Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, маман

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 982 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 желтоқсанда № 12631 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. "Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын және Басшылардың, мамандардың және басқа да Қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын, сондай-ақ ұйымдар басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, сынақтау, қайта қарау, бекіту және қолдану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 19 шілдедегі № 165-ө бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4886 болып тіркелген, 2007 жылғы 2 қазандағы № 168 (1371) "Заң газетінде" жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 982 бұйрығымен бекітілген

Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік
анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер
лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік
сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар
басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының
үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту
және қолдану қағидалары

1-тарау. Кіріспе

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, қайта қарау, бекіту және қолдану тәртібін белгілейді.

      2. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығын және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын ұйымдар экономикалық қызмет түрлеріне және ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан қолданады және олар белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігін, жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу және тарифтік-біліктілік сипаттамаларға сәйкес біліктілік разрядтарын беру, жұмысшы кәсіптерінің және қызметшілер лауазымдарының дұрыс атауларын айқындау үшін, сондай-ақ экономикалық қызметтің тиісті салаларында жұмысшыларды даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламаларын жасау үшін арналған.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 31.12.2021 № 529 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      біліктілік санаты (разряды) – орындалатын жұмыстардың күрделілігін көрсететін, жұмыскердің біліктілігіне қойылатын талаптар деңгейі;

      біліктілік талаптары – жүктелген міндеттерді атқару үшін қажетті оның кәсіптік даярлығының деңгейі мен бейінін, мамандығы бойынша еңбек өтілін айқындау мақсатында жұмыскерге қойылатын талаптар;

      еңбектің күрделілігі – еңбек процесін жұмыстарды орындау үшін қажетті жұмыскерлер біліктілігіне қойылатын тиісті талаптарды шарттайтын оның мазмұны (атқарылатын функциялары) жағынан объективті сипаттау; білікті еңбектің айрықша белгісі, оның мәні; жұмыста шығармашылық элементтердің, жоғары жауапкершілік пен басшылық функцияларының болуымен айқындалады. Біліктілік санаттары, разрядтары еңбек күрделілігінің деңгейі мен жұмыскерлер біліктілігінің көрсеткіштері болып табылады;

      еңбек жағдайлары – еңбекке ақы төлеу, еңбекті нормалау, еңбек міндеттерін орындау, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі жағдайлары, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет көрсету аймақтарын кеңейту, жұмыста уақытша болмаған жұмыскердің міндеттерін атқару, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісуі бойынша өзге де еңбек жағдайлары;

      жұмыстар разряды – Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының басылымдарында болатын жұмысшы кәсіптерінің біліктілік сипаттамалары негізінде орындалатын жұмыс мазмұнын біліктілік сипаттамаларында сипатталған тиісті ұқсас жұмыстармен, ал қажет болған жағдайларда жұмыс беруші қосымша әзірлеген жұмыстар үлгілерінің тізбесімен салыстыру (теңестіру) арқылы белгіленетін жұмыстар күрделілігінің деңгейі;

      кәсіп – белгілі бір дайындықты талап ететін және білім туралы тиісті құжаттармен расталатын адам кәсібінің, еңбек қызметінің түрі;

      лауазым – лауазымдық өкілеттіктер мен лауазымдық міндеттер шеңбері жүктелген жұмыс берушінің құрылымдық бірлігі;

      лауазымдық нұсқаулық - ұйымда белгілі бір лауазымды атқаратын жұмыскер орындайтын өкілеттіктерінің, міндеттерінің, жұмыстарының шеңберін көрсететін нұсқаулық;

      уәкілетті орган - тиісті қызмет саласының мемлекеттік органы.

2-тарау. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, бекіту және қолдану тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын еңбек жөніндегі уәкілетті орган бекітеді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығы шеңберінде қолданылады.

      Жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын ұйымдар, мемлекеттік органдар Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының шығарылымдарына енгізілмеген жұмысшы кәсіптеріне әзірленеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 10.06.2016 № 492 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Жаңа жұмысшы кәсіптерінің пайда болуына қарай Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына еңбек жөніндегі уәкілетті орган өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      6. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында өндірістер мен жұмыстардың түрлері бойынша бөлімдерге топтастырылған разрядтар бойынша жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары бар. Тектес өндірістер мен жекелеген жұмыс түрлері бойынша бөлімдер (оларды экономикалық қызмет түрлеріне жатқызу белгісі бойынша) оларға нөмірлер беріле отырып анықтамалықтың жеке басылымдарына біріктіріледі.

      Орындалатын жұмыстардың разрядын айқындау жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында келтірілген жұмыстар мазмұнының сипатталуына сәйкес олардың күрделілігіне қарай жүргізіледі.

      Жұмысшыға разряд (сынып, санат) беру жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының жұмысшының біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарына сәйкес ұйымның біліктілік комиссиясы шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 10.06.2016 № 492 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы басылымдарының құрылымы:

      анықтамалықтың осы немесе өзге басылымында қандай өндірістер мен жұмыс түрлері қамтылғаны, оны қай ұйымның әзірлегені, жалпы сипаттағы басқа да мәліметтер көрсетілетін кіріспені;

      жұмысшы кәсіптерінің разрядтар бойынша тарифтік-біліктілік сипаттамаларын;

      кәсіптердің алфавиттік сілтемесі мен өзгертілген кәсіптер атауларының анықтамалықтың бұрын қолданыста болған басылымдары бойынша атаулары көрсетілген тізбесін қамтиды.

      8. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығындағы жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары қалыптасқан еңбек бөлінісіне, техникаға, технологияға қол жеткізу деңгейіне және еңбек пен өндірісті ұйымдастыруға байланысты 1-ден бастап 8-ге дейінгі разрядтар диапазонында жұмыс күрделілігі бойынша әзірленеді және топтастырылады. Экономикалық қызмет түрлерінің барлық бөліміндегі жұмыстардың негізгі көлемі бірінші алты разрядқа, ал жетінші және сегізінші разрядтарға жоғары күрделі жекелеген жұмыстар жатады.

      9. Анықтамалықта келтірілген тарифтік-біліктілік сипаттамалар, сондай-ақ жұмысшы кәсіптерінің разрядтар бойынша тарифтік-біліктілік сипаттамаларында келтірілген сипаттамалар үш бөлімнен: "Жұмыстардың сипаттамасы", "Білуге тиіс", "Жұмыс үлгілері" бөлімдерінен тұрады.

      "Жұмыстардың сипаттамасы" бөлімінде жұмысшы орындай алатын негізгі, осы кәсібі мен осы разряды үшін неғұрлым үйреншікті жұмыстардың сипаттамасы болады. Бұл жұмыстардың сипаттамасы еңбек процесін түзетін:

      технологиялық процесті тікелей жүргізуге дайындық операциялары, жабдықты күту және жұмыс орнына қызмет көрсету жөніндегі операциялар;

      жұмысшының технологиялық процесті оның өлшемдерін, кезеңдері мен қысқаша техникалық сипаттамаларын көрсете отырып тікелей жүргізуі бойынша әрекеттері сияқты жұмысшы орындайтын еңбек функциялары бөлімінде беріледі.

      "Білуге тиіс" бөлімінде "Жұмыстардың сипаттамасы" бөлімінде келтірілген жұмыстарды сапалы орындау үшін қажетті, яғни еңбек құралдарының қасиеттерін, еңбек жабдықтарының технологиялық және конструктивтік ерекшеліктерін, технологиялық процестің реті мен кезеңдерін, техникалық және технологиялық құжаттаманы білу секілді жұмысшы біліктілігіне қойылатын негізгі талаптар, сондай-ақ орындалатын жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігінен туындайтын жұмысшының арнайы біліміне қойылатын талаптар баяндалады. Аса күрделі, алтыншы және одан да жоғары разрядтарға сәйкес келетін жұмыстарды орындайтын жұмысшылардың жекелеген кәсіптері бойынша "Білуге тиіс" бөлімінде кәсіптік білім деңгейіне қойылатын талаптар келтіріледі. Жұмысшылардың кәсіптік даярлығы мен кәсіптік біліміне қойылатын нақты талаптар разрядтар беру кезінде айқындалады.

