Мемлекеттік органдардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 16-04/676 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 шілдеде № 11727 болып тіркелді

      «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 46-23) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалар бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария және тамақ қауіпсіздігі департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекші вице–министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, 2015 жылдың 1 қаңтардағы қолданысқа енгізілетін қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасынан басқа.

      Министрдің міндетін атқарушы              С.Омаров

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі
      ___________ Т. Дүйсенова
      11 наурыз 2015 жыл

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрі
      ____________ Қ. Қасымов
      20 қаңтар 2015 жыл

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық қауіпсіздік
      комитетінің төрағасы
      ___________ Н. Абықаев
      10 ақпан 2015 жыл

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық экономика министрі
      _____________ Е. Досаев
      18 маусым 2015 жыл

Қазақстан Республикасы      
Ауыл шаруашылығы министрінің м.а.
2014 жылғы 19 желтоқсандағы   
№ 16-04/676 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік органдардың ветеринариялық іс-шаралар
өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» (бұдан әрі - Заң) Заңының 8-бабының 46-23) тармақшасына сәйкес әзірленген және ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін анықтайды.
      2. Осы қағидаларда төмендегідей ұғымдар пайдаланылады:
      1) ветеринариялық іс-шаралар – жануарлар ауруларының профилактикасын, оларды емдеуді немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға, жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;
      2) зооантропонозды аурулар – жануарлар мен адамға ортақ инфекциялық және инвазиялық аурулар тобы;
      3) мемлекеттік органдар – ветеринария, денсаулық сақтау, азаматтық қорғаныс саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиялогиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосы, ішкі істер органдары, жергілікті атқарушы органдар, органдар салаларындағы уәкілетті органдар, өз құзыретінде мемлекеттік шекараны қорғауды атқарады;
      4) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақыланатын және қадағаланатын орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер (бұдан әрі - орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер) – жануарлар, жануарлардың жыныстық және соматикалық жасушалары, жануарлар аурулары қоздырушыларының штаммдары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат, ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөп қоспалары, патологиялық материал немесе сынамалар, олардан алынатын судың, ауаның, топырақ қабатының, өсімдіктердің сынамалары, ветеринариялық және зоогигиеналық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттар, сонымен қатар оларды буып-түю және тасымалдау үшін пайдаланылатын ыдыстың барлық түрлері және осындай орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдайтын көлік құралдары.
      3. Ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылдары:
      1) ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақтарда жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса есептегенде, жануарлардың аурулары мен азықтан улануының болуын алдын алу мақсатында, жануарларды күтіп-бағу талаптарын сақтауды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды, ветеринариялық препараттарды, азық және азық қоспаларын Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заң талаптарына сәйкес қамтамасыз ету;
      2) эпизоотиялық ошақта және қолайсыз пунктте, бақылау аймағын, буферлік аймағын қоса, шектеу шаралары немесе карантинді қосқанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының таралуын алдын алу және жою мақсатында.
      4. Мемлекеттік органдар өзіне жүктелген міндеттерге байланысты төмендегідей ақпараттармен алмасады:
      1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнама талаптарын бұзған орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер анықталғанда – ветеринария, денсаулық сақтау салаларындағы органдар және халықтың санитариялық-эпидемиялогиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік оргнанының ведомствосы, кедендік бақылау, ішкі істер уәкілетті органдары, әр анықталу жағдайлары туралы;
      2) халықтың санитариялық-эпидемиялогиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік оргнанының ведомствосы және ветеринария салалардағы уәкілетті орган – тоқсан сайынғы негізде жануарлар мен адамдардың зооантропонозды аурулармен ауруы бойынша;
      3) шекаралас мемлекеттерден рұқсат берілмеген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілер анықталғанда – ветеринария саласындағы уәкілетті органдар, басқа органдар өз құзыреті шегінде мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуі бойынша.
      Ақпарат алмасу электронды нұсқада және (немесе) қағаз тасымалдағышта жүргізіледі.
      5. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары ветеринариялық есеп пен ветеринариялық есептілікті жинақтауды, талдауды және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар бойынша ветеринариялық есептілікті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 25 ақпандағы № 16-07/114 «Ветеринариялық есеп пен есептілік нысандарын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9342 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген үлгілер бойынша тапсыруды қамтамасыз етеді.

2. Мемлекеттік органдардың ветеринариялық іс-шаралар
өткізу кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі 1-параграф. Мемлекеттік органдардың ветеринариялық-санитариялық
қолайлы аумақта ветеринариялық іс-шаралар өткізу кезінде
өзара іс-қимыл жасау

      6. Ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы қолайлы ветеринариялық-санитариялық аумақта жануарларлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларын жүргізу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына:
      1) жануарларлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралардың бекітілген көлеміне сәйкес, ветеринариялық препараттарды;
      2) олардың берген тапсырысына сәйкес, процессингтік орталық сатып алған ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін атрибуттардың, бұйымдардың (құралдардың) берілуін ұйымдастырады.
      7. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорының және шаруашылық кітаптарының мәліметтері арасында айырмашылықтарды анықтаған жағдайда, ветеринария саласындағы уәкілетті органының ведомствосының аумақтық бөлімшесіне бір мезгілде жүргізілетін электрондық түрде ақпарат береді және ақпараттың айырмашылығының себептерін анықтағаннан кейін тиісті түзетулер енгізеді.
      Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының саны бойынша ақпаратты салыстыру айдың келесі есептік мерзімінің 5 жұлдызына дейін ай сайын жүргізіледі, ал ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы бойынша ақпаратты салыстыру есептік жылдың 1 қаңтардағы және 1 шілдедегі жағдайы бойынша салыстыру жұмыстарын шаруашылық етуші субъектілердің шаруашылықтарын (аулаларын) аралау арқылы жүргізеді.
      8. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) ветеринария саласындағы уәкілетті органға Заңның 10-бабына сәйкес бекітілген жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізімін, сонымен қатар оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды тапсырады;
      2) ветеринария саласындағы уәкілетті органының ведомствосымен және/немесе оның аумақтық бөлімшелерімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ветеринариялық іс-шаралар жоспарын келісімдейді.
      9. Ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдары қолайлы ветеринариялық-санитариялық аумақтарда ветеринариялық шараларды жүргізгенде, ішкі істер органдарымен іс-қимылды Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» және 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында өзін-өзі басқару және жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңдарға сәйкес шаралар қабылдайды.
      10. Шекаралас мемлекеттерден рұқсат етілмеген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің өткендігі анықталғанда, өз құзіретінде мемлекеттік шекараны қорғау үшін органдар:
      1) бір тәулік ішінде ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына және/немесе оның ведомствосы және/немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі аумақтық бөлімшелеріне хабарлайды;
      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, оларды оқшаулау шараларын атқарады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңдарына сәйкес оларды одан әрі пайдалану немесе жою бойынша шешім қабылдау үшін тиісті шаралар жүргізеді.

2-параграф. Мемлекеттік органдардың эпизоотиялық ошақта
және қолайсыз пунктте ветеринариялық іс-шаралар өткізу
кезінде өзара іс-қимыл жасау

