Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банк қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 27 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 сәуірде № 10714 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 147 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 147 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 8-тармақтан қараңыз

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екiншi деңгейдегi банктер үшiн пруденциалдық нормативтер есеп айырысуларының нормативтiк мәнi мен әдiстемесi туралы нұсқаулықты бекiту туралы» 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 358 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3924 тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Екiншi деңгейдегi банктер үшiн пруденциялық нормативтер есеп айырысуларының нормативтiк мәнi мен әдiстемесi туралы нұсқаулықта:
      53-8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «53-8. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сәйкес қалыптастырылған резервтер (провизиялар), банктің ішкі міндеттемелері, реттелген борыш, мерзімсіз қаржы құралдары және банк шығарған борыштық бағалы қағаздар ескеріле отырып есептелген ішкі активтердің орташа айлық шамалары банктің ішкі активтерінің, ішкі міндеттемелерінің жалпы сомасының, реттелген борыштың, мерзімсіз қаржы құралдарының және мерзімі өткен берешек, есептелген сыйақы, дисконттар, сыйлықақылар, оң (теріс) түзетулер ескеріле отырып банк шығарған борыштық бағалы қағаздардың тиісті есепті айдың жұмыс күндерінің санына қатынасы ретінде есептеледі.
      Меншікті капиталдың орташа айлық шамасы есепті кезеңнің әрбір жұмыс күніндегі жағдай бойынша меншікті капитал сомасының тиісті есепті кезеңнің жұмыс күндерінің санына қатынасы ретінде есептеледі.
      Банктер қаражатының бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициентін есептеу мақсаттары үшін меншікті капитал бухгалтерлік баланстың деректеріне сәйкес, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының резиденті емес еншілес ұйымдардың реттелген борышына инвестициялар мөлшерінен аспайтын Қазақстан Республикасының резиденті емес еншілес ұйымдардың реттелген борышына инвестициялар шегеріле отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденті емес еншілес ұйымдардың акцияларына инвестициялар шегеріле отырып, мынадай мөлшерлерде пайдаланылады:
      жүйе құраушы банктерді қоспағанда, банктер үшін:
      2014 жылғы 1 қазаннан бастап – 0,7-ге көбейтілген баланстық меншікті капиталдың мәні;
      2015 жылғы 1 сәуірден бастап – 0,85-ге көбейтілген баланстық меншікті капиталдың мәні;
      жүйе құраушы банктер үшін:
      2015 жылғы 1 қаңтардан бастап – 0,3-ке көбейтілген баланстық меншікті капиталдың мәні;
      2015 жылғы 1 сәуірден бастап – 0,85-ге көбейтілген баланстық меншікті капиталдың мәні.».
      2. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 144 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3. 2015 жылғы 1 мамырға банктер қаражатының бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициентінің 1-ден (бір) аз мәні бар екiншi деңгейдегi банк үшін банктер қаражатының бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициентінің талаптарын орындау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне іс-шаралар жоспарын ұсыну және қойылатын талаптары осы қаулының 4-тармағында белгіленген, көрсетілген іс-шаралар жоспарында белгіленген мәндерді сақтау болып табылады. Іс-шаралар жоспары 2015 жылғы 1 сәуірден бастап 5 (бес) ай ішінде қолданылады.
      4. Осы қаулының мақсаттары үшін іс-шаралар жоспарына мынадай талаптар белгіленеді:
      1) нормативтік мәндердің болжамы, осы болжамның негіздемесі және банктің қызметіне теріс ықпалы қамтылады;
      2) банктер қаражатының бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициентінің мәнін нормативтік мәннен асатын деңгейге дейін жеткізу шаралары;
      3) іс-шаралар жоспарының орындалуы үшін жауапты лауазымды тұлғалар бойынша ақпарат қамтылады.
      Іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мақұлдайды.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда банктер қаражатының бөлігін ішкі активтерге орналастыру коэффициенті орындалмаған болып есептеледі.
      5. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      6. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.
      8. Осы қаулы 2015 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                          Қ. Келімбетов