Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 29 қазандағы № 232 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 6 желтоқсанда № 14483 болып тіркелді.

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті (А.Хатиев):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар министрі

Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      _____________ Қ. Бишімбаев

      2016 жыл 7 қараша

  Қазақстан Республикасы
  Ақпарат және коммуникациялар
  министрінің
  2016 жылғы 29 қазандағы
  № 232 бұйрығымен бекітілген

Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің
жұмыс істеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидалар лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері мен хабарлама жасау тәртібі процестерін автоматтандыру бөлігіндегі рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйе функциясының толық құрамынан тұрады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) ақпараттық объектілердің интеграциясы – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

      3) әкімшілік құжаттың нөмірі мен коды (бұдан әрі – ӘҚНК) – электрондық құжатқа рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесімен берілетін нөмір;

      4) Жүйенің сыртқы порталы – лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және хабарлама жасау тәртібі бөлігіндегі қызметтерге жеке және заңды тұлғаларға Интернет желісі арқылы бірыңғай қолжеткізу нүктесін ұсынатын Жүйенің веб-порталы;

      5) Жүйенің сыртқы порталында тіркеу – субъектінің, оның лауазымды тұлғаларының және мүдделі тұлғаларының Жүйенің сыртқы порталында лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және хабарлама жасау тәртібі процестерін жүзеге асыруға қатысуға рұқсаты;

      6) Жүйенің сыртқы порталының авторландырылған пайдаланушысы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттандыру объектілерін пайдаланатын Жүйенің сыртқы порталында тіркеуден және авторланудан өткен жеке немесе заңды тұлға не олардың өкілдері;

      7) Жүйенің ішкі порталы – Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасы арқылы хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін жүргізетін рұқсат беру органдары және мемлекеттік органдар тарапынан лицензиялау, рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібі процестерін қамтамасыз ететін Жүйенің веб-порталы;

      8) Жүйенің ішкі порталында тіркеу – рұқсат беру органының уәкілетті тұлғасының Жүйенің ішкі порталында лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және хабарлама жасау тәртібі процестерін жүзеге асыруға қатысуға рұқсаты;

      9) көліктік қолтаңба – WSSECURITY ерекшелігін қолдана отырып, ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде берілетін хабарламалардың тұтастығы мен авторлығын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба;

      10) қағаз жеткізгіште берілетін рұқсат – Жүйеде ресімделген, қағаз жеткізгіште не қатаң есептіліктің нөмірленген бланкісінде шығарылған рұқсат;

      11 )мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі – мемлекеттік қызметтер көрсету, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсету процесін автоматтандыруға және мониторингтеуге арналған ақпараттық жүйе;

      12) өтініш беруші – лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі, лицензиат, екінші санаттағы рұқсатты иеленуші;

      13) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – Жүйе) – лицензиялауды, сәйкестендіру нөмірін бере отырып, рұқсат алу бөлігінде рұқсат беру рәсімдерін электрондық түрде жүзеге асыруға, өтініш берушінің хабарлама жіберуіне және осы процестерді қамтамасыз етуге арналған, "электрондық үкіметтің" құрауышы болып табылатын ақпараттық жүйе;

      14) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі – берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрауышы;

      15) рұқсаттар тізбесі (бұдан әрі - тізбе) – олар бойынша өтініш берушіні біліктілік және рұқсат талаптарына сәйкестікке тексеру және рұқсат беру не дәлелді бас тарту ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекіткен рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде өтініш берушіні тексеру мен рұқсат берудің автоматты режимінде жүзеге асырылатын рұқсаттар тізбесі;

      16) рұқсаттар тізілімі – бірінші және екінші санаттағы рұқсаттар, олардың осы құжаттармен әрекеттерінің мәртебесі мен тарихы туралы мәліметтерді қамтитын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің бір бөлігі;

      17) рұқсаттың электрондық нысаны (электрондық рұқсат) – рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін пайдалана отырып ресімделетін және алынатын, қағаз жеткізгіштегі рұқсатпен мәні бірдей электрондық құжат нысанындағы рұқсат;

      18) тарихи деректер – хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын рұқсат беру органдары мен мемлекеттік органдарда рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде берілген немесе жіберілген рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпарат;

