Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 207 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10643 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 325 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 11.05.2018 № 325 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 20-бабы 32-9)-тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті (Б.Қ. Нұрабаев):

      1) осы бұйрықты заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құқықтық ақпарат республикалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1, 2 және 3) тармақшаларымен қаралған іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі А.П. Рауға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашғы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛГЕН":

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрі

      ___________ В. Школьник

      2015 жылғы 3 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 207 бұйрығымен бекітілген

Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидадаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) залал – пайдалы қазбалардың нормаланған ысыраптарынан асатын пайдалы қазбаларды игеру және бастапқы өңдеу кезінде нақты ысырап көлемін негізге ала отырып, айқындалатын мемлекет көтеретін залал;

      2) нақты ысырап – залалды есептеу сәтіндегі айқындалған ысырып;

      3) пайдалы қазбалардың нормаланған ысыраптары - деңгейі техника-экономикалық есептеулермен негізделген пайдалы қазбаларды өндіру кезінде игерудің қабылданған тәсілдерімен және жүйелерімен технологиялық жағынан байланысты ысыраптар.

      3. Осы Қағидалар меншік нысанына қарамастан, барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылады.

      4. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның жер қойнауын зерттеуге және пайдалануға мемлекеттік бақылау жүргізуі барысында залалды анықтау фактісі бойынша жүзеге асырылады.

      Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      5. Залалдың мөлшерін айқындауға байланысты туындайтын дауларды Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шешіледі.

2. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды
бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау тәртібі

      6. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшері Қазақстан Республикасы жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекітетін жобалық құжаттармен дәлелделген нормаланған ысыраптан асып түсетін пайдалы қазбалар қорларын игеру және өңдеу кезіндегі нақты ысыраптың көлемін негізге ала отырып, айқындалады және жер қойнауын пайдаланушының тексеру кезеңіне өнімді сатудың орташа бағасы бойынша құндық мәнде айқындалады.

      7. Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде өнімді сатпаған жағдайда, өнімнің құны мұндай сату орын алған өткен жылдың сатудың орташа бағасы негізге алынып айқындалады. Бағаның ресми белгіленімі бар пайдалы қазбалар бойынша осы белгіленімдерге сәйкес есепті кезеңдегі олардың орташа құны қолданылады.

      8. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшері осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес мысалдарға сай айқындалады.

      9. Пайдалы қазбаларды игеру және бастапқы өңдеу кезіндегі нақты ысыраптың нормаланған ысыраптан асып түсуі (бұдан әрі - нормаланған тыс ысыраптар) мынадай көлемдерден болады:

      пайдалы қазбалардың баланстық қорларының пайдалы қазбаның баланстық қорлары дұрыс есептелген және оларды жер қойнауынан өндіру толықтығын бастапқы есепке алу мүмкін болатын бір тектес тау-кен-геологиялық жағдайлармен бір жүйеде игерілетін жер қойнауының әрбір бөлігі бойынша белгіленген нормативтік ысыраптардан тыс ысыраптар, сондай-ақ кез келген негізсіз ысыраптар;

      баланстық, сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалануды ескере отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын экономикалық рентабельді игеруді көздейтін жобалау құжаттарын бұзудың және осы бұзулардан туындаған авариялардың нәтижесінде пайда болған пайдалы қазбалардың баланстық қорларын селективті алуға және қоймаға жинауға көзделген шығындар;

      алаңы мен қуаты бойынша толық алмаудың, қаттарды, (кен шоғырларын) өңдеу мен жақындастырудың, қорларды есептен уақтылы шығармаудың, тау-кен әзірлемелерін уақытынан бұрын жабудың салдарынан жер қойнауында қалдырылған қорлар;

      игеру (өндіру) бойынша талаптарды бұзу салдарынан туындаған жер қойнауында суланудың, жанудың салдарынан туындаған пайдалы қазбалардың баланстық қорларының немесе өндірілген пайдалы қазбалардың ысыраптары;

