Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Павлодар облысы Павлодар қалалық мәслихатының 2015 жылғы 26 мамырдағы № 398/53 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 25 маусымда № 4545 болып тіркелді. Күші жойылды – Павлодар облысы Павлодар қалалық мәслихатының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі № 523/70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды – Павлодар облысы Павлодар қалалық мәслихатының 16.09.2020 № 523/70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қагидаларын бекіту туралы" № 504 қаулысына сәйкес Павлодар қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Павлодар қалалық мәслихаты шешімдері қосымшаға сәйкес күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 (он) күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Н. Сәрсембинов
      Қалалық мәслихаттың хатшысы М. Желнов

  Павлодар қалалық мәслихатының
2015 жылғы 26-мамырдағы
№ 398/53 шешіміне
қосымша

Павлодар қалалық мәслихатының күші жойылды
деп танылған шешімдерінің тізбесі

      1. Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 қаңтардағы "Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 226/30 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3698 болып тіркелген, 2014 жылғы 28 ақпандағы № 8 "Шаһар" газетінде және 2014 жылғы 24 ақпандағы № 7 "Версия" газетінде жарияланған);

      2. Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 6 мамырдағы "Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 қаңтардағы "Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 226/30 шешіміне толықтырулар енгізу туралы" № 264/36 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3808 болып тіркелген, 2014 жылғы 30 мамырдағы № 20 "Шаһар" газетінде және 2014 жылғы 26 мамырдағы № 20 "Версия" газетінде жарияланған);

      3. Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 9 қыркүйектегі "Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 қаңтардағы "Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 226/30 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" № 310/42 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4031 болып тіркелген, 2014 жылғы 3 қазандағы № 38 "Шаһар" газетінде және 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 38 "Версия" газетінде жарияланған);

      4. Павлодар қалалық мәслихатының 2015 жылғы 20 ақпан "Павлодар қалалық мәслихатының 2014 жылғы 20 қаңтардағы "Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 226/30 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 366/50 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4387 болып тіркелген, 2015 жылғы 30 наурыздағы № 12 "Версия" газетінде жарияланған).

  Павлодар қалалық мәслихатының
2015 жылғы 26-мамырдағы
№ 398/53 шешімімен
бекітілді

Павлодар қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және
мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Павлодар облысы Павлодар қалалық мәслихатының 11.09.2019 № 416/57 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағида) 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Павлодар қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Павлодар облысы бойынша статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Павлодар қаласының бөлімі;

      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Павлодар қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органдармен (бұдан әрі - ЖАО) жүзеге асырылатын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ұсынылатын ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      3. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 – сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 20-бабында және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13-сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 16-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Ақшалай нысандағы әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушының шотына аудару жолымен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын) көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Павлодар облысының ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

      7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      2) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      3) 1 қазан – Халықаралық қарт адамдар күні;

      4) қазанның екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектер күні.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік
көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі - ҰОС) мүгедектері мен қатысушылары;

      2) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан ҰОС қатысушыларға теңестiрiлген адамдар, атап айтқанда:

      2-1) қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинградтың тұрғынына" белгiсiмен марапатталған азаматтар;

      2-2) екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа мәжбүрлеп ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары;

      2-3) басқа мемлекеттер аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан қатысушылар, атап айтқанда: Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі – КСРОдағы) (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде) үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан бұрынғы КСРОдағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары; жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСРО дағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСРО ордендерiмен және медальдерiмен марапатталған жұмысшылар мен қызметшiлер;

      2-4) 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы (бұдан әрі – ЧАЭС) апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

      2-5) Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСРО дағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдарына тиісті кезеңде қорғанысына қатысу 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына есептелетін қалаларда болған адамдар;

      3) жеңiлдiктері мен кепiлдiктері бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестiрiлген адамдар, атап айтқанда:

      3-1) ЧАЭС апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебімен мүгедектігі тектік байланыстағы олардың балалары;

      4) жеңiлдiктері мен кепiлдiктері бойынша ҰОС қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа санаттары, атап айтқанда:

      4-1) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруы салдарынан қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары;

      4-2) қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің қайтадан некеге отырмаған әйелі (күйеуі), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізгендердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинградтың тұрғынына" белгісімен марапатталған, жалпы аурудың, еңбек жарақатының салдарынан және басқа себептерден (заңға қарсы әрекеттерден басқа) мүгедек деп танылған азаматтардың әйелі (күйеуі);

      4-3) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және қалтқысыз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО дағы ордендерiмен және медальдерiмен марапатталған адамдар;

