"Бекітуге арналған мәліметтерді қамтитын өндіріс паспортының нысандарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 156 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 174 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 24 қазанда № 8839 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 наурыздағы № 171 бұйрығымен

Республикалық баспасөзде
мазмұны жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
      2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ақпарат ұсынсын.
      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                         Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
      Президентінің     
2013 жылғы 24 қыркүйектегі
      № 648 Жарлығымен   
      БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА

Мазмұны

1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Ағымдағы ахуалды талдау
4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар
6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
7. Қажетті ресурстар
 

1. Бағдарламаның паспорты

Атауы

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама)

Әзірлеу үшін негіздеме

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы;
«Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығы;
«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығы

Бағдарламаны әзірлеу үшін жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктері

Мақсаты

Діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Міндеттері

1. Қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру.
2. Діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін, соның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру.
3. Экстремистік және террористік әрекеттердің салдарларын азайту және жою шараларының жүйесін жетілдіру

Іске асыру мерзімдері (кезеңдері)

2013-2017 жылдар (бір кезең)

Нысаналы индикаторлар

      1) 2017 жылы ел тұрғындары, соның ішінде 100% жастар мен діни негіздегі радикалдық идеологияға бейім және ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмысымен қамтылатын болады.
      2) терроризм актілерінің дайындалу және қастандық жасау сатыларында беті қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемінде 95 %-ды құрайтын болады.
      3) террористік тұрғыдан осал объектілердің, тұрғындардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың күші мен құралдарының экстремистік және террористік әрекет салдарларын азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесі 2017 жылы 100% құрайтын болады

Қаржыландыру көздері мен көлемі

      Бағдарламаны іске асыруға 2013-2017 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты жұмсалатын болады. Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 103 176 375,0 мың теңгені (2013 ж. 16 186 913,0 мың теңге; 2014 ж. - 24 340 320,0 мың теңге; 2015 ж. - 26 324 818,0 мың теңге; 2016 ж. - 21 111 764,0 мың теңге; 2017 ж. - 15 212 561,0 мың теңге) құрайды, соның ішінде республикалық бюджеттің есебінен - 49 697 981,0 мың теңге (2013 ж. - 1 602 145,0 мың теңге; 2014 ж. - 13 153 665,0 мың теңге; 2015 ж. - 14 122 653,0 мың теңге; 2016 ж. - 12 700 817,0 мың теңге; 2017 ж. - 8 118 701,0 мың теңге); жергілікті бюджеттен - 53 478 393,1 мың теңге (2013 ж. - 14 584 767,5 мың теңге; 2014 ж. - 11 186 654,5 мың теңге; 2015 ж. - 12 202 164,5 мың теңге; 2016 ж. - 8 410 946,6 мың теңге; 2017 ж. - 7 093 860,0 мың теңге). Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру көлемі тиісті кезеңге бюджет қалыптастырылатын кезде нақтыланатын болады.

2. Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында басым міндеттердің ішінде радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл айқындалған.
      Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет - Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады.
      Сонымен қатар, қазіргі кезеңде әлемдегі жаһандану процесі мен шиеленісу әлеуетінің өсуі халықаралық және ұлттық қауіпсіздік ахуалына елеулі әсерін тигізіп отыр.
      Діни экстремизм мен терроризм қатері әр мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалу деңгейінің халықаралық қауіпсіздік ахуалына тәуелділігін жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болды.
      Осындай жағдайларда радикалдық діни идеологияның таралуына мүмкіндік беретін жағдайларды (факторларды) тиімді жою үшін, сондай-ақ экстремистік және террористік көріністердің жолын кесу үшін қолданыстағы жүйе жетілдіруді талап етеді.
      Бес жылдық мерзімге есептелген осы Бағдарлама елдегі діни жағдайды талдауға негізделген, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне маманданған сарапшылар мен ғалымдардың пікірлері мен ұсыныстарын ескереді.
      Бағдарламаны әзірлеу кезінде сонымен қатар Ресей Федерациясының, Ұлыбританияның, Түркияның, Израильдің және АҚШ-тың, Сауд Арабиясының оң тәжірибесі талданып, ескерілді.
      Бұл Бағдарлама діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті міндеттер мен орын алған проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.
      Бұл ретте, Бағдарламаның ережелері азаматтардың заңнамада кепілдік берілген ар-ождан бостандығы мен азаматтардың діни нанымдарын құрметтеуді қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп тұжырымдалған.
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес ұлттық қауіпсіздіктің негізіне ықтимал қатерді алдын ала анықтау мен жоюды қамтамасыз ету қойылатын болады.
      Халықаралық терроризмге, діни экстремизмге, трансұлттық есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.
      Жаңа қатерлер мен сын-тегеуріндерді уақтылы айқындауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын тұжырымдауға мүмкіндік беретін болжамдық-талдамалық жұмыстың тиімділігін арттыру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік жүйесін өзгертудің басты бағыттарының біріне айналуы қажет.
      Бұдан басқа, конфессияаралық келісім мен елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын нығайту мақсатында халықты, азаматтық қоғам институттарын экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласына белсене тарту қажет.
      Мемлекеттің күш-жігері, ең алдымен, қоғамдағы барлық, соның ішінде қандай да бір радикалдық көріністерге байланысты құқық бұзушылықтарға деген мүлдем төзбеушілік сезімін қалыптастыруға бағытталуға тиіс.
      Сөйтіп, аталған бағыттағы тиімді ұйымдастырушылық, насихаттық, соның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың әлеуметтік-экономикалық және өзге де тетіктерін қалыптастыру мен дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру арқылы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру қажеттілігі айқын.