      пайдалы компоненттері неғұрлым бай кен орындарының оңай қол жеткізілетін учаскелерінде өндірудің салдарынан рентабельді өңдеу мүмкін емес болатын пайдалы қазбалардың баланстық қорларының ысыраптары;

      кәсіпшілікте өндіру, жинау, тасымалдау және дайындау кезінде мұнайдың, табиғи және ілеспе мұнай газының, газ конденсатының келісілген ысыраптар нормаланғаннан тыс ысыраптар;

      игеру (өндіру) кезінде жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану бойынша талаптарды бұзу салдарынан туындаған кен орындарын игерудің жобалау құжаттарында немесе технологиялық схемаларда көзделген технологиялық режимін сақтамаудың, сондай-ақ мұнай мен газдың құбыр сыртындағы және құбыр арасындағы кеңістік арқылы жоғары жатқан белдеулерге қатаралық ағылуының салдарынан мұнайдың, табиғи газдың, басқа пайдалы қазбалар мен компоненттердің Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен алынатын қорларының ысыраптары;

      ілеспе мұнай газын, газ конденсатын алудың және кәдеге жаратудың жобалау құжаттарын сақтамау салдарынан олардың ысыраптары;

      мұнай және газ саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен әдiстеме бойынша есептелген нормативтер мен көлемдер шегiнде жер қойнауын пайдаланушы жобалау құжаттарын сақтаған жағдайда, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісілген,мұнай және газ саласынлағы уәкілетті органның рұқсатынсыз кен орындарын өнеркәсіптік игеру кезіндегі жағылатын табиғи және ілеспе газы;

      мұнай және газ саласындағы уәкiлеттi органның жағуға рұқсат етілген көлемінен тыс жағылған табиғи және ілеспе мұнай газы;

      бекітілген жобалық көрсеткіштермен салыстырғанда қайта өңделетін шикізат сапасының өзгерістері мен ауытқуларына және қайта өңдеудің технологиялық тәртібінің бұзылуына байланысты жобалық құжаттармен бекітілген нормаланған ысыраптардан асатын минералдық шикізатты, аралық өнімдерді (жартылай фабрикаттарды), байыту қалдықтарын, шөгінділерді, қождарды бекітілген нормаланғаннан тыс бастапқы қайта өңдеу кезінде қатты пайдалы қазбалардың және олардың құрамындағы пайдалы компоненттердің ысыраптары.

      10. Мұнай-газ және газ конденсаты кен орындарын пайдалану кезінде мұнайдың, конденсат пен газдың, оның ішінде ілеспе (еріген) газдың нормаланған тыс қаттық ысыраптары қорларды есептеген кезде пайдалы қазбалар кен орнының өнеркәсіптік игеру жобалау құжаттарында бекітілген алу коэффициентінен ауытқулармен анықталады.

      11. Газды жағу кезіндегі нормаланғаннан тыс ысыраптар қорларды есептеген кезде қабылданған компоненттердің құрамы негізінде пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында тұрған газдың компоненттік құрамы бойынша анықталады.

      12. Есепке алудың жеке аспаптары болмаған кезде жобалық шығындарды есептеу өндірілетін пайдалы қазбада еріген газдың құрамы бойынша жүргізіледі.

      13. Пайдалы компоненттердің минералдық шикізатты бастапқы қайта өңдеу үдерісінде жол берілген нормативтен тыс ысыраптарының сандық мәні кеннің тиісті типі (сорты) үшін белгіленген алу көлемі мен оның тауарлық өнімге нақты қол жеткізілген алынуы арасындағы айырма бойынша анықталады.

      14. Бастапқы қайта өңдеу кезінде қатты пайдалы қазбалардың пайдалы компоненттерінің және олардың жартылай өнімдерінің нормаланғаннан тыс ысыраптары кәсіпорнының техникалық бақылау бөлімінің және тексерілетін кезеңде оның тауарлық балансын талдаудың деректері бойынша анықталады.

  Жер қойнауын ұтымды пайдалану
саласындағы талаптарды бұзу
салдарынан келтірілген залал
мөлшерін айқындау қағидаларына
қосымша

Пайдалы қазбалардың нормаланған тыс ысырабы
үшін залал мөлшерін айқындау мысалдары

      1-мысал.

      Жер қойнауын пайдаланушы қорғасын-мырыш кен орнын игереді. Есепті кезеңде 61224 тонна концентрат сатты:

      нормативтік ысырап 1215 тонна болған кезде

      мырыштың нақты ысырабы 2024 тоннаны құрады

      Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мырыш концентратын сатуы кезіндегі орташа баға 228,03 АҚШ долларын құрады,

      (2024 - 1215) х 228,03 = 184476,3 АҚШ доллары.

      184476,3 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.

      2-мысал.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 2658000 тонна мұнай өндірді.

      Осы кезеңде мұнайдың нақты ысырабы 4442 тонна мұнайды, оның ішінде бекітілген нормативтік ысырап 1081 тонна мұнайды құрады.

      Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мұнайды сатуы кезіндегі орташа баға 50,49 АҚШ долларын құрады,

      (4442 - 1081) х 50,49 = 169696,89 АҚШ доллары.

      169696,89 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.

      3-мысал.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 215000 тонна мыс сатты:

      осы кезеңдегі мыстың нақты ысырабы 13600 тонна

      мыстың нормативтік ысырабы 8600 тонна

      Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мысты сатуы кезіндегі орташа баға бір тонна үшін 1495,6 АҚШ долларын құрады,

      (13600 - 8600) x 1495,6 = 7478000 АҚШ доллары.

      7478000 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.

      4-мысал.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде кен орнын өнеркәсіптік игеруді жүзеге асырған кезде 300 млн. м3 көлемінде ілеспе өндірілетін мұнай газын жақты. Бұл ретте, газда Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік балансында есепте тұрған компоненттерінің өнеркәсіптік құрамы бар. Қазақстан Республикасының Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен деректерге сәйкес әлеуетті құрамдастардың мәндері негізінде компоненттер мен құрғақ газдың (метанның) көлемін анықтаймыз. Әлеуетті жиынтық құрамы 1000 м3 газға 500 кг болған кезде компоненттердің (этан, пропан, бутан) шығыны 150000 тоннаны құрайды. Құрамы 50 % болған кезде құрғақ газдың (метанның) ысырабы 150 млн. м3 құрайды.

      Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) құрғақ газды сатуы кезіндегі орташа баға 1000 м3 үшін 80 АҚШ долларын, ал сұйытылған газдың (этан, пропан, бутан) 1 тоннасы үшін 350 АҚШ долларын құрады.

      Залал сомасы:

      құрғақ газ үшін: 150000000 м3 х 80: 1000 = 12000000 АҚШ доллары;

      компоненттер үшін: 150000 т х 350 = 52500000 АҚШ доллары;

      барлығы: 64500000 АҚШ доллары.

      64500000 х залал анықталған сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.

      5-мысал.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті кезеңде 240000 тонна мысты кенді өндірді.

      Жобаға сәйкес кендегі мыс қамтуы - 1,1% немесе 2640 тонна; ұсынылған есептерге сәйкес нақты мазмұны – 0,5% немесе 1200 тонна.

      Бекітілгеннен 20 пайыз рұқсат етілген ауытқу есебімен, мыс қамтуы 2640 - (2640 x 20 пайыз) = 2112 тонна құрайды.

      Нормаланғаннан тыс шығындар құрайды 2112 – 1200 = 912 тонна.

      Есепті кезеңде жер қойнауын пайдаланушының (Лондон металдар және мұнай биржасының) мысты сату кезіндегі орташа баға 5500 АҚШ долларын құрады.

      912 х 5500 = 5 016 000 АҚШ доллары.

      5 016 000 х залал анықталған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетелдік валютаға шаққандағы ресми бағамы = залал сомасы.

      Ескертпе:

      басқа компоненттер бойынша залал мөлшерін есептеу кезінде көрсетілген мысалдарды пайдалану керек.