      "Жұмыс үлгілері" бөлімінде осы кәсіп пен осы жұмыстар разрядына неғұрлым үйреншікті жұмыстардың тізбесі келтіріледі. "Жұмыстардың сипаттамасы" бөлімінде орындалатын жұмыстардың сипаттамасы толық баяндалған жағдайларда, біліктілік сипаттамасында "Жұмыс үлгілері" бөлімі келтірілмейді.

      10. Нақты жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары біліктілігі анағұрлым жоғары жұмысшының оған берілген разрядтың біліктілік сипаттамасында көрсетілген жұмыстардан басқа осы кәсіптің бұдан біліктілігі төмен жұмысшылардың тарифтік-біліктілік сипаттамаларында көзделген жұмыстарды атқаруы үшін қажетті білімдері, дағдылары мен машықтары болуы ескеріле отырып әзірленген.

      Жекелеген кәсіптердің ең төменгі разрядтағы жұмыстарының сипаттамаларына сәйкес технологиялық процесті жүргізу біліктілігі одан жоғары жұмысшының басшылығымен жүргізіледі. Мұндай жағдайларда анағұрлым жоғары разрядтары бар жұмысшылар осы кәсіптегі разрядтары анағұрлым төмен жұмысшылардың технологиялық процестерді жүргізуін немесе жекелеген жұмыстарды орындауын ұйымдастыра білуге тиіс.

      Анағұрлым төмен разрядтардың тарифтік-біліктілік сипаттамаларында келтірілген жұмыстар, неғұрлым жоғары разрядтардың сипаттамаларында көрсетілмейді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 31.12.2021 № 529 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында келтірілген тарифтік-біліктілік сипаттамаларда тек негізгі, жұмысшы кәсіптері бойынша неғұрлым үйреншікті жұмыстардың сипаттамасы болады. Осыған байланысты, жұмыс беруші бұл сипаттамаларды технологиялық карталармен, жұмыс нұсқаулықтарымен немесе ауысымды қабылдау және тапсырумен, жабдықты, құрал-сайманды, құрылғыны жұмысқа уақытында даярлау және оларды тиісінше ұстаумен, белгіленген құжаттаманы жүргізумен, өз жұмыс орнын жинаумен байланысты жұмыстарды қосқанда, әрбір жұмыс орнында жұмыстың орындалуының нақты мазмұны, көлемі мен тәртібі баяндалатын басқа да құжаттармен толықтырады.

      12. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының бірқатар бөлімдерінің әрбір кәсіп пен разрядтың тарифтік-біліктілік сипаттамаларында келтірілген жұмыс үлгілері осы кәсіп пен осы разряд жұмысшысы өндірістің нақты жағдайларында орындайтын жұмыстарды толық қамтымайды. Жұмыс беруші өндіріс ерекшелігін ескере отырып, атқару күрделілігі бойынша тиісті разрядтағы жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында болатын жұмыстарға сәйкес келетін қосымша жұмыс тізбелерін әзірлейді. Жұмыстардың қосымша түрлері жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жеке еңбек шартын жасасу кезінде келісіледі.

      13. Жұмысшылардың жекелеген кәсіптік топтары мен кәсіптеріне олардың еңбек ерекшелігіне қарай айрықша талаптар қойылады.

      Машиналар мен механизмдерді басқарумен және оларға қызмет көрсетумен тікелей айналысатын машинистер, мотористер, жүргізушілер, тракторшылар, реттеушілер, краншылар, электр монтерлері, жөндеушілер, монтажшылар, машинада істейтін құюшылар, аппаратшылар және басқа да жұмысшылар орындалатын жұмыс жағдайлары бойынша жабдықтардың, машиналардың және механизмдердің жұмысы процесінде болатын ағымдық сипаттағы ақауларды өздігінен жөндеуі және оларды жөндеуге қатыса алуы үшін слесарлық істі жеткілікті көлемде меңгерген болуға тиіс.

      Көлік қозғалысымен, жарылыс жұмыстарын өндірумен, жарылыс материалдарын, улы және радиоактивті заттарды сақтаумен және көтеру-көлік жабдығына, қазандық қондырғыларына, қысыммен жұмыс істейтін аппараттар мен ыдыстарға қызмет көрсетумен байланысты немесе қолданыстағы қағидалар мен нұсқаулықтарда орындалуына ерекше талаптар көзделген басқа да жұмыстарда істейтін жұмысшылар бұл ережелер мен нұсқаулықтарды білуге және сақтауға және қажет болған жағдайларда оларда тиісті даярлықтан өткендері туралы құжаттары болуға тиіс.

      14. Тарифтік-біліктілік сипаттамалардағы кәсіптер мен разрядтар бойынша жұмысшылардың теориялық және практикалық білімдеріне қойылатын талаптармен қатар, жұмысшылар жұмыстарды орындау кезінде еңбекті ұйымдастыруға, орындалатын жұмыстардың сапасына қойылатын талаптарды, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өндірістік санитария қағидаларын сақтайды.

      15. Жабдық толық іске қосылған кезде жұмыстар разрядын белгілеу Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының әр басылымында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында болатын тарифтік-біліктілік сипаттамалардың негізінде орындалатын жұмыстың мазмұнын тарифтік-біліктілік сипаттамаларда сипатталған ұқсас жұмыстармен, ал қажет жағдайларда жұмыс беруші қосымша әзірлеген жұмыс үлгілерінің тізбелерімен салыстыру (теңестіру) жолымен жүргізіледі.

      Өнімділігі тиісті кәсіптердің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында көзделген және жұмыстар разрядымен байланыстырылған жабдықтар толық емес көлемде іске қосылған кезде (мысалы, машинистерде, аппаратшыларда, операторларда және басқаларда) жұмыстардың разряды жабдықтың паспорттық өнімділігі бойынша айқындалады.

      16. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын жұмыс берушілер жұмысшыға жұмысшының кәсіптік даярлығының немесе кәсіптік білімінің деңгейімен, оның дербес орындайтын жұмысының күрделілігімен байланысты біліктілік разрядын беру немесе оны көтеру туралы мәселені шешкен кезде қолданады.

      Бұл ретте, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының тарифтік-біліктілік сипаттамаларына, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына сәйкес орта кәсіптік білімінің болуы талап етілетін жекелеген жағдайларда кәсіптер бойынша жоғары біліктілік рязрядтары мұндай білімі жоқ, бірақ талап етілетін білім деңгейі мен жоғары кәсіптік шеберлігі бар жұмысшыларға беріледі.

      Жаңа Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы немесе өндірістің ерекшелігіне сәйкес қолданылып жүрген анықтамалықтың жаңа бөлімдері енгізілген, өндіріс бейіні өзгерген, жаңа технологияларға көшкен, өндіріс жаңғыртылған кезде жұмысшылар мен жұмыстар разрядтарын қайта қарауды жүзеге асыру үшін жаңа Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының өндіріс ерекшелігіне сәйкес келетін тарифтік-біліктілік сипаттамалары пайдаланылады.

      17. Барлық құжаттарда жұмыс туралы жазбалар Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығының басылымдарында қабылданған және жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларындағы кәсіптер атауларына толық сәйкестікте жүргізіледі.

      18. Жаңадан пайда болған кәсіптер бойынша олар белгіленген тәртіппен Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына енгізілгенге дейін жұмысшыларға біліктілік разрядтарын беру қолданылып жүрген Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында бар ұқсас кәсіптер мен жұмыстардың атаулары мен біліктілік сипаттамаларына қатысты жүргізіледі. Бұл ретте ұйымдар, уәкілетті орган белгіленген тәртіппен жаңа жұмысшы кәсіптеріне тарифтік-біліктілік сипаттамаларын әзірлеуге тиіс.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 10.06.2016 № 492 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлеу, бекіту және қолдану тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Экономикалық қызметтің кез келген түрі үшін ортақ болып табылатын Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын еңбек жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді.

      20. Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын немесе экономикалық қызметтің алуан түрлі ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын Кодекстің 16-бабының 17) тармақшасына сәйкес уәкілетті органдар еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді.

      21. Қызметшілердің жаңа кәсіптері мен лауазымдарының пайда болуына қарай Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, экономикалық қызметтің алуан түрлі ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына еңбек жөніндегі уәкілетті орган және (немесе) уәкілетті орган еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

      22. Экономикалық қызметтің кез келген түрі түрлері үшін ортақ болып табылатын Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығының құрылымында:

      кіріспе, онда жалпы сипаттағы мәліметтер, оны қандай ұйым әзірлегені,

      барлық экономикалық қызмет түрлері кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істейтін және кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда кеңінен таралған басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік сипаттамалары;

      ғылыми-зерттеу мекемелерінде, конструкторлық, технологиялық, жобалау, іздестіру ұйымдарында, редакциялық-баспа ұйымдары мен бөлімшелерінде жұмыс істейтін қызметкерлер лауазымдарының біліктілік сипаттамалары;

      қызметшілер лауазымдарының алфавиттік көрсеткіші көрсетіледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы басшылар, мамандар және қызметшілердің біліктілік сипаттамаларын қамтиды және жұмыскерлердің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, жұмыс берушінің басқару жүйесінде, кадрларды іріктеу және орындарын ауыстыру, ұтымды орналасуын және олардың мамандығы мен біліктілігіне қарай тиімді пайдалануын бағалау кезінде, сондай-ақ басшылар, мамандар мен басқа да қызметшілерді аттестаттау кезінде олардың рөлі мен орнын айқындайтын құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді жасау үшін негіз ретінде пайдаланылады.

      24. Әрбір лауазымның біліктілік сипаттамасы үш бөлімнен тұрады:

      "Лауазымдық міндеттері", "Білуге тиіс" және "Біліктілігіне қойылатын талаптар". "Лауазымдық міндеттері" деген бөлімде қызметшілерді оңтайлы мамандандыруды қамтамасыз ету мүмкіндігін беретін жұмыстардың технологиялық ұқсастығы мен өзара байланыстылығын ескере отырып, осы лауазымды атқарып отырған жұмыскерге толық немесе ішінара тапсырылатын негізгі еңбек функциялары қамтылған.

      "Білуге тиіс" деген бөлімде жұмыскердің арнайы біліміне, сондай-ақ заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді, ережелерді, нұсқаулықтарды және жұмыскер лауазымдық міндеттерін орындаған кезде қолдануға тиісті басқа да материалдары, әдістер мен құралдарды білуіне қатысты қойылатын талаптар көрсетіледі.

      "Біліктілігіне қойылатын талаптар" деген бөлімде жұмыскердің көзделген міндеттерді орындауға қажетті кәсіптік даярлық деңгейі мен жұмыс өтіліне қойылатын талаптар айқындалған.

      25. Лауазымдардың біліктілік сипаттамаларында негізгі, кеңінен таралған жұмыстардың тізбесі келтірілген. Жұмыскерлер лауазымдық міндеттерінің нақты тізбесі жұмыс беруші әзірлейтін және бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарда белгіленеді.

4-тарау. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығын, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын қайта қарау

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын еңбек жөніндегі уәкілетті орган немесе уәкілетті органдар еңбек жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптің немесе лауазымның атауы, жұмыс немесе лауазымдық міндеттердің құрамы, біліктілікке қойылатын талаптар өзгерген жағдайда қайта қарайды.

5. Қорытынды ережелер

      Ескерту. 5-тарау алып тасталды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 16.03.2020 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.