3. Ағымдағы ахуалды талдау

      Дінді жамылған экстремистік және террористік идеологияның таралу процесі соңғы уақытта іс жүзінде бүкіл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр.
      Қазақстан әлемдегі сыртқы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты өзінің геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа орай халықаралық терроризмге қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірінде қалып отыр.
      Осыған байланысты Қазақстан Республикасы терроризм қатерінен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесін әзірледі, оның тиімділігі біртіндеп арттырылып жатыр.
      Конфессияаралық және этносаралық келісім мен жастар мүддесін қорғауды, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда.
      Елбасы 2013 жылғы 18 сәуірде басқа шаралардың қатарында этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіруге бағытталған іс-шараларды қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекітті.
      Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнің алғы шарттарын анықтау мен жолын кесу үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық база құру әрі оны жетілдіру жөнінде елеулі жұмыстар атқарылды.
      2005 жылғы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» және 1999 жылғы 13 шілдеде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген, негізгі ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттік органдардың құзыреті, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары айқындалған.
      Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету дамытылуда.
      Алдын алу, соның ішінде ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы іс-шаралар өткізу тәжірибесі қалыптасқан.
      Экстремистік және террористік топтар мен ұйымдар қызметінің жолын кесу жөнінде арнаулы және терроризмге қарсы операциялар өткізудің белгілі бір практикалық тәжірибесі жинақталған.
      Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы негізге алынатын барлық халықаралық әмбебап актілердің қатысушысы болып табылады.
      Арнаулы мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау органдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррористік Комитетімен, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Терроризмге қарсы бөлімшесімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды.
      «Терроримзге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестірудің ішкі жүйесі құрылды.
      Өңірлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға жергілікті атқарушы органдарды тарту жағдайлары қамтамасыз етілді.
      Қазақстан аумағында экстремистік және террористік қызметке қатысы бар, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жасаған террористік қылмыстары үшін біздің елде шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдарының қудалауынан жасырынып жүрген адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыс жүргізілуде.
      Сонымен қатар, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жылдан жылға экстремистік және террористік қызмет барған сайын ұйымшыл бола түсуде және мұндай топтардың қатарына сыртқы күштердің әсерімен жаңа адамдар тартылуда.
      Атап айтқанда, діни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда.
      Әлгі ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгіштік сезімі мен ұлттық өзіндік сана-сезімін, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады.
      Халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар конституциялық құрылымның негіздерін құлату үшін радикалдық идеяларды себе отырып, қоғамға қарсы көңіл-күйді ушықтырып, арандатады, Қазақстан аумағында террористік актілер жасау жөнінде жоспарлар мен ниеттер ойластырады. Бұл үшін олар жақтастар тарту мен елімізде өздерінің жеке құрылымдық буындарын құрудағы жоспарларын іске асыруға талпынысын әлі де қоймай отыр.
      Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында халықаралық экстремистік немесе террористік ұйымдардың қызметіне қатысы бар 70 шетелдікті ұстау жөніндегі мәлімет осындай көріністердің дәлелі болды.
      Аталған құрылымдардың бүлдіру әрекетінің нәтижесінде Қазақстан іс жүзінде өз аумағында терроризм актілерінің жасалуына душар болып отыр. Елдің батысы мен оңтүстігіндегі қайғылы оқиғалар проблеманың өткірлігін көрсетті. 2011-2012 жылдар аралығында 12 зорлық-зомбылық акциясы жасалды.
      Бұл ретте, аталған терроризм актілері негізінен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қарсы бағытталған болатын.
      Осы тұрғыда діни экстремизм мен терроризм жақтастары санының Қазақстан азаматтары қатары есебінен өсу серпінін айтпай кетпеске болмайды.
      Статистикалық деректерге сәйкес 2008 жылдан 2013 жылға дейін террористік қылмыстары үшін сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны - 56-дан 168-ге дейін өсті.
      Сонымен қатар, әлемнің түрлі елдерінде (Норвегия, Франция, АҚШ) байқалып отырған терроризм актілерін радикалдардың жеке-дара жасау құбылысы және халықаралық террористік құрылымдардың осы әдісті анағұрлым белсенді пайдалануы алаңдатушылық тудырады.
      Бұл, өз кезегінде, халықаралық қауымдастық, соның ішінде Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі үшін экстремистік және террористік қатердің жалпы ықтималдығын елеулі түрде арттырады.
      Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бойынша арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары жұмысының нәтижелері біздің елімізде діни радикалдық идеологияның таралуына ықпал ететін мынадай сыртқы және ішкі факторларды анықтауға мүмкіндік берді.
      Сыртқы факторларға Қазақстан шекараларының қарулы қақтығыстар ошақтарына, соның ішінде радикалдық діни топтардың қатысуымен өтетін қарулы қақтығыстар ошақтарына жақындығы, осыған байланысты еліміздің көші-қон тұрғысынан осалдығы, Интернет-кеңістікте діни экстремизм мен терроризм идеяларының шетелден насихатталуы, террористік идеялардың жолын ұстанушы жекелеген азаматтарымыздың шетел мемлекеттерінің аумағында орналасқан жауынгерлерді дайындайтын лагерлерде болуы жатады.
      Шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан азаматтарымыздың экстремистік және террористік идеологияның ықпалына түсу фактілері байқалады.
      Жаңа жақтаушыларды радикалдық діни құрылымдарға тартуға ықпал ететін ішкі факторларға әлеуметтік-экономикалық проблемалар, тұрғындардың діни сауаттылығының төмен деңгейі, өскелең ұрпақтың моральдық-имандылық және патриоттық тәрбиесінің кемшіндігі жатады.
      Көбінесе өз орнын таппаған жастар арасындағы теріс пиғылды көңіл-күй мен билікке сенімсіздіктің туындау себептерінің бірі сонымен қатар жекелеген жергілікті мемлекеттік шенеуніктер тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократизм болып табылады.
      Күмәнді мазмұндағы діни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдардың жаппай таралуы діни-экстремистік идеологияның таратуына белгілі бір жағдайлар туғызады.
      Сонымен қатар, ғибадат үйлерінің (орынжайлардың) қажет-қажет еместігі ескерілместен қызмет етуі және діни қызметкерлердің кәсіби дайындығының төмен деңгейі өткізіліп жатқан алдын алу жұмысына теріс әсерін тигізіп отыр.
      Зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмі актілері санының артуы шеңберінде аталған құқыққа қайшы әрекетті қаржыландыру көздері мен арналарын анықтау бірлі-жарым сипатта екендігін атап өту қажет.
      Түзеу мекемелері жағдайында анағұрлым айқын көрінетін радикалдық діни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен біте қайнасуының алаңдатарлық үрдісі байқалуда.
      Қалыптасқан жағдайда террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін, сондай-ақ қару, оқ-дәрі, жарылғыш құрылғылар мен олардың құрауыштарының айналымына тиісті бақылауды қамтамасыз ету мәселелері елеулі түрде өзекті сипатқа ие болды.
      Сөйтіп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдайды талдау арқылы осы саладағы мынадай күшті және әлсіз тұстар белгіленді:
      1. Күшті тұстары:
      1) ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, соның ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мәселелері бойынша мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда;
      2) мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерімен құқықтық нигилизм мен антипатриоттықтың таралуына қолайлы жағдай туғызатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күрес жүргізілуде;
      3) мемлекет халықтың барлық жігінің әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы теңдессіз шаралар қабылдауда;
      4) қоғамда діни тағаттылық, конфессияаралық және этносаралық келісім сақталуда;
      5) діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шаралар алдын алу жұмысын күшейту жағына қайта бағдарланды;
      6) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестірудің ішкі жүйесі құрылды;
      7) өңірлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы жергілікті атқарушы органдарды діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға тарту жағдайлары қамтамасыз етілді;
      8) діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың практикалық тәжірибесі жинақталды;
      9) халықаралық, соның ішінде халықаралық және өңірлік терроризмге қарсы құрылымдар шеңберінде ынтымақтастық жолға қойылды.
      2. Осал тұстары:
      1) радикалдық діни идеология жолын ұстанушылар санының ұлғаю үрдісінің сақталуы;
      2) ақпараттық-түсіндірушілік жұмыс тиімділігінің жетімсіздігі;
      3) экстремистік және террористік мазмұндағы материалдардың, соның ішінде Интернет желісінде таралуына қарсы іс-қимыл жүйесінің жетілмегендігі;
      4) отандық теологиялық білім беру жүйесі дамуының жеткіліксіз деңгейі мен бәсекелестікке қабілетсіздігі;
      5) қазақстандық азаматтар шетелде болған кезеңде оларды радикалдық идеология уағыздаушыларынан оқшаулаудың тиімді шараларының болмауы;
      6) азаматтық қоғам институттарының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмысқа тартылуының төмен деңгейі;
      7) діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыста ғылыми-әдістемелік сүйемелдеудің жетімсіздігі;
      8) діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қызметкерлерінің кәсіби деңгейін одан әрі арттыру қажеттігі;
      9) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қазіргі заманғы техникамен, қару-жарақпен және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жасау саласындағы басқа да жаңа әзірлемелермен әлсіз жарақтандырылуы;
      10) террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу деңгейінің жетімсіздігі;
      11) радикалдық діни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен, әсіресе түзеу мекемелерінің жағдайларында біте қайнасуы;
      12) экстремизм мен терроризмді қаржыландырудың көздері мен тәсілдерін анықтау тетіктерінің жетілмегендігі.

