Облыстық мәслихаттың 2012 жылғы 7 желтоқсандағы № 7/77 "2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Маңғыстау облысы мәслихатының 2013 жылғы 02 шілдедегі № 11/164 шешімі.
Маңғыстау облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 09 шілдеде № 2266 тіркелді

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 27.03.2015 № 43-248 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес, аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстарын қарай келе, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Алматы облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету Қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Осы шешімнің орындалуына бақылау жүргізу жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына жүктелсін (келісім бойынша).
      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат
      сессиясының төрағасы                       У. Каспанов

      Облыстық мәслихат
      хатшысы                                    Е. Келемсейіт

Алматы облыстық мәслихатының
2013 жылғы 01 шілдедегі
"Алматы облысының елді
мекендерінде иттер мен
мысықтарды ұстау және
серуендету Қағидаларын
бекіту туралы" N 19-127
шешiмiмен бекітілген

Алматы облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау
және серуендету Қағидалары

      Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасының  "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес әзірленген. Қағидалар облыстың елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында иттер мен мысықтар ауруларына қарсы профилактикалық шараларды жүргізу тәртібін реттейді.
      Осы Алматы облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) иттер мен мысықтардың барлық иелеріне, меншік түрлеріне қарамастан жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

1 Тарау. Жалпы ережелер

      Осы Қағидалар Алматы облысының аумағында әрекет етеді.
      Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:
      1) жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудан, қала әкімдігімен ветеринария саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкіл етілген атқарушы орган;
      2) ветеринариялық iс-шаралар – иттер мен мысықтардың ауруларының профилактикасын, оларды емдеудi немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса алғанда эпизоотияға қарсы ветеринариялық - санитариялық рәсiмдер кешенi;
      3) ветеринариялық паспорт – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысандағы құжат, онда итті немесе мысықты есепке алу мақсатында иттің немесе мысықтың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы және лақап атауы көрсетіледі;
      4) иттерді және мысықтарды бірдейлендіру – бірдейлендіру бұйымдарын (құралдарын) пайдалану арқылы иттерге және мысықтарға жеке нөмірлер беру, олар туралы мәліметтерді деректер базасына енгізу және иттер мен мысықтарға ветеринариялық паспорттарды беруді есепке алу жүйесі;
      5) иттерді және мысықтарды тіркеу – иттердің және мысықтардың бірдейлендіру деректерін ветеринариялық паспорттарға және бірдейлендіру деректер базасына енгізу;
      6) иттерді және мысықтарды бірдейлендіру бойынша деректер базасы - ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жергiлiктi аудандық, қалалық атқарушы органдардың бөлiмшелерi жүзеге асыратын диагностикалық зерттеулер нәтижелерiн қоса алғанда, иттер мен мысықтардың жеке нөмiрi туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректердi, сондай-ақ иттер мен мысықтардың иесi туралы деректердi тiркеудiң бiрыңғай, көп деңгейлi жүйесiн көздейтiн ветеринариялық есептiң бөлiгi;
      7) имплантант (микрочип) көмегімен электронды бірдейлендіру – иттің өмір сүру кезеңінде сақталынатын бірдейлендіру нөмірі қондырылған чиптің тері астына енгізілуі;
      8) нөмірлі татуировкалау – иттер мен мысықтардың есебін жүргізу үшін олардың денелеріне әріптік немесе сандық белгілерді таңбалап түсіру;
      9) қоғамдық орындар – адамдар көп жиналған немесе көп жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде бақтар, саябақтар және одан басқа азаматтардың демалыс орындары, жаға жайлар, стадиондар және т.б. орындар;
      10) иттер мен мысықтардың иесі – жеке меншігінде немесе меншіктің басқа түрінде иттер және мысықтарға иелік етуші жеке немесе заңды тұлға;
      11) ұйықтату – иттер мен мысықтарды әдейі жансыздандыру;
      12) иттер мен мысықтарды серуендету – иттер мен мысықтардың тұрған жайдан сырт жерде немесе арнайы қарастырылған аумақта болуы;
      13) иттерді және мысықтарды асырау – иттер мен мысықтардың иелерімен ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтай отырып, иттердің және мысықтардың толыққанды тіршілік қарекетін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын әрекеттер;
      14) ит – төбет тұқымдас, сүтқоректі;
      15) мысық - мысық тұқымдас, сүтқоректі;
      16) қараусыз иттер мен мысықтар - тіркелмеген, иесін анықтау мүмкін емес, иесінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген иттер мен мысықтар;
      17) иттерді және мысықтарды аулау бойынша мамандандырылған бригада - қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен шұғылданатын ауданның, қаланың жергілікті атқарушы органының ветеринариялық бөлімшесімен құрылған мамандандырылған бригада;
      18) иттің нөмірлі жетоны – ит иесі, оның телефон нөмірі және иттің лақап атауы көрсетілген, иттің қарғыбауына бекітілген жетон;
      19) иттерді және мысықтарды серуендету орны – осы мақсатта жергілікті атқарушы органның шешімімен арнайы белгіленген жерге орналастырылған қоршалған алаң;
      20) қызметтік иттер – кинологиялық орталықтарда арнайы тестілеуден өткен, қызметтік мақсатқа пайдалану үшін үйретілген иттер.

2 Тарау. Иттер мен мысықтарды тіркеу тәртібі.

      1. Тұрғындардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың меншігіндегі барлық иттер, олардың ішінде: қызметтік, күзетші, аң аулайтын және тұқымдарына қарамастан иелерінің ерекше жауапкершіліктерін талап ететін иттер, сонымен қатар мысықтар аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ветеринариялық бөлімшелерінде тіркеліп, есепке алынуға тиіс. Есепке алынғаннан кейін әрбір ит пен мысыққа иелерінің есебінен ветеринариялық паспорт беріледі.
      Тіркеу барысында иттер мен мысықтардың иелері осы Ережелермен таныстырылады. Иттер мен мысықтардың иелерінің Ережелермен танысқандығы тіркеу кітабына қол қойылумен рәсімделеді.
      Бірдейлендіруден өткендігінің қосымша белгісі ретінде итке қарғыбау мен жетон тағуға, немесе электронды микрочип орнатуға болады. Чипті, ит иесі тұратын орны бойынша ветеринария маманы енгізеді.
      2. Барлық иттер үш айлық, ал мысықтар екі айлық жасынан бастап тіркелуге жатады.
      3. Иттер мен мысықтар иелерінің мекен жайы ауысқанда, олар иттер мен мысықтарын жаңадан тіркелген жері бойынша аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органының ветеринариялық бөлімшелерінде екі апта ішінде тіркетуге тиіс.
      4. Иттер мен мысықтарды тіркеген немесе қайта тіркеген кезде иелері келесі мәліметтерді: иесінің тұлғасын куәландыратын құжатты, мекен жайы туралы мәліметті, телефонының байланыс нөмірін, ит және мысықтың тұқымы, жынысы, лақап аты, туылған күні, түсі, ерекше белгілері немесе ит және мысықтың сипаттамасы туралы мәліметтерді ұсынады.
      5. Ит, мысық ұйықтатылғанда немесе өлген жағдайда, оның ветеринариялық паспорты мен жетоны бұрын тіркеу жүргізген ауданның, қаланың жергілікті атқарушы органының ветеринариялық бөлімшесіне өткізіледі.
      6. Тіркеуші орган иттердің және мысықтардың шығуы (сатылуы, жоғалуы, өлуі, басқа бір тұлғаға тапсырылуы) жағдайларында тіркеуден шығару үшін немесе қайта тіркеуі үшін хабарландырылады.

