Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 22.06.2015 № 499 (2015 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 8 сәуірдегі № 537 қаулысымен бекітілген Кедейлік шегін анықтау тәртібінің 4-тармағына сәйкес атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін анықтау және Қазақстан Республикасының күнкөрісі төмен азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету критерийін белгілеу мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы бойынша 2015 жылғы 2 тоқсанға кедейлік шегі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі өткен тоқсанға есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы мөлшерінде белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «2015 жылғы 1 тоқсанға арналған кедейлік шегін анықтау туралы» 2014 жылғы 15 желтоқсандағы № 326 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10016 болып тіркелген және 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 254 (27875) «Казахстанская правда» газетінде, 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 254 (28477) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі С.Қ. Жақыповаға жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2015 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова