Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 45 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 16 ақпанда № 13088 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 72) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамын қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов


  Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 19 қаңтардағы
№ 45 бұйрығымен бекітілген

Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен
ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар
құрамын қалыптастыру қағидалары
1. Жалпы тәртібі

      1. Осы Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 72) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және білім алушыларды көрсетілген халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысушылар құрамына іріктеу тәртібін анықтайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар қолданылады:

      1) жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстары (ғылыми жарыстар) – білім алушылар ғылыми жоба түрінде қорғайтын, зерттеу, эксперимент, тұжырымдама жасау және теорияны практика барысында зерттеу арқылы жалпы білім беретін пәндер бойынша алған ғылыми білімдерін анықтауға мүмкіндік беретін халықаралық зияткерлік жарыстардың нысаны;

      2) жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар – қатысушылардың деректі материалды меңгеру бойынша білімін, шығармашылық тұрғыдан ойлауын анықтаумен қатар, алған білімін практикада қолдана білуге мүмкіндік беретін белгілі білім беру саласында халықаралық зияткерлік жарыстар өткізу нысаны;

      3) жеңімпаздар – бірінші, екінші немесе үшінші дәрежелі дипломдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған зияткерлік жарыстардың қатысушылары;

      4) қатысушылардың құрама командасының мүшелері – негізгі орта және жалпы орта білім беретін ұйымдардың соңғы 2 жылда олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысқан, жалпы білім беретін пәндер бойынша белгілі жетістіктерге жетіп, ғылым негіздері аясында жетістіктері бар 9-11 (12)-сынып оқушылары;

      5) құрама команда мүшелерінің жетекшілері - жарыс өтетін жерге дейін және кері алып қайту жолында, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) өту барысында қатысушылардың өмір қауіпсіздігін, сондай-ақ, зияткерлік жарыстарға қатысушылардың дайындық деңгейлерін қамтамасыз ететін жауапты тұлға.

      3. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамына құрама команда мүшелері және олардың жетекшілері кіреді (қажетіне қарай ғылыми жетекшілер, бақылаушылар, халықаралық олимпиада комитеттерінің мүшелері енгізіледі).

      4. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың жалпы сандық құрамы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың (ғылыми жарыстардың) ұйымдастыру комитеттерінің шақыруы негізінде қалыптастырылады.

      5. Халықаралық зияткерлік жарыстар жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) бөлінеді.

      Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар іштей немесе қашықтық режимінде өткізіледі.

2. Іштей өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша
халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамын қалыптастыру
тәртібі

      6. Іштей өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамы нақты олимпиаданың талаптарын ескере отырып 8-11(12)-сыныптардың оқушылары арасынан, жасөспірімдердің жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалары үшін 7-9-сынып оқушыларынан құралады.

      7. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылар құрамын қалыптастыру үшін облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, дербес, республикалық білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары жанындағы жекеменшік білім беру ұйымдары, халықаралық мектептер, оқу-сауықтыру орталықтары деңгейінде білім алушылардың оқу-жаттығу жиындары немесе іріктеулер өткізіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу-дайындық жиындарын білім беру саласындағы уәкілетті орган өткізеді.

      Оқу-дайындық жиындарына қатысушылар:

      1) ағымдағы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың қорытынды кезеңінің жеңімпазы атанған 8-11 (12) сынып оқушылары;

      2) соңғы екі жылда тиісті бейіндік пәндер бойынша жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиадалардың қорытынды кезеңдерінің жеңімпаздары болып табылатын ағымдағы оқу жылының орта білім беру ұйымдарының түлектері;

      3) тиісті бейіндік пән бойынша соңғы екі жылда оқу-дайындық жиындарына қатысушылар.

      Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылар құрамына қосу үшін бірдей балл жинаған жағдайда басымдық пәндік халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, 7-9 сынып оқушыларына беріледі.