3 Тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау

      7. Иттер мен мысықтарды сатып алу, сату, басқа тұлғаға беру, сонымен қатар аудан және қала аумағында және аумағынан тыс жерлерге көліктің барлық түрлерімен тасымалдау, құтыру және өзге де жұқпалы ауруларға қарсы егілгені, жүргізілген зерттеулер мерзімі туралы белгісі бар ветеринариялық анықтамасы немесе ветеринариялық паспорты бар болғанда жағдайда рұқсат етіледі. Иттер мен мысықтарды елді мекеннен тысқары жерлерге тасымалдау кезінде және елді мекенге басқа өңірлерден әкелген жағдайда, иелері жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргізілгендігі жөніндегі және жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзімде не болмаса жолға шығардан 30 күн бұрын егілгендігі жөніндегі мәлімет толтырылған ветеринарлық куәлігінің болуы тиіс.
      8. 14 жасқа толған (итті өз атына тіркеу үшін) ата-анасының жазбаша рұқсаты бар тұлға (иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттердің түрлерінен басқа) иттің иесі болуы мүмкін.
      9. Санитариялық – гигиеналық, зоогигиеналық талаптар және осы Ережелер сақталған кезде иттер мен мысықтарды келесі жерлерде ұстауға рұқсат етіледі:
      1) бір жанұя орналасқан тұрғын жайларда;
      2) бірнеше жанұя тұратын тұрғын жайларда пәтерде тұрып жатқан барлық тұрғындардың жазбаша келісімімен тек өзінің тұрғын жай ауқымында;
      3) кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда, азаматтардың бақ өсіруімен айналысатын және коммерциялық емес саяжайлар бірлестіктерінде, демалыс базаларында иттер байлауда немесе вольерлерде, айналасындағыларды мазалауға мүмкіндік бермейтін және қауіп туғызбайтын жағдайда ұсталуға тиісті.
      10. Көп пәтерлі тұрғын үйде, бір жанұя пәтерінде екі ересек ит, үш мысық және үш айлық жасқа толмаған төлін ұстауы мүмкін. Жастары үш айдан асқан иттер мен мысықтардың төлі жаңа иелерге, немесе иесіз жануарларды аулап – ұстаумен шұғылданатын аудандар және қалалардың жергілікті атқарушы органының ветеринариялық бөлімшесінің бригадасына өткізілуі тиіс.
      11. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (асүйлер, дәліздер, баспалдақ бөліктері, жер төлелер, шатырлар астылары, лоджиялар, балкондар және басқа да қосалқы үй-жайларда) үй жанындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерінің жанындағы аумақтардан басқа), қонақ үйлерде, жатақхана дәліздерінде ұстауға жол берілмейді.
      12. Иті немесе мысығы бар адамдарды қонақ үй әкімшілігінің келісімі бойынша, санитариялық–гигиеналық қағидалар сақталған жағдайда, қонақ үйге орналастыруға рұқсат етіледі.
      13. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарда жердің заңды иегерлерінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғалардың келісімімен ұстауға рұқсат етіледі. Иттер қоршауы жануарлардың қашып кетуіне мүмкіндік бермейтін, қоршалған аумақта, адамдар мен басқа жануарларға шабуыл жасай алмайтын жағдайда ұсталуға тиіс. Аумақта ит бар екені тұралы кіреберісте иттің бейнесі салынған, "Ит күзетеді! Охраняется собакой!" деген жазба жазылған, көлемі 20 х 30 сантиметрден кем емес ескерту хабарламасы ілінуі қажет.
      14. Елді мекеннің жеке тұрғын үй қорына жататын үйлерде санитариялық–гигиеналық, зоогигиеналық талаптар сақталатын болса екіден артық ит ұстауға рұқсат етіледі.
      15. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспірімдерге арналған мекемелердің "тірі бұрыштарында", жазғы және қысқы сауықтыру санаториялық – курорттық мекемелерінде санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринария қызметтерінің рұқсатымен ұстауға рұқсат етіледі.
      16. Иттер мен мысықтарды олардың терілерін пайдалану, еттерін өткізу, өңдеу және тұтыну мақсатында аулауға рұқсат етілмейді.
      17. Тіркелмеген (есепке тұрмаған) және жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілмеген иттер мен мысықтарды ұстауға рұқсат етілмейді.
      18. Елді – мекендердің аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға және өткізуге, жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттердің жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

4 тарау. Иелерінің ерекше жауапкершілігін талап ететін
иттерді ұстау.

      19. Адамдарға және басқа жануарларға жоғары агрессияны көрсетуге бейім, ұстауда иелерінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін асыл тұқымды иттердің есебін жүргізу мақсатында, осындай иттерді аудандық, қалалық жергілікті атқарушы органдардың ветеринария бөлімшелерінде тіркеуге алынғаннан кейін ғана ұстауға рұқсат етіледі. Итті тіркеу барысында, иттің иесі осі Ережелермен таныстырылып, танысқандығы туралы қол қою керек.
      20. Иелерінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттерге: американдық стаффордшир терьері, стаффордшир бультерьері, ротвейлер, акита-ину, аргентин догы, питбультерьер, бультерьер, бульмастиф, бразильдік филдер, боксер, американдық бульдог, ризеншнауцер, ағылшын мастифы, испан мастифы, пириней мастифы, тибет мастифы, ирланд бөрбасары, лабрадор, командор, берн бақташы иті, корольдіқ (үлкен) пудель, бельгия овчаркасы, доберман, оңүстік орыс овчаркасы, орта азиялық овчарка, кавказ овчаркасы, мәскеулік күзетші, және олардың будандары және тағы басқада шоқтықтарындағы биіктіктері 50 сантиметрден асатын ит тұқымдары жатады. Иттердің тұқымдары олардың шыққан тегі туралы құжаттар негізінде, даулы жағдайларда жергілікті аудандық, қалалық атқарушы органдардың ветеринария бөлімшелерінде қажеттілігіне қарай құрылатын эксперттік комиссияларымен анықталады.
      21. Иелерінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді аудандық, қалалық атқарушы органдардың ветеринария бөлімшелерімен келісусіз иеленуге, елді мекендер аумақтарына әкелуге, ұстауға және өсіруге рұқсат берілмейді.
      22. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді ұстау үшін әлеуетті иегер психоневрологиялық және нашақорлық диспансерлік есепте тұрмағандығы туралы анықтамаларды аудандық, қалалық атқарушы органдардың ветеринария бөлімшелеріне көрсету қажет.
      23. Балаларға және 16 жасқа толмаған жас өспірімдерге, сонымен қатар денсаулық жағдайы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді серуенге шығаруға рұқсат берілмейді.
      24. Иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді жергілікті атқарушы органдармен белгіленген иттерді серуендетуге арналған арнайы орындарынан басқа, қоғамдық орындарға және көпшілік демалыс орындарына әкелуге рұқсат берілмейді.

