Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Төрағасының 2013 жылғы 12 желтоқсандағы № 464 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 30 желтоқсанда № 9051 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 12 қазандағы № 324 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 12.10.2015 № 324 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жалпы жұрт қабылдаған этика нормалары мен мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерінен туындайтын негізгі мінез-құлық ережелерін сақтау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары бекітілсін.
      2. Әкімшілк және кадр жұмысы (Ғ.Т.Әбілова) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Жауапты хатшы Қ.Ғ. Кәкен қызметкерлердің қызмет этикасын сақтау тәртібін қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                         Т.Есентаев

Қазақстан Республикасы   
Спорт және дене шынықтыру істері
агенттігі төрағасының     
2013 жылғы 12 желтоқсандағы  
№ 464 бұйрығымен бекітілді  

Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары

      1. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасының қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығының 2-тармағына, «Мемлекеттік қызмет туралы«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді.
      2. Қағида Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерінің өзінің қызметтік міндеттерін орындау барысында, әріптестерімен және азаматтармен қарым-қатынастарының мінез-құлығының негізгі нормаларын белгілейді.
      3. Мемлекеттік қызметшілер:
      1) заңдылық қағидатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алуға;
      2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;
      3) мемлекеттік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтауға, берілген өкілеттіктерді тиімді иеленуге; өзінің қызметтік міндеттерін адал, турашыл және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды пайдалануға;
      4) қарапайымдылық танытуға, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп туғызбауға;
      5) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтініштерін қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салу көріністеріне жол бермеуге, өтініштер бойынша белгіленген мерзімде қажетті шаралар қолдануға;
      6) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден олардың қызметтік міндеттерінен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге; басқа адамдарды құқыққа қайшы теріс қылықтар жасауға мәжбүрлемеуге;
      7) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызмет этикасы нормаларын бұзу фактілерін болдырмауға және олардың жолын кесуге;
      8) ұжымда іскерлік өзара қарым-қатынасты және сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал жасауға;
      9) басшылардың тапсырмаларын орындау барысында тек объективті әрі анық мәліметтер беруге;
      10) ұжымда іскерлік өзара қарым-қатынасты және сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал жасауға;
      11) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға;
      12) қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде киімнің іскерлік қалпын ұстануға;
      13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауы тиіс.
      4. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі тиіс.
      Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуі тиіс.
      5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
      6. Мемлекеттік қызметшілер мүдделер қақтығысын болғызбау үшін шаралар қолдануы, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты әдепті түрде жүргізуі тиіс. өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға.
      7. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік ісінің мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол:
      1) мемлекет саясатының негізгі бағыттарына сәйкес немесе;
      2) жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса;
      3) мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.
      8. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.