"Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2013 жылғы 11 қыркүйектегі № 370 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 8 қаңтардағы № 11 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 8 ақпанда № 13019 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 29.12.2021 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 2013 жылғы 11 қыркүйектегі № 370 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8829 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2014 жылғы 15 сәуірдегі № 72 (28296) санында жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларында:

      2-тармақтың 1), 2), 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беру институттары (бұдан әрі - Институттар), сондай-ақ оның филиалдары;

      2) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беретін оқу орталықтары (өңірлік, өңіраралық, салалық) (бұдан әрі - Орталықтар);

      3) меншік нысандарына қарамастан, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері (бұдан әрі - Заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері);

      4-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) әдістемелік кабинет - білім беруді басқару органдарының ұйымдастыру - әдістемелік сүйемелдеуді, білім беру процесінің нәтижелілігін талдау мен бағалауды, педагог кадрлардың шығармашылық өсуіне және олардың кәсіптік тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруіне жәрдемдесетін инновациялық педагогикалық тәжірибені жинақтау мен таратуды қамтамасыз ететін білім беруді басқару органдарының құрылымдық бөлімшесі;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Үлгілік қағидаларға және осының негізінде әзірленген білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырады.

      Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген тұлғаларға осы Үлгілік қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша біліктілік беру туралы куәлік/сертификат беріледі.";

      1-параграфтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-параграф. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын қосымша білім беру институттары";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысқа басшылық жасау:

      орта білім беру ұйымдарында – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әдістемелік кабинеттеріне және аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді басқару органдарының әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.";

      35-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім беру бағдарламаларының мазмұнына қарай жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін, кәсіптік оқытудың қолжетімділігіне жағдайлар жасауды ала отырып, Орталықтарда оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылады: күндізгі, кешкі.";

      38-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Орталықтарда білім алушылармен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысымен бекітілген Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес оқу топтары құрылады.";

      4-параграфтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-параграф. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері";

      44-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ғылыми, педагогикалық, инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің және экономиканың басқа салаларының қызметкерлерін тағылымдамадан өткізуді, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыруға арналған біліктілікті арттыру орталықтары жатады.".

      2. Кәсіптік-техникалық және орта білімнен кейінгі білімді жаңғырту департаменті (Д.Ж. Қаленова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасы


Білім және ғылым Министрінің


міндетін атқарушы

Т. Балықбаев