      11. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының пайда болуы және таралуы, жануарлардың аса қауіпті ауруларынан күдік тудыратын мал өлімі туралы ақпарат түскен жағдайда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринария саласында қызмет ететін жергілікті атқарушы органы бөлімшелерінің басшылары, бір сағат ішінде ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне хабарлайды.
      Ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі аумақтық бөлімшесі ауыл шаруашылығы, жабайы жануарлардың және құстардың аса қауіпті ауруларына күдік туғанда және пайда болған жағдайда жедел хабарлама және іс-әрекеттер жасау рәсімдеу мерзіміне сәйкес, ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына хабарлайды.
      Ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі аумақтық бөлімшесі ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосына хабарлағаннан кейін, бір күн ішінде мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелері, мемлекеттік органдар ведомствосының (денсаулық сақтау және халықтың санитариялық-эпидемиялогиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар ведомствосының, азаматтық қорғаныс саласындағы ішкі істер органдарының) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі бөлімшелеріне, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларының пайда болуы және таралуына байланысты ветеринариялық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру және жүргізу үшін хабарлайды.
      12. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары:
      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы берген ұсынысы бойынша жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, карантин немесе шектеу шараларын белгілеу туралы шешім қабылдайды және жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою бойынша кешенді ветеринариялық іс-шаралар жүргізілгеннен кейін карантин немесе шектеу шараларын алып тастау туралы шешім қабылдайды;
      2) жануарлардың аса қауіпті аурулары анықталғаннан кейін, екі жұмыс күнінен артық емес мерзімде, жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын жою бойынша жедел топ ұйымдастырады. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органның басшысы немесе оның орынбасары басқаратын жедел топтың құрамына аумақтық бөлімшелердің өкілдері кіреді. Жедел топ эпизоотиялық ошақты жою және шектеу кезіндегі мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін үйлестіреді;
      3) аумақтарды аймақтарға бөлу туралы шешім қабылдайды.
      13. Зооантропонозды аурулар пайда болған жағдайда, ветеринария саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар ветеринариялық іс-шараларды, халықтың санитариялық-эпидемиялогиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік оргнанның ведомствосымен бірлесіп жүргізеді.
      14. Жануарлар және адам денсаулығына қауіп төндіретін, жануарлардан алынатын шикізаттар мен өнімдерді, жануарларды алып қоюға және жоюға байланысты мәселелерді шешу үшін, ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган ведомствосының тиiстi аудандық (қалалық) аумақтық бөлімшесінің бұйрығымен, жергiлiкті атқарушы органдардың, мемлекеттік орган ведомствосының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, мемлекеттік ветеринариялық ұйымның өкiлдерiнен, тиiстi аумақтың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторынан тұратын комиссия құрылады.
      Жануарлар мен адам денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды жоюға байланысты барлық жұмыстар, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерiмен осы мақсаттар үшiн арнайы бөлiнген жерлерде жүргізіледi.
      15. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша төмендегідей іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастырады:
      1) ошақта кешенді инженерлік және құрылыстық жұмыстарын (өткізу бекеттерін, дезинфекциялық тосқауылдарды құрылымдауын) қамтамасыз етуін;
      2) адам мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіретін жануарлар және жануарлардан алынатын шикізаттар мен өнімдерді жоюға арналған орындарды анықтауын;
      3) ауру жануарларды санитариялық союға, сонымен қатар ауру жануарларды санитариялық союға тасымалдауды ұйымдастыруды қамтамасыз етуін;
      4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ауыл шаруашылығы жануарларының мал басының есебін.
      16. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдарға және ветеринария саласындағы уәкілетті органға эпизоотиялық ошақта және қолайсыз пункттегі төмендегідей карантиндік шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етуге:
      1) жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша шектеу шаралары, карантин жарияланған аумақта қоғамдық тәртіптің қорғалуына;
      2) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын орын ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің бұлтартпау бойынша карантиндік бекеттерде қызмет атқару;
      3) карантиндік шаралар жүргізу кезінде жергілікті жерлерді қоршауға ықпал етеді.
      17. Эпизоотияға қарсы комиссияның жеке құрамының денсаулық жағдайына және тұрғындарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету қажет болған жағдайда, медициналық бақылау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 608 қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес төтенше жағдай тәртібін енгізу, төтенше жағдай кезіндегі медициналық жәрдем түрлері және көлемінде көрсетіледі.
      18. Эпизоотиядан пайда болған төтенше ахуал нәтижесінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты, мемлекеттік органдар өз құзыреттерінде, төтенше жағдай жарияланған аумақта төтенше жағдай саласындағы заңдарына сәйкес іс-шаралардың, сонымен қатар карантин мен эпизоотияға қарсы шаралардың жүргізілуін ұйымдастырады.