Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 257-ө бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 01 қазанда № 8750 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 78-бабының 3-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті (Қ.Ж. Үстеміров) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйырықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Н. Қаппаров

  Қазақстан Республикасы
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2013 жылғы 27 тамыздағы
№ 257-ө бұйрығымен
бекітілген

Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Орман кодексі 78-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары – артықшылығы бар ағаштардың гендік қорын сақтау және мұрагерлік қасиеттерін зерттеу мақсатында олардың вегетативтік ұрпағын пайдаланып алынатын екпелер;

      2) географиялық дақылдар – жаңа жағдайларда сынақтан өткiзу мақсатымен бiрнеше экотиптердiң (климатиптердiң) неғұрлым тән популяцияларының тұқымдық ұрығынан арнаулы әдiстемелер бойынша өсiрiлетiн тәжiрибелiк дақылдар;

      3) плантацияларды оқшаулау – орман тұқымы плантацияларының қажетсіз тозаңмен, ең алдымен табиғи екпелердің тозаңымен (фондық тозаң) тозаңдану процесіне жол бермейтін жағдайлар;

      4) климатип – белгілі бір климаттық жағдайлардың әсерімен қалыптасқан экотип;

      5) клон – вегетативтік көбейту жолымен бір бастапқы дарақтан немесе тұқымдардың апомиктикалық құрылымынан алынған және генотипі бірдей барлық ұрпақтардың жиынтығы (рамет);

      6) клондық микрокөбею – өсімдіктердің тканьдар дақылында вегетативтік көбею әдісі;

      7) клеткалар, тканьдар дақылы – клеткалар мен тканьдардың ағзадан тыс жерде, жасанды жолмен жасалған ортада өмір сүру нысаны;

      8) орман тұқымы плантациясы (бұдан әрі – ОТП) – берілген тұқым қуалаушылық қасиеттерi және себу сапасы жоғары сорттық, элиталық немесе будан тұқымдарын жүйелі түрде (ұзақ уақыт бойы) алуға арналған артықшылығы бар ағаштардың тұқымды, немесе вегетативтік ұрпағы болып табылатын өсімдіктердің арнаулы генетикалық схема бойынша отырғызылып, қолдан өсірілген екпесі;

      9) вегетативтік жолмен отырғызылған орман тұқымы плантациясы – вегетативтік жолмен алынған материалды пайдаланып отырғызылатын орман тұқымы плантациялары;

      10) екінші ұрпақтың (реттің) ОТП-сы – комбинациялық қабілеттілікке тексерілген бастапқы материалды пайдалану негізінде құрылатын ОТП. Бастапқы материалдың комбинациялық қабілеттілігі дегеніміз сол немесе басқа түрдің белгілі бір әріптесімен бақылай отырып будандастыру комбинациясынан алынған оның ұрпағында зерттеліп отырған нышанның асып түсу көлемі;

      11) клондық ОТП – артықшылығы бар немесе элиталық ағаштардың вегетативтік ұрпағын (клондарын) пайдаланып құрылатын ОТП;

      12) бірінші ұрпақтың (реттің) ОТП-сы – отырғызу кезінде бастапқы материал ретінде фенотиптік белгілері бойынша сұрыптап алынған аналықтар (артықшылығы бар ағаштар) пайдаланылатын ОТП;

      13) тұқым сеуіп өсірілген ОТП – отырғызу кезінде аналықтардың бақыланатын тозаңдануынан (сибстар) немесе еркін тозаңданудан (жартылай сибстар) алынған тұқымдар пайдаланылатын плантациялар;

      14) тұрақты орман тұқымы учаскесі (бұдан әрі – ТОТУ) – осы орман өсiру жағдайларында ұзақ уақыт бойы тұқым алуға арналған артықшылығы бар екпелерде, тұқым плантацияларында артықшылығы бар ағаштардан дайындалған тұқымдардан өсірілген, егiлген немесе отырғызылған көшеттерден жасалған жоғары өнімді табиғи түрдегі немесе орман дақылдары екпелерінің қалыптасқан учаскелері;

      15) селекциялық тұрғыдан жақсартылған материал (бұдан әрі – СЖМ) - тегі мен мұрагерлігі беймәлім, жақсартылған шаруашылық құнды ерекшеліктермен өзгешеленетін өсімдіктер жиынтығы;

