"Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған өңірлік жастар форумы туралы үлгілік қағидалар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті (Р.С. Кәрібжанова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр | А. Сәрінжіпов |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 244 бұйрығымен бекітілген |
Өңірлік жастар форумы туралы үлгілік қағидалар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Өңірлік жастар форумы туралы үлгілік қағидалар (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және өңірлік жастар форумдарын өткізу тәртібін айқындайды.
2. Өңірлік жастар форумы (бұдан әрі – Форум) – жергілікті атқарушы органдар мен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың өңірлік деңгейін қалыптастыру мақсатында өткізілетін жастар өкілдерінің форумы.
3. Форум өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Қағидаларды басшылыққа алады.
2. Форумның мақсаты, міндеттері және функциялары
4. Форумның мақсаты мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жастармен және жастар ұйымдарымен диалогы мен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болып табылады.
5. Форумның өңір деңгейіндегі міндеттері:
1) жергілікті атқарушы органдардың жастармен, жастар ұйымдарымен диалогын және өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелерін талқылауды қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
6. Форумның негізгі функцияларына:
1) жергілікті атқарушы органдар мен жастар ұйымдары өкілдерінің мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы туралы есептерін тыңдау;
2) республикалық жастар форумына қатысу үшін жастар, жастар ұйымдары қатарынан өңір үшін делегаттарды сайлау;
3) жергілікті атқарушы органға, сондай-ақ республикалық жастар форумының қарауына мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар енгізу жатады.
3. Форумның өту тәртібі
7. Форумды дайындау және өткізуді жергілікті атқарушы органмен құрамы бекітілетін ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.
8. Форумды жергілікті атқарушы орган екі жылда кемінде бір рет шақырылады.
9. Форум екі кезеңде өтеді.
1) дайындық кезеңі, бұл кезеңде барлық аудандарда (облыстық маңызы бар қала), облыстарда Форум делегаттарының сайлауы өтеді;
2) негізгі кезең – өңірлік форумды өткізу.
10. Өңірлік жастар форумы аудандық (облыстық маңызы бар қала) және облыстық деңгейлерде өтеді.
11. Форумда шешім қабылдау Форум делегаттарының ашық дауыс беруі арқылы жүзеге асырылады.
12. Форумның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.
4. Форумда жастар өкілдігін қалыптастыру
13. Форум делегаттарының құрамын қалыптастыру аудандарда (облыстық маңызы бар қала) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған тәртіппен әділет органдарында тіркелген жастар ұйымдарының қатысуымен сайлау арқылы өтеді.
14. Форумдарға аудандардың (облыстық маңызы бар қала) жастар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысады.
15. Үлгілік ережелер негізінде жергілікті атқарушы орган форумды өткізудің өз ережелерін әзірлейді және бекітеді.
16. Делегациялардың сандық құрамы Қазақстан Республикасы жастарының жалпы санынан әр ауданның (облыстық маңызы бар қала) жастары санының пайыздық арақатынасына байланысты қалыптастырылады. Форумға қатысу үшін саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жастар ресурстық орталықтарының, оқу орындарының, мүдделі мемлекеттік органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Форум делегаттарының жалпы санының жиырма пайызынан аспайтын көлемде қосымша шақырылады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 15.04.2021 № 125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.5. Қорытынды ережелер
17. Форумда қабылданатын шешімдер ұсынымдық сипатта болады.
18. Форумда қабылданған ұсынымдар тиісті хаттамамен ресімделеді және жергілікті атқарушы органға, сондай-ақ республикалық жастар форумына қарастыруға жолданады.