"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2014 жылғы 14 қазандағы № 63 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 21 қазанда № 9814 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2018 жылғы 23 шiлдедегi № 522 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 23.07.2018 № 522 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы" 2014 жылғы 14 тамыздағы № 933 және "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері" 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К.Сейдахметов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын, оның ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеу туралы және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға жіберу туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Инвестициялар және даму министрінің


міндетін атқарушы

Ж.Қасымбек


      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму министрінің

      міндетін атқарушының

      2014 жылғы 14 қазандағы

  № 63 бұйрығымен бекітілген

"Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің
Азаматтық авиация комитеті" мемлекеттік мекемесінің
ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (бұдан әрі - Комитет) реттеуші, іске асырылушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады. Комитеттің Алматы қаласында аумақтық органы бар.

      2. Комитет өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілдегі өз атауымен мөрлері мен мөртабаны, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті органдарында және банктерде шоттары бар.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитет өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бұйрықтарда ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      6. Комитеттің құрылымын, штаттық санын Министрліктің Жауапты хатшысы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Министрімен келіскеннен кейін бекітеді.

      7. Комитеттің толық атауы – "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      8. Комитеттің орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, "Transport tower" ғимараты.

      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтайшы құжаты болып табылады.

      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түспейді.

      Комитетке заңнамалық актілермен оған табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру бойынша құқықтар берілген жағдайда, онда осындай қызметтен түскен табыс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен
міндеттемелері

      12. Комитеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру;

      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметін мемлекеттік реттеу және мемлекеттік бақылау және қадағалау;

      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін оны пайдаланушылардың қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету, адамдардың өмірі немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қауіп төндірмей ұшуды орындау;

      4) әуе кеңістігін пайдалану және ұшуды орындаумен байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы принциптерін белгілеу;

      5) Қазақстан Республикасының экономика және азаматтардың авиациялық қызметтерге қажеттіліктерін қанағаттандыру.

      13. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрлік оған жүктеген мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ведомствоның құзыреті шегінде реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;

      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      3) өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;

      5) өз құзыреті шегінде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық ету;

      6) өз құзыреті шегінде ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз ету;

      7) өз құзыретi шегiнде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік акциялар пакетіне (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) иелік ету және пайдалану құқығын, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыру;

      9) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;

      10) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;

      11) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу;

      12) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;

      13) азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық персоналдың кәсiптік даярлығы мен денсаулық жағдайы мәселелерi бойынша белгiленген талаптар мен нормаларды қамтамасыз етуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      14) азаматтық авиация ұйымдарының азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығы нормаларын ұстауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      15) халықаралық әуе тасымалдарын жүзеге асыруын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      16) авиациялық қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      17) сертификаттауды жүзеге асыру және үлгi сертификатын беру;

      18) халықаралық рейстердi қамтамасыз етуге рұқсат етiлмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерiн қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге уақытша рұқсаттарды беру;

      19) ұшу қауiпсiздiгiне қауіп төндiретiн кемшiлiктер анықталған жағдайда, Министрдің бұйрығымен бекітілген Сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидаларында белгіленген тәртіппен үлгi сертификатының қолданысын тоқтата тұру, әуе кемесін пайдалануды тоқтату;

      20) азаматтық авиация саласындағы ұшу қауiпсiздiгi мен авиациялық қауiпсiздiк талаптарын бұзушылықты есепке алуды жүргiзу;

      21) әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) сертификаттауды жүзеге асыру және оның жарамдылығы сертификатын беру;

      22) сериялық өндiрiске арналған жаңа конструкциялық (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесiн Қазақстан Республикасында қолданыстағы ұшу жарамдылығы нормаларына сәйкестікке тұрғысынан сертификаттау және зауыттық, мемлекеттiк және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оған үлгi сертификатын беру;

      23) "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының ережелерін ескере отырып, азаматтық әуе кемелерiнiң халықаралық тұрақты емес (бiр жолғы) ұшуларды орындауына рұқсат беру;

      24) азаматтық авиация саласында әуе қозғалысына қызмет көрсетiлуiн, ұшудың радиотехникалық және метеорологиялық қамтамасыз етiлуiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру, сондай-ақ қызметі мен көрсетiлетiн қызмет сапасын тексеру;

      25) авиациялық персоналға жататын тұлғаға оның қажеттi бiлiмi мен дағдыларының болуын, сондай-ақ денсаулығының белгiленген талаптарға сай келетiнiн растайтын кәсiптiк қызметтi жүзеге асыруға құқық беретiн авиациялық персонал куәлiгiн беру, куәлiктiң қолданылу мерзiмiн ұзарту, қайтарып алу, мұндай куәлiктiң қолданысын тоқтата тұру, куәлiкке бiлiктiлiк және арнайы белгiлер енгiзу;

      26) азаматтық әуе кемелерiн сертификаттауды жүзеге асыру және пайдаланушы сертификатын беру;

      27) iшкi әуе трассалары, жергiлiктi әуе желiлерi, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауды келiсу;

      28) сертификаттауды жүзеге асыру және авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлiктi беру;

      29) ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесiне ұшу сынақтарын жүргiзу немесе оның техникалық қызмет көрсетiлетiн және жөндеу жүргiзiлетiн орынға ұшып баруы үшiн арнайы ұшуды орындауға рұқсат беру;

      30) Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшін халықаралық және субсидияланатын (облыс ішіндегілерді қоспағанда) авиамаршруттарға куәлiктер беру;

      31) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншiгiндегi азаматтық әуе кемелерiне құқықтарды және аталған әуе кемелерiмен жасалатын мәмiлелердi, сондай-ақ қайтарылмайтын өкiлеттiктердi мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру;

      32) әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, аса жеңiл авиация әуе кемелерiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттауды жүзеге асыру;

      33) қолданыстағы сертификаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, иеленушiлер сертификаттау талаптарын сақтамаған кезде сертификаттар беруден бас тарту, қайтарып алу, олардың қолданысын тоқтата тұру;

      34) шетел мемлекетi Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлiгiн не тиiстi куәлiктi бере отырып, жұмысқа жалдану үшiн Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналының куәлiгiн тану;

      35) Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 193 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11723 болып тіркелген), Азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларына сәйкес әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық әуе кемесінің данасына сертификаттауды жүргізу;

      36) азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификатты берудi жүзеге асыру;

      37) азаматтық әуе кемелерiнің әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылығының жолын кесу;

      38) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарына қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсат беру;

      39) егер әуеайлақтардың (тiкұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқуы белгiленген ұшу қауiпсiздiгi деңгейiне баламалы деңгейдi қамтамасыз ететiндей қосымша шаралар енгiзумен өтелетін болса, мұндай ауытқуларды келiсу;

      40) авиация персоналына жататын тұлғалардың "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгiленген талаптар мен нормаларды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      41) шетел мемлекетi берген азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығы сертификатын тануды жүзеге асыру;

      42) шет мемлекеттердiң әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнiмдердi тасымалдау үшiн азаматтық әуе кемесiн пайдаланушының халықаралық ұшуына келiсу және өз құзыреті шегінде осы ұшуды сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын органмен келісу;

      43) Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерiн орындауды жоспарлайтын шетелдiк тасымалдаушыларды тiркеу;

      44) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және (немесе) халықаралық стандарттарды сақтауын мемлекеттiк реттеуді, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

      45) әуе кемесi, оның құрамдауыштары, қосалқы бөлшектерi мен қосымша аспаптары жай-күйiнiң пайдаланушыға берiлген ұшуға жарамдылығы сертификатының талаптарына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестiгiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      46) сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жетi жүз килограмнан асатын ұшақтарды және (немесе) бiр немесе бiрнеше турбореактивтi (турбобұрандалы) қозғалтқыштармен жарақтандырылған ұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ұшуды орындау құқығына куәлiк беру;

      47) басқа мемлекеттiк органдардың құзыретiне сәйкес олармен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актiлерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн заңдардың, қағидалар мен рәсiмдердiң сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      48) авиациялық техника мен оған жерде қызмет көрсету құралдарының ұшу және техникалық пайдалану талаптарына сәйкестiгiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      49) әуеайлақ (тiкұшақ айлағы) объектiлерiнiң, қону алаңқайларының күтiп-ұсталуын және "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 9) және 10) тармақшаларында көзделген әуежай қызметiнiң сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      50) азаматтық авиация әуеайлағы ауданында объектiлердi таңбалаудың жүзеге асырылуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      51) бекітілген үлгілік конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесi данасының конструкциясының, сипаттамалары мен пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестiгi куәлiгiн беру;

      52) өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуы, олардың жабдықтары мен олардағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндiруi мүмкiн қызметтi бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      53) азаматтық әуе кемесiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк беру;

      54) әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығын сертификаттауды жүзеге асыру және экспорттық сертификатты беру;

      55) азаматтық әуе кемелерiнде орнатылған радиомен хабарлау аппаратурасын пайдалануға рұқсат беру;

      56) азаматтық авиация әуеайлақтарын (тiкұшақ айлақтарын) бiрлесіп пайдалану және бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын есепке алуды жүзеге асыру;

      57) әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiн қарап-тексеруді ұйымдастыру бойынша сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру;

      58) авиациялық оқу орталығын сертификаттауды жүзеге асыру және оған сертификат беру;

      59) азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөнiндегi ұйымды сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру;

      60) әуежайдың және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерi мен Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты ұшуды орындайтын шет мемлекеттердiң әуе кемелерiн пайдаланушылардың авиациялық қауiпсiздiгi жөнiндегi бағдарламаларын келiсу;

      61) азаматтық және эксперименттiк авиацияның әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзушылықтарды есепке алуды жүргiзу;

