"Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шiлдедегi Заңының 6-бабы 9-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Энергетика министрінің | |
міндетін атқарушы | М. Мырзағалиев |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрiнің
міндетін атқарушы
М. Құсайынов _____________
2016 жылғы 1 тамыз
Қазақстан Республикасы | |
Энергетика министрінің | |
міндетін атқарушының | |
2016 жылғы 29 шілдедегі | |
№ 361 бұйрығымен | |
бекітілген |
Резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 9-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және резервтік қорды қалыптастыру және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) болжамды жыл – шығындарды есептеу жүргізілетін күнтізбелік жыл;
2) кассалық алшақтық – шартты тұтынушылар тарапынан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және өздері жеткізіп берген электр энергиясы үшін ақысы төленбеуі немесе уақтылы төленбеуі салдарынан туындаған ақшалардың уақытша жетіспеушілігі;
3) резервтік қор – қаржы-есеп айырысу орталығы қалыптастыратын қор, оның ақшасы арнайы банктік шотта сақталады және шартты тұтынушылар тарапынан өздеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясы берілгені үшін төлем жасалмау немесе төлемді кідірту салдарынан туындайтын кассалық алшақтықтар мен қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар алдындағы берешегін жабуға ғана пайдаланылады;
4) резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындар – қаржы-есеп айырысу орталығының резервтік қорды қалыптастыруға жұмсайтын нақты және/немесе болжамды шығындары.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 05.04.2021 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2-тарау. Резервтік қорды қалыптастыру тәртібі
3. Қаржы-есеп айырысу орталығы резервтік қорды Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банкінде осы мақсаттар үшін арнайы құрылатын банктік шотқа ақша аудару жолымен қалыптастырады.
4. Резервтік қор Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қалыптастырылады.
5. Резервтік қордың көлемі қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын жылдық шығындары көлемінің үш пайызын құрауы тиіс.
6. Қаржы-есеп айырысу орталығы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №118 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10622 болып тіркелген) Жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларының (бұдан әрі – ЖЭК-ті қолдауға арналған тарифті айқындау қағидалары) 4 және 6-тармақтарына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар мен уәкілетті орган беретін ақпарат негізінде жыл сайын 30 желтоқсанға дейін:
1) электр энергиясын тұтыну аймақтары бойынша жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерінен өндіретін электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындарды болжамды жылға есептеуді;
2) болжамды жылға электр энергиясын тұтыну аймағы бойынша резервтік қор қалыптастыруға жұмсалатын шығындар есебін мына формула бойынша есептеуді:
, мұнда
ЗРҚ – Zi тұтыну аймағына жататын болжамды жылдың резервтік қорын қалыптастыруға жұмсалатын шығындар;
ЗРҚ.пп – болжамды жылдың басында резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындар;
Зтірк – қаржы-есеп айырысу орталығының ЖЭК-ті қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына сәйкес анықталатын Zi тұтыну аймағында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын жылдық шығындары;
3% - қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын жылдық шығындары көлемінен резервтік қордың көлемі;
Zi - тұтыну аймағы.
7. Осы Қағидалардың 6-тармағы 2) тармақшасында көрсетілген резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындарды қаржы-есеп айырысу орталығы ЖЭК-ті қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін қолдау тарифінде есепке алады.
8. Резервтік қорды қалыптастыруға жұмсалатын шығындар есеп айырысу деректерінің өзгеруіне қарай ай сайын түзетуге жатады.
9. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар ай сайын жеткізу айына дейінгі он күнтізбелік күн ішінде қаржы-есеп айырысу орталығына ағымдағы жылдың соңына дейін электр энергиясын өндіру, желіге босатудың болжамды көлемдері туралы ақпарат береді.
10. Қаржы-есеп айырысу орталығы есептік айдың алдындағы айдың резервтік қорды қалыптастыруға арналған болжамды және нақты қалыптасқан шығындар арасындағы айырманы айқындайды.
Егер де резервтік қорды қалыптастыруға арналған болжамды шығындар есептік айдың алдындағы айда резервтік қорды қалыптастыруға қажетті нақты шамадан кем немесе көп болса, қаржы-есеп айырысу орталығы қайта есептеу жүргізеді және осы айырманы ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін қалған кезеңге қайта бөледі.
Осы тармақтың ережелері күнтізбелік жылдың соңғы айына қолданылмайды.
11. Қаржы-есеп айырысу орталығы ай сайын есептік айдың он бесіне дейін осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көрсетілген есеп айырысу деректері негізінде ағымдағы күнтізбелік жылдың аяғына дейін қалған кезеңге резервтік қорды қалыптастыру шығындарына түзету жүргізеді және осы ақпаратты жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тарифті түзету кезінде есепке алады.
3-тарау. Резервтік қорды пайдалану тәртібі
12. Резервтік қордың ақшасын қаржы-есеп айырысу орталығы тек қана кассалық алшақтықтарды және қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар алдындағы, шартты тұтынушылар тарапынан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын жеткізгені үшін төлем жүргізілмеуі немесе кешіктірілуі салдарынан туындаған берешегін өтеуге жұмсайды.
13. Қаржы-есеп айырысу орталығы шартты тұтынушылар үшін Заңда белгіленген төлем жүргізу мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей ай сайын кассалық алшақтық шамасын анықтайды және резервтік қордың ақшасын аталған кассалық алшақтықты жабу үшін пайдаланады.
14. Резервтік қордың қаржы-есеп айырысу орталығы кассалық алшақтықты жабу үшін пайдаланған ақшалай қаражаттар қайтарылады және шартты тұтынушылардан келіп түскен ақшалай қаражат есебінен резервтік қордың арнайы банктік шотына есепке алынады.
15. Қаржы-есеп айырысу орталығы "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептемеге аудит жүргізуге және оны уәкілетті органға ұсынуы тиіс.