Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 25 ақпандағы № 40 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу тур

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 134 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 мамырда № 7660 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.11.2020 № 114 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 25 ақпандағы № 40 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 4181 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату ережесінде:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату ережесі (бұдан әрі – Ереже) банкті сот шешімі бойынша мәжбүрлеп тарату тәртібін айқындайды.";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сот:

      1) банктің банкрот болуына;

      2) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органының банк заңнамасында көзделген негіздемелер бойынша банк операцияларын жүргізуге банктің лицензиялардан айыруына;

      3) уәкілетті мемлекеттік органдардың, заңды немесе жеке тұлғалардың заңнамалық актілерінде көзделген басқа да негіздемелер бойынша банк қызметін тоқтату туралы өтінішіне (шағымына) байланысты банкті мәжбүрлеп таратады.

      4. Осы Ережені қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банк кредиторы - таратылатын банкке оның азаматтық-құқықтық және басқа да міндеттемелерінен туындайтын мүліктік талаптары бар тұлға;

      2) бастапқы баға - әрбір лот бойынша сауда-саттық басталатын және "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы анықтаған лот (мүлік) құнынан төмен емес болып белгіленетін баға;

      3) бас офис - тарату комиссиясының төрағасы жедел-басқару және осы Ережеде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын офис;

      4) ең төменгі баға - бұдан төмен бағамен лот сатылуы мүмкін емес баға;

      5) кепілдік беру жөніндегі ұйым - екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын арнайы құрылған коммерциялық емес ұйым;

      6) кредиторлар комитеті - кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында таратылатын банктің кредиторларынан құрылатын орган;

      7) кредиторлар санаты - бір жақты сипаты бар талаптары бар және Банктер туралы заңның 74-2-бабымен көзделген белгілі бір кезектілік аясында қанағаттандырылатын кредиторлар тобы;

      8) кредиторлар талаптарының тізілімі - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті (бұдан әрі – Комитет) бекіткен, кредиторлардың белгіленген мерзімде қойған және тарату комиссиясы таныған талаптарын, сондай-ақ мәжбүрлеп таратылатын банкке ұсынылған есеп айырысуға сәйкес ақша сомасы көлемінде өтемақы төлеу бойынша кепілдік беру жөніндегі ұйымның міндеттемелерді орындау жөніндегі болашақ талаптарын көрсететін құжат;

      9) күтпеген шығыстар - мөлшері жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс кідіртуге болмайтын қажеттілікке арналған тарату комиссиясының жоспарланбаған шығындары;

      10) қатысушы банк - банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімінің заң күшіне ену сәтіне депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болған таратылатын банк;

      11) құндылықтар - Қазақстан Республикасының валюталық құндылықтары, банкноттары мен монеталары, бағалы қағаздар, қатаң есептегі бланктер және бағалы заттар;

      12) лот - бірлікті сату үшін бөлінбейтін болып ажыратылған аукционға қойылған мүлік;

      13) мерзімді баспасөз басылымы - тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және кемінде үш айда бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;

      14) сату бағасы - сауда-саттық нәтижесінде белгіленген лоттың түпкілікті бағасы, ал мүлікті сауда-саттықты өткізбей сатқан жағдайда – кредиторлар комитеті (кредиторлар комитеті болмаған жағдайда тарату комиссиясының төрағасы) белгілеген мүліктің түпкілікті бағасы;

      15) сату объектісі - жеке (дербес) бірлік ретінде сауда-саттыққа қойылған таратылатын банктің мүлкі немесе бірнеше бірліктен бір лотқа шоғырланған өзге мүлік;

      16) сатушы - таратылатын банктің тарату комиссиясы;

      17) сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасаған сауда-саттық жеңімпазы;

      18) сауда-саттық жеңімпазы - сауда-саттықтағы лотқа барынша жоғары баға ұсынған қатысушы;

      19) сауда-саттықты ұйымдастырушы - таратылатын банктің тарату комиссиясы немесе тарату комиссиясымен сауда-саттық жүргізу жөніндегі қызмет көрсету туралы шарт жасаған және оның нәтижелеріне мүдделі емес заңды не жеке тұлға;