      16) интродуценттер – өздерінің табиғи таралу аймағынан тыс жерлерде өсірілген өсімдіктер;

      17) жас сыныбы - сүрекдіңнің жас сыныбы - сүрекдiңдердiң жас құрылымын тұқымдысына қарай сипаттау үшiн қолданылатын жас аралығы;

      18) сүректің толымдылығы – дің диаметріне тепе-тең цилиндрдің биіктігі мен диаметрі бойынша бірдей үлкен цилиндрдің пішініне сүрек діңі пішінінің жақындау дәрежесі;

      19) флоралық аудан – эндемизм болмаған немесе ол тым шектеулі мөлшерде дамыған кезде флора құрамының кейбір өзгешелігімен сипатталатын аудандастырудың барынша аз мөлшерде басыбайлы бірлігі;

      20) бонитет - орман өнiмдiлiгiнiң көрсеткiшi. Өсiп-өну жағдайларына байланысты болады және басты тұқымды ағаштардың орташа биiктiгi мен орташа жасы бойынша айқындалады;

      3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде селекциялық-гендік маңызы бар объектілерді анықтау мен құруды осы салада кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі және кемінде 5 білікті орман шаруашылығы мамандары бар орман селекциясы мен тұқым шаруашылығы саласындағы мамандандырылған ұйымдармен жүзеге асырылады.

      4. Селекциялық-гендік маңызы бар объектілерді бөліп алу мен құруға арналған өлшемдер орман өсу аймағына, орман өсу жағдайларының тұрпатына, орман өсімдіктерінің жекелеген түрлерінің биологиялық ерекшеліктеріне, олардың жасына және жай-күйіне байланысты.

      5. Мыналар:

      1) артықшылығы бар ағаштар;

      2) артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары;

      3) географиялық дақылдар;

      4) таралымдар мен будандардың сынақ дақылдары;

      5) орман генетикалық резерваттары селекциялық-гендiк мақсаттағы объектiлер болып табылады.

2-тарау. Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді анықтау, жасау және пайдалану тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Параграф 1. Артықшылығы бар ағаштар

      6. Артықшылығы бар ағаштарды артықшылығы бар және қалыпты екпелерден бөлініп алынады. Ең алдымен артықшылығы бар екпелердегі артықшылығы бар ағаштар бөлініп алынады.

      7. Ағаштарының жасы бір сыныптан көп мөлшерде өзгешеленетін әртүрлі жастағы екпелерде артықшылығы бар ағаштарды таңдап алу әрбір жас тобы шегінде жеке-жеке жүргізіледі.

      8. Артықшылығы бар ағаштарды іріктеп алатын нышандар селекцияның түпкі мақсаттарымен айқындалады. Ормандардың шығымдылығы мен сапасын көтеру селекциясы кезінде артықшылығы бар екпелерде артықшылығы бар ағаштар санатына:

      1) діңінің түзулігімен;

      2) сүрекдіңінің толымдылығымен;

      3) діңдердің бұтақтардан жақсылап тазартылуымен;

      4) діңнің айыр секілді екіге бөлінбеуімен;

      5) ортаның жайсыз факторларына, зиянкестер мен ауруларға төзімділігімен ерекшеленетін ағаштар таңдап алынады.

      9. Құрамы жағынан таза бір жастағы аса толымды екпелерде артықшылығы бар ағаштар сүрекдіңнің орташа көрсеткіштері (тиісті фенологиялық нысан үшін) биіктігі бойынша 10 % және одан да көп, диаметрі бойынша - 30 % және одан да көп мөлшерде болып келеді.

      10. Біртіндеп және іріктеп кесу жүргізілген екпелерде артықшылығы бар ағаштар сүрекдіңнің орташа көрсеткіштерінен биіктігі жөнінен кемінде 8 %, диаметрі бойынша 20 % асып түседі.

Параграф 2. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаты

      11. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағатын олардың гендік қорын сақтау және мұрагерлік қасиеттерін зерттеу мақсатында артықшылығы бар ағаштардың вегетативтік ұрпағын пайдалану жолымен құрылады.

      12. Селекция мақсаттарын басшылыққа ала отырып, артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарын құру кезінде бір немесе бірнеше рет селекцияланатын (бөліп алынатын) белгілері бойынша іріктеп алынған артықшылығы бар ағаштардың ұрпақтары топтастырылады.

