Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 302 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 сәуірде № 10719 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 4 мамырдағы № 173 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 04.05.2018 № 173 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Бәсекелестік туралы" 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме бекітілсін.

      2. "Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының 2013 жылғы 28 мамырдағы № 139-НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8534 тіркелген, 2013 жылғы 14 тамыздағы № 251 (27525) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімдік баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Е. Досаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі
№ 302 бұйрығымен
бекітілген

Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме

      1. Монополиялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) "Бәсекелестік туралы" 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Осы Әдістеменің мақсаты тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі (бұдан әрі – Субъект) белгілейтін монополиялық төмен бағаны айқындау болып табылады.

      2. Осы Әдістеме монополиялық төмен бағаны белгілеуден көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуы анықталған кезде қолданылады.

      3. Осы Әдістемеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

      4. Монополиялық төмен бағаны белгілеу туралы мәліметтерді қарау шеңберінде монополияға қарсы орган ведомствосы мынадай іс-әрекеттерді жүргізеді:

      1) тауар нарығында бағаларды мемлекеттік реттеудің болу фактісін белгілейді;

      2) Заңмен бекітілген бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге немесе сатып алуға арналған мемлекеттің айрықша құқығының (мемлекеттік монополия) болу фактісін белгілейді;

      3) нарық субъектісінің Үстем немесе монополиялық, жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі – Тізілім) болмау фактісін белгілейді;

      4) Тізілімге енгізілген нарық субъектісінің үстем үлесін белгілейді.

      5. Осы Әдістеменің 4-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген шарттардың біреуі белгіленген жағдайда, монополиялық төмен бағаны белгілеу туралы тергеу жүргізілмейді.

      6. Монополияға қарсы орган ведомствосы тауар нарығына талдау жүргізгеннен және Субъектіні Тізілімге енгізгеннен кейін нарық субъектісінің іс-әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған кезде Заңда белгіленген тәртіппен тергеу жүргізеді.

      7. Монополияға қарсы орган ведомствосы монополиялық төмен бағаның мынадай:

      1) осы баға нақ сол тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болу;

      2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болу белгілерін анықтау мақсатында тауар нарығындағы тауар өндіру (өткізу) бағасының серпініне талдау жүргізеді.

      8. Тергеумен Субъектінің монополиялық төмен бағаны белгілеу фактісінің болуы анықталуы қажет.

      9. Монополияға қарсы орган ведомствосы тиісті тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілейтін тауар бағасының деңгейін талдайды. Бағаларды талдау кезінде тауардың сапалық параметрлері ескеріледі.

      10. Субъект белгілеген баға нақ сол тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектілері белгілеген бағадан жоғары болған жағдайда, онда Субъектінің бағасы монополиялық төмен болып табылмайды.

      Егер Субъект белгілеген баға нақ сол тауар нарығында Субъектімен бір тұлғалар тобына кірмейтін, нарық субъектілері белгілейтін бағадан төмен болса, монополияға қарсы орган ведомствосы Субъектінің осындай тауарды өндіру және өткізудің нақты шығыстарына талдау жүргізеді және Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауарға Субъектінің төмен баға белгілеуінің мән-жайын анықтайды.

      11. Шешім қабылдау үшін монополияға қарсы орган ведомствосы талдау, оның ішінде:

      1) Субъектінің қаржылық-шаруашылық қызметіне;

      2) Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауардың өндірістік және толық өзіндік құнының серпініне;

      3) Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар бағасының серпініне;

      4) Субъектінің тауар өндіру (өткізу) көлемінің серпініне;

      5) нәтижесінде Субъектінің жағдайы үстем деп танылатын тауар бағасы тікелей немесе жанама қалыптастырылатын шарттарға;

      6) өндірістік шығындарға және кезең шығыстарына;

      7) Субъект ұсынған өзге де негіздемелік материалдарға жүргізеді.

      12. Субъектінің жағдайы үстем деп танылған тауар өндірумен (өткізумен) тікелей байланысты Субъектінің нақты шығыстарын айқындау кезінде:

      1) растайтын құжаттарда (шарттар, шот-фактуралар) көзделген бағаларды және материалдық ресурстардың физикалық көлемін негізге ала отырып, тауардың бір бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, материалдық ресурстар энергиясы шығысының қолданылатын нормаларын және (немесе) материалдық ресурстардың жылдық нормаларын негізге ала отырып айқындалатын өзіндік құнға кіретін материалдық шығыстар;

      2) еңбек жағдайлары үшін еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуді қоса алғанда, персоналға еңбекақы төлеуге жұмсалған шығыстар;

      3) қарыз қаражаттары үшін сыйақы төлеуге арналған шығыстар;

      4) Субъектінің тауар өндіруіне (өткізуіне) тікелей қатысты басқа да шығыстар ескеріледі.

      13. Субъектінің өндірілетін (өткізілетін) тауарға төмен бағаны белгілеуінің мән-жайын талдау кезінде монополиялық төмен бағаны белгілеуден көрінетін, Субъектінің іс-әрекеттері үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану деп танылмайтын мынадай мән-жайлар ескеріледі:

      1) тез бұзылатын тауарларды өткізу;

      2) тауарды сақтау мүмкіндігінің болмауы;

      3) тауар өндірудің (өткізудің) маусымдылығы;

      4) ақауы немесе бүлінуі салдарынан тауар бағасын арзандату;

      5) бәсекелестікті шектеуге әкеп соқпайтын жарнамалық немесе қайырымдылық акцияларын өткізу;

      6) Субъектінің осы тауарды өндіруді (өткізуді) тоқтатуына байланысты жаппай сатуды жүргізу;

      7) сыртқы факторлардан туындаған нарықта бағаның жалпы төмендеуі.

      14. Талдау нәтижелері бойынша лауазымды тұлға (лауазымды тұлғалар) Заңның 67-бабына сәйкес қорытынды дайындайды.

      15. Монополиялық төмен баға белгіленген жағдайда, монополияға қарсы орган ведомствосы Заңның 68-бабына сәйкес монополиялық табыстың есебін жүргізеді.