Қаржылық ұйымдарға қатысты бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) төрағасының 2013 жылғы 31 мамырдағы № 148-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 02 шілдеде № 8542 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 62 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.01.2015 № 62 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабы 14) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қаржылық ұйымдарға қатысты бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) (бұдан әрі - Агенттік) Әкімшілік департаменті (Қ.М. Қалдықараев) осы бұйрықты Агенттіктің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің назарына жеткізсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттіктің жауапты хатшысы Н.Ә. Әбдіге жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                         Б. Қуандықов

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ұлттық Банкінің төрағасы
      ___________ Г. Марченко
      2013 жылғы 31 мамыр

Қазақстан Республикасы    
Бәсекелестікті қорғау агенттігі
(Монополияға қарсы агенттік) 
төрағасының         
2013 жылғы 31 мамырдағы    
№ 148-НҚ бұйрығымен      
бекітілген          

Қаржылық ұйымдарға қатысты бәсекелес ортаның жай-күйіне
талдау және бағалау жүргізу әдістемесі

1. Жалпы ережелер

      1. Қаржылық ұйымдарға қатысты бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабының 14) тармақшасында көзделген негізгі ережелерді іске асыру мақсатында әзірленді, қаржы ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері (бұдан әрі – Қаржы қызметтері) нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу рәсімін айқындайды және мынадай:
      1) осы нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйін (экономикалық шоғырлануды) айқындау мақсатында қаржы қызметтері нарығына талдау жүргізу және Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі - Тізілім) қалыптастыру кезінде;
      2) экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылау кезінде;
      3) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерін мәжбүрлеп бөлу (бөліп шығару) туралы сотқа жүгінген кезде жағдайда қолданылады.
      2. Осы Әдістемеде «Бәсекелестік туралы» және «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының тиісті заңнамалық актілерінде айқындалған ұғымдар пайдаланылады.
      3. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) қаржы қызметтерінің бірін-бірі алмастыру критерийлерін айқындау;
      2) қаржы қызметтері нарығының шекараларын айқындау;
      3) қаржы қызметтері нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау;
      4) қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау;
      5) қаржы қызметтері нарығының көлемі мен нарық субъектілерінің үлесін есептеу;
      6) қаржы қызметтері нарығының шоғырлану деңгейін айқындау;
      7) қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарын айқындау;
      8) қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін бағалау;
      9) қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдау және бағалау нәтижелері бойынша талдамалық есепті жасау.
      4. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін талдау және бағалау кезінде бастапқы ақпарат ретінде мыналар қолданылуы мүмкін:
      1) нарық субъектілерінің қызметін сипаттайтын мемлекеттік статистикалық есептіліктің деректері;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның аумақтық органдарынан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен алынған мәліметтер;
      3) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі мен оның аумақтық органдарынан алынған мәліметтер;
      4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік әділет органдары мен оның аумақтық органдарынан алынған мәліметтер;
      5) монополияға қарсы органның Заңда белгіленген тәртіппен қаржы қызметтерінің көлемі туралы қаржы нарығы субъектілерінен алған мәліметтері;
      6) қаржы ұйымдарының Заңға сәйкес ұсынған бухгалтерлік және өзге де есептіліктерінің деректері.

