Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Әділет министрінің м.а. № 593 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабы 11) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Біліктілік комиссиясы туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетов) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің төрағасы Ж.Б. Ешмағамбетовке жүктелсін.
4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы З. Баймолдина
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 7 наурыздағы № 93
бұйрығымен бекітілген
Біліктілік комиссиясы туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. Біліктілік комиссиясы туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 167-бабы 11) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Ереже біліктілік комиссиясының қызметін реттейді, ол өз құзыреті шегінде:
1) жеке сот орындаушысының лицензиясын алу үшін тағылымдамадан өткен адамдардан біліктілік емтиханын қабылдауды;
2) жеке сот орындаушысы лауазымының бос орнына конкурс өткізуді жүзеге асырады.
3. Біліктілік комиссиясы үнемі қолданыстағы орган болып табылады және жеті мүшеден тұрады. Біліктілік комиссиясының құрамы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі.
2. Біліктілік комиссиясының қызметі
4. Біліктілік комиссиясының төрағасы:
1) отырыстарды шақырады, біліктілік комиссиясының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) біліктілік комиссиясының отырыстарында төрағалық етеді.
5. Біліктілік комиссиясының мүшелері:
1) біліктілік комиссиясының қарауына ұсынылған материалдармен танысады;
2) біліктілік комиссиясының отырысында шешілуге және тиісті шешім шығаруға жататын мәселелерді қарайды.
6. Біліктілік комиссиясының мүшесі біліктілік емтихан тапсырушы, конкурсқа қатысушы адамның жақын туысы болып табылатын болса немесе біліктілік комиссия мүшесінің қабылданатын шешім нәтижесі бойынша тікелей немесе жанама мүдделілігі болса, отырысқа қатыса алмайды және бас тартуға (өздігінен бас тартуға) жатады.
Өздігінен бас тарту мен бас тартуды отырыс басталғанға дейін де, отырыс барысында да уәждемелеуге және мәлімдеуге болады.
7. Біліктілік комиссия мүшесінің өздігінен бас тартуы (бас тартуы) туралы шешім отырысқа қатысатын біліктілік комиссиясы мүшелерінің көпшілік даусымен жазбаша түрде қабылданады және біліктілік комиссия мүшесі мен біліктілік емтихан тапсырушы, конкурсқа қатысушы адамның қатысуымен жарияланады.
8. Біліктілік комиссиясының хатшысы:
1) біліктілік комиссиясы қызметінің құжаттарын ресімдеуді ұйымдастырады;
2) біліктілік комиссиясының жұмысын жақсартуды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізеді.
9. Біліктілік комиссиясының отырысы, егер оған кемінде бес мүшесі қатысса, заңды болады.
10. Қаралатын мәселелер бойынша біліктілік комиссиясы отырысқа қатысатын мүшелерінің көпшілік даусымен тиісті шешім қабылдайды, оған біліктілік комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.
Біліктілік комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Біліктілік комиссия мүшелері өз пікірін нақты айтады және дауыс беру кезінде қалыс қалмауға мүмкіндігі жоқ.
Егер біліктілік комиссиясының мүшесі қабылданған шешіммен келіспесе, маңызды пікірін жазбаша түрде білдіруі мүмкін, ол қабылданған шешім бойынша материалдарға тігіледі.
Егер біліктілік комиссиясы мүшелерінің дауыстары тең бөлінсе, біліктілік комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
11. Біліктілік комиссия шешіміне уәкілетті органға, сондай-ақ сот тәртібінде шағымдана алады.