      5) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО дағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар;

      6) мүгедектер, атап айтқанда:

      6-1) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек - балалар;

      6-2) бірінші топтағы мүгедектер;

      6-3) екінші топтағы мүгедектер;

      6-4) кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар мүгедектер;

      6-5) спортшы - мүгедектер;

      6-6) көзі көрмейтін бірінші топтағы мүгедектер;

      6-7) балалардың церебральді сал ауруымен, сал, парез, гидроцефалия, біріншілікті қорғаныс тапшылығы жетіспеушілігімен және аутизммен ауыратын 18 жасқа дейінгі мүгедек балалары бар отбасылар;

      7) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатарынан 18 жасқа дейінгі көп балалары бар аналар;

      8) жоғары оқу орындарына қала әкімінің грантымен түскен, көп балалы аз қамтамасыз етілген отбасылардан, жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жалпы білім беру мектептерінің түлектері;

      9) аз қамтамасыз етілген азаматтар, атап айтқанда:

      9-1) өтініш берушінің отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жүктілігі бойынша (12 аптаға дейін) есепте тұрған жүкті әйелдер;

      9-2) пешпен жылытылатын меншік секторда тұратын жалғыз тұратын мүгедектер және зейнеткерлер, көп балалы отбасылар (ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарамастан), өтініш берген мерзімде ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстары бар отбасылар;

      9-3) қайтыс болған уақытта уәкілетті органда есепте тұрған жұмыссыздар; онкологиялық, туберкулез ауруымен ауырғандар, жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі (бұдан әрі - ЖҚТБ) ауруынан қайтыс болғандар; қайтыс болған міндетті әскери қызметшiлері; қайтыс болған 18 жасқа дейінгі балалар; қайтыс болған орта білім беретін арнаулы оқу орындарының оқушылары және күндізгі оқу бөліміндегі студенттер; қайтыс болған мерзімде уәкілетті органның тіркелуінде тұрмаған 7 жасқа дейінгі балалары бар жұмыссыздар;

      9-4) өрт, дүлей апат салдарынан мүліктеріне залал келуіне байланысты тіршілік ету мүмкіндігінсіз қалған адамдар;

      9-5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар;

      10) әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтар, атап айтқанда:

      10-1) нәжіс, зәр және тыныс жыланкөздері бар онкологиялық аурулармен ауыратын адамдар (3, 4 кезеңдегі және аурудың кезеңінен тәуілсіз IV клиникалық топтағы, қан өндіру және лимфатикалық жүйенің аурулары (лейкемия, лимфопролиферативтік аурулар);

      10-2) адамның қорғаныс тапшылығының қоздырғышы ауруынан зардап шегетін адамдар;

      10-3) амбулаторлық емдеудегі туберкулез ауруынан зардап шегетін адамдар;

      11) зейнеткерлік жасқа толған адамдар, атап айтқанда:

      11-1) ең төменгі зейнетақы және жәрдемақы мөлшерін алатын азаматтар;

      11-2) 80 және одан да жоғары жастағы ең төменгі зейнетақы және жәрдемақы мөлшерін алатын зейнеткерлер.

      9. Уәкілетті орган табыс есебінсіз көмек көрсетеді:

      1) атаулы күндер мен мереке күндеріне біржолғы әлеуметтік көмек көрсетеді:

      1-1) Халықаралық әйелдер күніне 8-тармақтың 7) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті органның тізімі негізінде;

      1-2) Жеңіс Күні қарсаңында 8-тармақтың 1), 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;

      1-3) Халықаралық қарт адамдар күніне 8-тармақтың 11) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;

      1-4) Қазақстан Республикасының Мүгедектер күніне 8-тармақтың 6-1), 6-2), 6-3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін уәкілетті ұйымның тізімі негізінде - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде 8-тармақтың 6-4) тармақшасында көрсетілген балалардың тууы туралы куәлігі, өтініш берушінің мүгедектік туралы анықтамасы;

      2) біржолғы әлеуметтік көмек:

      2-1) тұрғын үйді жөндеуге нақты шығындар бойынша бірақ 500 (бес жүз) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінен аспайтын 8-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар қосымшасымен қатар өтініш негізінде көрсетілген қызметтердің атқарылған жұмыстарына келісім – шарт;

      2-2) тіс протездеу 25 (жиырма бес) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 2-3), 2-4) тармақшаларында көрестілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттармен қоса өтініш негізінде, алушының мәртебесін растау құжаты, стоматологиялық қызмет көрсету келісім - шарты, орындалған жұмыстар актісі негізінде;

