Дала өрттерiн, сондай-ақ мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елдi мекендерде өрттерді сөндiру қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 107 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 13 наурызда № 10433 тіркелді

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіру қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В.Петров) заңнамада белгiленген тәртiпте:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;
      2) осы бұйрық мемлекеттiк тiркелген соң күнтiзбелiк он күн iшiнде оны мерзiмдi басылымдарда және «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға жiберудi;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты                           Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы 
Ішкі істер министрінің 
2015 жылғы 11 ақпандағы
№ 107 бұйрығымен    
бекітілген       

Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет
бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіру қағидалары

      1. Осы Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіру қағидалары дала өрттерінің, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттердің алдын алу және сөндіру жұмыстарын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      2. Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызметі бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      3. Өрттерді байқаған кезде жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік өртке қарсы қызметке хабарлайды және өрттерді сөндіруге өртке қарсы ерікті құралымдардың, сондай-ақ «Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік өртке қарсы қызметі бөлімшелері жоқ елді мекендерге өрт сөндіру бекеттерін құру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 746 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9928 болып тіркелген) сәйкес құрылған өрт сөндіру бекеттерінің күштері мен құралдарын тартуды ұйымдастырады.
      4. Ерікті өрт сөндірушілерді жинау тәртібі мен оларды өрт орнына жеткізу тәсілін аумақтық Төтенше жағдайлар департаментінің келісімі бойынша өртке қарсы ерікті құралымның басшысы айқындайды.
      5. Мемлекеттік өртке қарсы қызметі бөлімшелерінің күштері мен құралдары келгенге дейін жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақта:
      1) өрттер туралы барлық келіп түсетін ақпаратты жедел тексеруді және жинауды қамтамасыз етеді;
      2) туындаған өрттер, олардың ықтимал таралуы туралы халыққа уақтылы хабар беруді, сондай-ақ олардың салдарын шектеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды жүзеге асырады;
      3) өрт орнындағы жағдайдың барлық өзгерістері туралы жақын орналасқан мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелеріне уақтылы жедел хабар беруді қамтамасыз етеді;
      4) өрттерді сөндіру бойынша жалпы басшылықты жүзеге асырады.
      6. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері өрт болған орынға келгеннен кейін өрт сөндіруге басшылық ету өртке қарсы қызмет гарнизонының аға лауазымды тұлғасына жүктеледі.
      7. Өрт сөндіру басшысы:
      1) өрт сөндіруге қатысатын тартылған өрт сөндіру күштері мен құралдарына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) қойылған міндеттердің орындалуына және өртті сөндіру бойынша жұмыстарды қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз етуге жауап береді;
      3) өрт түрін, оның қарқындылығы мен көлемін, жер бедерін, ағымдағы және болжамды ауа-райы жағдайының ерекшеліктерін, өрт сөндіру күштері мен құралдарының бар-жоғын ескере отырып, өрт сөндірудің тактикалық тәсілдерін, әдістері мен амалдарын таңдауды жүзеге асырады;
      4) өрт сөндіру бойынша іс-қимылдар жүзеге асырылатын аумақтың шекарасын, көрсетілген іс-қимыл тәртібін белгілейді;
      5) қосымша күштер мен құралдарды шақырудың қажеттілігін анықтайды;
      6) өрт жағдайының өзгеруін үздіксіз бақылайды және тиісті шешім қабылдайды.
      8. Өрттің даму және оттың кеңінен таралу қаупі төнген кезінде өрт сөндіру басшысы өртті барлау және:
      1) жану көлемін, жер бедерін, оттың таралу жылдамдығы мен бағытын, өртті сөндіру кезеңінде оның болжамды дамуын;
      2) өрт орнына бару, жақындау және өртті оқшаулау мен сөндірудің механикаландырылған құралдарын қолдану мүмкіндігін;
      3) сумен жабдықтау көздерінің бар-жоғын;
      4) оттың күшею қаупі туындаған жағдайда өрт сөндіруді жүзеге асырушы тұлғалардың кету жолдарын, паналауға мүмкін орындарды;
      5) көлік құралдары тұрақтарын, адамдарды орналастырудың қауіпсіз орындарын анықтау үшін қосымша техниканы немесе авиацияны тарту мүмкіндігін ұйымдастырады.
      9. Өрттерді сөндіру кезінде жергілікті атқарушы органдар тартылатын күштер мен құралдарды меншік нысанына қарамастан, жанар-жағармай материалдарымен, тамақ өнімдерімен және медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.
      10. Өрттердің алдын алуда және жоюда келісілген іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар аумақтық төтенше жағдайлар департаментерімен бірлесіп дала өрттерінің, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспарларын, сондай-ақ тиісті аумақтарда дала өрттері туындаған жағдайда жер пайдаланушылармен бірлескен іс-қимыл жоспарларын әзірлейді және бекітеді.