4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері

      Бағдарламаның мақсаты: Діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
      Бағдарламаның мақсатына жету мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады:
      1) 2017 жылға қарай ел халқы, соның ішінде 100% жастар мен діни негізде радикалдық идеологияға бейімдер, сондай-ақ оған ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу жұмысымен қамтылатын болады;
      2) терроризм актілерінің дайындалу және қастандық жасау сатысында беті қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемінде 95%-ды құрайтын болады;
      3) террористік тұрғыдан осал объектілердің, халықтың, мемлекеттік уәкілетті органдардың күші мен құралдарының экстремистік және террористік әрекет салдарын барынша азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесі 2017 жылға қарай 100% құрайтын болады.
      Бағдарлама мақсатына мынадай міндеттерді шешу жолымен қол жеткізіледі:
      1) қоғамда төзімді діни сана мен радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру;
      2) діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін, соның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру арқылы анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру;
      3) экстремистік және террористік әрекеттердің салдарын барынша азайту мен жою шараларының жүйесін жетілдіру.
      Міндеттерді шешудің дәрежесі нәтижелердің мынадай көрсеткіштерімен бағаланатын болады:
      1. Бірінші міндет бойынша:
      1) 2017 жылға қарай 100% діни негізде радикалдық идеологияға бейімдер, сондай-ақ оған ұшыраған адамдар арнаулы ақпараттық-насихаттау топтары мен мемлекеттік органдардың атаулы алдын алу жұмысымен қамтылатын болады;
      2) 2017 жылға қарай қоршаған болмысқа саналы көзқараспен қарауға және радикалдық діни сипатта алынған ақпаратты сыни көзқараспен қабылдау үшін дін туралы қажетті білім көлемін игерумен орта білім ұйымдары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары оқу ұйымдары оқушыларын 100% қамту қамтамасыз етіледі;
      3) 2017 жылға қарай ауылдық округ деңгейіне дейінгі әрбір елді мекенде (100%) балалар мен жастардың тиісті мәдени, рухани-имандылық, патриоттық, дене дамуы мен тәрбиесіне жағдай жасалатын болады;
      4) діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын жарияланымдарды анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған баспа БАҚ материалдарының жыл сайынғы көлемі кемінде 20 718 жолақты құрайды;
      5) діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын жарияланымдарды анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған электрондық БАҚ материалдарының жыл сайынғы көлемі кемінде 74 460 сағатты құрайтын болады;
      6) діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдардың жариялануын анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған Интернет-ресурстардың жыл сайынғы саны кемінде 10 000 құрайды;
      7) діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жыл сайын кемінде 5 000 ақпараттық-насихаттық, түсіндіру-алдын алу іс-шаралары өткізілетін болады;
      8) 2014 жылдан бастап Діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан зардап шеккен немесе радикалдық идеологияның ықпалына түскен адамдарды оңалту жөніндегі орталықтың құрылуы мен жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.
      2. Екінші міндет бойынша:
      1) жыл сайын қызметі Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу барысында белгіленген (дәлелденген) экстремистік және/немесе террористік ұйымдардың 100% қызметінің жолын кесу (тыйым салу) қамтамасыз етіледі;
      2) жыл сайын тиісті сараптамалық зерттеулер арқылы мазмұнында экстремизм мен терроризмді насихаттау және/немесе ақтау белгілері анықталған ақпараттық материалдардың Қазақстан Республикасы аумағында таратылуының жолын кесу 100% қамтамасыз етіледі;
      3) 2017 жылға қарай кадрлық әлеует күшейтіліп, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қызметкерлерінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыру 100% қамтамасыз етіледі;
      4) 2017 жылға қарай діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қазіргі заманғы техника, қару-жарақ пен жаңа технологиялар үлесі арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арттехқару-жарағы мен арнайы техникасының жалпы көлеміне шаққанда кемінде 30%-ды құрайды;
      5) 2017 жылға қарай ерікті негізде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар саны кемінде 30 000 адамды құрайтын болады;
      6) 2017 жылға қарай ішкі істер органдарының жедел басқару  орталықтарының көше бейнебақылау камераларының саны 2013 жылдың басындағы көрсеткішпен салыстырғанда кемінде 75%-ға арттырылатын болады;
      7) барлық (100%) арнаулы және түзеу мекемелерінде жыл сайын осы мекемелерде радикалдық діни идеологияның таралуын болдырмауға және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар өткізілетін болады;
      8) 2014 жылдан бастап жыл сайын ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін жетілдіру жөнінде практикалық ұсынымдар тұжырымдалады;
      9) 2014 жылдан бастап жыл сайын осы тәжірибені, соның ішінде тиісті мемлекеттерге (кемінде 2 елге) бару нәтижелері бойынша зерделеу қорытындылары бойынша діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың оң халықаралық тәжірибесін пайдалану жөнінде ұсынымдар тұжырымдалады.
      3. Үшінші міндет бойынша:
      1) террористік қызметтің салдарларын барынша азайту және жоюға терроризмге қарсы операция жүргізу бойынша толық дайындық талаптарына жауап беретін терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың үлес салмағы 2017 жылға қарай 100%-ға жетеді;
      2) тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында ресми бұқаралық ақпарат құралдарында (республикалық және жергілікті) терроризм актісінің ықтимал қатері немесе жасалуы, терроризмге қарсы операция жүргізу кезінде азаматтардың өз-өзін ұстау ережелерін жыл сайын орналастыру қамтамасыз етіледі;
      3) 2017 жылға қарай пайдалануға жаңадан берілетін террористік тұрғыдан осал объектілердің қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілу деңгейі 100% құрайды, ал қолданыстағыларының қамтамасыз етілуі - кемінде 70% құрайтын болады;
      4) 2017 жылға қарай терроризм актісінің қатері немесе жасалуы кезінде қажетті қауіпсіздік пен ден қою шараларына террористік тұрғыдан осал объектілердің жауапты қызметкерлерінің кемінде 90%-ы оқытумен қамтылатын болады;
      5) кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларының қажетті қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуы жыл сайын 1,5-2%-ға арттырылады;
      6) 2014 жылдан бастап терроризм актісі нәтижесінде зардап шеккен барлық адамға (100%) заңнамаға сәйкес келтірілген мүліктік залал өтелетін болады, сондай-ақ әлеуметтік оңалту шаралары көрсетіледі.