      8-1.Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін құрама командаларды дайындау бойынша оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының базасында да, шетелдік ЖОО-ның оқу-әдістемелік орталықтарында да өткізіледі.

      Ескерту. Қағидалар 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 01.04.2024 № 71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін оқу-дайындық жиындарына оқушылар құрамын қалыптастыру білім беру ұйымдары басшыларының ұсыныстарын ескере отырып, білім беру саласының уәкілетті органы анықтайды.

      10. Оқу-дайындық жиындарын өткізуді оқу-дайындық жиындарының жетекшілері жүзеге асырады.

      11. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу-дайындық жиындарының жетекшілері, тиісті пәндер бойынша олимпиада тапсырмаларын құрастыруда және халықаралық олимпиадаларға қатысуда тәжірибелері бар, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары тағайындалады.

      12. Жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу-танымдық жиындарының бірінші кезеңінің қатысушыларын жоғары балл жинаған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңінің қазылар алқасының құрамы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің құрамынан, өткен оқу жылдарының оқу-дайындық жиындарында жоғары балл жинаған қатысушылар, іштей және қашықтықтан өткен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарының арасынан анықтайды.

      13. Оқу-дайындық жиындарының бірінші кезеңіне қатысушылардың сандық құрамы халықаралық ұйымдастыру комитеті белгілеген халықаралық олимпиадаға қатысушылардың санына сәйкес үш есе ұлғайтылған санымен анықталады.

      14. Әрбір жалпы білім беретін пән бойынша оқу-жаттығу жиынының ұзақтығы күнтізбелік 12 күннен 30 күнге дейін құрайды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 01.04.2024 № 71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, дербес, республикалық білім беру ұйымдары, жоғары оқу орындары жанындағы жекеменшік білім беру ұйымдары, халықаралық мектептер, оқу-сауықтыру орталықтары өткізетін оқушыларды іріктеу қорытындылары хаттама түрінде ресімделіп, өтінім түрінде білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылар құрамын қалыптастыруда оқу-дайындық жиындарының нәтижелері, өтінімдер, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңнің нәтижесі, алдындағы жылдардың және ағымдағы жылдың халықаралық олимпиадалар нәтижелері, білім алушылардың халықаралық олимпиадада жоғары нәтижеге жетелейтін адамгершілік, іскерлік қасиеттері есепке алынады.

      17. Тізбесін Заңның 5-бабының 29-1) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын (бұдан әрі – Тізбе) іштей өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      18. Әр жалпы білім беретін пән бойынша халықаралық олимпиадаға қатысушылар мен жетекшілердің сандық құрамын тиісті халықаралық олимпиаданы өткізу қағидаларына сәйкес ұйымдастыру комитеті анықтайды.

3. Қашықтық режимінде өткізілетін жалпы білім беретін пәндер
бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамын
қалыптастыру тәртібі

      19. Қашықтық режимінде өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамы нақты олимпиаданың талаптарын ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық (облыстық) олимпиадалардың үшінші кезеңінің жеңімпаздары қатарынан немесе халықаралық олимпиаданың ресми сайтына өз бетінше тіркелген және іріктеу кезеңінен өткен жалпы орта білім беру ұйымдарының 9-11(12)-сыныптарының оқушыларынан жеке немесе команда құрамында қалыптастырылады.

      20. Іріктеу кезеңіне қатысушы оқушылар өз бетінше немесе командалар саны шектелмейді.

      21. Қашықтықтан өткізілетін жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған білім алушылар немесе командалар жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаға қатысушылар ретінде іріктеліп алынады.

      22. Тізбесін Заңның 5-бабы 71) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - Тізбе) айқындайтын қашықтықтан өткізілетін әрбір жалпы білім беретін пән бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылардың құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми
жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың
құрамын қалыптастыру тәртібі

      23. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамы орта білім беру ұйымдарының 9-11(12) сынып оқушыларынан құралады.