      19) тарихи деректерді конверсиялау – рұқсат беру органының рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде рұқсат берген уәкілетті орган басшысының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен электрондық форматтағы рұқсатын растау процесі (матрицалық кодты беру);

      20) тарихи деректерді қалпына келтіру – рұқсат беру органының рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде тарихи деректермен рұқсаттар тізілімін толықтыру процесі;

      21) хабарлама – рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекiткен нысан бойынша өтiнiш берушi жасаған, қызметтiң немесе әрекеттiң жүзеге асырылуының басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы ақпарат беретiн құжат;

      22) хабарлама жасаған субъект – қызметтің не әрекеттің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаны жүзеге асырушы жеке немесе заңды тұлға;

      23) хабарлама жасаған субъектілердің тізілімі – қызметтің немесе белгілі бір әрекеттің жүзеге асырылуының басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама беруші субъектілер туралы мәліметтерді қамтитын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің бір бөлігі;

      24) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      25) электрондық құжаттың матрицалық коды (бұдан әрі – матрицалық код) – құжатты ұсыну нысанына енгізілетін eXtensible Markup Language (бұдан әрі – XML) форматындағы электрондық құжат туралы, оның техникалық құрал-жабдықтарының мүмкіндігін ұсынатын графикалық ақпарат;

      26) электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – өзіне бекітіп берілген "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;

      27) электрондық үкіметтің" веб-порталындағы пайдаланушы кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинеті) – "электрондық үкімет" веб-порталының электрондық нысанда қызметтер көрсету мәселелері, өтініштерді қарайтын субъектілерге жеке және заңды тұлғалардың өтініш жасау, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша көрсетілген тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамдасы;

      28) электрондық форматқа көшіру – қағаз жеткізгіште бұрын берілген рұқсаттардың тарихи деректерін XML форматында қалпына келтіру және (немесе) конверсиялау процесі;

      29) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      30) XML форматы – мәтіннің кеңейтілген белгілеу тілі (мәтінге енгізу немесе құру туралы ақпаратты беру үшін қойылатын нышандар мен бірізділік жиынтығы).

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 26.02.2024 № 93/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Жүйенің жұмыс істеу тәртібі
1-параграф. Жүйенің жалпы жұмыс істеу ережелері

      4. Жүйенің функционалды міндеттері мынадай процестерді автоматтандыру болып табылады:

      1) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері барысында өтініштерді беру және қарау;

      2) рұқсаттар тізілімін қалыптастыру;

      3) хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін қалыптастыру;

      4) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімін қалыптастыру.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері барысында өтініштерді беру және қарау процесі мынадай операциялардан тұрады:

      1) өтініштерді электрондық түрде беру, немесе Жүйеге қағаз жеткізгіште түскен өтініштер бойынша мәліметтерді енгізу;

      2) өтініштерді қарау;

      3) өтініш берушілерге өтініштерді қарау нәтижелерін ұсыну.

      6. Рұқсаттар тізілімін қалыптастыру процесі мынадай операциялардан тұрады:

      1) рұқсаттар тізіліміне өтініштерді қараудың оң нәтижесін автоматты түрде енгізу, немесе Жүйеден тыс жүзеге асырылатын өтініштерді қарау процесінің нәтижелерін рұқсаттар тізіліміне енгізу;

      2) тарихи деректерді қалпына келтіру;

      3) тарихи деректерді конверсиялау;

      4) рұқсатты немесе рұқсатқа қосымшаны беру, қайта ресімдеу, қолданысын тоқтата тұру, күшін жою, ұзарту, қайта бастау және тоқтату.

      7. Хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін қалыптастыру процесі мынадай опрерациялардан тұрады:

      1) хабарламалар беру;

      2) хабарлама жасаған субъектілердің тізіліміне хабарламалар беру және енгізудің оң нәтижелерін автоматты түрде енгізу, немесе хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін хабарлама жасау тәртібін, рұқсаттар және хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігін жүзеге асыратын органның уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде тарихи деректермен толықтыру;

      3) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен субъектіні шығару, хабарлама берген субъектінің қызметін тоқтата тұру, қайта бастау.

      8. ЭЦҚ пайдаланумен электрондық нысанда лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері және хабарламалар шеңберінде өтініштерді беру функциялары Жүйенің сыртқы порталы арқылы жүзеге асырылады.