5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар

      Бағдарламаның қойылған мақсатына қол жеткізу мынадай бағыттар бойынша қамтамасыз етілетін болады:
      1. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдірілуге:
      1) діни экстремизм мен терроризмнің қоғамда таралу себептері мен шарттарын, ықтимал экстремист пен террористің әлеуметтік портретін зерделеу, аталған салада жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың осал жақтарын бағалау мен анықтау бойынша ғылыми, талдамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізу;
      2) діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың тиімді түрлері мен әдістерін әзірлеу және енгізу;
      3) ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігін сапалы арттыру;
      4) радикалдық діни идеологияның жат және қабылдауға тұрмайтындығы туралы діни негізде мақсатты топтардың (радикалдық идеологияға бейім, сондай-ақ оған ұшыраған адамдардың) арасында атаулы алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізу;
      5) орта білім беру ұйымдары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары оқу ұйымдары оқушыларын қоршаған болмысқа саналы көзқараспен қарау және радикалдық діни идеологияны сыни көзқараспен қабылдау үшін дін туралы қажетті білім көлемін олардың игеруін қамтамасыз ету;
      6) отандық теологиялық білім беру жүйелерінің бәсекелестікке қабілеттілік пен тұрғындарға қолжетімділік деңгейін арттыру арқылы одан әрі дамыту;
      7) орта мектептердің жоғары сыныптарының, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарының бірінші курс оқушыларына жастарда теріс пиғылды идеологияны тұрақты қажетсінбеуді қалыптастыруға бағытталған тақырыптық роликтер (фильмдер) көрсету тәжірибесін енгізу;
      8) жастар ортасында Қазақстан халқының дәстүрі мен мәдени мұрасына сәйкес сана қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі әлеуметтік жобаны іске асыру;
      9) жастарды негіз құрайтын моральдық-имандылық және мәдени құндылықтарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, өткізу;
      10) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау үшін елдің оқу орындарында балалардың, жасөспірімдер мен жастардың патриоттық қозғалыстарын ұйымдастыру;
      11) селолық округ деңгейіне дейінгі барлық ауылдық елді мекенде балалар мен жастардың тиісті мәдени, имандылық-рухани, патриоттық, дене дамуы мен тәрбиесі үшін жағдайлар жасау;
      12) діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды, соның ішінде құқыққа қайшы контентті анықтау жөніндегі қазіргі заманғы бағдарламаларды енгізу арқылы, баспа және электрондық БАҚ, соның ішінде Интернет-ресурстардың тұрақты мониторингін ұйымдастыру;
      13) діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен этносаралық және конфессияаралық келісім моделін көпшілікке тарату бойынша сарапшыларды, ғалымдар мен мемлекеттік органдар өкілдерін тарта отырып, семинарлар (тренингтер), дөңгелек үстелдер мен басқа да көпшілік іс-шаралар өткізу;
      14) Қазақстан үшін дәстүрлі рухани-имандылық құндылықтарды насихаттайтын отандық діни әдебиеттер мен ойын-сауық өнімдері топтамасының ауқымын шығару және қалыптастыру;
      15) БАҚ арқылы радикалдық идеологияның, соның ішінде шынайы діни канондарды қасақана бұрмалауға негізделген идеологияның теріс мәнін ашуға бағытталған материалдарды белсенді тарату;
      16) қазақстандық азаматтарды экстремистік және террористік әрекеттерге тартудың әдістері мен тәсілдерін әшкерелейтін ақпаратты тарату;
      17) қазақстандық азаматтарды олардың шетелде жүрген кезеңінде радикалдық көзқарастағы уағыздаушылардың насихаттық қызметінен оқшаулаудың тиімді шараларын тұжырымдау;
      18) діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан зардап шеккен немесе осы радикалдық идеологияның ықпалына түскен адамдарды арнайы оңалту орталығының тиімді жұмыс істеуі жолымен қол жеткізілетін болады.
      2. Діни экстремизм мен терроризм көріністерін анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыруға:
      1) қызметі Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген экстремистік және/немесе террористік ұйымдарды заңнамада белгіленген тәртіппен тану және қызметіне тыйым салу бойынша шаралар қолдану;
      2) мазмұнында экстремизм мен терроризмді насихаттау және ақтау белгілері анықталған бұқаралық ақпарат құралдары өнімдері мен өзге де ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасында таратуға заңнамада белгіленген тәртіппен тыйым салу бойынша шаралар қолдану;
      3) кадрлық әлеуетті күшейту, сондай-ақ кадрлық құрамның, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл субъектілерінің кәсіби біліктілік деңгейін арттыру;
      4) діни экстремистік және террористік әрекетті анықтау мен жолын кесу бойынша құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қазіргі заманғы технологиялар мен ғылыми-техникалық дамудың басқа да жетістіктерін енгізу;
      5) ел аумағына діни экстремистер мен террористердің еніп кетуінің алдын алу бойынша шекаралық және көші-қон бақылауын күшейту;
      6) қару, оқ-дәрі, жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар, соның ішінде қолдан жасалатын жарылғыш құрылғылардың құрауыштары ретінде пайдаланылатын материалдар айналымына бақылауды күшейту;
      7) экстремистік және террористік әрекетті іштен және сырттан қаржыландыру фактілерін анықтау мен жолын кесу кезінде уәкілетті, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл деңгейін арттыру;
      8) діни экстремистік және террористік идеологияның құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметін өткеретін әскери қызметшілер ортасына еніп кетуінің алдын алу;
      9) елді мекендерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің жекелеген тетіктерін, соның ішінде сыртқы бақылау камераларымен бақылау аймағын мақсатты ұлғайту және осы қызметке белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтарды тарту тәжірибесін кеңейту есебінен жетілдіру;
      10) қылмыстық элементтердің діни экстремистермен және террористермен, соның ішінде түзеу мекемелері жағдайында біте қайнасуына жол бермеу жөнінде тиімді шаралар тұжырымдап, іске асыру;
      11) практикалық қызметке діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың қазіргі заманғы әдістемелік, соның ішінде ғылыми-қолданбалы зерттеулер шеңберінде, негізін әзірлеп, енгізу;
      12) қазақстандық қоғамның ерекшеліктерін және ағымдағы діни ахуалды ескеріп, шетел мемлекеттерінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылының оң тәжірибесін практикаға енгізу жолымен қол жеткізілетін болады.
      3. Экстремистік және террористік әрекеттің салдарларын азайту және жою шаралары жүйесін жетілдіруге:
      1) терроризм актілерін жасау фактілеріне жедел ден қою деңгейін көтеру мақсатында кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын қазіргі заманғы техникалық құралдармен жарақтандыру;
      2) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары бөлімшелерінің күштері мен құралдарының дайындығын тұрақты командалық-штабтық, жедел-тактикалық, арнайы-тактикалық оқулар өткізу арқылы қамтамасыз ету;
      3) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары мен өзге де тәсілдер арқылы терроризм актісінің ықтимал қатері немесе оның жасалуы жағдайларында, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргізу жағдайларындағы өз-өзін ұстауы ережелері бойынша тәжірибелік ұсыныстарды тұрақты жеткізу;
      4) террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздік жүйелерін нығайту;
      5) терроризм актісі қатері туындаған немесе жасалуы кезде оның салдарларын азайтуға ықпал ететін өз-өзін ұстауы дағдыларын қалыптастыру үшін террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларымен және жедел қызметтер персоналымен семинарлар (тренингтер), соның ішінде оң шетелдік тәжірибе үлгісінде өткізу;
      6) қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға, ережелерге (талаптарға) террористік тұрғыдан осал объектілерді жобалау, салу және пайдалануға беру кезінде терроримзге қарсы қорғану жүйелерін енгізу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      7) терроризм актісі нәтижесінде зардап шеккен адамдарға келтірілген мүліктік залалды заңнамаға сәйкес өтеу, сондай-ақ әлеуметтік оңалту шараларын көрсету жолымен қол жеткізілетін болады.

