Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерiктi түрде таратуға рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 маусымдағы № 198 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 30 шілдеде № 7811 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 27 тамыздағы № 149 қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2019 № 149 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерiктi түрде таратуға рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасының міндетін атқарушы

Д. Ғалиева


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 198 қаулысымен
бекітілген

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерiктi түрде таратуға
рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту
қағидалары

      Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерiктi түрде таратуға рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту тәртiбiн айқындайды.

      1. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ерікті түрде таратуға рұқсатын алу үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру портфелін табыс еткеннен кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірінші басшысы, ол болмаған кезде – оның орнындағы адам қол қойған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсат беру туралы өтінішхатты (бұдан әрi – өтiнiшхат) береді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының 24.12.2014 № 261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Өтiнiшхат уәкілетті органға Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша қағаз тасымалдағышта не "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы электрондық түрде ұсынылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының 24.12.2014 № 261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Өтінішхатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысының ерікті түрде тарату туралы шешімі;

      2) тарату комиссиясының, оның iшiнде филиалдарында не өкiлдiктерiнде құрылатын бөлiмшелерiндегi мүшелiкке кандидаттардың тiзiмi;

      3) аудиторлық ұйым растаған, сақтандыру портфелін табыс еткеннен кейінгі күнi жасалған қаржылық есеп;

      4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мiндеттемелерiнің сомасы туралы мәліметтер қамтылған, акционерлердің жалпы жиналысы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде тарату туралы шешімді қабылдаған күнi жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы кредиторларының тiзiмi;

      5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзі жасаған сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелерінен тұратын басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру портфелiн қабылдау-өткiзу актiсi (осындай табыстау бар болса);

      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша мiндеттемелердің жоқ екенін растайтын құжаттар;

      7) акционерлердiң жалпы жиналысы бекiткен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын өз қызметiн тоқтатуға дайындықтың мерзiмдерi мен кезеңдерi туралы iс-шаралар (жоспар және кесте) тiзбесi.

      4. Уәкілетті орган өтінішті барлық қажетті құжаттар келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде қарайды.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ұсынған құжаттар пакетін қарау нәтижелері бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсатты беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 26.04.2013 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Заңның 68-бабында көзделген негіздер бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тартылады.

      6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту туралы шешім сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына жазбаша түрде жіберіледі.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерікті түрде таратуға рұқсат беруден бас тарту туралы шешімде бас тарту негiздерi көрсетіледі.

      7. Ерікті түрде таратуға рұқсат алған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бұрын берілген барлық лицензияларды уәкілетті органға бір апталық мерзімде қайтарады.

      8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ерікті түрде таратуға рұқсат алғаннан кейін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мүлкін және істерін басқару өкілеттіктері өтетін тарату комиссиясын құрады.

  Сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымдарын ерiктi түрде таратуға
рұқсат беру не көрсетілген
рұқсатты беруден бас тарту
қағидаларына қосымша

      Нысан

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің

      Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын

      бақылау мен қадағалау комитетінің

      төрағасына

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ерiктi түрде таратуға
рұқсат беру туралы
ӨТІНІШХАТ

      _____________________________________________________________________

      (өтiнiш берушiнiң атауы)

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерінің жалпы жиналысының

      ________________________

      (өткiзiлетiн орны)

      _____ жылғы "____" _______________ № ____ шешіміне сәйкес сақтандыру

      (қайта сақтандыру) ұйымын ___________________________________________

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атауы

      ерікті түрде таратуға рұқсат беруді сұрайды.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзінің барлық кредиторларының

      талаптарын толығымен қанағаттандыруды қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өтінішхатқа қоса берілген

      құжаттар мен ақпараттың дәйектілігіне, сондай-ақ өтінішхатты қарауға

      байланысты сұралатын қосымша ақпараттың және құжаттардың уәкілетті

      органға уақтылы берілуіне толығымен жауап береді.

      Қоса берілген құжаттар (жіберілген құжаттардың атаулы тізбесін,

      әрқайсысы бойынша дана және парақ санын көрсету керек):

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірінші басшысы (ол

      болмаған кезде – оның орнындағы адам)

      ___________________________ ___________

      (қолы) мөр