Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1088 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13238 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.08.2022 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 09.10.2019 № 873 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.08.2022 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық эталонды бақылау банкіне Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына орналастыру үшін оның көшірмесін жолдауды;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      5) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде аталған бұйрықтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Б. Бисенқұловқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      ____________ Т. Дүйсенова

      2016 жылғы 25 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1088 бұйрығымен бекітілген

Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.08.2022 № 700 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағида) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – ОЖБ) сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құрал-жабдықтар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ресімдеу және ұсынуды ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы жүрiп-тұру құралдары – мүгедектігі бар адамдардың белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;

      2) мүгедектігі бар сотталған – тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты ағза функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

      3) мүгедектiк – ағза функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адам тiршiлiгінің шектелу дәрежесi;

      4) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы – мүгедектігі бар адамды оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;

      5) мiндеттi гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;

      6) протездiк-ортопедиялық құралдар – кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан ағзаның бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;

      7) сурдотехникалық құралдар – есту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;

      8) техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдар – протездiк-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар мен міндетті гигиеналық құралдар;

      9) тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар.

2-тарау. Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну тәртібі

      3. Мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуді, сондай-ақ куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындауды медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жолымен жүргізеді.

      4. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің (бұдан әрі – ҚАЖ мекемелері) медициналық ұйымдарының дәрігерлік-консультациялық комиссиясының жолдамасы:

      1) ағза функциялары тұрақты бұзылған кезде алғаш куәландыру;

      2) қайталап куәландыру (қайта куәландыру) мақсатында МӘС жүргізу үшін негіздеме болып табылады.

      5. Мекеме әкімшілігі аурулардан, жарақат немесе кемістік салдарларынан туындаған ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары кешенін өткізеді.

      6. ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі сотталғанның ағза функцияларының тұрақты бұзылуын анықтаған кезде ҚАЖ мекемесі орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөліністеріне (бұдан әрі – аумақтық бөліністер) "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен бекітілген Медициналық әлеуметтік сараптаманы өткізу қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) куәландыратын адамға құжаттарын әзірлейді және ұсынады.

      7. Мекеме әкімшілігі қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектігі бар сотталғандарға қайта куәландыруға (қайтадан куәландыруға) мекеме орналасқан жері бойынша аумақтық бөліністерге құжаттарды жібереді.

      Мүгедектігі бар сотталғандар ҚАЖ мекемелеріне келген кезде қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып қайтадан куәландыруға жатады.

      8. Куәландырылатын (қайта куәландырылатын) адамға МӘС ҚАЖ мекемелерінде және тергеу изоляторларда өткізіледі.

      МӘС өткізген кезде сотталғанның болуы қажет.

      9. Сотталған МӘС өткізілетін кезде ҚАЖ мекемелерінің әкімшілігі аумақтық бөліністердің өкілдеріне еріп жүреді және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      10. Есту, сөйлеу қабілеттерінің айқын бұзылыстары бар (кереңдік, IV дәрежедегі құлақ мүкістігі, керең-мылқаулық) адамдарды куәландыру кезінде мекеме әкімшілігі ымдау тілі маманының (сурдоаудармашы) қатысуын қамтамасыз етеді.

      Сотталғанды куәландыру нәтижесі бойынша МӘС-пен мүгедектігі белгіленеді немесе бас тарту бойынша қорытынды шығарылып ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің өкілдеріне беріледі.

      11. Мүгедектігі бар сотталғандарды техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 27 желтоқсандағы № 502 бұйрығымен бекітілген Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына (Нормативтік құқықық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26087 болып тіркелген) және "Мүгедектерді оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10370 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 26 бұйрық) сәйкес жүргізіледі.

      Мүгедектігі бар сотталғандар "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларымен қатар (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға ұсынылған және өзімен бірге алып жүруге рұқсат етілген техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарының тізбесіне сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнайы жүріп-тұру құралдарын өзімен бірге алып жүреді.

      12. Протездік-ортопедиялық құралдардың барлық түрімен және оларды жөндеу, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ОЖБ-ге сәйкес мемлекеттік тапсырыс немесе сотталғанның өз қаражаттары есебінен жазасын өтеу орны бойынша жүргізіледі.

      Мүгедектігі бар сотталған протездік-ортопедиялық құралдардың барлық түрін, сурдотехникалық, тифлотехникалык құралдар және арнаулы жүріп-тұру құралдарын қасақана бұзған жағдайда олармен қамтамасыз ету және жөндеуі сотталғанның өзінің немесе туыстарының қаражаты есебінен жүргізіледі.

      13. № 26 бұйрық талаптарына сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен, соның ішінде жазасын өтеу кезінде алынған кәсіби аурулары немесе еңбек жарақаттары бар мүгедектігі бар адамдар жұмыс берушінің қаражатынан мүгедектігі бар адамдарды ОЖБ-ге сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдармен, міндетті гигиеналық заттар мен арнайы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз етіледі.

      Жұмыс берушінің – жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметінің тоқтатылу жағдайы кезінде жұмыс берушінің кінәсінен алынған кәсіби аурулары немесе еңбек жарақаттары бар мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, міндетті гигиеналық заттар мен арнаулы жүріп-тұру құралдар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.