      13. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарында осы орман тұқымы ауданының бір немесе бірнеше таралымдарының артықшылығы бар ағаштарының ұрпақтары шоғырландырылады. Сонымен қатар клондардың мұрағаттары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының 2012 жылғы 19 наурыздағы № 25-02-02/110 бұйрығымен бекітілген (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 7581 тіркелген) орман тұқымын аудандастыруға сәйкес көршілес орман тұқымы аудандарының артықшылығы бар ағаштарының ұрпақтарынан құрылады, ал интродуценттер үшін - көршілес орман өсiру немесе флоралық аудандар пайдаланылады.

      Бұл жеміс беруін күшейтуге және тұқымдардың пісуін жақсартуға жәрдемдесетін болса, орман тұқымын аудандастыруды кеңейту мақсатында табиғи таралу аймағынан тыс жерлерде ОТП құру үшін клондардың (тұқымдастардың) орнын ауыстыру жүзеге асырылады. Осындай ОТП-лар тұқымдары бастапқы артықшылығы бар ағаштар өскен аудан үшін орман тұқымдарын аудандастыруға сәйкес пайдаланылады.

      Тау жағдайларында артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарын биіктік белдеулері немесе таралымдар бойынша отырғызылады. Клондар мұрағаттарын артықшылығы бар ағаштар өсетін жерлермен салыстырғанда аласалау жерлерде, клондардың (тұқымдастардың) географиялық, биіктік және орман типологиялық орын ауыстырулары шектерінде жүзеге асырылады.

      14. Артықшылығы бар ағаштар клондарының (тұқымдастарының) мұрағаттары тұқымдық ұрпақта табиғи таралымдардың гендік-типтік әртүрлілігін сақтауды, түр ішіндегі будандастыруды барынша азайтуды және селекцияланатын (бөліп алынатын) белгілердің барынша кеңінен байқалуын қамтамасыз етеді. Бұл үшін артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарында кемінде 20-25 артықшылығы бар ағаштардың ұрпағы болады. Клондар мұрағаттарын бірнеше вегетациялық кезеңдер бойы блоктармен (танаптармен) құру кезінде артықшылығы бар ағаштар ұрпақтарының көрсетілген мөлшері үштен аспайтын іргелес блоктарда (танаптарда) көрініс табады.

      Клондар санын іріктеп алынған артықшылығы бар ағаштардың мөлшерімен шектелген шекке дейін қысқарту тән комбинациялық қабілетке ие артықшылығы бар ағаштар өкілдерінен клондар мұрағаттарын құру кезінде, сондай-ақ арнайы шаруашылық мақсаттағы екпелер өсіру үшін жүргізіледі.

      15. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарында артықшылығы бар ағаштар ұрпағын өздігінен тозаңдануды шектеу мақсатында бір клон (тұқымдас) өсімдіктерінің кеңістікте оқшаулануын қамтамасыз ететін жүйелі түрде (үнемі) қайталанып отыру немесе рендомизирленген (кездейсоқ) орын ауыстыру принциптеріне негізделген ерекше сызбалар бойынша орналастырады.

      Бірінші жағдайда белгілі бір артықшылығы бар ағаштың ұрпағы болып табылатын өсімдіктерді бір бірінен кемінде 30 м қашықтықта немесе басқа клондардың (тұқымдастардың) барлық бағыттағы 3 өсімдігінен кейін орналастырады. Отырғызу (себу) аяқталғаннан кейін клон мұрағатының әрбір блогына (танабына) клондардың нақты орналасу сызбасы жасалады.

      16. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарын құру үшін орман өсу жағдайлары бойынша шығымдылығы бонитеттің 1-2-ші сыныптарынан төмен болмайтын, машиналар мен механизмдерді пайдалануға оңай және кірме жолдары бар айтарлықтай тегіс рельефті жерлерде орналасқан орман өсімдіктерінің нақты түрлерін өсірудің орман шаруашылығы-биологиялық талаптарға сәйкес келетін орман қоры учаскелері таңдап алынады.

      Осы учаскелерде топографиялық-геодезиялық жұмыстар кешені, орман патологиялық, топырақты зерттеу мен топыраққа агрохимиялық талдау жүргізіледі.