5 Тарау. Иттер мен мысықтарды серуендету тәртібі

      Иттер мен мысықтарды серуендету кезінде иелері мына талаптарды сақтауы қажет:
      25. Иттерді тұмылдырықпен (иттердің сәндік түрлерінен басқа) және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен, Ережедегі 34-тармақта көрсетілген орындардан басқа жерлерде, айналасындағыларға ешқандай мазасыздық, кедергілер келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға болады.
      26. Иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтері бекіткен еркін серуен алаңдарында алып жүруге болады.
      27. Иттердің иелері әрдайым иттің мойнында иттің лақап аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген нөмірлі жетон бекітілген қарғыбау тағуы керек. Иесінің тілегі бойынша нөмірлі жетонда итке қатысты басқа да мәлімет көрсетілуі мүмкін.
      28. Иттерді тасымалдау қоғамдық көліктердің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алуға жол бермейтін жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің сәндік түрлерін және мысықтарды сөмкелерде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде) немесе қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдауға жол берілмейді.
      29. Иттер мен мысықтарды тұрғын үйлердің маңында серуендету кезінде иттердің иелері 23.00. мен 07.00. сағат аралығында тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
      30. Объектілерге итпен келуге болмайтындығы туралы тиісті тыйым салу жазбалары болмаған кезде иттің иесіне өз итін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта халыққа қызмет ететін кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың жайларына ертіп әкелуге рұқсат етіледі. Итпен келуге тыйым салатын кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер нысандарға итті ертіп келуге тыйым салынатындығы туралы белгілерін орнатуы және иттерді байлап қалдыратын орындарды ғимаратқа кіре берісте жарақтауы қажет.
      31. Итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Осы кезде ит адамдардың және автокөліктердің өтуіне кедергі болмауы керек.
      32. Ит қоғамдық орындарда қарғыбаусыз тек қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана бола алады.
      33. Көшелерден мен тораптардың жанынан өткен кезде иттің иесі (итті серуендеуге шығарған тұлға) жол-көлік оқиғаларын және иттің өлуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.
      34. Рұқсат етілмейді:
      1) құтырма ауруына қарсы егілмеген және токсоплазмозға тексерілмеген иттер мен мысықтарды серуендетуге;
      2) иттер мен мысықтарды рұқсат етілген немесе осы мақсатта бөлінген арнайы орындардан басқа, балалардың аулалық алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емделу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және тұрғындар жаппай демалатын өзге де орындарда, тыйым салатын белгілер орнатылған орындарда серуендетуге;
      3) иттер мен мысықтарды жағажайларда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;
      4) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді және мысықтарды қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға;
      5) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өткізілетін жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, сондай-ақ көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттерден басқа иттер мен мысықтармен бірге болуға тыйым салынады.
      35. Мас күйінде болған тұлғаларға иттер мен мысықтарды серуендетуге және олармен көпшілік жүретін орындарда, қоғамдық көлікте болуға рұқсат берілмейді.

6. Тарау. Иттер мен мысықтардың иелері

      36. Тіркелген иттер мен мысықтар иесінің меншігі болып табылады және кез-келген меншік ретінде заңмен қорғалады.
      37. Ит немесе мысық Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен бекітілген аурулар түрімен ауырған деп танылған жағдайда, аумақтың бас мемлекеттік ветеринарлың инспектордың шешімімен, немесе соттың шешімі болған жағдайда ғана иесінен алынып, жойылуы мүмкін. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, ит немесе мысық адамға жарақат келтірген жағдайларда, қауіп алғанда, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін иелерінен алынуы мүмкін.
      38. Иттер мен мысықтардың иелері төмендегі талаптарды орындауға міндетті:
      1) иттер мен мысықтардың айналасындағыларды мазалауға әкеліп соқпайтын және қауіп төндірмейтін жүрісін қамтамасыз ету;
      2) тұрғын үй-жайларда даңғырдың болмауын қамтамасыз ету;
      3) алаңдарды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, жаяусоқпақтарды, шағын гүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластанған жағдайда міндетті түрде жедел тазалауды жүзеге асыру (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану);
      4) жануарларды түрлеріне қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау;
      5) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстау, оларға адамгершілікпен қарау, қараусыз қалдырмау, жануарларға қажетті көлемде тамақ пен ішетін су беру, қатал ұсталуына жол бермеу;
      6) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелері мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшін, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз беру;
      7) иттер мен мысықтарды жыл сайын екі немесе үш айлық жасынан бастап аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелеріне жануардың ветеринарлық паспортында белгілей отырып байқау және құтырма мен басқа да инфекциялық ауруларға қарсы егу үшін әкелу;
      8) жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес иттер мен мысықтарды гельминттерге және тері паразиттеріне қарсы профилактикалық өңдеу;
      9) иттер мен мысықтардың ауруының барлық жағдайларында немесе ауруға күдікті болғанда жедел түрде аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелеріне хабарласу, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтау;
      10) иттер мен мысықтарды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, жануарларды қорғау ұйымына беру немесе ауданның, қаланың атқарушы органының ветеринария бөлімшесіне тапсыру;
      11) иттің, мысықтың өліп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелеріне хабарлау және осы жануарлар ветеринарлық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулау;
      12) ит немесе мысық белгісіз себептермен өліп қалған жағдайларда ауданның, қаланың атқарушы органының ветеринария бөлімшесіне немесе лицензияланған ветеринарлық дәрігерлерге өлудің себептерін анықтау үшін хабарласу.
      39. Өліп қалған иттер мен мысықтардың өлігін лақтырып тастауға, елді мекендердің аумағына көміп тастауға рұқсат берілмейді.
      Иттер мен мысықтардың өліктері қараусыз иттер мен мысықтарды аулау және өліктерін жинау бойынша аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына тапсырылып, тиісті құжаттар алынуы керек.

