"Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация (детерминация) жүргізуде пайдала

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 18 мамырдағы № 211 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 27 маусымда № 13827 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 4 тамыздағы № 289 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 04.08.2021 № 289 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 27-бабына және 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация (детерминация) жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 7 тамыздағы № 238-ө бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7905 болып тіркелген, 2012 жылғы 3 қазандағы "Егемен Қазақстан" газетінде № 642-647 (27719) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдерін бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдері бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация (детерминация) жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдері осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Климаттың өзгеруі жөніндегі департамент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күннің ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Энергетика министрі

Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _____________ Ә. Исекешев

      2016 жылғы 27 мамыр



  Қазакстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 18 мамырдағы
№ 211 бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрі м.а.
2012 жылғы 7 тамыздағы № 238-ө
бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды
және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу
саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды
түгендеу, верификация және валидация жүргізуде
пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға
рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдері
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану қағидалары мен өлшемдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету және тану өлшемдерін және тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалардың қолданысы парниктік газдар шығарындыларын және сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерге, парниктік газдарды түгендеу, верификация мен валидация жүргізуге таралады.

2-тарау. Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық
стандарттар мен Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға
рұқсат ету және тану тәртібі

      3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасының стандарттарын олардың Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етуі мен тануына келесі жағдайларда қарастырады:

      1) Қазақстан Республикасымен квота бірліктерін және өзге көміртегі бірліктерін өзара тану туралы халықаралық шарт жасасқанда;

      2) жеке және заңды тұлғалар өтініш білдіргенде.

      4. Уәкілетті орган халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасының стандарттарын осы Қағидалардың 3-тарауында қарастырылған қолдануға рұқсат ету және тану өлшемдеріне сәйкестігін қарастырады.

      5. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасымен қарастырылған жағдайда қарастыру нәтижелері бойынша уәкілетті орган халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасының стандарттарын ұлттық стандарттар ретінде қолдану немесе 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының "Техникалық реттеу туралы" Заңының 24-бабына сәйкес техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға олардың есептік тіркеуі туралы ұсыныс енгізеді.

      6. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасымен қарастырылған жағдайда қарастыру нәтижелері бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық стандарттарды қолдануға рұқсат ету және тану туралы хатты береді.

3-тарау. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық
стандарттарды және Қазақстан Республикасының стандарттарын
қолдануға рұқсат ету және тану өлшемдері

      7. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын тану үшін мына өлшемдер болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті ережелерінің болмауы;

      2) халықаралық қолдану тәжірибесінің болуы (халықаралық стандарттар болған жағдайда);

      8. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық стандарттарды және парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін реттеу саласындағы жобалық тетіктерді іске асыруда, парниктік газдарды түгендеу, верификация және валидация жүргізуде пайдаланылатын Қазақстан Республикасы стандарттарын қолдануға рұқсат ету үшін мына өлшемдер болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнама нормалары мен ережелеріне қайшылықтардың болмауы;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында оларды қолдану үшін ұйымдастыру және техникалық мүмкіндіктерінің болуы.