"Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Иеленетін (иеленген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республик

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 77 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 8 маусымда № 15202 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 65 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 16.04.2018 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 27 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Иеленетін (иеленген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 179 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 9866 тіркелген, 2014 жылғы 24 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды бекіту туралы";

      1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидаларында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымның қызмет түрлерін жүзеге асыру қағидалары";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер мен талап ету құқықтары – Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан сатып алатын мүлік, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері, қарыздар (қаржыландыру жобалары) бойынша талап ету құқықтары;

      2) баланстық құн – негізгі борыштың, есептелген сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың), сыйлықақының немесе халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қалыптастырылған провизиялар (резервтер) ескерілген дисконттың жиынтық құны;

      3) күмәнді және үмітсіз активтер – қарыздар Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптардың 4-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша қалыптастырылған резервтерді есептемегенде олар бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар банктер берген қарыздар бойынша талап ету құқықтары;

      4) негізделген қаржыландыру – Ұйымның банктік салым шартының басқамен бірге баланстық құн бойынша бағаланатын күмәнді және үмітсіз активтердің көлемін қатарынан келесі күнтізбелік 6 (алты) айдан аспайтын мерзім ішінде орналастырылатын банктік салымның мөлшерінен кем емес көлемде төмендету бойынша банктің міндеттемесін көздейтін талаптарымен банкте ақша орналастыру түрінде банкке қаржы ресурстарын беруі;

      5) шарт - нысаны Ұйымның күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алуы болып табылатын Ұйым мен банктің арасында жасалатын шарт.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Ұйымның акционері нәтижесінде Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардың активтерін және талап ету құқықтарын өзінің активтері мөлшерінің он және одан көп пайызы сомасына сатып алатын мәмілені жасау туралы шешімді "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 69-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің ережелерін ескере отырып қабылдайды.

      Нәтижесінде Ұйым бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардың активтерін және талап ету құқықтарын өзінің активтерінің мөлшерінің он пайыздан кем сомасына сатып алатын мәміле Қағидалардың 3, 4, 5 және 6 тармақтарында көзделген ережелерді ескере отырып жасалады.

      Активтерді және талап ету құқықтарын Ұйымның пайдасына беру бұрын банк болып табылған заңды тұлғаның барлық бар ауыртпалықтар, тыйым салулар, төрелік, сот және басқа құзыретті органдардың (оның ішінде шетелдік) шешімдері, қозғалған қылмыстық істер, азаматтық талап арыздары және үшінші тұлғалардың активтер бойынша басқа талаптары туралы ақпаратты міндетті түрде жария етуімен жүзеге асырылады.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Иеленетін (иеленген) күмәнді және үмітсіз активтерге қойылатын талаптар осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қаржылық тұрақтылық және тәуекелдер департаменті (Хәкімжанов С.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаздағы және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2017 жылғы 1 мамырдан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 28 сәуірдегі
№ 77 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2014 жылғы 24 қыркүйектегі
№ 179 қаулысына
2-қосымша

Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар

      1. Осы Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) сатып алатын (сатып алған) активтер мен талап ету құқықтарына қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) активтер және талап ету құқықтары – мүлік, заңды тұлғалардың капиталына қатысу үлестері, қарыздар бойынша талап ету құқықтары, күмәнді және үмітсіз активтер;

      2) күмәнді және үмітсіз активтер – қарыздар Талаптардың 4-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда, негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша қалыптастырылған резервтерді есептемегенде олар бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар банктер берген қарыздар бойынша талап ету құқықтары;

      3) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі – Standard & Poor's, Fitch Ratings, Moody's Investors Service халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстан Республикасына тағайындаған рейтингтер;

      4) қарыз алушылар тобы – бір кредиттік желі шеңберінде берілген қарыздар бойынша осы топта қарыз алушы-заңды тұлғалардың бірмезгілде акционерлері немесе қатысушылары не қоса қарыз алушылары, кепіл берушілері, кепілгерлері болып табылатын қарыз алушы-заңды тұлғалар тобы;

      5) шарт – нысаны Ұйымның банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алуы болып табылатын Ұйым мен банктің арасында жасалатын шарт.

      3. Ұйым активтерді және талап ету құқықтарын, егер әрбір активтің немесе талап ету құқығының баланстық құны республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз еселенген мөлшерін құраған жағдайда сатып алады.

      4. Ұйым қарыздар бойынша талап ету құқықтарын осындай қарыздар бірмезгілде барлық мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда сатып алады:

      1) негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (оның ішінде бір кредиттік желі шеңберінде қарыз алушылар тобына берілген қарыздар);

      2) қарыздар бойынша қарыз алушылар мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резиденттері-заңды тұлғалар және (немесе) қарыз алушылар тобы болып табылады;

      3) Талаптардың 5-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кепіл түрлерін қоспағанда, кепілмен, оның ішінде Қазақстан Республикасының резиденттері – эмитенттер шығарған, "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамының ресми тізіміне енгізілген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері – эмитенттер шығарған бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген қарыздар;

      4) шарт жасалатын күні негізгі борышты, есептелген сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар) қоса алғанда, берешектің қалдығы 60 (алпыс) миллион және одан көп теңгені немесе шетел валютасындағы балама сомасын құрайды;

      5) қарыз алушының (кепіл берушінің) негізгі қызметінің түрі мыналарға:

      ауыл, орман және балық шаруашылығына;

      білім беруге;

      денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге;

      сумен қамтуға, кәріз жүйелеріне, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауға;

      қаржы және сақтандыру қызметіне;

      кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке;

      әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке;

      қызметтің басқа түрлерін ұсынуға;

      бұрынғы аумақтық ұйымдар мен органдар қызметіне;

      мемлекеттік басқаруға және қорғанысқа, міндетті әлеуметтік қамсыздандыруға;

      үй қызметшісін жалдайтын үй шаруашылықтары және өзі тұтыну үшін тауарлар мен қызметтерді шығаратын қызметке жатпайды.

      Осы тармақтың ережелері Ұйымның бұрын банк болып табылған заңды тұлғалардан қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сатып алу бойынша мәмілелер жасау жағдайларына қолданылмайды.

      5. Ұйым:

      1) қарыз алушыға (кепіл берушіге) қатысты тазарту, оңалту немесе банкроттық рәсімдері жүргізілген;

      2) Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингіне сәйкес келетін немесе одан асатын кредиттік рейтингі бар Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - эмитенттер шығарған бағалы қағаздарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі, ал Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сатқан жағдайда – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарынан тыс жердегі мүлік және мүліктік құқық, не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес азаматтық айналымда шектелген мүлік кепіл мәні болып табылған;

      3) қарыз бойынша жалғыз кепіл мәні:

      аяқталмаған құрылыс объектілері;

      жылжымайтын тұрғын үй;

      компьютер жабдығы және техника;

      арнайы техника;

      айналымдағы тауарлар;

      болашақта түсетін мүлік;

      жиһаз;

      жер қойнауын пайдалану құқығы;

      авторлық құқықтар;

      лицензиялар;

      патенттер;

      талап ету құқығы;

      жерді пайдалану құқығы;

      жалдау құқығы;

      тауар белгісіне арналған құқық;

      үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктері болған жағдайларды қоспағанда, банктерден қарыздар бойынша талап ету құқығын сатып алады.

      6. Қамтамасыз етудің жалпы кепілдік құнындағы жекелеген кепіл мәні құнының үлесіне қойылатын талаптар Ұйымның ішкі нормативтік құжаттарында көзделеді.

      7. Талаптардың 4-тармағының 4) және 5) тармақшаларының, 5-тармағының 1) және 3) тармақшаларының, 6-тармағының ережелері Ұйым сатып алған күмәнді және үмітсіз активтерді сатып алушыға (инвесторға), оның ішінде төлемді кейінге қалдыру талаптарымен бірмезгілде сату жағдайларына қолданылмайды.