7. Тарау. Қараусыз иттер мен мысықтарды аулау

      40. Алматы облысының елді мекендерінің аумағындағы қараусыз иттер мен мысықтар аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларымен аулануға жатады. 41. Қараусыз иттер мен мысықтарды аулау бойынша жұмыстарға психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерінің есебінде тұрмайтын тұлғаларды ғана жіберуге рұқсат етіледі.
      42. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау бойынша жұмыскерлер және арнайы көліктердің жүргізушілері жануарларды аулау және тасымалдау кезінде адамгершілікті сақтауы тиіс.
      43. Ауланған қараусыз иттер мен мысықтар қараусыз иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған питомникке орналастырылады және онда қолданыстағы заңнамаға сәйкес үш тәулік бойы ұсталады. Ұстау мерзімі өткеннен кейін иттер, мысықтар басқа тұлғаға беріледі немесе инъекция енгізу арқылы өлтіріледі.
      44. Ауланған қараусыз иттер мен мысықтардың иелері аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына немесе қараусыз иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған питомникке оларды қайтару туралы өтініш білдіре алады. Питомникте иттерді, мысықтарды ұстау бойынша барлық шығындарды олардың иесі өтейді.
      45. Қараусыз иттер мен мысықтарды аулау кезінде рұқсат етілмейді:
      1) ауланған иттер мен мысықтарды иемденуге, басқа тұлғаларға беруге;
      2) пәтерлерден және жеке үйлердің аумақтарынан иттер мен мысықтарды уәкілетті органның рұқсатынсыз және соттың шешімінсіз алуға.
      46. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде оларды өлтіруге немесе зақым келтіруге жол берілмейді. Иттер мен мысықтарды аулау үшін тек тор, таяқша және алдаусырататын нәрсені пайдалануға рұқсат етіледі.
      47. Қараусыз иттің, мысықтың аулау уақыты аулаумен айналысатын арнайы мекеменің тіркеу журналында белгіленген жануардың нақты ұсталған уақыты болып саналады. Тіркеу журналында жануардың түрі, жынысы, түсі, ерекше белгілері және жануарға ұсталғаннан кейінгі қолданған іс-әрекеттер жазылады. Тіркеу журналы аяқталған сон бес жыл мерзімде сақталуы керек.

8. Тарау. Иттер мен мысықтардың санын мониторингілеу.

      48. Иттер және мысықтардың санын мониторингілеу қадағалаусыз иттер мен мысықтардың санын азайту, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, иттер мен мысықтар арқылы таралатын аурулардың алдын алу мақсатында жүргізіледі.
      49. Иттер және мысықтардың саны олардың иелерінің бастамасы бойынша елді мекендердегі ветеринария мамандарымен піштіру немесе ұрықсыздандыру жолымен реттеледі, қараусыз иттер мен мысықтардың саны аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларымен аулау жолымен реттеледі.

