Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын және көпір өткелдерін пайдалану қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 110 қаулысы. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 2 маусымда № 3922 болып тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 349 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 08.12.2015 № 349 қаулысымен.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңдарын басшылыққа ала отырып, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары бекітілсін.
      2. "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" мемлекеттік мекемесі (М. Ғ. Қуаншалиев) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары М. Ш. Кәрімовке жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімінің
міндетін атқарушы
А. Өтеғұлов

  2015 жылғы 28 сәуірдегі № 109
Батыс Қазақстан облысы
әкімдігінің қаулысымен
бекітілген

Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар
жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолымен
жүріп өту үшін ақы алу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабы 1-1 тармағы 6-5) тармақшасына сәйкес әзірленген және облыстық және аудандық маңызы бар ақылы автомобиль жолымен (бұдан әрі-ақылы автомобиль жолдары) жүріп өту үшін ақы алу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жол кәсіпорны – облыстың ақылы жүруді ұйымдастыру бойынша коммуналдық меншігіндегі кәсіпорын;
      2) ақылы автомобиль жолдары – ақылы негізде пайдалану туралы шешім қабылданған және жүріп өту үшін ақы алынатын автомобиль жолдары;
      3) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-ақпараттық кешені – жүріп өту үшін ақы алуға арналған, автомобиль жолы жабдығының, бағдарламалық жасақтамасының және элементтердің жиынтығы;
      4) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеушегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2.Ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы алу тәртібі

      3. Автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ұйымдастыру ақылы автомобиль жолдарына өту мен шығу жолдарында орналасқан ақы алу пункттерінде жүзеге асырылады.
      4. Ақылы автомобиль жолымен жүріп өту автомобиль жолдарын пайдаланушылардың жол кәсіпорнымен жасасқан шарты негізінде жүзеге асырылады. Ақылы автомобиль жолына кіру пунктін кесіп өткен кез шартты жасасу кезі болып табылады. Жол кәсіпорнымен ақылы автомобиль жолдарын пайдаланушылар арасындағы ақылы автомобиль жолдарын пайдалануға арналған шарт жария шарт болып табылады.
      5. Ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы автомобиль жолдарын пайдаланушылардан автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіпте және мөлшерлеме бойынша алынады.
      6. Ақылы автомобиль жолы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өту үшін ақы төлеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүргізіледі.
      7. Жол кәсіпорны ақылы автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін жүріп өтуге ақы төлеудің мынадай тәсілдерін қамтамасыз етеді:
      1) ақы төлеу жүргізгенін растайтын құжатпен артық ақшаны қайтарып беру арқылы жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешеніне қолма-қол ақшаны енгізу арқылы;
      2) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешені арқылы төлем карточкасынан қолма-қол жасалмайтын төлем арқылы;
      3) қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен алдын ала ақы төлеу.
      8. Жол кәсіпорны ақылы автомобиль жолына шығу алдында ақылы автомобиль жолына шығу туралы ақпараттық табло орнатады. Ақпараттық таблода сондай-ақ мынадай ақпарат орналастырылады:
      1) ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін ақы мөлшерлемелері;
      2) жол учаскесінің ұзындығы;
      3) жүріп өту үшін ақы төлеудің тәсілдері;
      4) автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатылған пайдаланушылардың тізбесі;
      5) басқа да пайдалы ақпарат.
      9. Жол кәсіпорнының ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту мен ақы төлеу тәртібіне қатысты пайдаланушыларға туындаған сұрақтар бойынша түсініктеме беретін ақы алу пункттерінде өз өкілдері болады.
      10. Ақылы автомобиль жолдарымен автокөлік құралдарының ақылы жүріп өтуін ақы алу пунктінде жол кәсіпорны жол кептелістері қалыптаспайтындай етіп ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
      11. Ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өту үшін қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралдардың көмегімен ақы төлеу үшін, ақылы автомобиль жолдарын пайдаланушылар жүрместен бұрын алдын ала қашықтықтан ақы төлеуге арналған құралды ол сатылатын жерлерде сатып алады және оны осы құралдарға қоса берілген нұсқауға сәйкес пайдаланады.
      12. Егер ақы алу пункті арқылы жүріп өткен кезде автомобиль жолын пайдаланушының ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы төлеуді жүзеге асыру мүмкіндігі болмаса, ақы төлеу үшін шотты жол кәсіпорны автокөлік құралының иесіне автокөлік құралының тіркелген мекенжайы бойынша жібереді.
      13. Ақы алу пункті және (немесе) аралық шеп арқылы жүріп өткен кезде жол кәсіпорнына сәйкестендіруші техникалық жабдық арқылы автокөлік құралдары туралы деректерді жинауды және тіркеуді жүзеге асыру ұсынылады.
      Мұндай деректер автокөлік құралының тіркеу нөмірлік белгісін, жүріп өту күні мен уақытын бекітетін автокөлік құралдарының бейнесуреті болып табылады.
      14. Осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген деректер тиісті пайдаланушылардың ақылы автомобиль жолдарын нақты пайдаланғанын растау және құпия ақпарат болып табылады.
      Жол кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, көрсетілген деректерге үшінші тұлғалардың қолжетімділігіне шектеу қояды. Деректер ақылы жүруді ұйымдастырушының серверлік жабдығында жинақталады және бір жыл бойы сақталады.
      15. Егер автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп ақылы автомобиль жолына өткен болса, мұндай көлік құралы туралы деректер аралық шептерде белгіленіп, ақы мөлшерін айқындау үшін және автокөлік құралының кейіннен ақылы автомобиль жолы арқылы өту кезінде ақы алу үшін ақы алу пунктінің жабдығына жіберіледі.
      16. Автокөлік құралы ақы алу пунктін айналып өтіп ақылы автомобиль жолынан шығып кеткен жағдайда жүріп өту үшін ақы осы Қағидалардың 12-тармағында белгіленген тәртіппен автокөлік құралының иесінен алынады.
      17. Автокөлік құралы ақылы автомобиль жолдарымен басқа автокөлік құралын сүйреп жүріп өткен жағдайда ақы көлік құралдарының екі бірлігінен де алынады.
      18. Ақылы автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден:
      1) қызметтік міндеттерін орындаған кезде:
      жедел медициналық жәрдем ұйымдарының;
      өртке қарсы қызметтің;
      авариялық-құтқару қызметтерінің;
      жол-патруль қызметінің;
      әскери техниканың арнаулы автокөлік құралдары босатылады;
      2) қала маңындағы қатынастарда және ақылы автомобиль жолына іргелес елді мекендерді:
      кенттерді, ауылдарды аудан немесе облыс орталықтарымен қосатын қатынастарда жолаушылар мен багажды тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын автобустар;
      ақылы автомобиль жолына іргелес аудандардың аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген автобустары бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін;
      жүк автокөлік құралдары, өздігінен жүретін доңғалақты ауыл шаруашылық, мелиорациялық машиналар таяу көлікке арналған айрықтары арасындағы жол кесінділері шегінде су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін;
      ақылы автомобиль жолына іргелес аудандардың жеке заңды тұлғаларының аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдерді бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін босатылады.