      17. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарын құру кезінде қажетсіз тозаңның келуін шектеу үшін клон мұрағатын құруға арналған учаскені басқа түрлер екпелерінің арасына орналастырылады, әйтпесе оның периметрі бойынша басқа түрлердің шапшаң өсетін жиі діңді ағаштарының 5-10 қатарынан тұратын сүзгіш қорғаныштық жолақтар құрылады.

      18. Алаңды әзірлеу және топырақты өңдеу тәсілін таңдау орман өсу жағдайларының кешенімен айқындалады. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарын тұтас өңделген алаңда отырғызылады. Топырақты тұтас өңдеу белгілі бір себептермен мүмкін немесе қажет болмайтын учаскелерде оны өңдеуді жолақтармен немесе алаңшалармен жүргізіледі.

      19. Клондар мұрағаттарын құрудың негізгі тәсілі тамыр жүйесі жабық жерсіндірілген көшеттерді отырғызу болып табылады. Көшеттер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/897 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 12249 болып тіркелген) бекітілген Ормандарды молықтыру мен орман өсіру үшін тұқымдар мен отырғызу материалын пайдалану, олардың орнын ауыстыру қағидаларында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сондай-ақ клондар мұрағаттарын құру арнайы өсірілген телінген дақылдарға шыбықшалар ұластыру арқылы немесе тұқымдармен жүргізіледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.12.2015 № 19-1/1124 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Телінген дақылдарды шыбықтар (көшеттер) отырғызу немесе тұқымдар (ірі жемісті түрлер, сексеуіл) себу арқылы құрылады. Телінген дақылдар өсіру үшін орман тұқымы ауданы шегінде артықшылығы бар ағаштардан дайындалған өскін сияқты сол түрдің және фенологиялық нысанның жақсартылған тұқымдары пайдаланылады.

      21. Клондар мұрағаттарын құру орындарында аналық плантациялар отырғызылады. Аналық плантацияларды құру клондар мұрағаттарының алғашқы танаптарын (блоктарын) отырғызумен бір мезгілде немесе ол басталмас бұрын басталады.

      Аналық плантацияның көлемін және оны пайдалану мерзімін шыбықтар қажеттілігін және артықшылығы бар ағаштардың керек мөлшерін басшылыққа ала отырып айқындалады. Аналық-шыбықтар плантациясында клондардың араласып кетуі шыбықтарды тұқымдастары бойынша дайындауды қиындататынын ескере отырып, клондарды орналастыруды жекелеген қатарларда немесе тұқымдастар блоктарында шоғырландыру керек. Отырғызу аяқталғаннан кейін әрбір аналық плантацияға клондардың нақты орналасу сызбасы жасалады. Оларда көшеттерді дайындау ағаштардың төрт-бес жас мөлшерінде басталады.

      22. Клондар мұрағаттарын отырғызу кезінде қатарлар мен қатараралықтардағы өсімдіктер арасындағы, алаңшалар орталықтары арасындағы қашықтық аналық өнімді (репродуктивті) қабаттың барынша жақсы дамуын, жерге және ағаштарға күтім жасау, бүрлер (жемістер, тұқымдар) дайындау кезінде машиналар мен механизмдердің емін-еркін жүріп тұруы қамтамасыз етіледі. Орман өсу жағдайларына, орман өсімдіктерінің биологиялық ерекшеліктеріне және таңдап алынған отырғызу тәсіліне байланысты қатарлардағы ағаш отырғызу орындары арасындағы қашықтық 3-8 метр, қатараралықтарда –3-10 мертге дейін болады. Клондар мұрағатының бір учаскесінде бір артықшылығы бар ағаштың 48, екі учаскесінде - 96 телінген шыбықтары отырғызылады.

      23. Клондар мұрағаттары үшін неғұрлым бағалы элиталық ағаштарды таңдап алуды клондардың селекцияланатын (бөліп алынатын) белгілері бойынша комбинациялық қабілеті мен репродуктивті қабілетін қамтитын тұқымдық және вегетативтік ұрпақтарын кешенді бағалау нәтижелері бойынша жүргізіледі.

      24. Мұрағаттар құру кезінде мұрағатты өсімдіктердің жаңа даналарымен жүйелі түрде толықтырып отыру мақсатында резервтік алаң көзделеді.

