Ескерту. Күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 25.05.2018 № 393 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 32-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа қосу және оларды мемлекеттік баланстың есебінен шығару қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың
интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Инвестициялар және даму министрі | Ә. Исекешев |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
______________ Е. Досаев
2015 жылғы 11 шілде
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
______________ В. Школьник
2015 жылғы 5 мамыр
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 474 бұйрығымен бекітілген |
Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа қосу және
оларды мемлекеттік баланстың есебінен шығару қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа қосу және оларды мемлекеттік баланстың есебінен шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының 20-бабы 32-7) тармақшасына сәйкес әзірленді және пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа қосу және оларды мемлекеттік баланстан шығару тәртібін анықтайды.
2. Жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансын жасауды ұйымдастырады және жүргізеді.
2. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа қосу тәртібі
3. Мемлекеттік балансқа мыналар енгізіледі:
Қазақстан Республикасының жер қойнауында барланған пайдалы қазбалардың барлық түрлерінің қорлары;
кен орындарын пайдалану кезінде жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды өндіру мен олардың шығындарының деректері.
Мемлекеттік балансқа бұрынғы КСРО-ның (1991 жылға дейінгі) Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік және аумақтық комиссиялар бұрын бекіткен пайдалы қазбалардың қорлары енгізілген.
4. Мемлекеттік баланс коммерциялық табулар бойынша пайдалы қазбалардың әрбір түрі қорларының мөлшері, сапасы мен зерттелу дәрежесі туралы, оларды орналастыру туралы, өнеркәсіптік игеру дәрежесі, өндірілуі, шығындары және өнеркәсіптің пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етілуі туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
5. Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының оң хаттамалық шешімі (бұдан әрі – ПҚҚМК хаттамасы) пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік балансқа енгізу үшін негіз болып табылады.
6. Мемлекеттік балансқа енгізілетін пайдалы қазбалар қорлары:
алдыңғы жылдың қорлары;
есептің жылы жер қойнауынан өндірілген;
есептің жылы өндіру процесінде шығынға ұшыраған;
балансты жасау күніндегі қорлар болып бөлінеді.
Кейінгі геологиялық барлау жұмыстары (барлау, қайта бағалау, қорларды есептен шығару, техникалық шекараларды өзгерту) мен пайдалану кезінде пайдалы қазбалардың қорларынан ауытқу қосу және азайту белгісімен қамтылады.
7. Жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті жер қойнауын пайдаланушылар "Жер қойнауының жай-күйі туралы геологиялық есептілікті ұсыну нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 254 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу ррестрінде № 10833 болып тіркелді) (бұдан әрі – геологиялық есептілік нысаны) бекітелген нысандарға сәйкес есептік жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін жыл сайын уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне ұсынады.
8. Ұсынылған геологиялық есептілік нысандарының негізінде аумақтық бөлімшелер облыстар бойынша пайдалы қазбалар қорларының балансын жасайды жән еесептік жылдан кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде уәкілетті органға мемлекеттік балансқа енгізу үшін қсынады.
9. Уәкілетті орган жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде аумақтық бөлімше ұсынған пайдалы қазбалар қорларының балансы негізінде пайдалы қазбалардың түрлері бойынша мемлекеттік балансты жасайды.
3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік баланстан шығару тәртібі
10. Өндірілген, сондай-ақ өндіру процесінде шығынға ұшыраған пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару бастапқы есепке алу материалдарына негізделген геологиялық есептілік нысаны негізінде оларды толық есептен шығару жолымен жүргізіледі.
11. Одан әрі геологиялық барлау жұмыстарының процесінде пайдалы қазбалардың баланстық қорларының расталмауын не санаттардың сенімділік дәрежесінің нормативтік қателіктері шегінде пайдаланылуын жер қойнауын пайдаланушы дербес ресімдейді, ал нормативтік қателіктерден артып кететін минус белгісі бар қорлар расталмаған жағдайда, Заңның 121-бабының 2-тармағына сәйкес барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудің рентабелдігі туралы мемлекеттік сараптаманың қорытындысы (бұдан әрі – мемлекеттік сараптаманың қорытындысы) болған кезде мемлекеттік балансқа түзетулер енгізуге жол беріледі.
12. Жаңадан белгіленген кондицияларға сәйкес келмеуіне байланысты өнеркәсіптік маңызын жойған, техникалық-экономикалық немесе тау-кен техникалық себептері бойынша жұмыспен өтеуге орынсыз, кейіннен геологиялық барлау жұмыстары мен жұмыспен өтеу кезінде нормативтік қателіктердің расталмауы артып кететін пайдалы қазбалар қорларын есептен шығару ПҚҚМК хаттамасының негізінде жүзеге асырылады.
13. Пайдаланылуы бекітілген кондицияларға сәйкес қазіргі уақытта экономикалық орынсыз немесе техникалық әрі технологиялық жағынан мүмкін емес, бірақ одан әрі баланстыққа ауыстырылуы мүмкін өндіруші кәсіпорындарды жою немесе консервациялау кезінде пайдалы қазбалардың жұмыспен өтелген баланстық қорларын есептен шығару немесе оларды баланстан тыс қорлардың тобына ауыстыру ПҚҚМК хаттамасының негізінде жүзеге асырылады.