      20) сауда-саттық қатысушысы - сауда-саттыққа қатысу туралы өтінішті сауда-саттық ұйымдастырушысы белгілеген тәртіппен берген және оның қатысушысы ретінде сауда-саттық ұйымдастырушысы тіркеген жеке немесе заңды тұлға;

      21) сауда-саттықтың ағылшын әдісі - лоттың бастама бағасы лотқа ең жоғары баға ұсынған қатысушылардың біреуі қалған кезге дейін алдын ала мәлімделген қадаммен көтерілетін сауда-саттық әдісі;

      22) сауда-саттықтың голланд әдісі - лоттың бастама бағасы қатысушылардың біреуі мәлімделген баға бойынша лот сатып алуға келіскен кезге дейін алдын ала мәлімделген қадаммен төмендейтін сауда-саттық әдісі;

      23) тарату комиссиясы - банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган тағайындайтын (босататын), банк ісін аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз ету мақсатында тарату рәсімі барысында банктің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктерді тарату комиссия төрағасының тікелей басшылығымен жүзеге асыратын орган;

      24) тарату комиссиясының шығыстары - банкті мәжбүрлеп тарату процесінде тауарларды, жұмысты және қызмет көрсетуді тұтынуға байланысты шығындар (бұдан әрі - тарату шығыстары);

      25) тарату, конкурстық масса - таратылатын банктің банк ісін аяқтауға және оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз етуге арналған активтері;

      26) тарату массасының мақсатсыз шығысы - уәкілетті органмен келісілген немесе кредиторлар комитеті бекіткен тарату шығыстары сметасында көзделмеген шығындарды жүзеге асыру;

      27) тарату шығыстарының сметасы - кредиторлар комитеті немесе тарату комиссиясының төрағасы уәкiлеттi органмен келісе отырып бекітетін, тарату комиссиясының белгiлi бір уақыт кезеңіне болжап отырған шығындарды көрсететін құжат;

      28) тарату ісі - банк ісін аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын банктің заңды тұлға ретіндегі қызметін тоқтату рәсімі;

      29) таратылатын банк - сот шешімінің заң күшіне енуіне байланысты мәжбүрлеп тарату процесіндегі банк;

      30) таратылатын банктің мүлкі - құнды бағасы бар және тарату, конкурстық массаға енген мүліктік игіліктер мен құқықтар жиынтығы;

      31) уақытша әкімшілік (уақытша әкімшілік басқарушысы) - банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және банкті басқаруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды орындау үшін банк операцияларын жүргізуге лицензияларды қайтарып алу туралы шешім қабылданған күннен бастап тарату комиссиясын уәкілетті орган тағайындағанға дейінгі кезеңге уәкілетті орган тағайындайтын орган (тұлға).";

      7, 8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімінің заң күшіне енген күнінен бастап және банкті тарату ісі аяқталғанға дейін:

      1) Банктер туралы заңның 48-1-бабының 1-тармағының екінші бөлігінің 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген салдарлары туындайды;

      2) банктің бұрын жұмыс істеп тұрған органдарының, оның ішінде мүлікке ие болу және міндеттемелерді өтеу жөніндегі өкілеттіктері, сондай-ақ олардың банкті басқару жөніндегі құқықтары тоқтатылады;

      3) таратылатын банктің атынан немесе соның есебінен жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің егер оларды банктің тарату комиссиясының төрағасы немесе төрағаның осы іс-әрекеттерді жасауға белгіленген тәртіппен сенімхат берген тұлғасы жасаған жағдайда, заң күші болады;

      4) таратылатын банктің барлық борыштық міндеттемелерінің мерзімі аяқталған болып саналады;

      5) таратылатын банктің кредиторлық берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыны есептеу тоқтатылады;

      6) кредиторлардың, салық қызметі органдарының талаптары бойынша, оның ішінде даусыз (акцепсіз) тәртіпте қанағаттандырылуы тиіс таратылатын банктің банк шоттарынан ақша өндіріп алуға, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді;

      7) таратылатын банктің лауазымды тұлғаларына олардың иелігіндегі акцияларды иеліктен шығаруға тыйым салынады;

      8) таратылатын банктің қатысуымен сотта қаралатын мүліктік сипаттағы даулар тоқтатылады, егер олар бойынша қабылданған шешімдер заң күшіне енгізілмесе;

