Мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуына бақылау жүргізген кезде республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының, өкілдіктерінің тексеру парағының нысанын және тәуекел дәрежелерін бағалау өлшемдерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 544 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 қаңтарда № 10061 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 6 қыркүйектегі № 544 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 06.09.2017 № 544 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының

      13 және 15-баптарына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 202-бабының

      3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылауға жататын республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының, өкілдіктерінің тексеру парағының нысаны осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;

      2) мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуына бақылау жүргізген кезде республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының, өкілдіктерінің тәуекел дәрежелерін бағалау өлшемдері осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (Э.К. Өтепов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімдік баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Қаржы министрі

Б. Сұлтанов


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2014 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 544 бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылауға жататын
республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың
филиалдарының, өкілдіктерінің тексеру парағы

      Тексеруді тағайындаған мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Тексеруді тағайындау туралы акт _____________________________________

      (№, күні)

      Мемлекеттік мүлік бекітілген республикалық мемлекеттік заңды

      тұлғаның, оның филиалының, өкілдігінің атауы:

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

Талаптар тізбесі

Бақылау нәтижесі

1.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 335 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік органдардың аппаратын және ерекше үй-жайларын орналастыруға арналған алаңдар нормалары мен телефон байланысын пайдалану үшін тиесілілік нормаларына алып отырған үй-жайлардың сәйкестігі, орналасу жағдайлары

аспайды

асады, ш.м.

Үй-жайларды нақты пайдалану

пайдаланылады

пайдаланылмайды

2.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 663 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көлік қызметін көрсету үшін қызметтік автомобильдердің тиістілік нормативіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 24 ақпандағы № 288 қаулысымен бекітілген Тиесілілік табелдеріне автокөлік санының сәйкестігі

аспайды

асады

Көлік құралдарын нақты пайдалану

пайдаланылады

пайдаланылмайды

3.

Тіркеу органдарында жылжымайтын мүлік объектілеріне және көлік құралдарына мемлекеттік тіркеудің болуы

тіркеу бар

тіркеу жоқ

4.

"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының мүлікке билік ету бөлігіндегі нормаларының сақталуы

бұзушылықтар жоқ

бұзушылықтар бар

5.

Артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай пайдаланылмаған мүліктің болуы

жоқ

мүліктің атауы, саны, оларды одан әрі пайдалану бойынша ұсыныс

6.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 615 қаулысымен бекітілген Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасының сақталуы

бұзушылықтар жоқ

бұзушылықтар бар

7.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 636 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк мүлiк тiзiлiмiне есепке алу объектiлерi деректерiн енгiзу пішімі, сондай-ақ бірдей мерзімдерде мемлекеттiк мүлiкке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргiзудің бірыңғай әдістемесінің сақталуы

бұзушылықтар жоқ

бұзушылықтар бар


      Тексеру жүргізген лауазымды тұлғалар:

      _______________________________________________________________

      (лауазымы) (қолы) (Т.А.Ж.)

      _______________________________________________________________

      (лауазымы) (қолы) (Т.А.Ж.)

      Танысты:

      _______________________________________________________________

      (лауазымы) (қолы)

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2014 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 544 бұйрығына
2-қосымша

Мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуына бақылау жүргізген
кезде республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың
филиалдарының, өкілдіктерінің тәуекел дәрежелерін
бағалау өлшемдері

      1. Мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуына бақылау жүргізген кезде республикалық мемлекеттік заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының, өкілдіктерінің тәуекел дәрежелерін бағалау өлшемдері (бұдан әрі - Өлшемдер) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы

      6 қаңтардағы Заңына сәйкес республикалық мемлекеттік меншіктегі мүлік бекітілген республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларды, олардың филиалдарын, өкілдіктерін тәуекел дәрежелеріне жатқызу үшін әзірленді.

      2. Осы Өлшемдерде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      тәуекел – тексерілетін бақылау субъектісінің қызметі нәтижесінде республикалық меншіктегі мүлікті пайдаланғанда мүлікке зиян, залал келтіру не қаражаттың мақсатсыз шығыстары ықтималдығы;

      бақылау субъектілері - республикалық мемлекеттік заңды тұлғалар, олардың филиалдары, өкілдіктері.

      3. Бақылау субъектілері оларға бекітілген мүліктің түріне қарай жоғары, орташа және болмашы тәуекел топтарына жатады.

      Бақылау субъектілерін тиісті топтарға айқындау мынадай өлшемдер бойынша жүзеге асырылады:

      1) алдыңғы тексеру нәтижелері бойынша республикалық бюджеттің шығындарына әкеп соқтырған, мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғаларға мүлікті пайдалануға берумен байланысты бұзушылықтар анықталған бақылау субъектілері жоғары тәуекел тобына жатқызылады, бұл ретте келесі тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтар жойылған жағдайда, аталған субъект орташа тәуекел тобына жатады;

      2) орташа тәуекел тобына мүлік, оның ішінде жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары, жабдықтар және басқа да мүлік бекітілген бақылау субъектілері жатқызылады;

      3) болмашы тәуекел тобына оларға бекітілген мүлік ішінде жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары жоқ бақылау субъектілері жатқызылады.

      4. Бақылау субъектілерін, сондай-ақ оларға бекітілген мүліктің бар болуын және типтерін айқындау, Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың тізілімін пайдалану жолымен жүзеге асырылады.

      5. Жоспарлы тексерулердің кезеңділігі:

      1) жоғары тәуекел дәрежесі кезінде – жылына бір реттен;

      2) орташа тәуекел дәрежесі кезінде – үш жылда бір реттен;

      3) болмашы тәуекел дәрежесі кезінде – бес жылда бір реттен жиі емес жасалады.