Параграф 3. Географиялық дақылдар

      25. Географиялық дақылдар отырғызу кезінде:

      1) тәжірибені үш мәрте қайталау көзделеді, ал әрбір климатип учаскесінің мөлшері кемінде 100 ағашты толысу жасына өсіру қамтамасыз етіледі;

      2) тұқымдар дайындау бекеттері бүкіл табиғи таралу аймағы немесе оның бір бөлігі шегінде орман өсімдіктерінің осы түрінің орманда өсу және биологиялық қасиеттерінің құбылмалылығын, ал дақылдар отырғызу бекеттері - ол болжамды өсіру аудандардағы орман өсіру жағдайларының құбылмалылығын көрсету ескеріледі. Географиялық дақылдар алу үшін тұқымдар әрбір климатиптің неғұрлым кең таралған орман түрінің пісіп жетілген және өсiп-жетiлiп қалған екпелерінде дайындалады. Бақылау ретінде жергілікті климатиптің тұқымдары пайдаланылады.

      26. Климатиптерді (эдафотиптерді) бастапқы гендік бағалауды олар екінші сыныптағы жасқа жеткенде, ал түпкілікті бағалауды - пісу жасына жеткенде географиялық (таралымдық-экологиялық) дақылдарды зерттеу нәтижелерін талдау негізінде жүргізіледі.

      27. Географиялық (таралымдық-экологиялық) дақылдарды зерттеуді олардың аман сақталу көрсеткіштері, биіктеп өсу шапшаңдығы бойынша және діңінің диаметрі, көлемі және сапасы, сүрек қоры, ортаның жайсыз факторларына, саңырауқұлақ, бактериялық, ісік, тамыр, шірік ауруларына, төзімділігі, сондай-ақ орман зиянкестерінің бүлдіруі бойынша жүргізіледі.

Параграф 4. Таралымдар мен будандардың сынақ ағаштары

      28. Артықшылығы бар екпелерді, клондарды, бірінші реттегі тұқымдас ОТП-лар мен ТОТУ-ларды ұрпағы бойынша генетикалық бағалау үшін сынақ ағаштарын артықшылығы бар ағаштар іріктеп алынатын белгілері бойынша таңдап алынады. Сынақ ағаштарын құру кезінде әрбір учаскеде бір тұқымдастың (артықшылығы бар ағаштың тұқымдастық ұрпағы) кемінде 300 өсімдігі отырғызылады.

      29. Вегетативтік ОТП-да бар клондардан еркін тозаңданудан тұқымдарды әр клоннан бөлек те және жалпы барлық клондардан да дайындалады. Бөлек дайындау кезінде ОТП-ны гендік бағалауды онда өсіп тұрған артықшылығы бар ағаштарға гендік баға берумен бір мезгілде жүргізіледі. Бұл жағдайда ОТП-ның гендік құндылығы жекелеген клондар ұрпақтарының селекцияланатын (бөліп алынатын) белгісі бойынша бақылаудан асып түсуінің орташа алынған көлемі ретінде айқындалады.

      30. Тұрақты орман тұқымы базасының объектілерін ұрпағы бойынша гендік бағалау үшін үш генерациядан алынған орман ағаштары пайдаланылады.

      31. ОТП-ны гендік бағалау мақсатында сынақ ағаштарын құру үшін тұқымдар қоспаларын дайындау кезінде әрбір клоннан (тұқымдастан) тұқымдар үлесі - олардың ОТП-дағы өкілдігіне барабар болуға тиіс.

      32. Артықшылығы бар екпені гендік бағалау мақсатында сынақ ағаштарын құру үшін тұқымдар қоспасын дайындау ТОТУ-да оларда кездейсоқ таңдап алынған кемінде елу ағашта жүргізіледі.

      33. Артықшылығы бар екпелердің сынақ ағаштарын отырғызу кезінде ТОТУ мен ОТП бір өнімнің тұқымдары пайдаланылады.

      34. Артықшылығы бар екпелерді ұрпағы бойынша бағалау үшін сынақ ағаштарында бақылау ретінде ТОТУ мен ОТП, сол эдафотиптің, сол фенологиялық нысанның жергілікті таралымы тұқымының қоспасынан өсірілген көшеттік материал пайдаланылады.

      35. Артықшылығы бар екпелерді алдын ала гендік бағалауды ТОТУ мен ОТП олардың тұқымдық ұрпақтары 2 сыныптағы жасқа жеткен кезде жүзеге асырады. Түпкілікті бағалау нақты орман өсу аймағында өсімдіктің осы түрі үшін қабылданған пісіп-жетілу жасына жеткен кезде жүргізіледі.

