Жеке және заңды тұлғалар бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 3-3/401 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 маусымда № 11410 тіркелді. Күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы № 3-3/1060 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.12.2015 № 3-3/1060 (02.06.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы және 13-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған жеке және заңды тұлғалар бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалану қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А Мамытбеков

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      __________ Б. Султанов
      2015 жылғы 23 мамыр

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі 
№ 3-3/401 бұйрығымен   
бекітілген         

Жеке және заңды тұлғалар бюджет қаражаты
есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдарды
пайдалану қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18 бабы және 13-бабының 26) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, жеке және заңды тұлғалар бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалану қағидасы, бюджет қаражаты есебінен сатып алған жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалануы тәртібін айқындайды.

2. Бюджет қаражаты есебінен сатып алынған асыл тұқымды және
селекциялық малдарды пайдалану туралы тәртіп

      2. Жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі - Сатып алушы) бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдар табынының өсімін молайту мақсатында пайдаланылады.
      3. Сатып алушы бюджет қаражаты есебінен сатып алған асыл тұқымды және селекциялық малдарға қатысты мыналарды жүзеге асырады:
      1) барлық мал басына бірдейлендіру нөмірлерін беру және малдардың малдарды бірдейлендіру базасында тіркелуін қамтамасыз ету;
      2) асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасында тіркелуді қамтамасыз ету;
      3) зоотехникалық нормаларға сәйкес күтіп-бағу және барлық қажетті ветеринариялық іс-шараларды жүргізу;
      4) аналық мал басының табын өсімін молайту мақсатында кемінде екі жыл пайдалану;
      5) асыл тұқымды аталықтарды екі шағылыстыру маусымы бойы пайдалану;
      6) шет елден сатып алынған импортты асыл тұқымды мал бастары мен оның төлдерін табын өсімін молайту үшін тек Қазақстан Республикасының аумағында үш жыл ішінде пайдалану;
      7) шағылыстыру контингентін ұрпағының сапасы бойынша бағаланған асыл тұқымды аталықтардың ұрығымен ұрықтандыру және/немесе қолдан шағылыстыруда өз өнімділігі бойынша бағаланған асыл тұқымды аталықтарды пайдалану;
      8) шағылыстыру контингентін қолдан ұрықтандыру кезінде ұрпағының сапасы бойынша бағаланған асыл тұқымды аталықтардың ұрығын пайдалану;
      9) сатып алынған асыл тұқымды аналық мал басын өнеркәсіптік шағылыстыру үшін пайдалануды болдырмау.
      4. Жеке және заңды тұлғалардың асыл тұқымды және селекциялық малдарды пайдалануы мемлекеттік бақылауды, Заңның 16-бабы 3 тармағы 4) тармақшасына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік инспекторлар жүзеге асырады.