Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының кепілдіктерін алу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 маусымдағы № 4-5/575 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 қыркүйекте № 12035 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 16 ақпандағы № 44 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 16.02.2021 № 44 (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының кепілдіктерін алу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 7 тамыз



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 26 шілдедегі
№ 4-5/575 бұйрығымен бекітілген

Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының кепілдіктерін алу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының кепілдіктерін алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мақта саласын дамыту туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 18) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорларының кепілдіктерін алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) кепілдік берілген мақта көлемі – қайтару жөніндегі жауапкершілікке қор кепілдік беретін, әрбір қорға қатысушыға қор белгілейтін мақта көлемі;

      2) қатысу шарты – қор мен мақта өңдеу ұйымы арасында жасалатын шарт, соның негізінде соңғысы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысады;

      3) қорға қатысушы – қормен жасалған және қатысу шарты қолданылатын мақта қолхаттарын бере отырып, қойма қызметі жөніндегі қызметтер көрсетуге лицензиясы бар мақта өңдеу ұйымы;

      4) мақта қолхатын ұстаушы – мақта өңдеу ұйымына шитті мақтаны сақтауға және (немесе) бастапқы өңдеуге; мақта талшығын және мақта тұқымын сақтауға өткізген мақта иесі, мақта қолхатында индоссамент жасаған жағдайларда – индоссат;

      5) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры – мақта өңдеу ұйымдарының өздері берген мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі – қор немесе қорлар).

2. Қордың кепілдіктерін алу тәртібі

      3. Қордың кепілдігін алу үшін мақта қолхатын ұстаушы қорға еркін нысанда өтініш береді және оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) кепілдік және қоймалық куәліктері бөлінбеген мақта қолхаты;

      2) Заңның 7-бабының 17) тармақшасына сәйкес шарттардың үлгілік нысандарына сәйкес келетін шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы өңдеу және (немесе) шитті мақтаны сақтауға жасалған шарттардың көшірмесі;

      3) қатысушының осы мақта қолхатын кепілдендірілген мақта көлеміне енгізу туралы қолдаухаты бар ілеспе хаты;

      4) заңды тұлғалар заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктің* немесе анықтаманың көшiрмесiн ұсынады;

      ескертпе: *"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметi тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;

      5) жеке тұлғалар мақта қолхатын ұстаушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін не дара кәсіпкерді тіркеу туралы куәліктің көшірмесін (егер мақта қолхатын ұстаушы дара кәсіпкер болып табылған жағдайда) ұсынады;

      6) егер қорға заңды немесе жеке тұлғаның мақта қолхатын ұстаушының бірінші емес басшысы жүгінген жағдайда, қорға жүгіну құқығына сенімхат.

      4. Егер төменде көрсетілген жағдайлардың біреуі орын алса, қор мақта қолхатын ұстаушыға кепілдік беруден бас тартады:

      1) мақта қолхатын ұстаушы хабарласқан қорға қатысушы болып табылмайтын мақта өңдеу ұйымы мақта қолхатын берсе;

      2) мақта қолхатын ұстаушы осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбаса;

      3) мақта қолхаты мақта қолхаттарына қойылатын Заңның 20-бабындағы талаптарға сәйкес келмесе.

      5. Қордың кепілдік алудан бас тартуы мақта қолхатын ұстаушының осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген жағдайларды жойғаннан кейін кепілдік алу үшін қайта хабарласуына кедергі болып табылмайды.

      6. Қордың кепілдігін беру қор мен қорға қатысушы арасында жасалған қатысу шартына сәйкес қорға қатысушы үшін қор белгілеген кепілдік берілген мақта көлемінің шегінде мақта қолхатына уәкілетті тұлғаның қолымен және қордың мөртаңбасымен тиісті жазба жасау жолымен жүзеге асырылады.

      7. Қордың кепілдік беру мерзімі қорға мақта қолхатын ұстаушылардан өтініштер келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күнінен аспайды.