      2-3) санаторийге жеке көмекшінің еріп жүруіне 40 (қырық) АЕК дейін мөлшерінде (еріп жүрушінің тұруы, тамақтануы мен жолының шығындарының сомасы туралы құжаттардың қоса берілуімен) 8-тармақтың 6-1), 6-2) тармақшаларында көрсетілген санат үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде, мүгедектер туралы анықтама;

      2-4) аймақтық, республикалық, халықаралық жарыстарға дайындалу үшін 15 (он бес) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 6-5) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – уәкілетті органның тізімі негізінде;

      2-5) 4 (төрт) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 6-6) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде және бірінші топтағы көзі көрмейтін мүгедектігі жөнінде тиісті медициналық мекемеден анықтама;

      2-6) 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде (әлеуметтік сауықтыру мен бейімдеуге) 8-тармақтың 6-7) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, дәрігерлік-кеңес комиссиясының қорытындысы, баланың мүгедектігі туралы тиісті медициналық мекемеден анықтамасының көшірмесі;

      2-7) жерлеуге 15 (он бес) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 9-3) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде қайтыс болуы туралы анықтама (алты айға дейін жарамды), қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі, қайтыс болған адамның Павлодар қаласының аумағында тіркелімін растайтын құжат;

      2-8) 50 (елу) АЕК дейін мөлшерінде 8-тармақтың 9-4) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде "Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Павлодар облысының Төтенше жағдайлар Департаменті Павлодар қаласының төтенше жағдайлар басқармасы" республикалық мемлекеттік мекемесі қорытындысы (алты айға дейін жарамды), тұрғын үйге меншік құқығын растайтын (пайдалануға) құжаттың көшірмесі немесе жалға алу келісім-шарты негізінде;

      2-9) 5 (бес) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 9-5) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандығы жөнінде құжат;

      2-10) 10 (он) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 10-1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде шаруашылық жүргізу құқығындағы "Павлодар облыстық онкологиялық диспансер" коммуналдық мемлкеттік кәсіпорынынан анықтама;

      2-11) 10 (он) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 10-2) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы "Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұсынған тізімі негізінде;

      2-12) 10 (он) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 10-3) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін "Павлодар облыстық туберкулезге қарсы диспансер" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ұсынған тізімнің негізінде;

      3) тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:

      3-1) 2 (екі) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 2-3), 2-4) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде алушының статусын растайтын құжат;

      3-2) тұрғын - үй коммуналдық қызметтерінің шығынын төлеуге 7700 (жеті мың жеті жүз) теңге мөлшерінде 8-тармақтың 2-1), 2-2), 2-3), 2-4), 4-1), 4-2) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде алушының статусын растайтын құжат;

      3-3) 3 (үш) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 3-1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде алушының статусын растайтын құжат;

      4) ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      4-1) 1 (бір) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін - осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде алушының статусын растайтын құжат;

      4-2) 8-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін төлем алдағы айда тұрғын үйді ұстауға төлеуге талап етілген шығындар сомасы мөлшерінде тұрғын – үй коммуналдық қызметтерін өтеуге (газ, қатты отын - пешпен жылытылатын үйлер үшін) - уәкілетті органның тізімі негізінде толық өтеуге;

      4-3) 8-тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін (оқу кезеңінде тұруына, тамағына және тұрғылықты жеріне бару жол ақысына) - 15235 (он бес мың екі жүз отыз бес) теңге мөлшерінде;

      10. Уәкілетті орган ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы бар адамдарға көмек көрсетеді:

      1) 8-тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде, қала әкімі, жоғары оқу орнының басшысы және студентпен қолы қойылған білім беру қызметтерін көрсетуге үш жақты келісім-шартта көрсетілген сомма өтіледі;

      1-2) біржолғы әлеуметтік көмек:

      1-3) 10 (он) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 9-1) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде тиісті медициналық мекемеден анықтама (берілген қүнінен бір айға дейін жарамды);

      1-4) қатты отынды алуға 6 (алты) АЕК мөлшерінде 8-тармақтың 9-2) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін (екінші жартыжылдықта көрсетіледі) – осы Қағиданың 14-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың қосымшасымен өтініш негізінде, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын (пайдалануға) құжаттың көшірмесі, немесе жалға алу келісім – шарт негізінде, пештік жылытуды растайтын құжат.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      12. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың ЖАО келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      13. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) Павлодар қаласының аумағында тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      15. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      16. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      17. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      18. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      19. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      20. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      21. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      22. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18, 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      23. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      24. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.

      25. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Павлодар қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      27. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.