Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1034 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 30 қаңтарда № 12956 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № ҚР ДСМ-20 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 28.02.2022 № ҚР ДСМ-20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он күннің ішінде мерзімдік баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау


және әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1034 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі - Стандарт) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 7-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Стандарт меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлердегі медициналық денсаулық сақтау ұйымдарында науқастарға нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптарды белгілейді.

      3. Осы Стандартта пайдаланылатын анықтамалар:

      1) емдеуге жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі - Портал) - пациенттерді ТМККК шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеу мен сақтаудың бірыңғай жүйесі;

      2) консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі - КДК) - тәулік бойы медициналық бақыланбайтын мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек;

      3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК) - тәулік бойы медициналық бақыланбайтын, адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін қолжетімді медициналық қызметтер кешенін қамтитын дәрігерге дейінгі немесе мамандандырылған медициналық көмек;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) - Кодекстің 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтер көрсету тізбесі бойынша медициналық бірыңғай көмектің көлемі;

      5) пациент - медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын (болып табылған) жеке тұлға;

      6) профилактика - аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өрістеуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдарын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;

      7) стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық бақылаумен білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті ұсыну нысаны;

      8) стационарды алмастыратын көмек - медициналық бақылаумен дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті ұсыну нысаны.

2. Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру

      4. Қазақстан Республикасында нйрохирургиялық көмек "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген ТМККК шеңберінде көрсетіледі.

      5. Халыққа (ересек және бала) нейрохирургиялық көмек КДК, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация нысанында көрсетіледі.

      6. МҮ медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде сабақтастықты сақтай отырып, пациенттерді профилактикалауға, ерте диагностикалауға, емдеуге бағытталған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

      7. Консультациялық-диагностикалық деңгейдегі нейрохирургиялық көмек мыналарды қамтиды:

      1) пациенттің жай-күйін айқындау және диагноз қою мақсатында дәрігердің тексеруі;

      2) нейрохирургиялық патология ауруын анықтау мақсатында пациентті зертханалық және аспаптық зерттеп-қарау;

      3) анықталған нозологияға және клиникалық хаттамаларға (бұдан әрі - КХ) сәйкес емді таңдау және тағайындау;

      4) мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну үшін МҰ-ға жоспарлы емдеуге жатқызуға іріктеу және жолдау;

      5) шұғыл көрсетілімдер бойынша емдеуге жаткызуға жолдау;

      6) нейрохирургиялық патологиясы бар пациенттерді медициналық оңалтуға қатысу;

      7) бастапқы медициналық құжаттаманы рәсімдеу және жүргізу;

      8) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жасау;

      9) нейрохирургиялық аурулары бар пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      10) еңбекке қабілеттілігін тұрақты жоғалту белгілері болған кезде медициналық-әлеуметтік сараптама үшін консультациялық қорытынды беру.

      8. Пациенттерге КДК денсаулық сақтау ұйымында еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүргізуді қамтитын медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензия болған кезде профилактикалық, диагностикалық және емдік қызметтер түрінде ұсынылады.

      9. Пациентке КДК көрсету ТМККК шеңберінде МСАК дәрігерінің немесе бейінді маманның жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.

      10. КДК көрсетуге жіберу кезінде МСАК дәрігері немесе бейінді маман амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзіндіні ресімдейді.

      11. Нейрохирургиялық аурулары бар пациенттерді республикалық деңгейде КДК алуға жіберуді облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының өңірлік комиссиялары, ал Астана және Алматы қалаларынан - медициналық ұйымдардан жүзеге асырады.

      12. Пациентке республикалық медициналық ұйымда КДК көрсету туралы оң шешім қабылданған кезде өңірлік комиссия республикалық деңгейде жоғары мамандандырылған консультациялық-диагностикалық көмек алуға жолдама береді.

      13. Пациентке республикалық деңгейде КДК көрсетуден бас тартқан кезде өңірлік комиссия жазбаша уәжделген бас тартуды қоса бере отырып құжаттарды жіберген медициналық ұйымға қайтарады.

