"Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 14 маусымдағы № 228 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 261 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 12 мамырда № 13700 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 29.12.2021 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасына сәйкестендіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 14 маусымдағы № 228 бұйрығына (бұдан әрі - Қағида) (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8565 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 21 тамыздағы № 194 (28133) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы – білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүддесіндегі білім беру және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.";

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Балалар музыка мектептеріндегі, балалар көркемөнер мектептеріндегі және балалар өнер мектептеріндегі білім беру процесі "Білім туралы" Заңның 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

      14. Сабақ кестесін балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының әкімшілігі білім алушыларға қолайлы жағдай жасауды, олардың жас ерекшеліктерін, ата-аналарының қалауын ескеріп, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жасайды және бекітеді.";

      17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бірлестіктерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі нысаны бір тақырыптық бағыттағы немесе кешенді, кіріктірілген бағдарламалар бойынша сабақтар болып табылады. Сабақтар қосымша білімнің білім беру бағдарламаларының талаптарына қарай оқу жылы бойына немесе қысқа мерзімге ұйымдастырылады.

      18. Сабақтар қосымша білімнің білім беру бағдарламасына сәйкес топпен, жеке немесе бірлестіктің толық құрамымен жүргізіледі. Бірінші оқу жылында әрбір топтағы балалар саны 10-нан 15-ке дейін, екінші және келесі жылдары 8-ден 12-ге дейін, сынақ және зерттеу топтарында 6-дан 8-ге дейін болуы тиіс.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту барысында топтың құрамы 3-6 адамды құрайды.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім алушылардың дарынын және кәсіптік бағдарлануын дамыту мақсатында ғылыми, зерттеу ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізеді, заңнамаға сәйкес эксперименттік, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстар жүргізу үшін олардың базасында білім алушылардың ғылыми бірлестіктерін, зертханаларын құрады.

      Эксперименттік және зерттеу топтары облыстық қосымша білім беру ұйымдарында да ашылады.";

      30-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Балалар музыка мектептерінде, балалар шығармашылық мектептерінде және өнер мектептерінде қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын игеру қорытынды мемлекеттік аттестаттаумен аяқталады.".

      2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып жолдауды;

      3) тіркелген осы бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мөрімен расталған және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары білім беру ұйымдарының назарына жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Білім және ғылым министрі

Е. Сағадиев