Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 276 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 маусымда № 11283 тіркелді.

      "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.02.2023 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдануын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтын 2) және 3)-тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму министрі

      _____________________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 6 мамыр

      "КЕЛІСІЛДI"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _____________________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 11 мамыр

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 8 сәуірдегі
№ 276 бұйрығымен
бекітілген

Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.02.2023 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен тасымалдау графигін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) графиктен үзінді көшірмелер – операторларға және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (бұдан әрі – Комитет) жөнелтушілер мұнай тасымалдауға қағаз және электрондық тасығышта ай сайын уәкілетті орган жіберетін толық ақпарат;

      2) жөнелтуші – өнім өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға не олар уәкілеттік берген, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарт негізінде магистральдық құбырмен тасымалдау үшін өнімді ұсынатын тұлға;

      3) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері – Қазақстан Республикасының аумағында тұтыну үшін қажетті мұнай көлемі;

      4) магистральдық мұнай құбыры – мұнайды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін желілік бөліктен және объектілерден тұратын, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келетін бірыңғай өндірістік-технологиялық кешен;

      5) мұнайды тасымалдау графигі – уәкілетті орган бекіткен мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен және/немесе басқа көлік түрімен тасымалдау графигі;

      6) мұнай тасымалдаушы ұйым - мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсететін магистральдық құбырдың және/немесе басқа көлік түрінің меншік иесі;

      7) оператор – мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдауды және (немесе) оны пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық мұнай құбырының меншік иесі немесе магистральдық мұнай құбырына өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлға не олар уәкілеттік берген, операторлық қызметтер көрсететін ұйым;

      8) тасымалдауға арналған өтiнiм – мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдауға арналған өтінім (айлық);

      9) уәкілетті орган – магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Мұнайды магистральдық мұнай құбырымен тасымалдау графигін қалыптастыру тәртібі

      3. Мұнайды тасымалдау графигі (бұдан әрі – График) магистральдық мұнай құбырының меншік иесінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес негіздерде не магистральдық мұнай құбырына өзге де заңды негізде иелік ететін тұлғаның немесе олардың атынан осындай қызметтер көрсетуге уәкілетті оператордың және мұнай жөнелтушінің арасындағы тиісті шарттар ескеріле отырып әзірленеді.

      4. Графикті әзірлеу кезінде мынадай факторлар ескеріледі:

      Қазақстан Республикасының уәкілетті органы айқындайтын көлемдердегі ішкі қажеттіліктері;

      магистральдық мұнай құбырларының қолданыстағы техникалық өткізу қабілеті;

      стандартты емес жағдайлар (хлорорганикалық қосылыстардың мөлшері бойынша рұқсат етілген мәндерден асып кету, отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы авариялық жағдайлар, мұнай өңдеу зауыттарын жоспардан тыс жөндеуге тоқтату, электр энергиясының ажыратылуы, экспорттық бағдарлардағы штаттан тыс жағдайлар, оның ішінде мұнай тасымалдауды шектеу);

      еңсерілмейтін күш мән-жайлары.

      5. Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушыларға біркелкі жүктемені ұстап тұру мақсатында осы Қағидалардың 4-тармағында айқындалатын көлемдерді бөлу кезінде өңірлер бойынша пайыздық жүктеме ескеріледі.

      Өңірлер бойынша пайыздық жүктеменің өзгерістерін өңірдегі жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай өндіру деңгейіне байланысты, бірақ ұлғаю жағына қарай он пайыздан (жинақтаушы жүктеме) аспайтын өзгерістерді уәкілетті орган енгізеді.

      6. Уәкілетті орган графикті әзірлеу кезінде, оның ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген жағдайларда бекітілген графикке өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде ресурстық база көлемдерін жедел бөлуге ауысады.

      7. Жөнелтушінің графигін қалыптастыру үшін қағаз және/немесе электронды түрде уәкілетті органға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша есепті айдың алдындағы, айдың оныншы күніне дейін жоспарланған айға мұнай тасымалдауға өтінім береді.

      8. Жөнелтушілер уәкілетті органға мұнай тасымалдауға өтінім берген кезде пайыздық жүктемені ескере отырып өздерінің ресурстық базасын заңды тұлғалар тобы шеңберінде бөледі.

      9. Бұл ретте мұнайды тасымалдауға өтінім еншілес ұйымдардың жазбаша келісімі болған кезде жөнелтушінің құрылтайшыларының (қатысушыларының) атынан уәкілетті органға беріледі.