      14. Стационарлық деңгейдегі нейрохирургиялық көмек мыналарды көздейді:

      1) клиникалық хаттамаларға (бұдан әрі - КХ) сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеп-карауды өткізу;

      2) емдеуші дәрігер, қажеттілігіне қарай бөлімше меңгерушісі КХ-ға сәйкес емді таңдап және тағайындап, кейін дәрігерлік тағайындауларды ұйымдастыру және орындау;

      3) дәрігердің күнделікті тексеруі (егер басқа мерзімділік көзделмеген болса), емді түзету;

      4) түскен кезде және одан әрі - кемінде аптасына бір рет бөлімше меңгерушісінің тексеруі;

      5) басқа да бейінді мамандардың консультацияларын өткізу (көрсетілімдер болған кезде);

      6) құжаттаманы ресімдеумен және пациенттің қолына амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзіндіні берумен пациентті шығару;

      7) бастапқы медициналық құжаттаманы ресімдеу және жүргізу.

      15. Тәулік бойы медициналық бақылаумен мамандандырылған, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін медициналық көрсетілімдер болған кезде, нейрохиругиялық аурулары бар пациенттер Портал арқылы құрамында стационарлық нейрохирургиялық бөлімшелері, палаталары (төсектері) бар медициналық ұйымдарға емдеуге жатқызылады.

      16. ТМККК шеңберінде пациентті стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу:

      1) МСАК немесе өзге медициналық ұйым мамандарының жолдамасы бойынша;

      2) жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан, шұғыл көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылады.

      17. Пациентті стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу пациенттің стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып жүзеге асырылады.

      18. Мамандандырылған медициналық көмекті арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететін аурулар мен жай-күйлерді профилактикалауды, диагностикалауды, емдеуді, сондай-ақ медициналық оңалтуды қамтитын стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда нейрохируг дәрігерлер көрсетеді.

      19. Жоғары мамандандырылған көмекті стационарлық жағдайларда нейрохирург дәрігерлер көрсетеді және инновациялық, аз инвазиялық, арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды қажет ететін аурулар мен жай-күйлерді диагностикалауды, емдеуді, сондай-ақ медициналық оңалтуды қамтиды.

      20. Стационарлық жағдайларда мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету аяқталғаннан кейін пациентке амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді беріледі.

      21. Нейрохирургиялық аурулары және орталық және шеткі нерв жүйесінің жарақаттары бар науқастар медициналық көрсетілімдер болған кезде оңалту іс-шараларын өткізу үшін мамандандырылған медициналық және санаторийлік курорттық ұйымдарға жіберіледі.

3. Шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру

      22. Шұғыл көрсетілімдер бойынша емдеуге жатқызу ТМККК шеңберінде МСАК, медициналық ұйымдар мамандарының жолдамасы, жедел медициналық жәрдемнің жолдамасы бойынша, өзінің жүгінуі арқылы жүзеге асырылады.

      23. Шұғыл нейрохирургиялық көмек, оның ішінде балаларға, қажеттілігіне қарай құрамында хирургиялық бейіндегі бөлімшесі бар кез келген медициналық ұйымда көрсетіледі.

      24. Шұғыл нейрохирургиялық көмек нейрохирург дәрігер көрсетеді. Нейрохирургиялық патологияның салдарынан пациенттің өміріне анық қауіп төнген және аз уақыт ішінде тиісті маманды тарту мүмкін болмаған жағдайларда шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсету бойынша даярлықтан өткен хирургиялық бейіндегі мамандардың шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсетуіне рұқсат етіледі.

      Сондай-ақ балаларға шұғыл нейрохирургиялық көмекті (ересектер) нейрохирург дәрігердің; ересектерге - (балалар) нейрохирург дәрігердің көрсетуіне рұқсат етіледі.

