Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 16 маусымдағы № 694 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 шілдеде № 11737 болып тіркелді.

      "Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН::

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 29.05.2020 № 321 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      ______________ А. Мамытбеков

      2015 жылғы 9 шілде

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е. Досаев

      2015 жылғы 14 шілде

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ______________ Қ. Қасымов

      2015 жылғы 1 шілде

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В. Школьник

      2015 жылғы 14 шілде

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрі міндетін атқарушының
2015 жылғы 16 маусымдағы
№ 694 бұйрығымен
бекітілген

Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 29.05.2020 № 321 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-1-бабына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және химиялық өнімді тіркеу және есепке алу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат беру тәртібі белгіленген айналымға, әзірлеуге, қайта өңдеуге, өндіруге, сатып алуға, өткізуге, сақтауға, пайдалануға және жоюға қатысты химиялық өнімге қолданылмайды:

      1) есірткі құралдар, психотроптық заттар және прекурсорлар;

      2) жарылғыш және пиротехникалық заттар;

      3) улар;

      4) пестицидтер;

      5) бояғыштар, синтетикалық жуғыш құралдар;

      6) залалсыздандыру, дезинсекция және дератизациялау құралдары;

      7) тағамдық қоспалар.

      3. Заңның 3-бабының 2-тармағында көрсетілген химиялық өнімді қоспағанда, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес тіркелмеген химиялық өнім Қазақстан Республикасының аумағында айналымға жіберілмейді.

      4. Химиялық өнімдерді есепке алуды уәкілетті орган химиялық өнімді тіркеу туралы куәліктердің тізіліміне мәліметтерді енгізу арқылы жүргізеді.

      5. "Химиялық өнімдерді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні бекіткен немесе өзгерткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектендіреді және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі

      6. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Химиялық өнімдерді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде баяндалған (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      7. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Мемлекеттік корпорация қызметкері көрсетілетін қызметті алушының өтінішін Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасы болған кезде қабылдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған, сондай-ақ қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      9. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы өтініш берген кезде мемлекеттік қызметті алуға сұрау салуды қабылдау мәртебесі көрсетілетін қызметті алушыға жеке кабинетте жіберіледі.

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді олар келіп түскен күні тіркеуді жүзеге асырады және орындаушыны тағайтын көрсетілетін қызметті берушінің басшысына жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті беруші жеке басын куәландыратын құжаттардың, лицензия туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелердің "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Құжаттарды қараудың және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін берудің жалпы мерзімі 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      Тыңдау рәсімін өткізген жағдайда, мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 3 (үш) жұмыс күніне ұзартылады.

      Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде өтінішті қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Орындаушы көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын тіркеген сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші белгіленген мерзімге өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды береді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, орындаушы құжаттарды тіркеген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорты мазмұнының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін айқындау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті берушінің қарамағындағы ұйымға (бұдан әрі - Ведомстволық бағынысты ұйым) жібереді.

      Ведомстволық бағынысты ұйым 2 (екі) жұмыс күні ішінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспортының мазмұнын химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексереді және зерттеп - қарау қорытындылары бойынша көрсетілетін қызметті берушіге химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорты мазмұнының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі не сәйкес еместігі туралы оң не теріс қорытындыны (бұдан әрі-қорытынды) жібереді.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші химиялық өнімді тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді түрде бас тартуды береді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Қорытындыны алғаннан кейін көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде химиялық өнімдердің қауіпсіздігі паспортының мазмұнын химиялық өнімдердің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнаманың талаптарына сәйкестікке тексереді, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін не көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберілетін Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінің 9-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің басшысы немесе оны алмастыратын адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қолы қойылған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты ресімдейді.

      Мемлекеттік корпорация арқылы қабылдау кезінде орындаушы мемлекеттік корпорацияға жіберілетін, осы Қағидаларға 4 немесе 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының не оны алмастыратын адамның ЭЦҚ-сымен қолы қойылған мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ресімдейді және мемлекеттік корпорация қызметкері құжатты басып шығарады және көрсетілетін қызметті алушыға береді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызметті көрсету кезінде мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректер мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде түседі.

3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      17. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды көрсетілетін қызметті алушы шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды адамға береді.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес оның тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік корпорация қызметкерінің қызмет көрсету кезіндегі оның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым оның басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      18. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті органның, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымын қарау мерзімі, қажет болған жағдайда, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға шағымды қарау мерзімін ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

      20. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 07.04.2022 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Химиялық өнімді тіркеу
және есепке алу қағидаларына
1-қосымша
  нысан

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 06.08.2021 № 422 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Заңды тұлғаның деректемелері (мекенжайы, БСН, телефон)

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрлігі Индустриялық
даму комитетінің төрағасы
Тегі, аты, әкесінің аты (бар
болса) (бұдан әрі –аты-жөні)

Химиялық өнімді тіркеуге өтініш

      Химиялық өнімді тіркеу туралы куәлік беруді сұраймыз:

      ________________________________________________________

      Қосымша: ____ парақта.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлімет
пайдалануға келісемін.
20 ___ жыл "__" _________ ____________ (қолы)

  Химиялық өнімді тіркеу
және есепке алу қағидаларына
2-қосымша


"Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші)

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация); 2) "электрондық үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі

5 (бес) жұмыс күні.

4

Мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Химиялық өнімді тіркеу туралы куәлік не "Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 4 немесе 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша дәлелді бас тарту.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем ақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін

7

Көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның және ақпарат объектілерінің жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.
2) Мемлекеттік корпорацияда – Кодекске сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап сенбіні қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскі асқа үзіліссіз сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жүзеге асырылады, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес мереке және демалыс күндерінен басқа, мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің кезекшілері дүйсенбіден жұманы қоса алғанда сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін.
3) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Кодекске сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру келесі жұмыс күнімен жүзеге асырылады). Мемлекеттік корпорациямен мемлекеттік көрсетілетін қызмет жеделдетілген қызмет көрсетусіз "электрондық" кезек тәртібінде көрсетіледі, электрондық кезекті портал арқылы броньдауға болады.

8

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

1. Мемлекеттік корпорацияға:
1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша химиялық өнімді тіркеуге өтініш; 2) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі химиялық өнімнің қауіпсіздік паспорты;
3) сәйкестікті міндетті растаған жағдайда, сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация.
2. Порталға:
1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;
2) Қазақстан Республикасының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортының электрондық көшірмесі;
3) сәйкестікті міндетті растаған жағдайда, сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация.
Жеке басын куәландыратын, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы құжаттардың мәліметтерін көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Заңның 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмауы.

10

Мемлекеттік қызметті, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777 арқылы алуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Министрлік: www.gov.kz/memleket/entities/miid;
2) Көрсетілетін қызметті беруші: www.gov.kz/memleket/entities/comprom, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер";
3) Мемлекеттік корпорация: www.egov.kz; интернет-ресурстарында орналастырылған. Көрсетілетін қызметті алушының ЭСҚ-сы болған жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметті электрондық нысанда портал арқылы алуына мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы "жеке кабинеті" арқылы, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметінің байланыс телефондары: 8 (7172) 64 85 68, 64 85 15. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.

  Химиялық өнімді тіркеу
және есепке алу қағидаларына
3-қосымша
  нысан
  (Тегі, аты, әкесінің аты
бар болса (бұдан әрі – аты-жөні),
немесе көрсетілген қызметті
алушы ұйымның атауы)
_________________________
(көрсетілетін қызметті
алушының мекенжайы)

Құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 09.06.2023 № 432 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының №__ бөлімі (мекенжайын көрсету) Сіздің мемлекеттік көрсетілетін қызметтің заңға тәуелді нормативтік құқықтық актісінде көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбауыңызға байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуге (мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауын көрсету) құжаттарды қабылдаудан бас тартады, атап айтқанда:

      Жетіспеген немесе қолданылу мерзімі өткен құжаттардың атауы:

      1) ___________________________________________________________;

      2) ___________________________________________________________;

      3) ________________________________________________________....

      Бұл қолхат екі данада жасалды, әр тарапқа бір данадан.

      Аты-жөні (Мемлекеттік корпорация қызметкері) (қолы)

      Орындаушы: Аты-жөні _____________

      телефон ____________________________

      Қабылдады: ____________________________

      Аты-жөні / көрсетілетін қызметті алушының қолы

      20__ жылғы "___" _________

  Химиялық өнімді тіркеу
және есепке алу қағидаларына
4-қосымша

      Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 06.08.2021 № 422 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 
нысан

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ



МИНИСТЕРСТВО ИНДУСТРИИ ИИНФРАСТРУКТУРНОГО РАЗВИТИЯ

ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ


РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

"Индустриялық даму комитеті" Республикалық мемлекеттік мекемесі

Республиканское государственное учреждение
"Комитет индустриального развития"

Дәлелденген бас тарту

      Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті "____________________"

      Химиялық өнімнің қауіпсіздік паспортын қарап, мынаны хабарлайды:

Қол қоюшының лауазымы

Қол қоюшының аты-жөні



  Химиялық өнімді тіркеу
және есепке алу қағидаларына
5-қосымша

      Ескерту. 5-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 06.08.2021 № 422 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 
нысан

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ



МИНИСТЕРСТВО ИНДУСТРИИ И ИНФРАСТРУКТУРНОГО РАЗВИТИЯ

ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ


РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

"Индустриялық даму комитеті"
Республикалық Мемлекеттік Мекемесі

Республиканское государственное учреждение "Комитет индустриального развития"


      Химиялық өнімдерді тіркеу туралы куәлік

      Нөмірі:

      [Ұйымның атауы]

      [мекенжайы]

      Химиялық өнім:

      _______________________________

      (химиялық өнімнің толық атауы)

      _______________________________

      (химиялық өнімнің толық атауы)

      _____________________________

      (Өндіруші фирма)

      _____________________________

      (шығару нысаны)

      Қолдану саласы:

      Тіркелген күні:

      Қол қоюшының лауазымы Қол қоюшының аты-жөні