Параграф 5. Орман гендік резерваттары

      36. Орман гендік резерваттары ормандардың шығымдылығын арттыру үшін жоғары сапалы гендік материал алу мақсатында бөліп алынады. Орман гендік резерваттарын ұйымдастыру әрбір орман тұқымы ауданы ормандарының типологиялық әртүрлілігін сақтауды ескере отырып жүргізіледі.

      37. Ең алдымен орман гендік резерваттар құнды гендік-типтік әлеуеті бар түрлер барынша көп өсетін аймақта, сондай-ақ адамның шаруашылық қызметінің немесе табиғат жағдайларының жайсыз өзгеруі салдарынан құнды түрлердің, қосымша түрлердің, нысандар мен таралымдардың бүліну немесе құрып кету қауіпі төнген аудандарда бөлініп алынады.

      38. Орман гендік резерваттары табиғи жолмен тұқымнан өскен немесе жергілікті тұқымдардан жасанды жолмен алынған артықшылығы бар және қалыпты екпелерден бөлініп алынады.

      Шағын орманды аудандарда, сондай-ақ көктерек және қара қандыағаш сияқты тұқымдылар үшін резерваттарды бөліп алу тұқымнан да, өскіннен де өсіп-өнген шығымдылығы жоғары және сау екпелерден жүргізіледі.

      39. Орман гендік резерваттарға ең алдымен жақсы бейімделе қоймаған генотиптер жойылып кетіп, сүрекдің шығымдылығының тән деңгейі қалыптасқан пісіп жетілген және өсіп-өніп қалған екпелер енгізіледі. Бөліп алуға жарамды пісіп жетілген және өсіп-өніп қалған екпелер болмаған жағдайда гендік резерваттар құрамына орта жастағы екпелер енгізіледі.

      40. Орман гендік резерваттары осы орман тұқымы ауданында өсетін екпелердің сипатына байланысты бір, екі және одан да көп ағаш тұқымдысына құрылады.

      41. Шығу тегі белгісіз тұқымдардан, көшеттерден және шыбықтардан өсірілген орман ағаштары орман гендік резерваттарының құрамына енгізілмейді.

      42. Орман гендік резерваттардың мөлшері таралымның осы бөлігінің генотиптік құрамын айтарлықтай толық көрсететін және оны осы күйінде ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік беретін орман учаскесін бөлу қажеттілігін ескере отырып айқындалады.

      43. Белгілі бір тұқымдының гендік резерваттарының мөлшері түрдің таралу аймағының мөлшері мен полиморфизмін, оның шаруашылық маңызын, шығымдылығы жоғары сүрекдіңдердің болуын және басқа да факторларды басшылыққа ала отырып айқындалады. Гендік резерваттарды бөліп алу кезінде әрбір орман тұқымы ауданында олардың ең аз саны үшеуден кем болмауы тиіс.

6-параграф. Селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді пайдалану тәртібі

      Ескерту. 2-тарау 6-параграфпен толықтырылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.01.2018 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      44. Қажет болған жағдайда артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттары сынақ орман дақылдарын отырғызу, сондай-ақ ОТП отырғызу үшін қалемшелердің шағын партияларын дайындау мақсатында бақыланатын тозаңдандырудан орман өсімдіктерінің тұқымдарын алу үшін пайдаланылады.

      45. Артықшылығы бар ағаштар клондарының мұрағаттарында сынақ орман дақылдарында нашар дамыған клондар, зиянкестер мен аурулар зақымдаған жекелеген гүлдемейтін және жеміс бермейтін фенотиптер алып тасталады. Перспективалы емес клондарды алуды қыс кезінде ағаштар ұшарбасының жанасуы басталғанға дейін жүргізіледі.

      46. Орман генетикалық резерваттарында ғылыми ұсынымдар негізінде гендік қорды таза ұстауды және оны сақтауды көздейтін іс-шаралар жүргізіледі.

      47. Мемлекеттік орман қоры аумағында селекциялық-генетикалық мақсаттағы объектілерді пайдалану кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12351 болып тіркелген) бекітілген Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 17 қарашадағы № 18-02/1003 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12394 болып тіркелген) бекітілген Ормандардағы санитариялық қағидаларды сақтау қамтамасыз етіледі.