      Өзінің заңды тұлғалар тобы шеңберінде жөнелтушінің құрылтайшыларының (қатысушыларының) атынан уәкілетті органға график қалыптастыру үшін өтінім берілген жағдайда, жөнелтушінің құрылтайшылары (қатысушылары) уәкілетті органды өзінің ресурстық базасын өзінің заңды тұлғалар тобы шеңберінде бөлу жөніндегі ниеттері туралы, бірақ алты айда кемінде бір рет хабардар етеді.

      10. Ай сайын уәкілетті орган графиктен үзінді көшірмелерді есепті айдың алдындағы айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірмей қарастырады және оператордың мұнай тасымалдау бойынша қызмет көрсетуге техникалық мүмкіндігінің растауы болғанда жөнелтушілер мен тиісті операторларға, сондай-ақ Комитетке орындау үшін жіберіледі.

      Операторға (нетто салмағы бойынша), сондай-ақ Комитетке (брутто салмағы бойынша) жолданатын графиктен үзінді көшірмеде жөнелтушінің экспорт үшін және Қазақстан Республикасы аумағынан шығаруға жататын басқа оператордың магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне беру (ауыстырып құю) үшін, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу (беру) үшін қарастырылған мұнай мөлшері, сондай-ақ басқа да ақпарат (келісімшарттың нөмірі және жөнелту бағдары) көрсетіледі.

      Мұнайдың брутто массасы балласт массасын қосқанда мұнайдың жалпы массасы ретінде айқындалады. Балласт массасы мұнайдағы судың, хлорлы тұздардың және механикалық қоспалардың жалпы массасы ретінде айқындалады.

      Мұнайдың нетто массасын мұнайдың брутто массасы мен балласт массасының айырымы ретінде айқындайды.

      11. Уәкілетті орган графикке өзгерістер мен толықтыруларды жөнелтушіден түзету үшін жоспарлы айға мұнай тасымалдауға арналған еркін нысандағы өтінімді қабылдаған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      Графиктер, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге техникалық мүмкіндігіне оператордың растауы болған кезде бекітіледі.

      Мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге техникалық мүмкіндігі туралы растауды оператор уәкілетті органның жедел сұратуы бойынша күнтізбелік бір күн ішінде еркін нысанда оған ұсынады.

      Графиктен үзінді көшірмелер графикке өзгерістер мен толықтыруларды қарау нәтижесінде операторға орындау үшін және Комитетке (мұнай экспорты кезінде) жіберіледі.

      12. Мұнай тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге техникалық мүмкіндігін растау болмаған жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы жөнелтушіні хабардар етеді.

  Мұнайды магистральдық
мұнай құбырларымен
тасымалдау графигін
қалыптастыру қағидаларына
қосымша

      Нысан

Мұнайды магистральдық мұнай құбырларымен жоспарланатын айда тасымалдауға арналған өтінім

Компанияның атауы:

Есепті ай:

Жоспарланатын айы:

Көрсеткіштер

Есепті ай (нетто)

Жоспарланатын айға өтінім

жоспар

факт

нетто

брутто

1.

Барлық ресурстар:





1.1.

Барлық өңделген мұнай, оның ішінде: келісімшарттың нөмірі бойынша, келісімшарттық аумақтың атауы





1.2.

Басқа көзден алынған мұнай*





1.3.

Ай басына ауысатын қалдық





2.

Операторға тапсыру





3.

Ресурстарды тарату
(3.1.+3.2.+3.3.+3.4.+3.5.):





3.1.

Мұнайды мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу:, оның ішінде (3.1.1.+3.1.2.+3.1.3.):





 
3.1.1.

Атырау мұнай өңдеу зауыты





3.1.2.

Павлодар мұнай-химия зауыты





3.1.3.

ПетроҚазақстан ойл продактс





3.2.

Роялти тапсыру





3.3.

Каспий Құбыр Консорциумы (келісімшарттар бойынша)





3.4.

Атырау-Самара (келісімшарттар бойынша), оның ішінде: (3.4.1.+3.4.2.):







3.4.1.

Алыстағысы





3.4.2.

Таяудағысы





3.5.

Орынбор газ өңдеу зауыты





4.

Ай соңына ауысатын қалдық





      Ескертпе:

      *оның ішінде, мұнайдың шығу заңдылығын растайтын құжаттарды міндетті түрде қоса беріп басқа заңды және/немесе жеке тұлғалардан сатып алынғаны.

      Бірінші басшы:_________________

      Қолы:__________________