      62) мүдделi мемлекеттiк органдар арасында авиациялық қауiпсiздiк саласындағы қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыру, азаматтық авиация қызметiне заңсыз араласу актілерін тергеп-тексеруде мемлекеттiк органдарға жәрдемдесу, олардың алдын алу жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;

      63) әуе қозғалысына қызмет көрсететiн органды және (немесе) аэронавигациялық ұйымның радиотехникалық жабдық пен байланысты пайдалану қызметiн сертификаттауды жүзеге асыру және сертификат беру;

      64) азаматтық және эксперименттiк авиация саласындағы ұшудың iздестiру-құтқарушылық және авариялық-құтқарумен қамтамасыз етiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

      65) авиациялық оқыту орталықтары және азаматтық авиация ұйымдары әзiрлеген авиациялық персоналды кәсiптiк даярлау бағдарламаларын келiсу;

      66) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуiн тұрақты қадағалауды жүзеге асыру;

      67) қызметi сертификатталуға жатпайтын, бірақ "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-2-бабында көзделген қызметке жататын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ұшу қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн бақылауды жүзеге асыру;

      68) тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөнiндегi жыл сайынғы бағдарламаны қабылдау;

      69) шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін, егер осындай әуе кемесінің бортында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттары не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдалану шектеулері сақталмайды деп есептеуге негіз болса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде әзірленген, тексеру парақтары негізінде перрондық тексерулерді және шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемелерін жоспардан тыс перрондық тексеруді жүзеге асыру;

      70) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргiзу қағидаларын әзiрлеу;

      71) осы ережеде Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілерінде және Министрдің бұйрықтарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 29.09.2015 № 947 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Комитеттің құқықтары мен міндеттемелері:

      Комитет:

      1) азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды адамдарынан және пайдаланушылардан ақпаратты, құжаттарды сұратуға, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсіндірмелер мен материалдарды талап етуге;

      2) әуе кеңістігін пайдалану, әуе қозғалысын және азаматтық және эксперименттік авиация қызметін ұйымдастыру мәселелерін реттейтін жаңа және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      3) азаматтық авиацияны дамыту, оларды іске асырудың ұйымдастыру және қаржылық механизмдері, азаматтық авиация саласының дамуына инвестициялар тарту үшін жағдайлар мен басымдықтар қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізуге;

      4) Комитеттің және оның аумақтық органының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ұшуға рұқсаты бар лауазымды тұлғалары өз қызметтік міндеттерін орындаған кезде әуе кемесінің кабинасында, ондай рұқсаты жоқ адамдар - бос орын болған кезде әуе кемесінің пайдаланушыларымен келісім бойынша әуе кемесінің жолаушылар салонында болуға құқылы;

      5) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.

      15. Комитеттің міндеттемелеріне мыналар жатады:

      1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, құқықтары мен заңда қорғалатын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін сақтау;

      3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер даярлау;

      4) өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде ол туралы Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және мемлекеттік органдар ресми сұрау салған жағдайда қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсыну;

      5) Комитеттің теңгерімінде тұрған мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;

      6) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу;

      7) белгіленген мерзімде Министрлікке бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасау және ұсыну;

      8) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттың толық, уақтылы және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу.

3. Комитет қызметін ұйымдастыру

      16. Комитетті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын төраға басқарады.

      17. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      18. Комитеттің төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттің және оның аумақтық органының құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныс енгізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 29.09.2015 № 947 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Комитеттің төрағасы Комитеттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      20. Комитет төрағасы өз құзыреті шегінде:

      1) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің және Алматы қаласы аумақтық органы басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      2) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;

      3) еңбек қатынастары мәселесі заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің және оның аумақтық органының қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      4) іссапарлар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау) біліктілікті арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйақылар беру, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитеттің және оның аумақтық органының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелерін шешеді;

      5) Комитеттің мүдделерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда білдіреді;

      6) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6-1) Комитеттің заң қызметіне жетекшілік етеді;

      6-2) Комитеттің қызметкерлеріне мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді жүзеге асырады;

      7) сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына себеп болатын іс-қимылдар белгіленген жағдайда ол туралы Министрліктің басшылығын хабардар етеді;

      8) Комитет қызметкерлері мемлекеттік қызметкердің қызметтік этика нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;

      9) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға жеке жауапты болады;

      10) республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына және мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметті іске асыруға жеке жауапты болады;

      11) оның құзыретіне кіретін басқа мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Комитет төрағасының өкілеттігін орындауды, ол болмаған кезде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның міндетін уақытша атқаратын адам жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 29.09.2015 № 947 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Комитет төрағасының орынбасары:

      1) өз құзыреті шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;

      2) Комитеттің төрағасы жүктеген өзге функцияларды жүзеге асырады.

4. Комитеттің мүлігі

      22. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлігі болады.

      Комитеттің мүлігі мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге мүлік есебінен құралады.

      23. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығармайды немесе өзге де жолдармен билiк етпейді.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.