6. Бағдарламаны іске асыру кезеңдері

      Бағдарлама 2013 жылдан бастап 2017 жылды қоса алғанда бір кезеңде іске асырылады.
      Бағдарламаны іске асыру тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған экстремизм мен терроризм қатерлерін алдын алу, жолын кесу, салдарын азайту және (немесе) жою жүйесін құрумен аяқталады.

7. Қажетті ресурстар

      Мемлекеттік бағдарламаны қабылдау мен іске асыруға байланысты болжанатын қаржылай шығындар.
      Мемлекеттік бағдарлама 5 жылға есептелген және қаржы бөлуді талап етеді.
      Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі:
      103 176 375,0 мың теңгені (2013 ж. - 16 186 913,0 мың теңге; 2014 ж. - 24 340 320,0 мың теңге; 2015 ж. - 26 324 818,0 мың теңге; 2016 ж. - 21 111 764,0 мың теңге; 2017 ж. - 15 212 561,0 мың теңге) құрайды,
      соның ішінде республикалық бюджеттің есебінен - 49 697 981,0 мың теңге (2013 ж. - 1 602 145,0 мың теңге; 2014 ж. - 13 153 665,0 мың теңге; 2015 ж. - 14 122 653,0 мың теңге; 2016 ж. - 12 700 817,0 мың теңге; 2017 ж. - 8 118 701,0 мың теңге);
      жергілікті бюджеттен - 53 478 393,1 мың теңге (2013 ж. - 14 584 767,5 мың теңге; 2014 ж. - 11 186 654,5 мың теңге; 2015 ж. - 12 202 164,5 мың теңге; 2016 ж. - 8 410 946,6 мың теңге; 2017 ж. - 7 093 860,0 мың теңге).
      Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландыру көлемі тиісті кезеңге бюджеттер қалыптастырылатын кезде нақтыланатын болады.