      9) кепілдік беру жөніндегі ұйымның қатысушы банктің депозиторларына өтеуі тиіс ақша сомасы мөлшеріндегі талаптарды қоспағанда, банкке қатысты талаптар осы сәттен бастап банктің тарату комиссиясының атына ғана беріле алады және осы Ережемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады;

      10) соттардың таратылатын банкке қойылатын мүліктік талаптарға қатысты атқару құжаттары тарату комиссиясына Банктер туралы заңда белгіленген кезектілік тәртібімен орындау үшін беріледі. Таратылатын банкке қатысты алдында қабылданған соттардың шешімдерін орындау тоқтатылады.

      8. Банкті мәжбүрлеп таратуға байланысты барлық шығыстар осы банктің қаражаты есебінен ғана жұмсалады.

      9. Тарату комиссиясын тағайындаған күннен бастап оған таратылатын банктің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктері ауысады.

      Тарату комиссиясы бір айдан аспайтын мерзімде уақытша әкімшіліктен (уақытша басқарушыдан) қабылдау-өткізу актісі бойынша таратылатын банктің мүлкі мен құжаттарын қабылдайды.

      Тарату комиссиясы банктің істерін, оның ішінде кредиторлары және акционерлерімен есеп айырысуды қамтамасыз ету жөніндегі істерін аяқтау үшін шаралар қолданады.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Тарату комиссиясы мынадай іс-шаралар өткізеді:

      1) банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шағым-талаптар беру тәртібін, мерзімін және кредиторлар өз талаптарын беретін мекен-жайды міндетті түрде көрсете отырып, банкті мәжбүрлеп тарату туралы ақпаратты мемлекеттік және орыс тілдерінде орталық әділет органдарының ресми баспасөз басылымдарында жариялайды;

      2) тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және (немесе) таратылатын банктің банк шоттары бар екінші деңгейдегі банктерге бірінші және екінші қолының (қолдарының) үлгілері мен мөр бедері бар құжаттарды ұсынады;

      3) тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мүлік пен олармен жасалатын мәмілелерді тіркеуді жүзеге асыратын органдарға, сондай-ақ "Қазақстан қор биржасы", "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі", "Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі" акционерлік қоғамдарына, мемлекеттік қатысуы бар кредиттік бюроға, кредиттік бюроға банкті мәжбүрлеп тарату туралы ақпарат береді және тарату комиссиясы жасамаған банк мүлігін иеліктен алу, сондай-ақ кепіл ұстаушысы таратылатын банк болып табылатын мүліктен ауыртпалықты алу жөніндегі мәмілелерді тіркеуге тыйым салуды белгілейді;

      4) заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органдарына және салық органдарына банкті мәжбүрлеп тарату туралы хабардар етеді;

      5) тарату комиссиясына банкте тарату ісін жүргізу жөніндегі міндеттерін жүктеуді растайтын құжаттармен бірге банктің басшылығына қол қойдыра отырып, таныстырады;

      6) қабылдау-өткізу туралы актілерді жасай отырып банктің басшылығынан не банктің уақытша әкімшілігінен (уақытша басқарушыдан) банктің мөртабандарын, мөрлерін, электронды ақпарат тасымалдаушыларды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, бланкілерді және барлық басқа құжаттарды тез арада талап етеді;

      7) қабылдау-өткізу активтері бойынша активтерді, оның ішінде банктің мүлкін қабылдайды;

      8) банк кассасын тез арада түгендейді, ақша қалдығын осы Ереженің 55-тармағында көзделген кассадағы қолма-қол ақша қалдығының күн сайынғы лимитін қоспағанда, таратылатын банктің ағымдағы шотына есептейді;

      9) банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде банктің корреспондентік шоттарын салыстырып тексереді, оларды жабады және таратылатын банктің теңгемен және қажетті жағдайда шетел валютасында ағымдағы шотын ашады;

      10) соттың банкті мәжбүрлеп тарату және тарату комиссиясын тағайындау туралы қабылдаған шешім жөнінде хабарландыруды банктің клиенттеріне көрінетін жерге орналастырады;

      11) Банктер туралы заңның 73-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген іс-шараларды жүзеге асырады;

      12) банктің активтерін анықтайды;

      13) банк активтерін оның таратылу мақсаттарына сәйкес басқарады;

      14) банктің атынан талап қояды және сотта сөз сөйлейді;

      15) бағдарламалық қамтамасыз етудің және электронды ақпарат тасымалдаушылардың, сондай-ақ банктің басқа ақпаратының сақталуын қамтамасыз етеді;

      16) толық материалдық жауап беретін адамдардың, оның ішінде бухгалтерлік есеп жүргізетін және банктің қаржылық және басқа есебін және олармен толық материалдық жауапкершілік туралы шарт жасауды өңдейтін электронды жүйесіне кіре алатын адамдардың шеңберін белгілейді;

      17) заңнамамен белгіленген тәртіппен таратылатын банктің істері мен құжаттары қабылдағаннан кейін банк құжаттарын сақтауды ұйымдастыруға жауапты тұлғаны тағайындайды;

      18) тарату комиссиясы құрылатын күнге есеп-бухгалтерлік ақпараттарын электрондық түрде басып шығарады. Осы ақпарат электрондық түрде жоқ болғанда, қағаз тасымалдағыштағы ақпарат негізге алынады;

      19) кредиторлардың тізімін жасайды, қолда бар құжаттар бойынша олардың мекен-жайын анықтайды және талдау есебінің деректерімен салыстырып тексереді;

      20) таратылатын банктің кредиторлары талаптарының заңдылығын анықтайды және оларды банктің бекітілген аралық тарату балансына және кредиторлардың тізіліміне сәйкес қанағаттандырады;

      21) өз функциялары мен міндеттерін орындауды қамтамасыз ету үшін жұмысқа адамдарды еңбек, өтеулі қызмет көрсету шарттары бойынша қабылдайды;

      22) банкті таратудың барлық кезеңдерінің ішінде банктің мүлкі мен құжаттарын сақтау жөнінде шаралар қабылдайды;

      23) банкті тарату ісінің барысы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағында таралатын мерзімдік баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші ақпанынан кешіктірмейтін мерзімде жылдың қорытындысы бойынша жариялайды;

      24) уәкілетті органның талабы бойынша тарату өндірісіне қатысты мәліметтер береді;

      25) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 24 ақпандағы № 42 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7584 тіркелген) сәйкес іс-шараларды жүзеге асырады;

      26) банкті тарату туралы есепті, тарату балансын жасайды және оларды уәкілетті органмен келісуге жібереді;

      27) банкті тарату аяқталғаннан кейін құжаттарды сақтау үшін осы Ереженің 12-тарауында белгіленген тәртіппен мұрағатқа береді және бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды;

      28) осы Ережеге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктері мен міндеттері бар.";

      20-тармақ алып тасталсын;

      21-1 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-1. Банк банктік операцияларды жүргізуге берілген лицензиясынан айырылғаннан кейін таратылатын банктің корреспонденттік шотына қателесіп аударылған ақшаның жіберушілерге қайтарылуы клиенттердің ақшасын қайтару банктің тарату комиссиясы "Ақша төлемi мен аударымы туралы" 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      22. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасындағы таратылатын банктердiң аралық тарату балансының, басқа да есептерiнiң, тарату балансының нысандары және тарату комиссияларының оларды ұсыну мерзiмдерi мен тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту жөнiнде" 2001 жылғы 28 қазандағы № 419 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1698 тіркелген) (бұдан әрі - № 419 қаулы) белгіленген мерзімдерде мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы жүргізілген жұмыс туралы есеп береді, ал қажет болған жағдайда уәкілетті органның талабы бойынша қосымша ақпарат береді.

