Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2015 жылғы 29 шілдедегі № 633 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 тамызда № 11971 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 15 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 15.12.2015 № 971 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 16-бабы 34) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрінің
      міндетін атқарушы                          Б. Нұрымбетов

Қазақстан Республикасы   
Денсаулық сақтау және    
әлеуметтік даму министрінің 
2015 жылғы 29 шілдедегі   
№ 633 бұйрығымен       
бекітілген         

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және бiлiмдерiн тексеру қағидалары мен мерзімдері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және бiлiмдерiн тексеру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексiнiң (бұдан әрі – Кодекс) 16-бабының 34) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және бiлiмдерiн тексерудiң тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.
      2. Қағидаларда мынадай анықтамалар мен ұғымдар пайдаланылады:
      1) еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
      2) еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі процесінде қызметкерлерге зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген қызметкерлердің қорғалу жай-күйі;
      3) жауапты қызметкерлер – өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адам;
      4) қауіпсіздік нормалары – қызметкерлердің еңбек қызметі процесінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, санитариялық-гигиеналық, биологиялық және өзге де нормаларды, қағидаларды, рәсімдер мен критерийлерді қамтамасыз ету тұрғысынан өндіріс жағдайларын, өндірістік және еңбек процесін сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткіштер;
      5) оқу орталығы – жауапты қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша теориялық және өндірістік оқыту жүргізетін ұйым;
      6) рұқсат беру наряды – жұмыс беруші белгілеген нысандағы арнайы бланкіде ресімделген және жұмыс мазмұнын, орнын, оның басталу және аяқталу уақытын, қауіпсіз орындау шарттарын, қажетті қауіпсіздік шараларын (оның ішінде радиациялық, өрт қауіпсіздігі және газдалған жұмыс орындарында), бригада құрамы мен жауапты қызметкерлерді айқындайтын, жұмысты қауіпсіз жүргізуге арналған тапсырма.
      3. Кодекстің 313-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытуды, оларға нұсқама берудi және бiлiмдерiн тексерудi жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен жүргiзедi.
      4. Жұмысқа қабылданған адамдар міндетті тәртіппен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша жұмыс берушi ұйымдастыратын оқытудан өтедi, кейiннен мiндеттi түрде оның бiлiмiн тексеру жүргiзiледi. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытудан, оларға нұсқама беруден және бiлiмдерiн тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.
      5. Жұмысқа қабылданған жауапты қызметкерлер еңбек шартына қол қойған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмiн тексеруден өтеді.
      6. Қызметкерлердің, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлердiң тiзiмiн, өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметкерлерi, оқыту жүргiзiлiп жатқан жұмыстар мен кәсіптер тiзбесiн, сондай-ақ оқытудың тәртiбiн, нысанын жұмыс берушi кәсіптің сипатына, жұмыстардың түрiне, өндiрiстiң ерекшелiгi мен еңбек қауiпсiздiгi жағдайына қарай, қызметкерлер өкiлдерiмен (олар болған кезде) келiсе отырып белгiлейдi.

2. Ұйымдарда қызметкерлердi кәсіптер бойынша оқыту және бiлiмдерiн тексеру тәртiбi

      7. Қызметкерлердi жұмысшы кәсіптер бойынша оқыту және бiлiмдерiн тексеру жылына кемінде 1 рет жүзеге асырылады.
      Қызметкерлердi жұмысшы кәсіптер бойынша оқыту еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексерумен (емтиханмен) аяқталады.
      Бiлiмдерін тексеру нәтижелерi осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Қызметкерлердi кәсіптеріне сәйкес еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеру жөніндегі емтихан комиссиясы (бұдан әрі – Емтихан комиссиясы) отырысының хаттамасымен ресiмделедi.
      8. Өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кәсіптер бойынша оқытуды (сабақтар, дәрiстер, семинарлар) жұмыс берушi тиiстi салалардағы жоғары бiлiктi мамандарды, тәжiрибелi инженерлік-техникалық қызметкерлердi және ұйымның өзiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметтерiн тарта отырып жүргiзедi.
      9. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқу бағдарламалары осы ұйымның ерекшелiгiн ескере отырып, теориялық және өндiрiстiк оқытуды және оны жұмыс берушiнің бекiтуін көздейді.
      10. Еңбектiң қауiпсiз әдiстерi мен тәсiлдерiне өндiрiстiк оқыту ұйымының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауға жауапты қызметкерлерінің басшылығымен оқу сыныптарында, шеберханаларда, учаскелерде, цехтарда жүргiзiледi.
      11. Еңбек қауiпсiздiгiнiң заңнамада белгiленген арнайы талаптары қойылатын жұмыстармен байланысты жекелеген өндiрiстерде қызметкерлер қосымша арнайы оқудан өтеді.
      12. Жұмыстардың, лауазымның, кәсіптің осы түрi бойынша жұмыста үш немесе одан да көп, ал қауiптiлiгi аса жоғары жұмыста - бір жылдан артық уақыт үзiлiсi бар қызметкерлер өздiк жұмыс басталғанға дейiн еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқудан өтеді.
      13. Саны үш адамнан кем болмайтын Емтихан комиссиясы жұмыс берушiнiң бұйрығымен құрылады.
      14. Емтихан комиссиясы төрағадан және комиссия мүшелерiнен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына тиiстi комиссиядан бiлiмiн тексеруден өткен бөлiмшелердiң басшылары, ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң мамандары, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлер, кәсiпорынның еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспекторы кiредi.
      15. Емтихан комиссиясының жұмыс істеуі тұрақты негiзде жүзеге асырылады.
      16. Емтихан комиссиясының жұмыс тәртiбi жұмыс берушiнің актісінде белгіленеді.
      17. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмi тексерiлетiн қызметкерлерді оны өткiзуден отыз күн бұрын жұмыс беруші ескертеді.
      18. Бiлiмiн тексеруден ойдағыдай өткен қызметкерге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмді, қағидаларды, нормалар мен нұсқаулықтарды тексеру жөніндегі куәлiк берiледi.
      19. Қызметкер қанағаттарлықсыз деген баға алған кезде, бiлiмiн қайта тексеру бiр айдан кешiктiрiлмей белгiленедi. Бiлiмiн қайта тексеруге дейiн қызметкер өздiк жұмысқа жiберiлмейдi.

3. Ұйымдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерiн еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқыту және бiлiмiн тексеру тәртiбi

      20. Жауапты қызметкерлер мерзім сайын кемінде үш жылда бір рет кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімін тексеруден өтеді.
      21. Жауапты қызметкерлерге арналған еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау жөніндегі оқу бағдарламаларын оқу орталығы бекітеді, экономика салаларындағы ұйымның ерекшелiгiн ескере отырып, теориялық және өндiрiстiк оқытуды көздейді және еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органмен келісіледі.
      22. Жауапты қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту (сабақтар, дәрiстер, семинарлар) мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдары мамандарын, оқу орындарының оқытушыларын, тәжiрибелi заңгерлер мен инженерлiк-техникалық қызметкерлердi және iрi өнеркәсiп ұйымдарының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметтерiн тарта отырып жүргiзiледi.
      23. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбекті қорғау мәселелерi бойынша жауапты қызметкерлердiң бiлiмдерiн тексерудi саны үш адамнан кем болмайтын емтихан комиссиясы жүргiзедi.
      Емтихан комиссиясының жұмыс істеуі тұрақты негiзде жүзеге асырылады.
      24. Емтихан комиссиясы төрағадан – мемлекеттiк еңбек инспекторынан және комиссия мүшелерiнен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына бiлiктiлiктi арттыру курсының басшысы, сондай-ақ мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарының мамандары (келiсiм бойынша) кiредi.
      25. Жауапты қызметкерлердiң бiлiмдерiн тексеру үшiн емтихан комиссиясы тестiлеу жүргізеді.
      Емтихан тестілері өндiрiстiк ерекшелiктердi, мамандарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын және оқу бағдарламаларын ескере отырып оқу орталығы әзiрлейдi.
      26. Емтихан комиссиясы тестілеу нәтижелері бойынша мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өттi;
      2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерi қайта тексерілуге тиіс.
      27. Емтихан комиссиясының шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      28. Жауапты қызметкерлердiң бiлiмдерін тексеру нәтижелерi осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға төраға және емтихан комиссиясының мүшелерi қол қояды.
      29. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өткен жауапты қызметкерлерге осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша үш жыл мерзімге сертификат берiледi.
      30. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн тексеруден өтпеген жауапты қызметкерлер бiлiмдерiн қайта тексергенге дейiн өздерiнiң атқаратын лауазымдарында қалады.
      Бiлiмдерiн қайта тексеру алғашқы бiлiмдерiн тексеру өткен күнiнен бастап үш айдан кешiктiрмей өткiзiледi.
      31. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн қайта тексеруден өтпеген жағдайда жауапты қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жұмыстан шеттетiледi.
      32. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерiн қайта тексеруден жауапты қызметкерлер мынадай жағдайларда:
      1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiнде жаңа нормативтiк құқықтық актiлер қолданысқа енгiзiлгенде, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кезде;
      2) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша жаңа жабдықтар мен жаңа технологиялық процестер пайдалануға енгiзiлген кезде;
      3) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша жауапты адам басқа жұмысқа ауыстырылған немесе ол еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша қосымша бiлiмдi талап ететiн басқа лауазымға тағайындалған кезде;
      4) жазатайым оқиғаларды тексеру жөнiндегi комиссияның шешiмi бойынша соңы адам өлiмiмен немесе ауыр (мүгедектiкпен) аяқталған топтық жазатайым оқиғалар орын алған кезде, сондай-ақ авария, жарылыс, өрт немесе улану кезiнде;
      5) жұмысында бiр жылдан астам уақыт үзiлiс болған кезде өтедi.
      33. Емтихан комиссиясының шешiмiне байланысты дауларды еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе сот қарайды.
      34. Ұйымдарда жауапты қызметкерлердiң оқудан және бiлiмiн тексеруден уақтылы өтуiн бақылауды жұмыс берушi жүзеге асырады.

4. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша нұсқама беру тәртiбi

      35. Нұсқама сипаты мен жүргiзiлу уақытына қарай былай бөлiнедi:
      1) кiрiспе;
      2) жұмыс орнындағы алғашқы;
      3) қайталама;
      4) жоспардан тыс;
      5) мақсатты.
      36. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша кiрiспе нұсқама қызметкерлердің бiлiмiне, осы кәсіп немесе лауазым бойынша жұмыс өтіліне қарамастан жүргізіледі.
      Еңбек қауіпсіздігі мақсатында кіріспе және алғашқы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқама уақытша қызметкерлерге, iссапарға келгендерге, өндiрiстiк оқуға немесе тәжiрибеге келген оқушылар мен студенттерге жүргiзiледi.
      37. Ұйымдағы (кәсiпорындағы) кiрiспе нұсқаманы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қызмет немесе осы мiндеттер ұйымның бұйрығымен жүктелген адам жүргiзедi.
      38. Кiрiспе нұсқаманы қауiпсiздiк нормаларының талаптарын, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қағидалар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ өндірісте қауіпсіз жұмыс жүргізу бойынша жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметі әзiрлеген және жұмыс берушi бекiткен бағдарлама бойынша жүргiзедi.
      39. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқама қызметкерлердің өндiрiстiк қызметі басталғанға дейiн жауапты қызметкерлер жүргiзедi.
      40. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқама қауiпсiздiк нормаларының талаптарын, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қағидалар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ өндірісте қауіпсіз жұмыс жүргізу бойынша жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып ұйымның өндiрiстiк және құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары әзiрлеген және бекiткен бағдарламалар бойынша жүргiзедi.
      41. Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқама еңбектiң қауiпсiз тәсiлдерiн практика жүзiнде көрсете отырып, әрбiр қызметкерге жеке жүргiзiледi.
      42. Қызметкерлер жұмысқа тағылымдамадан өткеннен кейiн, теориялық бiлiмi мен жұмыстың қауiпсiз дағдыларын меңгергендігі тексерiлгеннен кейiн жiберiледi.
      43. Қайталама нұсқамадан қызметкерлер бiлiктiлiгi, бiлiмi, өтілі, орындайтын жұмысының сипатына қарамастан жартыжылдықта кемiнде бiр рет өтедi.
      44. Қайталама нұсқама бiртиіптi жабдыққа қызмет көрсететiн қызметкерлерге жеке немесе топта және жалпы жұмыс орны шегiнде жүргiзiледi.
      45. Жоспардан тыс нұсқама:
      1) қолданысқа еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша жаңа немесе өңделген қауіпсіздік нормалары, қағидалар, нұсқаулықтар енгiзiлген кезде;
      2) технологиялық процесс өзгерген, жабдықтар, құрылғылар мен құралдар, бастапқы шикiзат, материалдар және еңбек қауiпсiздiгiне әсер ететiн басқа да факторлар ауыстырылған немесе жаңартылған кезде;
      3) қызметкерлер жарақаттануға, аварияға, жарылысқа немесе өртке, улануға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн еңбек қауiпсiздiгiн, талаптарын бұзған кезде;
      4) бақылаушы қадағалау органының талабы бойынша жүргiзiледi.
      46. Жоспардан тыс нұсқама жеке қызметкерге немесе кәсібі бiр қызметкерлер тобына жүргiзiледi.
      Нұсқаманың көлемi мен мазмұны оны жүргiзу қажеттiгiн тудырған себептер мен жағдайларға байланысты әрбiр нақты жағдайда айқындалады.
      47. Мақсатты нұсқама мамандық бойынша мiндеттермен тiкелей байланысты емес бiржолғы жұмыстарды (жүк арту, түсiру, аумақты жинау, ұйымнан, цехтан және учаскеден тыс бiржолғы жұмыстар) орындаған кезде авариялар, стихиялық апаттар мен катастрофалардың зардаптарын жою кезінде жүргiзiледi.
      48. Жұмыс орнындағы алғашқы, қайталама, жоспардан тыс және мақсатты нұсқамаларды жауапты қызметкерлер (ұста, цех бастығы) жүргiзедi.
      49. Жұмыс орнындағы нұсқамалар ауызша сұрау немесе оқытудың техникалық құралдарының көмегiмен тексерумен, сондай-ақ жұмыстың қауiпсiз тәсiлдерi бойынша меңгерген дағдысын тексерумен аяқталады.
      Бiлiмдi нұсқау жүргiзген жауапты қызметкер тексередi.
      50. Қанағаттанғысыз бiлiм көрсеткен қызметкерлер өздiк жұмысқа жiберiлмейдi және нұсқаманы қайта өтеді.
      51. Нұсқаманы жүргiзген қызметкер жұмыс орнында алғашқы, қайталама, жоспардан тыс нұсқаманы жүргiзу және жұмыс iстеуге рұқсат беру туралы жұмыс орнындағы нұсқамаларды осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқама беруді тiркеу журналына (бұдан әрі – Нұсқама беруді тіркеу журналы) нұсқаушы мен нұсқау алушының қолдарын мiндеттi түрде қойғыза отырып, жазады.
      Жоспардан тыс нұсқаманы тiркеу кезiнде оның жүргiзiлу себебi көрсетiледi.
      Ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi Нұсқама беруді тiркеу журналдарын нөмiрлейдi, тiгедi және жұмысты тiкелей басқарушыларға (ұста, цех бастығы) қолын қойғызып бередi.
      52. Рұқсат беру наряды бойынша жұмыс жүргiзетiн қызметкерлерге жүргiзiлетiн мақсатты нұсқама рұқсат беру нарядында белгiленедi.

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi 
бойынша оқыту, оларға нұсқама беру
және бiлiмдерiн тексеру     
қағидалары мен мерзімдеріне   
1-қосымша           

Нысан

_____________________________________________________________________
                   (ұйымның, кәсiпорынның атауы)

Қызметкерлерді кәсіптеріне сәйкес еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша бiлiмдерін тексеру жөнiндегi емтихан комиссиясы отырысының хаттамасы
20___ ж. «____» ____________

Мына құрамдағы комиссия:

Төраға   _____________________________________________________
                             лауазымы, Т.А.Ә.

Комиссия мүшелерi  ___________________________________________
                             лауазымы, Т.А.Ә.

20 ___ ж. «___»______________ №____ бұйрықтың негiзiнде

емтихан қабылдап, мынаны анықтады:__________________________________
                       бiлiмiн тексеру түрi (мерзімді, қайталама)

Тегi, аты, әкесiнiң аты

Ұйым атауы

Лауазымы

Бiлiмiн тексеру туралы белгi
(өттi, өтпедi)

Ескертпе

1

2

3

4

5











      Комиссия төрағасы _____________________________ ______________
                                     Т.А.Ә.                 қолы

      Комиссия мүшелерi _____________________________ ______________
                                     Т.А.Ә.                 қолы
                        _____________________________ ______________
                                     Т.А.Ә.                 қолы

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi 
бойынша оқыту, оларға нұсқама  
беру және бiлiмдерiн тексеру  
қағидалары мен мерзімдеріне  
2-қосымша          

Нысан

Мұқабасы

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша білімді, қағидаларды, нормалар мен нұсқаулықтарды тексеру жөніндегі
КУӘЛIК

Келесі парақтары

Азамат:         _____________________________________________________
Лауазымы:       _____________________________________________________
Жұмыс орны:     _____________________________________________________
__________________________ бойынша емтихан тапсырғаны туралы берiлдi.

Негiздеме: 20__ ж.___________ №____ хаттама

      Емтихан комиссиясының төрағасы __________________ ____________
                                             Т.А.Ә.        қолы             Комиссия мүшесi                __________________ ____________
                                             Т.А.Ә.        қолы

      м.о.

Емтихандарды қайта тапсырғаны туралы мәлiметтер

Лауазымы:       ________________________________________________
Жұмыс орны:     ________________________________________________
________________________ бойынша емтихан тапсырғаны туралы берілді.

Негiздеме: 20 __ ж._____________ №____ хаттама

      Емтихан комиссиясының төрағасы ________________ ______________
                                           Т.А.Ә.          қолы

      Комиссия мүшесi                ________________ ______________
                                           Т.А.Ә.           қолы

      м.о.

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi 
бойынша оқыту, оларға нұсқама  
беру және бiлiмдерiн тексеру  
қағидалары мен мерзімдеріне  
3-қосымша            

Нысан

Еңбек инспекциясы жөніндегі
жергілікті органның атауы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы

Оқу орталығының атауы

С Е Р Т И Ф И К А Т

      «_______________________________________________________»
                               Т.А.Ә.

      «_________________________»
      курсы бойынша оқу бағдарламасын   успешно закончил (а)
      өткендiгін куәландырады           программу обучения по курсу
                                        «________________________»

Комиссия төрағасы ____________ ________ Оқу орталығының
                     Т.А.Ә       қолы   басшысы __________ _______
                                                   Т.А.Ә     қолы

_______________қаласы

20 __ ж.________________                Тiркеу №______________

Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi
және еңбектi қорғау мәселелерi
бойынша оқыту, оларға нұсқама 
беру және бiлiмдерiн тексеру 
қағидалары мен мерзімдеріне  
4-қосымша         

Нысан

Жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нұсқама беруді тiркеу журналы

Мұқабасы

      ______________________________________________ ұйым, кәсiпорын

Басталуы: 20____ж.____________

Аяқталуы: 20____ж.____________

      Келесi беттер 

Күнi

Нұсқау берiлетiн адамның тегі, аты, әкесінің аты

Туған жылы

Нұсқау берiлетiн адамның кәсібі, лауазымы

Нұсқама түрi (алғашқы, жұмыс орнындағы, қайталама, жоспардан тыс)

Жоспардан тыс нұсқаманы жүргiзу себебi

Нұсқау берушiнiң тегі, аты-жөні, лауазымы

қолы

Нұсқау берушi

Нұсқау алушы

1

2

3

4

5

6

7

8

9