      9. Мемлекеттік органдардың лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері мен хабарлама жасау тәртібі процестерін электрондық түрде жүзеге асыруы Жүйенің ішкі порталы арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік органның жеке ақпараттық жүйесі бар болған кезде көрсетілген процестер оны Жүйемен интеграциялаған жағдайда осы жүйеде жүзеге асырылады.

      10. Лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері мен хабарлама жасау тәртібі процестерін автоматтандыру шеңберінде Жүйеде электрондық құжаттардың мынадай түрлері қалыптасады:

      1) өтініш;

      2) хабарлама;

      3) өтініштерді қарау процесінде өтініш берушілерге жіберілетін хабарлаулар;

      4) рұқсат беру;

      5) өтінішті қарауда және бірінші және екінші санаттағы рұқсаттарды беруде дәлелді бас тарту;

      6) рұқсат беруге келісуге уәкілетті мемлекеттік органмен сұрау салулар;

      7) мемлекеттік органдардың жауаптары – келісулері;

      8) рұқсаттардың иелеріне немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу процесінде хабарлама берген субъектілерге жолданатын хабарлаулар;

      11. Жүйеде XML форматында қалыптастырылған барлық электрондық құжаттарға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Жүйемен түрленген ӘҚНК беріледі;

      12. Жүйеде электрондық құжаттарды ұсыну нысандарының жүктелу мен шығарылу мүмкіндігі бар.

      13. Жүйенің сыртқы порталының авторландырылған пайдаланушыларына жеке кабинет арқылы мынадай әрекеттерді жүзеге асыру мүмкіндігі беріледі:

      1) ашық қолжетімділіктегі рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің мәліметтерін іздеу және қарау;

      2) рұқсаттарды алу және және хабарламаларды жолдау талаптары туралы ақпаратты қарау;

      3) рұқсат алуға электрондық өтініш беру;

      4) электрондық форматқа қағаз нысанында рұқсатты ауыстыруға өтінішін беру;

      5) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамада көзделген рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның мәліметтерін қайта ресімдеуге, ұзартуға, тоқтатуға, тоқтата тұруға, қайта бастауға, рұқсат беру телнұсқасын алуға, мәліметтерін түзетуге, рұқсаттарды конверсиялауға және қалпына келтіруге өтініштер беру;

      6) өтініш берушімен берілген өтініштерді қарау мәртебесін көру;

      7) өтініш берушімен берілген өтінішті қарау барысында жолданған мемлекеттік органнан түскен электрондық хабарлауды қарау (өтініш бойынша қосымша мәліметтерді беру, тестілеуге келуді растау, лицензиялық немесе рұқсат беру алымын төлегені туралы түбіртекті жолдау және өзге де әрекеттер);

      8) өтініштерді қарау процесінде рұқсат беру органының сұрау салуына жауапты электрондық нысанда жолдау (өтініш бойынша қосымша мәліметтерді беру, тестілеуге келуді растау, лицензиялық немесе рұқсат беру алымын төлегені туралы түбіртекті жолдау және өзге де әрекеттер);

      9) "электрондық үкіметтің" төлем шлюзі арқылы лицензиялық және рұқсат беру алымдарын төлеу (электрондық өтініш беру процесінде);

      10) өтініштерді қарау нәтижелері бойынша рұқсат беру органымен берілген электрондық құжаттарды қарау;

      11) қызметтің басталуы туралы хабарлама беру;

      12) қызметтің (әрекеттің) тоқтатылуы туралы, деректердің өзгеруі туралы хабарлама беру;

      13) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу барысында жолданған мемлекеттік органнан түскен электрондық хабарлауды қарау (рұқсаттың қолданысын тоқтату (күшін жою), тоқтата тұру, рұқсаттың қолданысын қайта бастау туралы, хабарлама жасаған субъектілердің тізілімінен субъектіні шығару туралы, субъектінің қызметін тоқтата тұру, қайта бастау туралы);

      14) өтінішті қайтарып алу.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Жүйенің сыртқы порталының авторландырылмаған пайдаланушыларына мынадай функцияларды пайдалану мүмкіндігі беріледі:

      1) ашық қолжетімділіктегі рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің мәліметтерін іздеу және қарау;

      2) рұқсаттарды алу және хабарламаларды жолдау талаптары туралы ақпаратты қарау.