      Банктің филиалдарында және өкілдіктерінде өзінің қызметін жүзеге асыратын бөлімше тарату комиссиясының төрағасына жүргізілген жұмыс туралы есеп береді.";

      101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "101. Аралық тарату балансын және оған қосымшаларды, оның ішінде кредиторлар талаптарының тізілімін тарату комиссиясы № 419 қаулысымен белгіленген нысандар бойынша жасайды.";

      111-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "111. Кредиторлар комитетінің өкілеттігіне мыналар кіреді:

      1) банкті тарату процессінде жасалған барлық құжаттармен танысу;

      2) кредиторлардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылғаны туралы шағымдарды қарауына қатысу;

      3) уәкілетті органды және сотты банкті тарату процесінде кредиторлардың құқықтары мен мүдделерінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы, оның ішінде орындамағаны және (немесе) тарату комиссия мүшелерінің және (немесе) төрағаның өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы хабардар ету;

      4) тарату комиссиясының іс-әрекеттері жөнінде сотқа және уәкілетті органға шағымдану;

      5) кредиторлар комитеті мүшелерінің қатарынан мүлікті сату аукциондарына және тарату комиссияның отырыстарын қоса алғанда, таратудың кез келген процедураларының іске асырылуына қатысуға құқығы бар кредиторлардың өкілдерін тағайындау;

      6) тарату комиссиясынан таратылатын банктің қаржылық жағдайы туралы ақпарат алу;

      7) таратылатын банктің өндіріп алуға мүмкін емес дебиторлық берешектің көлемін бекіту;

      8) тарату комиссиясы ұсынған банктің тарату, конкурстық массасын іске асыру жоспарын бекіту;

      9) банктің қаржылық жағдайын есепке ала отырып тарату комиссиясының төрағасына және (немесе) мүшелеріне, сондай-ақ тартылған қызметкерлерге қосымша төлемдерді қоса алғандағы тарату шығындары сметасын бекіту;

      10) тарату комиссиясының банк балансынан мүлікті шығару актісін бекіту;

      11) тарату комиссияның төрағасы қабылдаған таратылатын банктің мүлкін жалға беру туралы шешімді және тендерлік құжаттаманы келісу;

      12) тарату комиссиясының төрағасы қабылдаған таратылатын банктің алдындағы берешегін өтеу үшін оның ішінде сот шешімін орындау шотына таратылатын банктің дебиторымен мүлікті беру туралы қабылдаған шешімді келісу;

      13) тарату комиссиясының төрағасы қабылдаған таратылатын банктің жылжымайтын мүлігіне қатысты мәмілелер жасау туралы, сондай-ақ банкке келтірілген зиянды өтеу шотына атқару өндірісінің шеңберінде сот актілері бойынша банктің таратылатын комиссиясы қабылдаған шешімді келісу.";

      167-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "167. Уәкілетті орган:

      1) мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясын тағайындайды және босатады;

      2) банктің тарату комиссиясы ұсынған аралық тарату балансын және мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторларының талаптар тізілімін бекітеді;

      3) банктің тарату комиссиясы ұсынған кредиторлар комитетінің құрамы тізімін бекітеді;

      4) кредиторлар комитетінің, жекелеген кредиторлардың немесе банк акционерлерінің хабарласуы бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша тарату комиссиясының қызметін тексереді;

      5) тарату комиссиясы ұсынған мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату туралы есепті және тарату балансын қарайды және келіседі;

      6) банктің тарату комиссиясының қызметін бақылау бойынша осы Ережеде және басқа да нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге өкілеттіктері бар.";

      169-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "169. Тарату комиссиясы жазбаша ұйғарымды орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолданады, сондай-ақ банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімді қабылдаған сотқа не прокуратура органдарына кредиторлардың заңмен қорғалатын мүдделерін және бұзылған құқықтарын қорғау үшін хабарласады.";

      178-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "178. Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктердің қызметі нәтижесінде пайда болатын құжаттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктерде сақталуға жататын құжаттардың тізбесін, оларды сақтау мерзімін белгілеу туралы" 2005 жылғы 27 тамыздағы № 320 қаулысымен (бұдан әрі - № 320 қаулы) (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 3841 тіркелген) белгіленеді.";

      181-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "181. Тиiсiнше ресiмдеусiз және келiсiмсiз құжаттарды жою, сондай-ақ № 320 қаулысымен белгiленген құжаттарды сақтау мерзiмдерiн бұзуға жол берiлмейдi.";

      мынадай мазмұндағы 188-1-тармақпен толықтырылсын:

      "188-1. Банктің қызметін тоқтатуды тіркегеннен кейін тарату комиссиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банктің қызметін тоқтатуды тіркеу туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко