саясаты;

      3) осы Сертификаттау талаптарының 8-тармағына сәйкес тағайындалған тұлғалардың тең бағыныстылығын көрсете отырып, тектері мен лаузымдарының, олардың құқықтары мен міндеттерінің тізбесі, ұйымды басқару құрылымы;

      4) инженерлік-техникалық персоналдың тізілімі;

      5) ұйым қызметкерлері құрамының жалпы сипаттамасы;

      6) өтінімде көрсетілген ұйым мекенжайларының әрқайсысы бойынша орналасқан өндірістік қуаттардың жалпы сипаттамасы;

      7) сұрау салынған бекіту саласына сәйкес ұйым қызметі саласының сипаттамасы;

      8) АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер бойынша нұсқауына өзгерістер енгізу рәсімдері;

      9) осы Сертификаттау талаптарына сәйкес АТ ТҚ және Ж сапасы жөніндегі нұсқауында жазылған және АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымда белгіленген рәсімдері және сапа жүйесі;

      10) олар үшін ұйым АТ ТҚ және Ж қызметтерін көрсететін АТ пайдаланушымен және/немесе АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйыммен өзара іс-қимыл тәртібі, егер мұндайлар болса;

      11) АТ ТҚ және Ж орындауға тартылатын қосалқы мердігер (тысқары) ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібі, егер мұндайлар болса;

      12) ТҚ желілік/сыртқы желілік станцияларымен өзара іс-қимыл тәртібі, егер мұндайлар болса.

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Ұйымның ағымдағы жай-күйін көрсететін АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауы келісуге жатады.";

      мынадай мазмұндағы 44-1-тармақпен толықтырылсын:

      "44-1. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымдар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға функциялардың кез келген өзгерістері немесе сегіз жұмыс күн мерзімінде тағайындалған басшылардың ауысуы туралы хабардар етеді және тағайындалған басшылар болмаған кезде ұйымдардың тиісті құрылымдарында бақылауды қамтамасыз етеді.";

      65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "65. Компонентке техникалық қызмет көрсету туралы куәлік осы Сертификаттау талаптарына қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.";

      2-тарау мынадай мазмұндағы 15 және 16 параграфтарымен толықтырылсын:

      "15-параграф. Ұшу қауіпсіздігін басқару.

      66. "АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде, Әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде әуежайларда азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 28 наурыздағы № 173 бұйрығымен бекітілген Әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулыққа сәйкес әзірленген ҰҚБЖ-ны енгізеді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6855 болып тіркелген).

      67. ҰҚБЖ мыналарды қамтиды:

      1) қауіпсіздік саясатын және қауіпсіздік мақсаттарын;

      2) тәуекелдерді басқаруды;

      3) қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік деңгейін арттыруды.

      16-параграф. Сапаны басқару

      68. Сипаттамасы АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауында қамтылған АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым сапа жүйесін енгізеді.

      69. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым өз құрылымында сапаны бақылау және/немесе сапа кепілдігі қызметін көздейді.

      70. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйым штатында сапа жүйесіне жауапты тұлғалардың болуын көздейді. Осы тұлғалар мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

      1) авиациялық-техникалық жоғары немесе орта білімі болуы;

      2) азаматтық авиацияның сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында немесе сертификаттарын азаматтық авиация саласында уәкілетті орган таныған азаматтық авиацияның шетелдік сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында сапа кепілдігі аудиторларының курстарын табысты аяқтағаны туралы сертификатының болуы;

      3) сапа жүйесін басқару саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.

      71. Сапа жүйесіне жауапты тұлғалар азаматтық авиацияның сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында немесе сертификаттарын азаматтық авиация саласында уәкілетті орган таныған азаматтық авиацияның шетелдік сертификатталған авиациялық оқу орталықтарында екі жылда бір рет кәсіби деңгейін қолдау бойынша курстардан өтеді. Сапа кепілдігінің ішкі аудиторының біліктілігін қолдау жыл сайын өз бетімен кем дегенде төрт ішкі сапа аудитін жүргізумен жүзеге асырылады.

      72. Сапа жүйесінің жауапты тұлғасы АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынады.

      73. Бақылау және/немесе сапа кепілдігінің қызметі тәуелсіз сапа аудитін өткізеді. Сапа кепілдігінің мәселелері бойынша АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның басшысына хабарлау жүйесін көздейді.

      74. Жыл сайынғы сапа аудиттер бағдарламасы АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдер бойынша нұсқауының барлық бөлімдерін және тарауларын тексеру аудитін енгізуі тиіс. Сондай-ақ, аудиттер бағдарламасында азаматтық авиация саласында уәкілетті орган танылған АТ ТҚ және Ж жөніндегі келісімшарттық ұйымдардың аудиті, осы сертификаттық талаптарға сәйкес көзделуі тиіс.

      75. Ішкі және сыртқы аудиттер процессінде анықталған сәйкессіздіктер бойынша талдаудың тиісті түрде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның сапа кепілдігінің қызметі құжаттамалардың жүргізілуін, сапаны бақылау және/немесе кепілдігі аудитінің нәтижелерін жазылуын, түзету іс-қимылдары және сәйкессіздіктер пайда болуының негізгі себептерін талдауды, сондай-ақ сәйкессіздіктердің қайталануының алдын алуды қамтамасыз етеді.

      76. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның сапа кепілдігі бөлімшесінде АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауында сипатталуы тиіс аудит нәтижесі бойынша есептердің үлгілік нысандары, сапа кепілдігі аудиттерәнің жылдық жоспары болуы тиіс. АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның рәсімдері бойынша нұсқауында АТ ТҚ және Ж жөніндегі ұйымның персоналдарымен кері байланыс жүйесінің сипаттамасы және жауапты тұлғалар түзету іс-қимылдарын қолданғаны және қамтамасыз етілгендігінің сипаттамасы болуы тиіс.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      Т. Сүлейменов ___________

      2017 жылғы " " _________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2017 жылғы 25 шілде
№ 493 бұйрығына
қосымша
  Авиациялық техникаға
техникалық қызмет көрсету
және жөндеу жөніндегі
ұйымдарға қойылатын
сертификаттық талаптарға
қосымша
  Нысан

1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның атауы
Approving National Aviation Authority/Country

2. КОМПОНЕНТКЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ КУӘЛІК
AUTHORIZED RELEASE CERTIFICATE

3. Нысанның бақылау нөмірі
Form Tracking Number

4. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның атауы мен мекенжайы
Organization, Name and Address

5. Тапсырыстың нөмірі / Келісімшарт / Шоты
WorkOrder/Contract/ Invoice number

6. Бұйым
Item

7. Сипаттама
Description

8. Құрамдас бөлігінің нөмірі
Part number

9. Саны
Quantity

10. Сериялық нөмірі
Serial Number

11. Мәртебесі / Жұмыс түрі
Status / Work

12. Қосымша мәлімет
Remark

13. Жоғарыда көрсетілген бұйым мыналарға сәйкес жасалғанын растайды:
Certifies that the items identified above were manufactured in conformity to:
Бекітілген конструкторлық құжаттамаға және қауіпсіз пайдалануға жарамды
Approved data and in condition for safe flight

12-жолда көрсетілген бекітілмеген конструкторлық құжаттамасымен

Non-approved data as specified in block 12.

18.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға рұқсат
Return to service as per in accordance with legislation of the Republic of Kazakhstan

12 жолда көрсетілген басқа нормалар бойынша рұқсат
Other Regulations as specified in block 12
(12-жолда басқасы көрсетілмесе) 11-жолда көрсетілген және 12-жолда жазылған жұмыс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалғанын және көрсетілген жұмысқа қатысты бұйым пайдалануға рұқсаты үшін бекітілгенін растайды
Certifies that, unless specified in block 12, the work identified in block 11 and described in block 12, was accomplished in accordance with of the Republic of Kazakhstan, and in respect to that work, the items are approved for return to service

14. Қолы
Authorized Signature

15. Бекіту нөмірі / куәлік
Approval/Authorization number

19. Қолы
Authorized Signature

20. Бекіту нөмірі / куәлік
Approval/Authorization number

16. Тегі, аты
Name

17.Күні: күні/айы/жылы
Date:

21.Тегі, аты
Name

22. Күні: күні/айы/жылы
Date:

      CAC RK Form 1