Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің динамикалық резервті қалыптастыру қағидаларын бекіту және динамикалық резервтің ең аз мөлшерін, күтілетін шығындардың мөлшерін белгілеу туралы" 2013 жылғы 27 мамырдағы № 13

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 293 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 5 мамырда № 9386 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 26 ақпандағы № 25 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2018 № 25 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің динамикалық резервті қалыптастыру қағидаларын бекіту және динамикалық резервтің ең аз мөлшерін, күтілетін шығындардың мөлшерін белгілеу туралы" 2013 жылғы 27 мамырдағы № 137 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8591 тіркелген, 2013 жылы 6 қыркүйекте "Заң газеті" газетінде № 134 (2509) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің динамикалық резервті қалыптастыру қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қағидалардың мақсаттары үшін қарыз деп банктің банктік қарыз, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын жүзеге асыруы (банкаралық қарыздарды, банк операцияларының жекелеген түрлерін, кері РЕПО операцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға берілетін қарыздарды қоспағанда), сондай-ақ вексельді есепке алуы түсініледі.

      Банкаралық қарыздар деп шарттық негізде басқа банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берілген банктердің қарыздары түсініледі.

      2. Қағидалардың 2-1-тармағында өзгесі белгіленбесе, есепті тоқсан соңындағы динамикалық резервтің мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі:



      мұнда,

      ДРс – есепті тоқсанның соңындағы динамикалық резерв;

      ДРс-1 – алдыңғы есепті тоқсанның соңындағы динамикалық резерв.

      2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша динамикалық резерв нөлге тең;

      КШ – есепті тоқсандағы күтілетін шығындар;

      АПШ – "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексі 106-бабының 1-тармағына сәйкес шегерімге жатқызылған, резервтерді қалпына келтіруден түскен кірістерді шегергендегі есепті тоқсандағы резервтерге ассигнациялау.

      Резервтерге ассигнациялау – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қарыздарға резервтер құруға арналған шығыстар.

      Резервтерді қалпына келтіруден түскен кірістер – резервтердің азаюы қарызды баланстан есептен шығару нәтижесінде болатын жағдайда қоспағанда, қарыздарға бұрын құрылған резервтер сомасының азаюы нәтижесінде туындаған кіріс.

      Салық салу мақсаттары үшін динамикалық резервтің мөлшері есепті салық кезеңінің соңында айқындалған динамикалық резервтің мөлшері мен алдыңғы салық кезеңінің соңында айқындалған динамикалық резервтің мөлшері арасындағы оң айырма ретінде анықталады.

      Динамикалық резервтің ең аз мөлшері нөлден кем емес болады.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Динамикалық резервтің мөлшері былайша айқындалады:

      1) 2014 жылғы бірінші, екінші, үшінші, төртінші тоқсан соңындағы динамикалық резерв Қағидалардың 2-тармағына сәйкес формула бойынша есептелген 2013 жылғы төртінші тоқсанның соңындағы динамикалық резерв мөлшерінде айқындалады.

      2014 жылғы төртінші тоқсанның соңындағы динамикалық резервті есептеу мақсаттары үшін Қағидалардың 2-тармағына сәйкес айқындалған АПШ көрсеткішінің мәні 2013 жылғы бірінші, екінші, үшінші, төртінші тоқсан соңындағы динамикалық резервті есептеу кезінде егер АПШ-тың мәні теріс болған жағдайда нөлге тең болып танылады;

      2) 2015 жылғы бірінші, екінші, үшінші, төртінші тоқсан соңындағы динамикалық резерв осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес есептелген 2014 жылғы төртінші тоқсанның соңындағы динамикалық резерв мөлшерінде айқындалады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Тоқсан сайын жасалатын қағаз тасымалдағыштағы есепке бірінші басшы немесе оның орнындағы адам, бас бухгалтер қол қойып, ол мөрмен расталады. Есептің көшірмесі банкте сақталады.

      Есепке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Есепке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажеттілігінің себептерін көрсете отырып, пысықталған Есепті және жазбаша түсіндірмені ұсынады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылатын осы қаулының 1-тармағының төртінші және бесінші абзацтарын қоспағанда, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Осы қаулының 1-тармағының он жетінші – жиырма бірінші абзацтары 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Қ. Келімбетов


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      Министр _______________Б. Сұлтанов

      2014 жылғы 9 сәуір

      (қолы, күні, елтаңбасы бар мөр)