Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 406 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12695 болып тіркелді

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы»
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 4-1-бабының  3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін жүргізу қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялау үшін электрондық тасымалдағышта елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы нормативті құқықтық актілерінің эталонды бақылау банкіне енгізу үшін елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық түрдегі осы бұйрықтың көшірмелерін жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Мәдениет және спорт министрі               А. Мұхамедиұлы

Қазақстан Республикасы     
Мәдениет және спорт      
министрінің          
2015 жылғы 22 желтоқсандағы  
№ 406 бұйрығымен        
бекітілген           

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу
мониторингін жүргізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметіне мониторингті жүргізу тәртібін анықтайды.
      2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингі әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету бойынша уақытылы және сапалы іс-шаралар қабылдау мақсатында жүргізіледі.

2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу
мониторингін жүргізу тәртібі

      3. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылу мониторингін уәкілетті орган жүргізеді және мемлекеттік органдар ұсынатын ақпаратты жинақтауды, өңдеуді және талдауды қамтиды.
      4. Мемлекеттік органдар уәкілетті органға жылсайын 25 шілде және 25 желтоқсан мерзіміне келесі ақпаратты ұсынады:
      1) әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалардың Қазақстан Республикасы Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан-2050 стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жылсайынғы Жолдауларында, басқа да стратегиялық құжаттарда айқындалған мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі туралы;
      2) әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалардың мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспар мақсатының индикаторлары, аймақтық даму жоспарларына сәйкестігі туралы;
      3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жүзеге асырылатын әлеуметтік бағдарламалар, әлеуметтік жобалар шеңберінде тұрғындардың адрестік топтарының қамтылуы туралы;
      4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік бағдарламалар, әлеуметтік жобаларды іске асыруға жоспарланған және жұмсалған бюджет қаражатының көлемі туралы;
      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатыстырылған үкіметтік емес ұйымдар (қызмет көрсету саласындағы жұмыс тәжірибесі, қызмет саласы бойынша мамандардың болуы, материалдық ресурстарының болуы) туралы;
      6) әлеуметтік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалардың маңызды әлеуметтік салаларда мақсатына қол жетуіне (әлеуметтік міндеттерді шешуде нақты нәтижелер) ықпалы туралы.
      5. Уәкілетті орган осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілгендей ақпаратты жинауды жүргізеді және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар тапсырған жиынтық ақпарат арқылы әрменқарай оларды өңдеуді іске асырады.
      6. Уәкілетті органның өңдеу қорытындысы бойынша уәкілетті орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырудың жалпы үрдістерін, проблемалық мәселелерді бөліп алу жолымен жиынтық ақпарат талдауды жүргізеді және республикалық және аймақтық деңгейдегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар шеңберінде әлеуметтік бағдарламалардың, әлеуметтік жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды жасайды.
      7. Уәкілетті орган мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру жөніндегі қорытынды ақпаратты әзірлеп, Қазақстан Республикасы Үкіметіне 25 тамыз және 25 қаңтар мерзіміне дейін енгізеді.
      8. Мемлекеттік органдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жоспарлау және жүзеге асыру кезінде уәкілетті органның ұсынымдарын басшылыққа алады.