Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12747 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабының 28) тармақшасына және 202-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 12.08.2022 № 309 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтiк
даму министрiнiң
2015 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1020 бұйрығымен
бекітілген

Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 28) тармақшасына және 202-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және өндірістік қызметті жүзеге асыратын, қызметкерлерінің саны елуден асатын ұйымдардағы (бұдан әрі – Ұйым) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бұдан әрі – Қызмет) жұмысын регламенттейді.

      2. Қызмет өз жұмысында мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарымен, басқа да мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен, Ұйымның құрылымдық бөлімшелерімен және мамандарымен, жұмыскерлердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды.

2-тарау. Қызметтің негізгі міндеттері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қызметтің негізгі міндеттері:

      1) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар жүргізу;

      2) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындауын ішкі бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

3-тарау. Қызметтің құқықтары мен міндеттері

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Кодекстің 202-бабы 4-тармағына сәйкес Қызмет:

      1) өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіреді және тексеріп қарайды;

      2) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде қауіпсіз және саламатты еңбек жағдайларын жасау, өндірістік жарақаттану және кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      3) осы Үлгілік ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде шаралар қабылдау туралы орындалуы міндетті нұсқаулар береді.

      5. Кодекстің 202-бабы 5-тармағына сәйкес Қызмет:

      1) ай сайын Ұйымда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізеді және олардың алдын алу жөнінде іс-шараларды әзірлейді;

      2) жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді және білімін тексеруді ұйымдастырады;

      3) Ұйымда өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Қызмет жұмысын ұйымдастыру

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Кодекстің 202-бабына сәйкес Қызмет Ұйымның бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға тікелей бағынады.

      Қызметті Ұйымның бірінші басшысы тағайындайтын оның басшысы басқарады.

      7. Өндірістің ерекшелігін, жұмыскерлер санын, еңбек жағдайларын, өндіріс зияндылығын және басқа да факторларды ескере отырып, осы Үлгілік ереже негізінде жұмыс беруші Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы ережені әзірлейді және бекітеді, Кодекске сәйкес оның құрылымын, мамандарының санын, негізгі міндеттерін, функцияларын және құқықтарын айқындайды.

5-тарау. Қызметтің функциялары

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 28.08.2020 № 345 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Қызметтің басшысы өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның мүшесі болып табылады және Ұйымның басқа да бөлімшелерімен бірге өндірістегі жазатайым оқиға туралы актіні толтырады және оған қол қояды.

      9. Негізгі міндеттеріне сәйкес Қызмет мынадай функцияларды орындайды:

      1) Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінен Қызметтің құзыретіне қатысты мәселелер жөніндегі ақпаратты және материалдарды белгіленген тәртіппен сұратады және алады;

      2) Ұйымда еңбек қауіпсіздігі жағдайының жай-күйін қадағалайды, еңбекті қорғауды басқару жүйесін әзірлеуді, енгізуді және оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

      3) Ұйым басшылығына саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмыстың ұйымдастырылуын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;

      4) оқыту бағдарламаларын келіседі және жұмыскерлерді еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытуға қатысады;

      5) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін талқылау кезінде ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысады;

      6) салынған өндірістік мақсаттағы объектіні пайдалануға қабылдап алуға қатысады;

      7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттармен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау кабинеттерін қажетті оқу құралдарымен, макеттермен, анықтамалық әдебиетпен, плакаттармен, техникалық құралдармен жабдықтау жөнінде шаралар қабылдайды;

      8) кәсіпорын басшысының тапсырмасына сәйкес Қызметтің құзіретіне қатысты мәселелер бойынша жұмыскерлердің хаттарын, өтініштерін және шағымдарын қарайды;

      9) кәсіптік аурулар мен өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге, сондай-ақ мүгедек адамдар үшін оңалту іс-шараларын әзірлеуге қатысады;

      10) бөлімшелерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жұмыста әдістемелік көмек көрсетеді;

      11) мыналарды:

      мемлекеттік еңбек инспекциясының және өзге де мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бөлігіндегі шешімдерінің орындалуын;

      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қағидалардың, нормалардың, стандарттардың енгізілуін;

      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі Ұйымның бірінші басшысының бұйрықтары мен өкімдерінің орындалуын;

      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кабинеттері жұмысының ұйымдастырылуын және жұмыстың озық тәжірибесінің енгізілуін;

      арнайы киім, арнайы аяқкиім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын сатып алудың, сақтаудың, жуудың, химиялық тазалаудың, кептірудің, шаңнан арылтудың, зарарсыздандыру мен жөндеудің ұйымдастырылуын және жұмыскерлердің ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуін;

      тиісті қызметтердің жабдықты, машиналар мен механизмдерді қажетті сынақтардан және техникалық куәландырулардан уақтылы өткізуін, зиянды өндірістік факторлардың өлшемдерін өлшеу кестелерінің сақталуын;

      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қолданыстағы нормалардың, қағидалар мен нұсқаулықтардың өндіріс процесінде, сондай-ақ жаңа реконструкцияланатын өндірістік объектілердің жобаларында сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асырады;

      12) жұмыс берушінің келісімі бойынша (не оның рұқсаты бойынша) мемлекеттік еңбек инспекциясына ақпаратты, мәліметтерді, бекітілген есептерді немесе өзге де құжаттарды не көшірмелерін қағаз және электрондық жеткізгіштерде оның міндеттеріне сәйкес ұсынады;

      13) Ұйымның бөлімшелеріне еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін кезекті медициналық тексеріп-қарауға және тексеруге жататын адамдардың аты-жөні бойынша тізімін құрастыруда әдістемелік көмек көрсетеді;

      14) Кодекстің 183-бабына сәйкес басқа қызметтермен бірлесіп, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттауды өткізуді ұйымдастырады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 12.08.2022 № 309 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау қызметі
туралы үлгілік ережеге
қосымша

      Нысан

      __________________________

      (бөлімшенің атауы)

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша анықталған
бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы
НҰСҚАУЛАР
20 ____ жылғы "___" ________ № _____

      Кімге _______________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы)

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек

      кодексінің 202-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес еңбек

      қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының мынадай бұзушылықтарын

      жоюды талап етемін:

Р/с

Анықталған бұзушылықтар мен оларды жою жөніндегі талаптар

Орындау мерзімі

Ескертпелер

1

2

3

4














      Нұсқауларды орындау туралы жазбаша хабарды онда көрсетілген

      мерзімдер өткеннен кейін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

      қызметіне ұсынсын.

      Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау

      қызметінің басшысы (инженері): ____________ _________________________

      (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      Нұсқауды алдым: ____________ _________________________

      (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)