      14. ҚАЖ мекемелерінің мемлекеттік тапсырыс қаражаттары есебінен протездік-ортопедиялық көмекке, сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарға, міндетті гигиеналық заттарға, арнайы жүріп-тұру құралдарына мұқтаж мүгедектігі бар сотталғандардың құжаттары № 26 бұйрықпен бекітілген тізбе бойынша сотталғанның жазасын өтеу орны бойынша республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық маңызы бар қалалар және ауданның жергілікті атқарушы органдарының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдарына жолданады.

      15. № 26 бұйрыққа сәйкес протездік-ортопедиялық көмек көрсету бойынша қызмет көрсетудің жеткізушісімен амбулаторлық немесе стационарлық протездеу үшін мүгедектігі бар сотталғанды шақыру қажеттілігі немесе оның қатысуынсыз тапсырысты орындау анықталады. Сотталғанды шығару қажеттілігі болған жағдайда шақыру алдын - ала бір ай бұрын жолданады.

      16. Амбулаторлық немесе стационарлық протездеуге шақыру алған жағдайда ҚАЖ мекемелері сотталғанды протездік-ортопедиялық көмек көрсету бойынша қызмет көрсетудің жеткізушісіне жеткізуді және оның күзетін қамтамасыз етеді.

      17. Мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу журналында жүргізіледі.

      18. ҚАЖ мекемелері техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын алған мүгедектігі бар сотталғандардың тізімдерін Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (бұдан әрі - ІІМ) жылына екі рет ұсынады.

      ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мүгедектігі бар сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беру кезінде олардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерінің сақталуына ведомстволық бақылау жүргізеді.

  Мүгедектігі бар, мекемелерде
жазасын өтеп жүрген және
күзетпен қамауда отырған
сотталғандарға техникалық
көмекші (компенсаторлық)
құралдар мен арнайы жүріп-тұру
құралдарын ұсыну қағидаларына
1-қосымша

Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға ұсынылатын және өзімен бірге алып жүруге рұқсат етілген техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнайы жүріп-тұру құралдарының тізбесі

      Мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандар мынадай заттар мен бұйымдарды өздерімен бірге алып жүре алады:

      1. Протездiк-ортопедиялық құралдар:

      1) протездер;

      2) аппараттар, туторлар;

      3) балдақтар, таяқтар, жетек арбалар;

      4) корсеттер, реклинаторлар, басұстағыштар;

      5) бандаждар, емдік белбеулер, балалардың профилактикалық шалбаршалары;

      6) ортопедиялық аяқкиім және қосымша құрылғылар (кебiстер, супинаторлар);

      7) аппараттарға арналған аяқ киім;

      8) жейде киюге арналған құрылғы;

      9) колготки киюге арналған құрылғы;

      10) шұлық киюге арналған құрылғы;

      11) түйме тағуға арналған құрылғы (ілмек).

      2. Сурдотехникалық құралдар:

      1) есту аппараттары;

      2) кохлеарлық импланттарға арналған сөйлеу процессорлары;

      3) дауыс шығаратын аппарат.

      3. Тифлотехникалық құралдар:

      1) тифлотаяқтар;

      2) Брайль жүйесі бойынша жазу құралы;

      3) Брайль жүйесі бойынша жазу грифелi;

      4) рельефті-ноқатты қаріппен жазуға арналған қағаз;

      5) сөз шығаратын термометр;

      6) сөз шығаратын тонометр;

      7) тест жолақшалары бар сөз шығаратын глюкометр;

      8) брайль қарпін өз бетімен үйренуге болатын сөйлейтін құрал;

      9) Брайль бойынша алмалы-салмалы әліппе;

      10) көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға арналған ине сабақтағыштар, тігін инелері.

      4. Жүрiп-тұрудың арнайы құралдары:

      1) бөлмеде жүріп-тұруға арналған кресло-арбалар;

      2) серуендеуге арналған кресло-арбалар.

      5. Міндетті гигиеналық құралдар:

      1) несеп қабылдағыштар;

      2) нәжіс қабылдағыштар;

      3) жөргектер;

      4) сіңіргіш жаймалар (жаялықтар);

      5) катетер;

      6) стоманың айналасындағы теріні қорғау және тегістеуге арналған паста-герметик;

      7) қорғаныш крем;

      8) сіңіргіш ұнтақ (опа);

      9) иісті бейтараптандырғыш;

      10) теріні тазартқыш;

      11) санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық.

  Мүгедектігі бар, Мекемелерде
жазасын өтеп жүрген және
күзетпен қамауда отырған
сотталғандарға техникалық
көмекші (компенсаторлық)
құралдар мен арнайы жүріп-тұру
құралдарын ұсыну қағидаларына
2-қосымша

Мүгедектігі бар сотталғандарды және оларға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беруді есепке алу журналы

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

Мекеме

Мүгедектік тобының болуы, мүгедектіктің себебі

Мүгедектіктің берілген күні және мерзімі

Қайта куәландыру күні

ОЖБ сәйкес іс-шаралар

Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз ету