2. Қаржы қызметтерінің бірін-бірі алмастыру критерийлерін айқындау

      5. Нақ сол бір нарықта көрсетілетін, алмастырушысы немесе бірін-бірі алмастыратын қызметтері жоқ қаржы қызметінің бірін-бірі алмасымдылығының критерийлерін айқындау рәсімі мыналарды қамтиды:
      1) қаржы қызметін алдын ала айқындау;
      2) тұтынушының таңдауын айқындайтын қаржы қызметінің тұтынушылық қасиеттерін және осы қаржы қызметі үшін әлеуетті бірін-бірі алмастыратын болып табылатын қызметтерді айқындау;
      3) бірін-бірі алмастыратын қызметтерді айқындау.
      6. Қаржы қызметін алдын ала айқындау мыналардың:
      1) қаралатын қаржы қызметі оның мәні болып табылатын қаржы қызметін көрсету шарттарының;
      2) лицензия беру туралы шешімнің; лицензияның болуын растайтын құжаттардың;
      3) тиісті қызметті реттейтін нормативтік құқықтық актілердің;
      4) өнімнің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің экономикалық қызмет түрлерінің қазақстандық жіктеуіштерінің;
      5) қаржы сөздіктерінің және осы бағытқа сәйкес келетін өзге де анықтамалық әдебиеттің;
      6) қаржы ұйымдарының қауымдастықтары (қоғамдық бірлестіктері) қорытындыларының негізінде жүргізілуі мүмкін.
      7. Тұтынушының таңдауын айқындайтын қаржы қызметінің тұтынушылық қасиетін анықтау кезінде мыналар талданады:
      1) функционалдық міндеті, оның ішінде қаржы қызметін тұтынудың мақсаты және оның негізгі тұтынушылық қасиеттері;
      2) алынған қаржы қызметін қолдану (оның ішінде қайта сату немесе жеке тұтыну не кәсіби пайдалану);
      3) қаржы қызметін көрсету жүйесіндегі сапалық ерекшеліктер;
      4) қаржы қызметін жеткізудің шарттары;
      5) қаржы қызметінің бағасы (сыйақының тиімді ставкасы, тариф, комиссия);
      6) қаржы қызметтерін өткізудің шарттары мен тәсілдері.
      Тұтынушының таңдауын айқындайтын қаржы қызметінің тұтынушылық қасиетінің құрамы және қаржы қызметінің сипаттамасын бөлудің қажетті дәрежесі жүргізілетін зерттеудің мақсатына, сондай-ақ талданатын нарықтың ерекшелігіне байланысты болады.
      8. Осы қаржы қызметі үшін әлеуетті бірін-бірі алмастыратын болып табылатын қызметтерді айқындау мыналар:
      1) сарапшылар қорытындыларын пайдалану;
      2) қаралатын қаржы қызметімен бірге экономикалық қызмет түрінің қазақстандық жіктеуішінің бір жіктеуіш тобына кіретін қызметтердің елеулі қасиеттері бойынша салыстырылатын талдау арқылы жүзеге асырылады.
      Осы қызметке тиісті дәл жіктеуіш ұстанымын белгілеу мүмкін болмаған жағдайда, жіктеуіш ұстанымдарының тобы қарастырылады.
      9. Бірін-бірі алмастыратын қаржы қызметтерін айқындау олардың функционалдық міндетін, қолдануды, сапалық сипаттамаларын, бағасын және басқа да өлшемдерін ескере отырып, тұтынушының қызметтерді нақты ауыстыруына немесе тұтынушының тұтыну үдерісінде бір қаржы қызметтерін басқасымен алмастыруға әзірлігіне негізделеді.
      Егер тұтыну үдерісінде қаржы қызметін басқа да қызметтермен ауыстыру үшін тұтынушының елеулі шығындары (қызмет бағасының 10 пайызынан асатын) болса, онда мұндай қызметтер бірін-бірі алмастыратын түрге жатқызылмауға тиіс.
      10. Бірін-бірі алмастыратын қаржы қызметтерін айқындау кезінде тұтынушылардың түрлі топтары пікірлерінің сәйкес келмеуі ескеріледі.
      Тұтынушылардың топтары мыналар:
      1) қаржы ұйымдары клиенттерінің құрамы бойынша;
      2) қаржы қызметін алу орны бойынша;
      3) қаржы қызметіне қойылатын талаптар бойынша бөлінеді.
      11. Қаржы қызметтері нарығын бақылау және нәтижелерінің негізінде шекаралар айқындалатын экономикалық - статистикалық есептеулер мыналарды:
      1) «гипотетикалық монополистің тесті» рәсімін;
      2) баға белгілеу және бағалар серпінін талдауды, қаралатын қызметке бағалардың өзгеруі кезінде сұраныс көлемінің өзгеруін қамтиды.
      12. «Гипотетикалық монополистің тестін» өткізу кезінде (қаржы қызметтері нарығының шекараларын анықтау үшін) қаралатын қаржы қызметіне азғана, бірақ елеулі және ұзақ уақыт бағаның артуының болуы болжанады. Зерделеудің уақыт аралығы бойына одан әрі сақталатын, бәсекенің өзге тең шарттарында (бұл ретте инфляцияның әсері алынып тасталуы тиіс) бағаның 5-10 пайызға артуы осындай деп танылады.
      Мыналар айқындалады:
      1) көрсетілген бағаның өсу нәтижесінде тұтынушы (тұтынушылар) қаралатын қаржы қызметін басқа қызметтермен алмастыра ма (алмастыруға дайын ба);
      2) мұндай бағаны арттыруды қаржы ұйымдары мен тұтынушы (тұтынушылар) үшін тиімсіз ететін, қызметтер көрсету көлемінің азаюы болып жатыр ма (болады ма).
      Егер көрсетілген шарттар орындалса, онда қаралатын қаржы қызметіне қасиеттері бойынша неғұрлым жақын болып табылатын қаржы қызметтерін бірін-бірі алмастыратын тауарлар тобының құрамына енгізу қажет.
      Көрсетілген рәсім оларға баға жеткізуші үшін пайда шегерілмей 5-10 пайызға артуы мүмкін қызметтер тобы анықталғанға дейін жүзеге асырылады. Мұндай топқа кіретін қаржы қызметтері бірін-бірі алмастыратын қызметтер деп танылады.
      «Гипотетикалық монополистің тестін» бірін-бірі алмастыратын қызметтер тобы ретінде жүргізген кезде осы үшін қаржы ұйымы көрсетілген бағаны арттыруды жүзеге асыра алатын қызметтердің ең кіші жиынтығын қарастыру қажет.
      13. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне перспективалық талдау және бағалау жүргізу кезінде зерттеу жүргізу сәтіне қалыптасқан нарықтық бағалар қолданылуы мүмкін.
      14. Нарықты сұраныс тарапынан зерделеу нақты қаржы ұйымының клиенттер тобын - қаржы қызметтерін тұтынушыларды айқындауды қамтиды.
      Нарықты ұсыныс тарапынан зерделеу талданатын нарық шекараларында қызметтер көрсететін бәсекелестерді - қаржы ұйымдарын айқындауды қамтиды.
      Белгілі бір бірін-бірі алмастыратын қаржы қызметтерін нақтылау мақсатында қаржы ұйымдарының клиенттері мен бәсекелестеріне (іріктеп және (немесе) жаппай) сауал жүргізу, сондай-ақ сарапшыларды тарту жүргізілуі мүмкін. Алайда, осы сауалдар клиенттер мен бәсекелестердің қаржы қызметіне субъективтік талаптарының әртүрлілігін көрсетуі және қаржы қызметін шектен тыс сегменттеуге әкелуі мүмкін екендігін ескере отырып, қаржы қызметтері нарығының тауар шекаралары туралы түпкілікті шешім (сегменттеу және агрегаттау дәрежесі) нарық талдауын салалық реттеуішпен келісе отырып жүргізетін монополияға қарсы органның шешіміне қалдырылады.
      15. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау мен бағалау жүргізу кезінде тиісті қаржы қызметтері нарығына операцияларды жүзеге асыратын қаржы ұйымдарының қызметтері ескеріледі.