      24. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының, дербес, республикалық білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындары жанындағы жекеменшік білім беру ұйымдарының, халықаралық мектептердің, оқу-сауықтыру орталықтарының осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру үшін ресми түрде ұсынған кандидаттардың өтінімі негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамына енетін өңірлік кандидаттар:

      1) ағымдағы оқу жылының 15 қыркүйегіне дейін www.daryn.kz сайтында ғылыми жобасының тақырыбын тіркеген;

      2) Тізбеге енген жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары (қатысушылары);

      3) Тізбеге енген тиісті жалпы білім беретін пән бойынша ағымдағы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурстарының қорытынды кезеңінің жеңімпаздары (қатысушылары);

      4) Тізбеге енген тиісті жалпы білім беретін пән бойынша ағымдағы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурстарының үшінші (облыстық) кезеңнің жеңімпазы/жүлдегері болып табылатын 9-11 (12) сынып оқушысы болуы тиіс.

      26. Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамына өңірлік кандидаттарды іріктеу кезінде:

      1) бірінші кезекте - Тізбеге енген жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары (қатысушылары);

      2) екінші кезекте - Тізбеге енген тиісті жалпы білім беретін пән бойынша ағымдағы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурстарының қорытынды кезеңінің жеңімпаздары (қатысушылары);

      3) үшінші кезекте - Тізбеге енген тиісті жалпы білім беретін пән бойынша ағымдағы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурстарының үшінші (облыстық) кезеңнің жеңімпаздары басымдылыққа ие болады.

      27. Ғылыми жобалардың тақырыптарын www.daryn.kz сайтында тіркеу облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының, дербес, республикалық білім беру ұйымдарының, жоғары оқу орындары жанындағы жекеменшік білім беру ұйымдарының, халықаралық мектептердің, оқу-сауықтыру орталықтарының ресми түрде ұсынылған өтінімдері негізінде жүзеге асырылады.

      Өтінімде:

      1) оқушының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);

      2) орта білім беретін ұйымның атауы, сынып, оқыту тілі;

      3) ғылыми жобаның тақырыбы;

      4) ғылыми жетекшінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), ғылыми атағы мен дәрежесі, лауазымы, жұмыс орны;

      5) секция атауы;

      6) бейінді пәні көрсетілуі тиіс.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Тізбесін Заңның 5-бабы 71) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Білім беру саласындағы уәкілетті орган жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру кезінде республикалық ғылыми жобалар конкурстарының үшінші (облыстық) кезеңінің, төртінші (қорытынды) кезеңінің, соңғы екі жылдағы халықаралық зияткерлік жарыстардың нәтижелерін, білім алушылардың халықаралық жарыстарда жоғары нәтижеге жетелейтін адамгершілік, іскерлік қасиеттерін есепке алады.

  Жалпы білім беретін пәндер бойынша
халықаралық олимпиадаларға мен ғылыми
жобалар конкурстарына (ғылыми
жарыстарға) қатысушылардың құрамын
қалыптастыру қағидаларына қосымша

      Нысан

Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалардың (ғылыми жарыстардың) халықаралық конкурстарына қатысушылардың құрамын қалыптастыру үшін кандидаттарға өтінім кандидаттарға өтінім

      _______________________________________________________________

      (облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармасының, дербес, республикалық білім беру ұйымының, жоғары оқу орны жанындағы жекеменшік білім беру ұйымының, халықаралық мектептің, оқу-сауықтыру орталығының атауы)

      қатысушылар құрамын қалыптастыру үшін ______________________________

      (халықаралық ғылыми жобалар конкурсының (ғылыми жарыстардың) атауы))

      Ескерту. Қосымшаның тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

№ р/c

Білім алушының тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

Оқыту тілі

Мектеп атауы, сынып

Ғылыми жобаның тақырыбы

Жалпы білім беретін пән секциясының атауы

Ғылыми жетекшінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

Білім алушының жетістіктері