9. Тарау. Қағидалардың орындалуын бақылау

      50. Елді-мекендерде иттер мен мысықтарды күтіп ұстау Қағидаларының орындалуына бақылау жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      51. Аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары қоршауларды, орындықтарды, тақтайшаларды, белгілерді, қоқыс ыдыстарын орната отырып иттер мен мысықтарды серуендету орындарын белгілейді, ол жерлерді тиісті санитарлық нормаларға сәйкес ұсталуын ұйымдастырады.
      52. Өз құзырлары шегінде пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК):
      1) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің сұрауы бойынша кооперативтерге қарайтын пәтерлердің, үйлердің иелерімен ұсталып отырған иттер мен мысықтардың саны туралы мәліметтерді береді;
      2) жертөлелерді, шатырларды және басқа да қосалқы үй - жайларды тұрғын үй қорын, техникалық пайдаланудың тәртіптері мен нормаларына сәйкес қараусыз жануарлардың кіріп кетуіне жол бермейтіндей жағдайда ұсталуын қамтамасыз етеді;
      3) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына аумақтарындағы қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлама береді.
      4) ветеринарлық қызметтің мамандарына эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге көмек көрсетеді;
      5) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау мекемелеріне, ішкі істер органдарына осы қағидалардың бұзылу фактілері жөнінде хабарлайды.
      53. Өз құзырлары шегінде ішкі істер органдары:
      1) облыстың елді мекендерінде осы қағидалардың сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді;
      2) тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, ветеринариялық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелеріне азаматтар, ұйымдар мен мекемелер тарапынан осы Ережелердің сақталуына бақылау жасауға және сақталмаған кездерде әкімшілік жауапкершілікке тартуға қажетті көмек көрсетеді;
      3) ұйымдарға, кәсіпорындарға, мекемелерге және азаматтарға, иелерінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттерді елді мекендерге кіргізу, елді мекендерден шығару, ұстау құқығын келісуге қатысады;
      4) өздеріне берілген өкілеттік шегінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды қолданады.
      54. Өз құзырлары шегінде жергілікті атқарушы органдардың ветеринария бөлімдері:
      1) Алматы облысы аумағында эпизоотиялық қолайлықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіндегі аурулар мен энзоотиялық аурулардың алдын алу жөніндегі ветеринариялық шараларды ұйымдастырып, жүргізілуін қамтамасыз етеді;
      2) бірдейлендіруді жүргізеді, ветеринариялық төлқұжаттар мен ветеринариялық анықтаманы береді;
      3) қараусыз иттер мен мысықтардың аулануын ұйымдастырады, иесі анықталған кезде қайтарып береді, иесі жоқ, ешкімге берілмеген қараусыз иттер мен мысықтарды 3 тәулік өткен сон инъекция енгізу арқылы өлтіреді;
      4) ветеринария мәселелері бойынша тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді.
      55. Өз құзырлары шегінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдары:
      1) қараусыз иттер мен мысықтарды аулау қызметтерінің жұмысын бақылайды;
      2) иттер және мысықтар иелерімен ветеринариялық талаптар мен нормалардың сақталуын бақылайды;
      3) заңнамамен бекітілген тәртіпте осы қағидаларды бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелерін қарайды.
      56. Мемлекеттік ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары:
      1) иттер мен мысықтарды жұқпалы ауруларға қарсы егеді;
      2) елді мекендерден басқа жерлерге шығарар кезде иттер мен мысықтарға ветеринариялық куәліктер береді;
      3) қараусыз иттер мен мысықтарды аулайтын қызметтерге жұмысты ұйымдастыру жөнінде көмек көрсетеді;
      4) иттер мен мысықтар иелерінің тарапынан ветеринарлық және санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасайды;
      5) кинологиялық қызметтер атқаратын клубтарға және қоғамдарға, иттерді ұстайтын кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге ветеринарлық саладағы нысандар ретінде ветеринарлық тіркеу куәліктерін береді.

10 тарау. Иттер мен мысықтардың иелерінің осы Қағидаларды
бұзғандары үшін жауапкершілігі

      57. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін иттер мер мысықтардың иелері Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодексінің 311-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

11 тарау. Қорытынды жағдайлар

      58. Тіркелуге тиісті иттер мен мысықтардың иелері оларды осы Ереже күшіне енгеннен бастап алты ай мерзім ішінде тіркетуі қажет.
      59. Иттер мен мысықтарды қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау питомниктерге орналастыру және ұстау құқы питомниктер құрылған уақытта пайда болады.