      15. Жүйенің ішкі порталына қолжетімділік алу үшін мемлекеттік орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға және Операторға лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдері мен хабарлама жасау тәртібін жүзеге асыруға жауапты тұлғалар туралы ақпаратты береді. Оператор берілген ақпаратты алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Жүйенің ішкі порталымен мемлекеттік органдардың пайдаланушылары жұмысын қамтамасыз ету үшін есепке алу жазбасын жасайды.

      16. Жүйенің ішкі порталы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне өз өкілеттігі шегінде мынадай функцияларды ұсынады (авторизация рұқсат беру органы қызметкерінің атына берілген заңды тұлғаның логині, паролі және ЭЦҚ арқылы жүргізіледі):

      1) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің мәліметтерін іздеу және қарау;

      2) қағаз жеткізгіште түскен өтініштер бойынша мәліметтерді Жүйеге енгізу;

      3) өтініштерді тіркеу және қарау;

      4) өтініштерді іздеу және қарау;

      5) өтініштерді қарау барысында қалыптасатын құжаттарды іздеу және қарау (мемлекеттік органдардың қосымша мәліметтерді сұрау салуды; өтініш берушілердің мемлекеттік органдардың қосымша мәліметтерді сұрау салуына жауаптарын, өтінішті қараудан және бірінші және екінші санаттағы рұқсаттарды беруден дәлелді бас тартуларын, мемлекеттік органдардың келісімдерін, сондай-ақ өтініштердің қарастырылу барысы туралы хабарлауын);

      6) Жүйеден тыс жүзеге асырылатын өтініштерді қарау процесінің нәтижелерін рұқсаттар тізіліміне енгізу;

      7) конверсиялаумен (сыз) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде тарихи деректерді қалпына келтіру;

      8) рұқсатты немесе рұқсатқа қосымшаны беру, қайта ресімдеу, тоқтата тұру, күшін жою, ұзарту, қайта бастау, рұқсаттың қолданысын тоқтату және одан айыру (оны қайтарып алу);

      9) хабарлама жасаған субъектілердің тізілімін хабарлама жасау тәртібін, рұқсаттар және хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігін жүзеге асыратын органның уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде тарихи деректермен толықтыру;

      10) рұқсаттар және хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен хабарламаны жою, хабарлама жасаған субъектінің қызметін тоқтата тұру, қайта бастау.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Жүйенің сыртқы және ішкі порталы жұмыстан тыс уақытта жүргізілетін техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы қолжетімді.

      18. Мемлекеттік органдармен лицензиялауды, рұқсат беру және хабарлама жолдауды бақылауды автоматтандыру функциясын жүзеге асыру үшін Жүйеде қызметті тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату (күшін жою, алып тастау) туралы электрондық хабарлау қалыптасады.

      18-1. Заңның 15-бабы 2-2) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбеде көзделген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер үшін өтініштерді қарау мемлекеттік орган - лицензиар қызметкерлерінің қатысуынсыз жүзеге асырылады.

      Жүйе қажетті тексерулерді автоматты режимде жүргізеді және жүйе иесіне тиесілі (мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі нормативтік құқықтық актіге тиісті өзгерістер енгізілген жағдайда) көлік қолтаңбасымен қызмет көрсету нәтижесіне (рұқсат беру құжаты немесе дәлелді бас тарту) қол қояды.

      Ескерту. Қағида 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-параграф. Жүйеде электрондық өтініштерді қабылдау

      19. Электрондық өтінішті беру өтініштің электрондық нысанын толтыру және оны ЭЦҚ куәландыру арқылы Жүйенің сыртқы порталының авторландырылған пайдаланушысымен жүзеге асырылады;

      20. Электрондық өтінішке ӘҚНК беру Жүйемен өтініш берушінің ЭЦҚ құжатын куәландыру кезеңінде жүргізіледі.

      21. Электрондық өтінішті беру барысында Жүйе мынадай автоматтандырылған тексерулерді жүзеге асырады:

      1) өтініш берушінің (өтініш берушінің өкілінің) жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер қорында, ықпалдастырылған салықтық ақпараттық жүйесінде бар болуын тексеру;

      2) өтініштің электрондық нысанының форматты-логикалық бақылауын жүзеге асыру (дұрыстығын және толық толтырылғандығын тексеру);

      3) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде өтініштің электрондық нысанда өтініш берушімен көрсетілетін деректердің бар болуын тексеру;

      4) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінде өтініштің электрондық нысанда өтініш берушімен көрсетілетін деректердің бар болуын тексеру;

      22. Осы Қағидалардың 21-тармағында белгіленген автоматтандырылған тексерулердің жағымсыз нәтижесі кезінде, Жүйе пайдаланушыға электрондық өтінішті жіберу мүмкін болмауы себептері туралы хабарлайтын ақпараттық хабарлама қорытындысымен электрондық өтінішті беруге мүмкіндік бермейді.

      23. Осы Қағидалардың 21-тармағында белгіленген автоматтандырылған тексерулердің оң нәтижесі кезінде және электрондық өтінішті берушінің ЭЦҚ куәландыруынан кейін, өтініш берушінің жеке кабинетіне оның электрондық өтінішінің Жүйеде тіркелгендігі туралы хабарлама келіп түседі. Бұл ретте, электрондық өтініш мемлекеттік органның жұмыс уақытында оны қабылдаған сәтінен бастап берілген болып есептеледі, ол туралы өтініш берушінің жеке кабинетіне рұқсат беру органының уәкілетті тұлғасының ЭЦҚ куәландырылған хабарлама жолданады.

      24. Жүйе мемлекеттік органның жұмыс кестесіне байланыссыз тәулік бойы режимде электрондық өтініштерді беруге мүмкіндік береді.

3-параграф. Жүйеде хабарламаларды қабылдау

      25. Хабарламаны беру хабарламаның электрондық нысанын толтыру және оны ЭЦҚ куәландыру арқылы Жүйенің сыртқы порталының авторландырылған пайдаланушыларымен жүзеге асырылады.

      26. Хабарламаға ӘҚНК беру Жүйемен өтініш берушінің ЭЦҚ құжатын куәландыру сәтінде жүргізіледі.

      27. Осы Қағидалардың 21-тармағында белгіленген автоматтандырылған тексерулердің оң нәтижесі кезінде және электрондық өтінішті берушінің ЭЦҚ куәландыруынан кейін, хабарлама рұқсат беру органына келіп түседі.

      28. Жүйеде хабарламаны беру тәулік бойы жүзеге асырылады.

4-параграф. Қағаз нысанындағы өтініштер бойынша мәліметтерді Жүйеге енгізу

      29. Жүйенің ішкі порталы арқылы электрондық түрде рұқсат беру органдармен жүзеге асырылатын лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері процестері үшін қағаз нысанында ұсынылған өтініштер бойынша мәліметтерді Жүйеге енгізу мемлекеттік органның құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесімен жүргізіледі.

      30. Мемлекеттік органның құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің қызметкерімен Жүйенің ішкі порталы арқылы Жүйеге енгізілетін өтініш өтініш берушінің ЭЦҚ куәландырылмайды. Мұндай жағдайда, өтініш беруші үшін өтінішті қабылдау туралы хабарлама Жүйемен қалыптастырылмайды. Өтінішке ӘҚНК беру өтінішті тіркеу сәтінде Жүйемен жүзеге асырылады.

      31. Мемлекеттік корпорацияға өтінішті қағаз нысанында берген жағдайда, өтініш жөніндегі мәліметтерді Жүйеге енгізу мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      32. Жүйеге мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі арқылы берілетін өтініш Мемлекеттік корпорация қызметкерінің ЭЦҚ-мен өтініш берушінің жазбаша келісімімен куәландырылады.

      33. Мемлекеттік корпорацияға өтінішті қағаз нысанында берген жағдайда, өтініш беруші үшін өтінішті қабылдау туралы хабарлама Жүйеде қалыптастырылмайды.

      34. Жеке ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері процестері үшін қағаз нысанында мемлекеттік органға ұсынылған өтініштер бойынша мәліметтерді Жүйеге енгізу көрсетілген ақпараттық жүйенің Жүйемен ықпалдасқан жағдайда, мемлекеттік органның уәкілетті тұлғасының куәландырылған ЭЦҚ мәліметтерін қабылдау арқылы жүргізіледі.

5-параграф. Рұқсат беру органдарымен Жүйеде өтінішті қарау

      35. Жүйе Жүйенің сыртқы порталы арқылы электрондық түрде лицензиялау, рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру барысында рұқсат беру органдармен өтініштерді қарау процестерінің үлгілік операцияларын ұсынады.

      36. Кіріс өтініштерін тіркеу және оларды жұмысқа беру мынадай операциялардан тұрады:

      1) ӘҚНК автоматты түрде беру арқылы өтініштерді тіркеу;

      2) рұқсат беруді келісуге уәкілетті мемлекеттік органдардың сұрау салуларын тіркеу;

      3) ішкі порталда рұқсат беру органының уәкілетті адамының ЭЦҚ куәландырылған тиісті өтінішті қабылдауды растау туралы құжат беріледі.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      37. Құжатты (өтінішті, рұқсат беруді келісуге уәкілетті мемлекеттік органға сұрау салуды, рұқсат беру органы қабылдаған кіріс хабарламаны) жіберу мемлекеттік органның уәкілетті тұлғасына құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің қызметкерімен кіріс құжатын тапсыруды білдіреді. Кіріс құжатты жіберу қосымша функцияларды қоспайды және дәйекті түрде жүзеге асырылады.

      38. Өтінішті қарау барысында өтініш берушіге рұқсат беру органына келу қажеттігі туралы, өтінішті қарауды тоқтата тұру, қайта бастау және мерзімін ұзарту туралы хабарламаларды жіберу мынадай операциялардан тұрады:

      1) орындаушы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда хабарлама/сұрау салу жобасын қалыптастыруға бастамашылық етеді;

      2) өтініш берушіге хабарлауды/сұрау салуды бастамашылық еткен жағдайда, орындаушы сұрау салудың жобасын қалыптастырады;

      3) хабарлау/сұрау салу жобасы өршімелі тізбек бойынша дәйекті түрде рұқсат беру органында келісу рәсімінен өтеді;

      4) келісу процесінің қатысушысы хабарлау/сұрау салу жобасына оң келісу нәтижесі кезінде, жоба автоматты түрде келесі қатысушыға жіберіледі. Келісу процесінің қатысушысы хабарлау жобасына теріс келісу нәтижесі кезінде, жоба автоматты түрде орындаушыға пысықтауға кері қайтарылады;

      5) хабарлау/сұрау салу рұқсат беру органы басшысының (уәкілетті тұлғасының) ЭЦҚ куәландырылады.

      6) егер өтініш беруші Жүйенің сыртқы порталында тіркелген болса, хабарлауға/сұрау салуға қол қойылғаннан кейін, ол өтініш берушіге жеке кабинетте қолжетімді болады;

      7) егер өтініш рұқсат беру органына қағаз нысанында ұсынылған болса, басшы Жүйеде хабарлауға/сұрау салуға қол қойғаннан кейін, жауапты орындаушы оны шығарып алады және Жүйеден тыс (пошта бойынша, қолма-қол) өтініш берушіге жолдайды;

      8) Жүйенің сыртқы порталы арқылы электрондық түрде берілген өтініштер үшін хабарлауға/сұрау салуға жауап өтініш берушінің хабарламасы ЭЦҚ куәландырылған электрондық түрде жүзеге асырылады. Электрондық жауап орындаушыға тікелей келіп түседі;

      9) қағаз нысанында ұсынылған өтініштер үшін жауап өтініш берушіге Жүйеден тыс (пошта бойынша, қолма-қол) беріледі. Өтініш берушіге берілген жауап туралы мәліметтерді Жүйеге орындаушы енгізеді.

      10) өтініш беруші жауапты белгіленген мерзімде бермеген жағдайда, орындаушы өтініш бойынша шешім қабылдайды.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      39. Қорытындыны, қосымша мәліметтерді беру туралы және шешім жобасын келісу туралы өтініштерді келісуші мемлекеттік органға жіберу мынадай операциялардан тұрады:

      1) рұқсат беруді келісуге уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жобасын қалыптастыруды Заңның 25-бабымен белгіленген тәртіпте орындаушы бастамашылық етеді;

      2) сұрау салу жобасы өршімелі тізбек бойынша дәйекті түрде рұқсат беру органында келісу рәсімінен өтеді;

      3) сұрау салу жобасына оң келісу нәтижесі кезінде жоба автоматты түрде келісу рәсімінің келесі қатысушысына жіберіледі; сұрау салу жобасына теріс келісу нәтижесі кезінде жоба автоматты түрде орындаушыға пысықтауға кері қайтарылады;

      4) сұрау салу рұқсат беру органы басшысының (уәкілетті тұлғасының) ЭЦҚ-сын куәландырылады, одан кейін келісуші органның құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесіне тіркеу үшін келіп түседі;

      5) сұрау салу келісуші органда төмендемелі тізбек бойынша жауапты орындаушыға дәйекті түрде жолданады;

      6) келісуші органның жауапты орындаушысы сұрау салу бойынша шешім жобасын қалыптастырады (сараптамалық қорытынды, деректердің сұрау салуына жауап, келісімдеу);

      7) сұрау салу бойынша шешім жобасы дәйекті түрде келісу рәсімінен өтеді;

      8) сұрау салу бойынша шешім келісуші орган басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылады, одан кейін автоматты түрде рұқсат беру органының орындаушысына жіберіледі;

      9) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда орындаушы өтініш берушіден қосымша мәліметтер сұрату кезінде немесе келісу органына сұрау салу жіберілген кезде өтінішті қарау мерзімін тоқтата тұруға бастамашылық ете алады;

      10) келісуші органына деректерге сұрау салуды жолдау себебімен тоқтатылған жағдайда, өтініш берушіге міндетті түрде тоқтатудың басталу сәті және өтінішті қарау мерзімін қайта қарау сәті бойынша рұқсат беру органы басшысының ЭЦҚ куәландырылған хабарлау жіберіледі.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Өтініш бойынша шешім қабылдау мынадай операциялардан тұрады:

      1) өтініш бойынша шешім жобасын орындаушы қалыптастырады;

      2) шешім жобасы дәйекті түрде рұқсат беру органында келісуге жатады. Келісу процесінің қатысушысы шешім жобасына оң келіскен кезде, ол келесі қатысушыға өтеді;

      3) келісу процесінің қатысушысы шешім жобасын пысықтауға кері қайтарған кезде, жоба орындаушыға пысықтауға кері қайтарылады;

      4) егер өтініш беруші Жүйенің сыртқы порталында тіркелген болса, рұқсат беру органының басшысы шешімге қол қойғаннан кейін, ол автоматты түрде өтініш берушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Егер өтініш рұқсат беру органына қағаз нысанында ұсынылған болса, рұқсат беру органының басшысы Жүйеде шешімді ЭЦҚ куәландырғаннан кейін, жауапты орындаушы оны шығарады және Жүйеден тыс (пошта бойынша, қолма-қол) өтініш берушіге жібереді.

      41. Өтінішті қарау мерзімін ұзарту мынадай операциялардан тұрады:

      1) мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда өтінішті қарау мерзімін ұзартуға бастамашылық ету;

      2) өтінішті қарастыруды аяқтаудың жаңа мерзімін көрсетумен рұқсат беру органының басшысының ЭЦҚ-мен куәландырылған хабарлама өтініш берушіге жіберіледі.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      42. Өтініш берушінің өтінішті қайтарып алуы мынадай операциялардан тұрады:

      1) егер өтінішті қарастыру процесі әлі аяқталмаған болса, өтініш беруші өтінішті қайтарып алу процесін бастамашылық ете алады;

      2) өтініш негізінде орындаушы Жүйеде өтініш берушінің өтінішті қайтарып алу фактісін белгілейді, бұл ретте өтінішті бұдан әрі қарастыру тоқтатылады;

      3) егер өтініш Жүйенің ішкі порталында қалыптасқан болса, өтініш берушінің өтініші негізінде орындаушы осы өтінішті Жүйеде белгілей отырып, өтінішті кері қайтарады.

      43. Жүйеден тыс жүзеге асырылатын өтініштерді қарастыру процесінің мынадай операциялары Жүйенің ішкі порталы арқылы автоматтандырылмайды:

      1) рұқсат беру органының ішкі құрылымдық бөлімшелеріне сараптамалық қорытынды алу үшін өтінішті жіберу;

      2) рұқсат беру органының ішкі құрылымдық бөлімшелеріне өтініш бойынша қосымша мәліметтерді беруге сұрау салуды жіберу.