      25. Шұғыл нейрохирургиялық көмек мына жағдайлар кезінде көрсетіледі:

      1) бассүйек-ми жарақаты (бассүйекішілік гематомаларды алып тастау, бассүйекті декомпрессиялық тесу (трепанация), бассүйектің батыңқы сынықтарын алғашқы хирургиялық өңдеу, бассүйекішілік қысымның құрылғысын орнату, вентрикулярлы ликворды дренаждау);

      2) бассүйекішілік жарақаттық емес қан құйылулар (бассүйекішілік гематомаларды алып тастау, бассүйекті декомпрессиялық тесу (трепанация): гемикраниоэктомия, бассүйекті қос маңдайлық декомпрессиялық тесу (трепанация), артқы бассүйек шұңқырын декомпрессиялық тесу (трепанация); вентрикулярлық ликворды дренаждау, бассүйекішілік қысымның құрылғысын орнату, қажеттілігіне қарай басқа да операциялар);

      3) ишемиялық инсульт - бассүйекті декомпрессиялық тесу (трепанация), эндоваскулярлық тромбэктомия;

      4) омыртқа-жұлын жарақаты (жұлынның жаншылуын жою, омыртқа-қозғалыс сегментін орнықты ету);

      5) омыртқа бағанының дегенеративтік зақымдары (жұлынның жаншылуын жою);

      6) мидың ісігі (мидың өмірге қауіп төндіретін жылжуы (дислокациясы) кезінде ісікті алып тастау, вентрикулярлық ликворды дренаждау, бассүйекті декомпрессиялық тесу (трепанация);

      7) ОНЖ қабыну аурулары (мидың, жұлынның абсцесін алып тастау, дренаждау);

      8) орталық нерв жүйесінің туа біткен патологиясы (жұлын жарығының жарылуы кезіндегі операциялар);

      9) босану кезіндегі орталық нерв жүйесінің жарақаттары (бассүйекішілік гематомаларды алып тастау, бассүйек жабындарының гематомаларын алып тастау).

4. Нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру белгілі бір нозологиялық бағдарыда

      26. Мынадай нозологиялық нысандар бойынша нейрохирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру:

      1) бассүйек-ми жарақаты (көрсетілімдер болған кезде) - аудандық аурухананың хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (өңірде нейрохирургиялық бөлімше болмаған кезде) немесе қалалық, облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне емдеуге жатқызу.

      Қажеттілігіне қарай, аудандық ауруханадан қалалық, облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне ауыстыру.

      Жеңіл бассүйек-ми жарақаты бар пациенттер нейрохирург дәрігердің консультациясы және компьютерлік томография (көрсетілімдер болған кезде) өткізу үшін, "нейрохирургия" (ересектер, балалар) бейіні бойынша медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымға жіберіледі.

      Стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету үшін көрсетілімдер болған кезде науқастар нейрохирургиялық бөлімшеге немесе, ондай бөлімше болмаған кезде, неврология немесе травматология бөлімшесіне жіберіледі.

      "Нейрохирургия" (ересектер, балалар) бейіні бойынша стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсетуге көрсетілімдер болмаған кезде жеңіл бассүйек-ми жарақаты бар науқастарға медициналық көмекші амбулатория жағдайында нейрохирург дәрігер, нейрохирург дәрігер болмаған кезде - нейрохирург дәрігердің немесе невролог дәрігердің ұсынымдарын ескере отырып учаскелік терапевт дәрігер, учаскелік педиатр-дәрігер, жалпы практика дәрігері (отбасылық дәрігер) көрсетеді.

      Орташа ауырлықтағы және ауыр дәрежедегі бассүйек-ми жарақаты бар пациенттер стационарлық жағдайларда медициналық көмек алу үшін "нейрохирургия" (ересектер, балалар) бейіні бойынша медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға жіберіледі.

      Балалардағы бассүйек-ми жарақаты кезінде - аудандық аурухананың хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (өңірде нейрохирургиялық бөлімше болмаған кезде) немесе қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология және ортопедия) емдеуге жатқызу.

      Қажеттілігіне қарай аудандық ауруханадан қалалық, облыстық ауруханаға ауыстыру;

      2) омыртқа-жұлын жарақаты (көрсетілімдер болған кезде) - аудандық аурухананың хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (өңірде нейрохирургиялық бөлімше болмаған кезде) немесе қалалық, облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне емдеуге жатқызу.

      Медициналық көрсетілімдер болған кезде - аудандық ауруханадан қалалық, облыстық ауруханалардың нейрохирургиялық бөлімшесіне, "Нейрохирургия ұлттық орталығы" АҚ-қа (бұдан әрі - НҰО) емдеуге жатқызу;

      3) балалардағы омыртқа-жұлын жарақаты кезінде - аудандық аурухананың хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (өңірде нейрохирургиялық бөлімше болмаған кезде) немесе қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология және ортопедия) емдеуге жатқызу.

      Қажеттілігіне қарай аудандық ауруханадан қалалық, облыстық ауруханаға, НҰО-ға ауыстыру;

      4) орталық нерв жүйесінің босану кезіндегі жарақаттары - өмірге анық қауіп төнген және тасымалдау мүмкіндігі болмаған кезде медициналық босандыру ұйымдарында шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсету.

      Қажеттілігіне қарай (көрсетілімдер болған кезде) қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшелеріне емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология жэне ортопедия) емдеуге жатқызу;

      5) орталық нерв жүйесінің туа біткен патологиясы - өмірге анық қауіп төнген және тасымалдау мүмкіндігі болмаған кезде медициналық босандыру ұйымдарында шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсету.

      Қажеттілігіне қарай (көрсетілімдер болған кезде) қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшелеріне, НҰО-ға емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология және ортопедия) емдеуге жатқызу;

      6) омыртқа бағанының дегенеративті зақымдары, мидың және жұлынның тамыр аурулары, мидың ісіктері (көрсетілімдер болған кезде) - нейрохирургиялық операция үшін қалалық, облыстық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесіне, НҰО-ға емдеуге жатқызу.

      Онкологиялық генездегі нейрохирургиялық ауруға күдіктенген кезде және хирургиялық емдеуге көрсетілімдер болған кезде пациент нейрохирургиялық бөлімшеге жіберіледі, ал хирургиялық емдеуге көрсетілімдер болмаған кезде пациент емдеудің одан арғы тәсілін айқындау үшін онкологиялық диспансерге жіберіледі.

      Онкологиялық генездегі нейрохирургиялық ауру болған кезде пациентті емдеу және бақылау дәрігер-мамандардың: онкология мәселелері бойынша даярлықтан өткен нейрохирург-дәрігердің және онколог дәрігердің өзара іс-қимылының негізінде жүзеге асырылады.

      Нейрохирургиялық аурулары бар науқастар үшін мамандандырылған онкологиялық ем (сәулелік терапия, химиотерапия) жүргізу "онкология" (ересектер, балалар) бейіні бойынша көмек көрсететін медиңиналық ұйымдарда жүзеге асырылады;

      7) балалардағы омыртқа бағанының дегенеративті зақымдары, мидың және жұлынның тамыр аурулары - нейрохирургиялық операция үшін қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне, НҰО-ға емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология және ортопедия) емдеуге жатқызу;

      8) балалардағы орталық нерв жүйесінің ісіктері - шұғыл медициналық көмек көрсету үшін (мидың қарыншалық жүйесін сыртынан дренаждау, вентрикулоперитонеостомия, эхинококк жылауығын алып тастау және қажеттілігіне қарай басқа да операциялар) қалалық, облыстық аурухананың балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне емдеуге жатқызу.

      Балалар нейрохирургиясы бөлімшелері болмаған кезде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін балалар стационарының нейрохирургиялық төсектері бар хирургиялық бейіндегі бөлімшесіне (травматология және ортопедия) емдеуге жатқызу.

      Емнің негізгі кезеңін өткізу үшін (мидың және жұлынның ісігін алып тастау бойынша жоспарлы операция) НҰО-ға емдеуге жатқызу. Мидың ісіктері бар балаларды НҰО деңгейінде емдеу тәсілін құрамында "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы" АҚ нейрохирург дәрігері (балалар), невропатолог дәрігері (балалар), онколог дәрігері (балалар) бар мультитәртіптік бригада шешеді.