3. Қаржы қызметтері нарығының географиялық шекараларын айқындау

      16. Қаржы қызметтері нарығының шекаралары, егер оны осы аумақтан тысқары жерлерде сатып алу экономикалық, технологиялық және басқа да себептер бойынша орынсыз болса, тұтынушылар қаржы қызметін немесе бiрiн-бiрi алмастыратын қызметтерді сатып алатын аумақты айқындайды.
      17. Қаржы қызметтеріне талдау жүргізу кезінде нарық шекаралары болып Қазақстан Республикасының аумағы айқындалады.
      18. Қаржы қызметтері нарығының шекаралары қаржы қызметтерін сатып алудың қолжетімділігі ескеріле отырып, мынадай:
      1) тиісті аумақта қаржы қызметін сатып алудың мүмкіндігі;
      2) қаржы қызметінің құнына қатысты шығындардың негізділігі мен өзін ақтайтындығы;
      3) осы қызметті көрсету/алу кезінде қаржы қызметінің тұтынушылық қасиеттері мен шарттарының сақталуы;
      4) қаржы қызметін өткізу жүзеге асырылатын аумақта бәсекелестікке тең жағдайдың болуы критерийлері бойынша айқындалады.
      19. Қаржы қызметтерінің шекараларын айқындау кезінде оларды қызмет түрлеріне байланысты бөлу қажет.
      20. Бұл ретте қаржы қызметтері нарығы мынадай негізгі секторларға бөлінеді:
      1) екінші деңгейдегі банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар көрсететін қаржы қызметтері нарығы;
      2) сақтандыру ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері нарығы;
      3) бағалы қағаздар нарығында қаржы ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері нарығы.

4. Қаржы қызметтері нарығын зерттеудің уақыт аралығын айқындау

      21. Қаржы қызметтері нарығын зерттеудің уақыт аралығы зерттеу мақсатына, нарықтың ерекшеліктеріне және ақпараттың қолжетімділігіне байланысты айқындалады.
      22. Қаржы қызметтері нарығын зерделеу кезінде қаржы қызметтері нарығында монополияға қарсы заңнаманың және бәсекелестікті қорғау туралы өзге де құқықтық актілердің бұзылуына байланысты, өтініште мазмұндалған, немесе осындай бұзушылық туралы өтінішті алу күніне оқиғаның (фактінің) алдындағы кезеңді айқындау ұсынылады.
      Қаржы қызметтері нарығының сипаттамалары айқындалатын уақыттың бөлігі ретінде күнтізбелік жыл қабылдануы мүмкін. Өзге де уақыт аралықтарын таңдау мүмкіндігіне жол беріледі.
      Қаржы қызметтері нарығының факт бойынша барлық сипаттамалары бір уақыт аралығы үшін айқындалады. Қаржы қызметтері нарығының даму перспективаларын зерделеуде барлық сипаттамалар алдағы бір уақыт аралығы үшін дәл осылай айқындалады.
      Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін сипаттайтын көрсеткіштерді есептеу кезінде нақты уақыт аралығына қатысты деректер пайдалануға тиіс. Уақыт аралығын таңдау зерттеу мақсатына, зерделенетін қаржы қызметтері нарығының тұрақтылығына, бастапқы деректердің болуына және басқа факторларға байланысты болады.
      23. Осы Әдістеменің 1-тармағының 2)3) тармақшалары бойынша қаралатын тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын іс-әрекеттер жасалғаннан кейінгі бәсекелес ортаның жай-күйін ескеруі тиіс перспективалық талдау жүргізіледі.
      24. Егер тұтынушылар уақыттың бір кезеңінде сатып алынатын қаржы қызметін тұтынуда уақыттың басқа кезеңінде сатып алынатын сол қызметпен ауыстырмаса және ауыстыруға дайын болмаса, онда уақыт аралығын таңдау кезінде нарық сипаттамасының осы таңдауына себеп болатын, оның ішінде:
      1) жыл ішінде қаржы қызметтерін көрсетудің маусымдылығы;
      2) жыл ішінде қаржы қызметтерін көрсетудің тұрақтылығы;
      3) ең үлкен және ең кіші сұраныс кезеңдері мен шарттары (оның ішінде қысқа мерзімді), осы кезеңде тұтынушылар саны арасындағы арақатынас;
      4) тұтынушылардың түрлі уақыт кезеңдерінде әртүрлі бағалар белгілеу мүмкіндігі;
      5) келісімшарттардың жарамдылық мерзімдері;
      6) нарықта қаржы қызметінің пайда болу уақыты ескеріледі.
      25. Қаржы қызметтері нарығының барлық сипаттамалары белгіленген уақыт аралығының шегінде айқындалады.
      Қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау.
      26. Қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамына оның шекараларында белгілі уақыт аралығы шеңберінде қызмет көрсететін барлық нарық субъектілері енгізіледі.
      27. Қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін және тұлғалар тобын құрайтын нарық субъектілері бір нарық субъектісі ретінде қаралады.
      28. Зерттеудің уақыт аралығын анықтау кезінде, бірін-бірі алмастыру критерийлерін анықтау кезінде және қаржы қызметтері нарығының шекараларын анықтау кезінде алынған ақпараттың негізінде мыналарды:
      1) толық атауын (ұйымдық-құқықтық нысанын көрсете отырып);
      2) мекен-жайын (орналасқан орнын);
      3) тұлғалар тобына тиесілігін;
      4) осы қызметті тұтынушылар немесе тауар шекаралары деректерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, қаралатын тауар нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілері айқындалады.
      29. Қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын айқындау кезінде қаралатын нарықта жұмыс істейтін жеткізушілерден қызметті сатып алатын тұтынушылар тобының құрамы (саны) нақтылануы мүмкін.
      Егер қаржы қызметтері нарығында негізгі тұтынушылардың азғана саны (15-тен кем) жұмыс істейтін болса, онда тұтынушылардың қызметтерді негізгі жеткізушілермен бір тұлғалар тобына кіретіні айқындалады.
      30. Егер қаржы нарығының субъектісі қаржы нарығында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірнеше лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асырса, онда қаржы қызметтері нарығын талдау кезінде ол ең алдымен негізгі қызмет көрсетілетін сектор субъектісі (банк, сақтандыру, бағалы қағаздар) ретінде қаралады.
      Бұл ретте, егер түрлі сектор субъектілері нақ сол бір қызмет түрін, мысалы банктер мен банк болып табылмайтын брокерлер және (немесе) дилерлер бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асырса, тиісті қызметтер нарығы жекелеген қаржы қызметтері нарықтары ретінде қаралады, тиісінше бір қаржы қызметтері нарығындағы көрсеткіштер (көлем және бағалар және т.б.) басқа қаржы қызметтері нарығын талдау кезінде ескерілмейді.
      31. Қаржы қызметтері нарығының құрылымы мен қаржы ұйымдары клиенттерінің құрамы қаржы қызметтері нарығының анықталған шекаралары шеңберінде айқындалады.
      Қаржы қызметтері нарығының құрылымын айқындау үшін олардың қызмет түріне байланысты қаржы ұйымдарының саны мен құрамы анықталады.
      Қаржы қызметтері нарығында, оның ішінде өз филиалдары арқылы қызметтер көрсететін қаржы ұйымдары анықталады.
      Қажеттілік құрылымын саралаудың негізінде қызметті нақты қаржы ұйымынан сатып алатын клиенттердің (тұтынушылардың) негізгі топтары айқындалады.
      Егер зерттеу міндетіне қаржы қызметтері нарығының даму перспективаларын айқындау кіретін болса, қаржы ұйымдарының саны мен құрамының және олардың клиенттерінің ықтимал өзгеруін ескеру қажет.
      Осы географиялық нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының белгілі бір қаржы қызметін көрсетуінің әлеуетті мүмкіндіктері анықталады. Осы нарыққа басқа қаржы ұйымдары мен тұтынушылардың кіруінің әлеуетті мүмкіндігі айқындалады.
      Әлеуетті бәсекелестерге мыналар жатады:
      1) қаралатын қаржы қызметтері нарығының шекараларында жұмыс істейтін қаржы ұйымдары;
      2) қаржы қызметтері нарығында қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясы жоқ, бірақ мұндай лицензияны алуға тең бәсекелестік мүмкіндігі бар қаржы қызметтерінің қаралатын шекараларында жұмыс істейтін ұйымдар;
      3) қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін және Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде қаржы нарықтарында қызметін жүзеге асыруға лицензия алуға мүмкіндігі бар ұйымдар.

6. Қаржы қызметтерінің көлемін және нарық субъектілерінің
үлестерін есептеу

      32. Қаржы қызметтері нарығының сыйымдылығы және қаржы ұйымының үлесі қаржы қызметтері нарығының анықталған шекаралары, клиенттер (тұтынушылар) және бәсекелестер құрамы шеңберінде айқындалады.
      Қаржы нарығының сыйымдылығы белгілі бір кезеңде барлық қаржы ұйымдары жүзеге асыратын қаржы қызметтері көлемінің сомасы ретінде айқындалуы мүмкін:

                n
      Vfr = SUM Vi,
             i=1

      онда:
      Vfr - қаржы қызметтері нарығының сыйымдылығы;
      Vi – қаржы қызметтерінің көлемі i-ші қаржы ұйымының;
      i = 1, 2,..., n - қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының саны.
      Қаржы қызметтері нарығының сыйымдылығын есептеуде пайдаланылатын көрсеткіштер заттай да, құндық та мәнде өлшенеді.
      33. Қаралатын қаржы қызметтері нарығындағы қаржы ұйымының үлесі ол көрсеткен белгілі бір қаржы қызметі түрінің белгілі бір кезеңде қызметтердің белгілі түрі нарығының жалпы сыйымдылығына пайыздық қатынасы ретінде айқындалады

      Di = Vi / Vfr*100

      Нарық субъектісінің үлесін есептеуде пайдаланылатын көрсеткіштер нарық көлемін есептеудегі өлшем бірліктерінде келтіріледі.
      Қаржы қызметтері нарығының көлемін анықтау кезінде талданатын нарықты қызметтерді тұтынушылар тобы бойынша бөлуге болады.
      Бұдан басқа, жекелеген жағдайларда банк секторы қызметтерін зерттеу кезінде клиенттер мынадай топтар бойынша жіктеледі: шағын, орта және ірі бизнес субъектілері.
      34. Бір тұлғалар тобына кіретін, нақ сол бір қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының нарықтағы үлесі тұлғалар тобы үшін жиынтығында айқындалады. Осылайша, шешім қабылдауда тәуелсіз, дербес қаржы ұйымдарының құрамын анықтауда нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының жалпы саны азаяды және біріктірілген қатысушылар пайда болады.
      Қаржы қызметтері нарығының тәуелсіз қатысушыларының белгілі бір санынан шыға келе, нарықтың шоғырлану көрсеткішін есептеу қажет.
      Қаржы қызметтері нарығындағы нарық субъектісінің (тұлғалар тобының) үлесі белгіленген уақыт аралығына, қаралатын қаржы қызметтері нарығының шекараларына қатысты айқындалады.
      35. Екінші деңгейдегі банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар көрсететін қаржы қызметтері нарығы.
      Егер банктер де, банктік емес ұйымдар да көрсететін қызмет тұтынушы үшін бірін-бірі алмастыратын болып табылса, онда мұндай қызмет біртұтас нарық ретінде айқындалады.
      Көрсетілетін банк қызметтерінің негізгі түрлерінің көлемін есептеу кезінде мынадай шарттар қабылданады.
      1) банктік қарыз операциялары: баға көрсеткіші – сыйақының жылдық орташа тиімді ставкасы (бұдан әрі – СЖТС), үлес көрсеткіші (Vi) – құндық мәнде берілген кредиттер көлемі және жасалған шарттар саны;
      2) аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың төлем және ақша аударымы бойынша тапсырмаларын орындау: баға көрсеткіші – тарифтерге сәйкес аударымдар құны, үлес көрсеткіші (Vi) – аударым сомалары және операциялар саны.
      36. Сақтандыру ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері нарығы.
      Сақтандыру қызметтері нарығын талдау сақтандыру сыныптары бөлінісінде егжей-тегжейлі өткізіледі.
      Сақтандыру ұйымдары және сақтандыру брокерлері қызметтері жеке нарық ретінде қаралады.
      Сақтандыру қызметтерінің негізгі түрлерінің көлемін есептеу кезінде мынадай шарттар қабылданады.
      1) баға көрсеткіші – сақтандыру тарифтері (сақтандыру сыйақысының сақтандыру сомасына қатынасы), үлес көрсеткіші (Vi) – сақтандыру сыйақыларының көлемі;
      2) сақтандырудың бірнеше сыныптарын біріктіретін сақтандыру өнімдері тауар нарықтарында сақтандырудың әрбір сыныбы бойынша ескеріледі.
      Міндетті сақтандыру қызметтерін көрсетудің (оның ішінде олардың баға белгілеуі) дәл регламенттелгенін және уәкілетті мемлекеттік органдар реттейтінін ескере отырып, монополияға қарсы орган мемлекеттік реттеу кезінде олар бойынша монополиялық жоғары және төмен бағаларды есептеуді жүргізбейді.
      37. Бағалы қағаздар нарығында қаржы ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері нарығы.
      Бағалы қағаздар нарығында қаржы ұйымдары көрсететін қаржы қызметтері нарығы қызметтің лицензияланатын түрлері бойынша сегменттеледі.
      Бағалы қағаздар нарығы қызметтерінің негізгі түрлері көлемін есептеуде мынадай шарттар қабылданады.
      1) брокерлер қызметтері үшін – баға көрсеткіші – жасалған мәмілелер комиссиялары; көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – жасалған мәмілелер көлемі және брокерлік қызметтер көрсету туралы жасалған шарттардың саны.
      Дилерлік операцияларды брокер-дилерлер тек өз есебінен және өз мүддесі үшін жүзеге асыратынын ескере келе, монополияға қарсы орган мемлекеттік реттеу кезінде олар бойынша монополиялық жоғары және төмен бағаларды есептеуді жүргізбейді;
      2) инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметтері үшін – баға көрсеткіші – кіріс комиссиясы; көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – басқарудағы активтер көлемі және активтерді басқаруға жасалған шарттар саны;
      3) кастодиан қызметтері үшін – баға көрсеткіші – операциялар комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – кастодиандық қызмет көрсету үшін жасалған шарттардың саны;
      4) тіркеуші қызметтері үшін – баға көрсеткіші – операциялар комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – бағалы қағаздар ұстаушыларының тізілімін жүргізуге жасалған шарттар саны;
      5) трансфер-агенттер қызметтері үшін – баға көрсеткіші – құжаттарды (ақпаратты) кабылдап алу-беру комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – трансфер-агенттік қызмет көрсетуге жасалған шарттар саны;
      6) орталық депозитарий қызметтері үшін – баға көрсеткіші – жасалған операциялар комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – орталық депозитарий есебі жүйесінде номиналды ұстаушылар жеке шоттарының саны.
      7) қор биржасы қызметтері үшін - баға көрсеткіші - жасалған мәмілелер комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызмет көлемінің көрсеткіші (Vi)- сауда-саттық (жасалған мәмілелер) көлемі және қор биржасының сауда жүйесінде айналымға жіберілген бағалы қағаздар эминентінің саны;
      8) ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельдерді басқарушылардың қызметтері үшін – баға көрсеткіші – операциялар комиссиясы (тарифтері); көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткіші (Vi) – салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны және зейнетақы жинақтарының көлемі.
      38. Қалған қаржы қызметтері нарығын талдау жалпы ережелерге сәйкес жүргізіледі және қажет болған жағдайда қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша осы қызметтер нарығын зерттеудің жеке әдістемесі әзірленеді.

7. Қаржы қызметтері нарығының шоғырлану деңгейін айқындау

      39. Нарықтың шоғырлану деңгейін айқындау үшін:
      1) нарықтық шоғырлану коэффициенті (CR) қолданылады. Қызметті өткізу (жеткізу) көлемінің ірі жеткізушілердің белгілі бір санымен осы қаржы қызметтері нарығындағы барлық жеткізушілердің тауарды өткізудің (жеткізудің) жалпы көлеміне пайыздық қатынасы ретінде есептеледі.
      Үш (CR - 3) ірі жеткізушілердің шоғырлану деңгейін пайдалану ұсынылады.
      2) Герфиндаль – Гиршман нарықтық шоғырлану индексі (НН) нарықта жұмыс істеп тұрған барлық жеткізушілер иеленетін үлестердің квадраттары сомалары ретінде есептеледі.
      40. Герфиндаль – Гиршман шоғырлану коэффициенттері мен индекстерінің түрлі мағыналарына сәйкес үш нарық түрі бөлінеді:
      1) 1 түр - жоғары шоғырланған нарықтар:
      70% < CR – 3 < 100 %; 2000 < НН < 10 000, немесе НН = 10 000 мәндер саласын қамтиды.
      Бұл нарықтар бәсекелестік дамымаған немесе жоқ нарықтар ретінде сипатталады, нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайы орын алады. Нарықтың монополиялану дәрежесі жоғары.
      2) 2 түр - орташа шоғырланған нарықтар:
      45 % < CR – 3 < 70 %; 1000 < НН < 2000.
      Нарықта бәсекелестік бар, бірақ ол жеткіліксіз дамыған, онда нарық субъектілерінің болуының біркелкі еместігі орын алады.
      3) 3 түр - төмен шоғырланған нарықтар:
      CR – 3 < 45 %; НН < 1000.
      Аталған нарықтар бәсекелестік дамыған нарықтар деп сипатталады, әдетте нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие субъектілер жоқ. Нарықтың монополиялану дәрежесі төмен.
      Осылайша, нарықтың шоғырлану көрсеткіштері нарықтың монополиялану дәрежесін, онда нарық субъектілерінің болуының бір деңгейлігін (немесе түрлі деңгейлігін) алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Тиісті тауар нарығында түрлі ауқымды қызмет көрсетумен өнім берушілер неғұрлым көп болса, санамаланған көрсеткіштердің мәні соғұрлым аз болады.
      Бір тұлғалар тобына кіретін нарық субъектілерінің үлестері қосылады және бір нарық субъектісінің үлесі ретінде есептеледі.
      41. Нарықтың нарықтық шоғырлануын айқындау кезінде тиісті тауар нарығындағы тұлғалар тобын, атап айтқанда оларға қатысты Заңда көзделген шарттар орындалатын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығын белгілеу жөнінде жұмыстар жүргізіледі.

8. Қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарын айқындау

      42. Қаржы қызметтері нарығының құрылымын сипаттайтын сапалық көрсеткіштер мыналар болып табылады:
      1) әлеуетті бәсекелестер үшін нарыққа кіру тосқауылдарының болуы (немесе болмауы), оларды еңсеру мүмкіндігі;
      2) нарықта жұмыс істейтін бәсекелестер үшін нарықтан шығу тосқауылдарының болуы (немесе болмауы);
      3) қаржы ұйымдары мен клиенттердің (тұтынушылардың) тік және көлденең интеграциясы, қаржы қызметтері нарығына қатысушылардың аффилиирленуі;
      4) ақпараттың баламалығы (ақпараттық қолжетімділік дәрежесі, ақпарат көздері).
      43. Нарық субъектілеріне қаржы қызметтері нарығында қызметті бастауға кедергі келтіретін немесе қиындық тудыратын және шектейтін мән-жайларды немесе іс-қимылдарды анықтау рәсімі мыналарды қамтиды:
      1) қаралатын қызметтер нарығына кіру тосқауылдарының болуын (немесе болмауын) анықтау;
      2) қаралатын қызметтер нарығына кірудің анықталған кедергілерінің еңсерілуін айқындау.
      44. Қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарына мыналар жатады:
      1) осы нарықтың құрылымдық ерекшеліктері (бастапқы және ағымдағы шығындар, сұраныс көлемі, нарықтың дамығандығы, бәсекелестіктің түрі);
      2) мемлекеттік реттеу үдерісіндегі мемлекеттік билік органдарының іс-әрекеттері (лицензиялау, салық салу және басқалар);
      3) нарықта жұмыс істеп жатқан ұйымдар тарапынан келісімдер мен іс-әрекеттер.
      Қаржы нарығының құрылымдық ерекшелеріне және мемлекеттік реттеу үдерісіндегі мемлекеттік билік органдарының іс-әрекеттеріне негізделген тосқауылдарға мыналар жатады:
      1) нарықтың сыйымдылығын шектеу - нарықтың жоғары толыққанын да, тұтынушының төмен төлеу қабілеттілігін де көрсететін сұранысты қанағаттандырудың жоғары дәрежесі нарықты әлеуетті бәсекелестердің игеруі үшін едәуір кедергі болып табылады және осы нарықты жаңа қаржы ұйымдары үшін тартымдылығы аз етеді;
      2) бастапқы шығындардың жоғары дәрежесі – нарыққа кіру мүмкіндігінің шешуші шектеулерінің бірі;
      3) шығындар деңгейіндегі артықшылық - қаржы ұйымдары нарығына қайта кірген ұйымдарға қарағанда жұмыс істеп жатқан қаржы ұйымдарының қаржы қызметтерін жүзеге асыруға шығындары; мыналардың салдарынан:
      4) нарықтағы бастапқы шарттардың теңсіздігі;
      5) нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының әлеуетті бәсекелестер алдында технологиялық артықшылықтары;
      6) жарнама мен филиал желісін дамытуға шығындар;
      7) ауқым әсері - егер осы нарықта қызметтің ең жоғары тиімді ауқымы жоғары болса, онда нарыққа қайта кірген қаржы ұйымдарының бастапқы кезеңде нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарынан гөрі неғұрлым жоғары үлес шығындары болуы мүмкін, осыған орай бәсекелестікке қабілеттілігі төмен болады;
      8) нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының тік және көлденең интеграциясы. Тік немесе көлденең құрылымдарға интеграцияланған қаржы ұйымдары жиынтық инвестициялық, қаржы және ақпарат ресурстарына қолжетімділігі түрінде ішкі корпоративтік байланыстың барлық артықшылықтарын пайдаланады;
      9) экономикалық және ұйымдық шектеулер - мемлекеттің инвестициялық, кредиттік, салықтық, бағалық, кедендік саясаты.
      Салық салу қағидалары осылайша тұтынушының түрлі қаржы ұйымдарының салыстырмалы артықшылықтарына әсер ете отырып, тұтынушы (клиент) үшін түрлі қаржы қызметтерінің салыстырмалы тиімділігіне әсер етеді.
      10) әкімшілік шектеулер - қаржы ұйымдарын лицензиялау (қаржы қызметтері нарығында реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілейтін шектеулер мен қағидалар), тіркеудің күрделенген тәртібі және басқалар.
      Тауар нарықтарымен салыстырғанда реттеуші органдар сұранысқа және қаржы нарықтарындағы бәсекелестер санына елеулі әсер етеді. Қаржы ұйымдарына қойылатын лицензиялық талаптар нарықтың шоғырлану деңгейі мен қатысушылар құрамына әсер ете отырып, қаржы нарықтарына кіру тосқауылдарының биіктігін көрсетеді.
      45. Нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының қызметіне негізделген, оған жаңа бәсекелестердің кіруінің алдын алу бойынша тосқауылдар, оның ішінде:
      1) нарықта жұмыс істейтін қаржы ұйымының жаңа бәсекелестің пайда болуына, мысалы пайыз ставкалары саясатындағы өзгерістерге жауап ретінде қабылдайтын шаралары;
      2) қаржы ұйымдарының, оның ішінде мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бәсекелестікке қарсы келісімдері және келісілген іс-әрекеттері;
      3) мемлекеттік билік органдарында нарыққа әлеуетті бәсекелестердің кіруін шектейтін, қаржы нарығының сол және өзге де секторына лицензиялау критерийлерін немесе өзге де критерийлерді жылжыту.
      46. Осы қаржы нарығына кіру тосқауылдарын анықтау үдерісінде талданатын факторлар тізбесі қаржы ұйымдары қызметінің негізгі түрлерінің ерекшеліктеріне және өңірдің өзгешелігіне байланысты санамаланғаннан кеңдеу (немесе тарлау) болуы, ерекшеленуі мүмкін.
      47. Қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарының еңсерілуі осы тосқауылдарды еңсеру мерзімі мен мөлшерінің негізінде бағаланады.
      Егер қаралатын нарыққа кіру тосқауылдарын еңсеру шығындары осы нарыққа кіретін нарық субъектісі алатын (алуды болжайтын) кірістермен (артықшылықтармен) экономикалық түрде ақталса, нарыққа кіру тосқауылдары еңсеріледі деп есептеледі.
      48. Қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарының еңсерілу дәрежесін бағалау кезінде тосқауылдың әрбір қаржы ұйымы үшін әртүрлілігін, оның уақытша немесе тұрақты сипатын ескеру қажет.
      49. Қаржы қызметтері нарығын талдау нарықтан жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымдарының шығуын, оның ішінде:
      1) нарықта сұранысты қанағаттандыру және қаржы ұйымын сақтау қажеттілігіне байланысты;
      2) қызметті тоқтату немесе оның бағытын өзгерту және т.б. үшін елеулі қаржы ресурстарын тарту қажеттілігімен байланысты тосқауылдарды талдауды қамтиды.
      50. Қаржы ұйымдары мен тұтынушылардың тік және көлденең интеграциясын анықтау нарыққа қатысушылардың аффилиирленген тұлғаларын талдауға негізделеді.
      Аффилиирленуді талдау заңды тұлғаны басқару органдарының қызметіне, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде заңды тұлғаға сол немесе өзге дәрежеде әсер ететін экономикалық айналым субъектілері арасындағы мүліктік және басқарушылық тәуелділікті анықтауды болжайды.
      Қаржы ұйымдарының аффилиирленуін, тұлғалар тобын сәйкестендіруді талдау негізінде қаржы қызметі нарығындағы шоғырлану көрсеткіштерінің есебі нақтыланады, қаржы ұйымының әлеуеті негізделеді.
      51. Қаржы ұйымдарының арасындағы бәсекелестікке әсер ететін маңызды фактор ақпараттың баламалылығы болып табылады. Әлеуетті клиенттің (тұтынушының) қаржы қызметін алумен байланысты қатерлерді бағалауға мүмкіндік беретін ақпарат көлемі болуы тиіс. Осы қаржы қызметімен байланысты күтілетін кiрiстiлiк және тәуекелді бағалау нарықты жалпы бағалау мен онда жұмыс істейтін қаржы ұйымдарының сипатына тәуелді болады.
      Ақпарат баламалығына зерттеу жүргізген кезде ақпарат көздерінің болуын анықтау және оларды қаржы қызметтерін тұтынушылардың түрлі топтарына қолжетімділігі тұрғысынан саралау, ақпараттың сапасы мен уақтылығын бағалау қажет.

9. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін бағалау

      52. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін бағалау мыналарды:
      1) қаралатын нарықтың қаржы қызметтері нарығының қай түріне: бәсекелестік дамыған нарыққа, бәсекелестік жеткіліксіз дамыған нарыққа немесе бәсекелестік дамымаған нарыққа жататындығы туралы қорытындыны;
      2) қаралатын нарықта бәсекелес ортаның өзгеру перспективаларының бағасын (осы әдістемелік ұсынымдардың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда);
      3) қаралатын нарықта бәсекелестікті дамыту жөнінде мемлекеттік органдарға ұсынымдарды (қажет болған жағдайда) қамтиды.
      53. Қаралатын қаржы қызметтері нарығының қаржы қызметтері нарықтарының қай түріне жататыны туралы қорытынды нарықтың шоғырлану деңгейінің көрсеткішіне, нарыққа кіру тосқауылдарының болуы мен еңсерілуінің негізінде беріледі.
      Егер көрсетілген сипаттамалар қаралатын қаржы қызметтері нарығының қаржы қызметтері нарықтарының қай түріне жататыны туралы қорытынды үшін жеткіліксіз болса, онда нарық субъектілерінің мінез-құлқы және шаруашылық қызметінің нәтижелері, сондай-ақ бәсекелестікті шектейтін факторлардың болуы талданады.
      54. Қаралатын қаржы қызметтері нарығындағы нарық субъектілерінің мінез-құлқын талдау, оның ішінде:
      1) жеткізушілердің инновациялық қызметі мен маркетингтік стратегиясын зерделеуді;
      2) бәсекелесетін нарық субъектілерінің өзара тәуелділік дәрежесін анықтауды;
      3) жеткізушілердің жекелеген тұтынушыларға (тұтынушылар тобына) жеңілдіктер беру фактілерін белгілеуді;
      4) қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің келісімдерін анықтауды қамтиды.
      55. Шаруашылық қызмет нәтижелерін талдау кезінде:
      1) қаралатын қаржы қызметтері нарығында 35 пайыздан астам үлесі бар нарық субъектілері үшін капитал тартуға пайда мен шығыс мөлшерінің арақатынасы;
      2) қаралатын қаржы қызметтері нарығындағы бағалар серпіні;
      3) қаралатын қаржы қызметтері нарығының көлемі мен сұраныстың серпіні;
      4) қаралатын қаржы қызметтері нарығының өңіраралық және халықаралық сауда үшін ашықтығы;
      5) қаралатын қаржы қызметтері нарығында жаңа жеткізушілердің пайда болу жиілігі;
      6) қаралатын қаржы қызметтері нарығында жұмыс істейтін нарық субъектілерінің техникалық даму деңгейі қаралуы мүмкін.
      56. Нарықтың бәсекелес ортасының өзгеру перспективаларын бағалауда оларды жасау нәтижесінде:
      1) Заңда белгіленген тыйым салуларды бұзу үшін мүмкіндік жасалса;
      2) қаралатын нарықтың шоғырлану деңгейі орташадан жоғары деңгейге көтерілсе;
      3) шоғырлану деңгейі жоғары немесе орташа тауар нарығына кіру тосқауылдары еңсерілмейтін болса;
      4) қаралатын қаржы қызметтері нарығындағы нарық субъектілерінің іс-әрекеттерін үйлестіру үшін қолайлы алғышарттар жасалса;
      5) осы қызметтердің шектеулі ұсынысында тұтынушының (тұтынушылардың) бір қызметті басқаларымен (бірін-бірі алмастыратын тауарлар тобынан) алмастыру мүмкіндігі төмендесе;
      6) табиғи монополия субъектісінің оның жеткізушілері немесе тұтынушылары болып табылатын нарық субъектілерімен тік интеграциясы туындаса, мәмілелер, актілер және іс-әрекеттер бәсекелестікті шектейді деп танылуы мүмкін.
      57. Жасалатын мәмілелерден оң әсерді алу кезінде оның ішінде мынадай өзгерістер қаралады:
      1) осы қаржы қызметін көрсетудің пайдасы мен шығыстары (тиімділіктің, рентабельділіктің көрсеткіштері);
      2) осы қызметті іске асырудың көлемі;
      3) сұраныстың қамтамасыз етілуі;
      4) осы қызметті жеткізушілердің техникалық және ұйымдастырушылық даму деңгейі;
      5) осы қызметтің сапасы;
      6) қаралатын нарықта осы қызметті жеткізушілер саны;
      7) осы қызметті көрсету кезіндегі жұмыс орындарының саны.
      Жасалатын мәмілелердің оң әсері ұзақ мерзімді (екі жылдан кем емес) сипатта болуы және мәміле жасалған кезден бастап бір жыл ішінде алынуы тиіс.
      Жасалатын мәмілелердің оң әсері тұтынушыларға іріктеп сауал жүргізудің және сараптамалық бағалардың негізінде анықталуы мүмкін.
      Әрбір нақты жағдайда бәсекелес ортаның жай-күйін бағалау рәсімі қаржы нарығының ерекшелігіне, талдау мақсатына байланысты түрлі көлемде және реттілікте жүзеге асырылуы мүмкін. Сондай-ақ жекелеген кезеңдерге жол берілуі мүмкін (егер қаржы қызметтері нарығының бірін-бірі алмастыру критерийлері және шекаралары анықталған болса).
      Әрбір кезең өткеннен кейін қажет болған жағдайда алдыңғы кезеңде анықталған көрсеткіштерді түзету жүзеге асырылады.
      Жүргізілген зерттеулер нәтижелері бойынша нарықтың құрылымы туралы, қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің дамуы немесе дамымауы, жағдайдың өзгеруіне монополияға қарсы органның ықпал етуінің орындылығы мен нысандары туралы қорытынды шығарылады.

10. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін
талдау және бағалау нәтижелері бойынша талдамалық есепті жасау

      58. Талдамалық есепте осы тауар нарығындағы бәсекелес орта жай-күйінің негізделген бағаны қоса алғанда, қаржы қызметтері нарығына жүргізілген талдаудың нәтижелері келтіріледі.
      Талдамалық есеп мыналарды қамтиды:
      1) зерттеудің уақыт аралығын;
      2) нарықтың бірін-бірі алмастыру критерийлерін;
      3) нарық шекараларын;
      4) қаралатын нарықта жұмыс істейтін нарық субъектілерінің құрамын;
      5) нарықтың көлемін және нарық субъектілерінің үлесін;
      6) нарықтың шоғырлану деңгейін;
      7) нарыққа кіру тосқауылдарын;
      8) қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін бағалауды қамтиды.
      59. Егер қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізген кезде жекелеген кезеңдер өткізілмесе, онда талдамалық есепке тиісті бөлімдер енгізілмейді.
      60. Нарықтың бәсекелес ортасының жай-күйіне, оның ішінде талдаудың жекелеген кезеңдерінің құрамында жүргізілген талдау мен бағалаудың нәтижелері бойынша нарықтың жай-күйінің және ондағы бәсекелестікті дамытудың қысқаша сипаттамасы (тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне шолу) жасалуы мүмкін.
      61. Қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйін қорытынды бағалау зерделенетін қаржы қызметтері нарығының қаржы құрылымының қай түріне жататынын, осы қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің даму (дамымау) дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін қаржы қызметтері нарығының сандық және сапалық сипаттамаларын салыстыру және талдауды қамтиды.
      Қаржы қызметтері нарығының алынған сипаттамасының негізінде бәсекелестіктің дамуының жай-күйі және перспективалары туралы, нарыққа мемлекеттік ықпал етудің орындылығы мен нысандары туралы қорытынды шығарылады.
      62. Қаржы қызметтері нарығының шоғырлану дәрежесіне байланысты түрлі нарықтарға және онда жұмыс істейтін қаржы ұйымдарына қатысты монополияға қарсы органның іс-әрекеті сараланады.
      Жоғары шоғырланған нарықтар үшін мынадай шаралар орынды:
      1) қаржы қызметтері нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие қаржы ұйымдарының нарықтық мінез-құлқын бақылау;
      2) қаржы қызметтері нарығына кіру тосқауылдарын төмендету жөніндегі, қызметтің тең шарттарын құру жөніндегі іс-әрекеттер;
      3) қаржы ұйымының үстем жағдайын теріс пайдалануының алдын алу және жолын кесу;
      4) қаржы ұйымдарын біріктіруге, қосуға және қаржы ұйымдарының жарғылық капиталындағы шектеуші және бақылаушы акциялар пакетін сатып алуға тыйым салу;
      5) тиісті мемлекеттік органдарға қаржы қызметтері нарығында бәсекелестікті дамытуға бағытталған іс-шараларды өткізу жөнінде ұсынымдар.
      Орташа шоғырланған нарықтар үшін мынадай шаралар орынды:
      1) шоғырлану көрсеткіштері серпінін бақылау. Шоғырлану үдерісі күшейген кезде жоғары шоғырланған нарықтар үшін көзделген шараларға өту қажет;
      2) қаржы қызметтері нарығында үстем жағдайға ие қаржы ұйымдарының нарықтық мінез-құлқын бақылау.
      63. Талдамалық есепке қаралатын нарықтың сипаттамаларын анықтау үшін пайдаланылған құжаттар тізбесі қоса беріледі.