      44. Өтінішті қарау барысында қалыптастырылатын құжаттарды ЭЦҚ-мен куәландыруды рұқсат беру органының басшысы (уәкілетті тұлға) рұқсат беру органы басшысының (уәкілетті тұлғаның) атына берілген заңды тұлғаның ЭЦҚ-сы арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      45. Өтініштерді қарастыру барысында алқалы әрекеттер (комиссия отырысы, тестілеу, дауыс беру және т.б.), сондай-ақ мемлекеттік органдарға жатпайтын ұйымдармен жүргізілетін әрекеттер автоматтандырылмайды және Жүйеден тыс жүзеге асырылуы тиіс.

6-параграф. Өтініштерді қарау процесінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің Жүйемен өзара іс-қимылы

      46. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру шеңберінде қалыптасатын барлық өтініштер, хабарлаулар, өтініштер бойынша шешімдер Жүйеде тіркеуге жатады. Егер көрсетілген құжаттар мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде қалыптасқан болса, олар рұқсат беру органының жауапты қызметкері қол қойғаннан кейін Жүйеге міндетті жіберілуге тиіс. Бұл ретте, құжатқа қол қойғанға және тапсырғанға дейін мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі ӘҚНК беру үшін Жүйеге сұрау салуды жүзеге асырады.

      47. Лицензиялау, рұқсат беру және хабарлама жасау рәсімдерін электрондық түрде жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің Жүйемен барлық өзара іс-қимылдары Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.

7-параграф. Рұқсаттар тізіліміне берілген рұқсат туралы мәліметтерді енгізу

      48. Өтінішті әртүрлі себептерге байланысты тіркеу және қарастыру процестерін автоматтандыруға мүмкінкіншілігі жоқ және мақсатқа сай болмаған рұқсат беру рәсімдері үшін Жүйеде Заңның 15-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес Жүйеден тыс жүзеге асырылатын өтініштердің оң нәтижелерін рұқсаттар тізіліміне енгізу жөніндегі функционал қарастырады.

      49. Рұқсат беру органы басшысының (уәкілетті тұлғаның) атына берілген рұқсаттар тізіліміне енгізу кезінде өтініштерді қараудың оң нәтижелері туралы мәліметтер заңды тұлға арқылы рұқсат беру органы басшысының (уәкілетті тұлғаның) ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      Ескерту. 49-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      50. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 13-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда, жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған кезде, мемлекеттік деректер қорынан Жүйеге жеке тұлғаның қайтыс болғаны туралы хабарлама жіберіледі.

      Хабарлама алғаннан кейін Жүйе автоматты түрде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жеке тұлғаға берілген рұқсаттар мен хабарламалардың күшін жояды.

      Ескерту. Қағида 50-тармақпен толықтырылды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 29.09.2022 № 356/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.


  Рұқсаттар мен хабарламалардың
  мемлекеттік ақпараттық жүйесінің
  жұмыс істеу қағидаларына
  қосымша


Нысан

Әкімшілік құжаттың нөмірі мен кодын қалыптастыру

      Әкімшілік құжаттың барлық нөмірлері мен кодтары рұқсат беру органының немесе хабарлама жасау тәртібін жүзеге асыратын органның құжат түріне қарамастан бірдей құрылымға ие. ӘҚНК 15-разрядтық фасеттік құрылымның мынадай түрін білдіреді:

      ССККТТТНННННННН, мұнда:

СС


КК


ТТТ


НННННННН


ISO 3166-1 және ГОСТ 7.67 стандарттарына сәйкес қос таңбалы (альфа–2) мемлекеттің коды


ISO/IEC 7064:2002 стандартының MOD-97-10 алгоритміне сәйкес есептелген екі бақылау цифры, EBS204 V3.2 сәйкес әріптерді кодтау алгоритмі


құжат түрінің үш нышанды коды, түрін белгілеу үшін латын әліпбиінің 24 әрпі пайдаланылады ("I" және "O" әріптерін қоспағанда барлығы)


көрсетілген түрдегі құжаттың сегіз таңбалы цифрлық реттік нөмірі



      Үлгі: "KZ03АВС00000001" (басып шығару кезінде оқуға ыңғайлы болу үшін нөмірді екі топқа бөлуге болады, мысалы, "KZ03 АВС 0000 0001", алайда енгізу және өңдеу кезінде бос аралықтар ескерілмейді).