«Теміржол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 34-18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Шығыстары бюджет қаражаты есебінен ұзақ мерзімді субсидиялануға жататын әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларды айқындау бойынша ашық тендер негізінде конкурс өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 30 қазандағы № 113 бұйрығын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9860 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 20 қарашада жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шығыстары бюджет қаражаты есебінен ұзақ мерзімді субсидиялануға жататын әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларды айқындау бойынша ашық тендер негізінде конкурс өткізу қағидаларында:
30-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тасымалдаушының тікелей вагон жасаушы зауыттан немесе өндіруші зауыттың өкілдері арқылы сатып алынатын жолаушылар вагондарының саны мен түрлері, тасымалдаушыға вагондарды жеткізу графигі көрсетілген жаңа вагондарды сатып алу шартының нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі (бұдан әрі – сатып алу шарты). Сонымен қоса, осы құжатқа өндіруші зауыттың өкілдеріне нотариалдық куәландырған құқық орнатушы және сатып алу шарты сомасының он бес пайызын тасымалдаушымен төленгендігін растайтын құжаттардың түпнұсқасы ұсынылады. Осы шартта тасымалдаушының жаңа вагондарды сатып алу және оларды тасымалдаушыға жеткізу мерзімі белгіленген тәртіпте онымен субсидиялау туралы шарт жасалғаннан кейін 15 айдан аспауы тиіс.».
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек