Банктік заем шарты бойынша өзгермелі сыйақы ставкасын есептеу, қолдану талаптарының ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқарамасының 2008 жылғы 28 қарашадағы N 216 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 8 қаңтарда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5475 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 119 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.06.2017 № 119 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңының 39-бабын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берілген Банктік заем шарты бойынша өзгермелі сыйақы ставкасын есептеу, қолдану талаптарының ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы бірінші рет ресми жарияланған күннен кейінгі он төрт күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      3. Стратегия және талдау департаменті (Н.А.Әбдірахманов):

      1) Заң департаментiмен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастан он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне мәлімет үшін жеткізсін.

      4. Агенттік Төрайымының Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

Төрайым

Е. Бахмутова


  Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2008 жылғы 28 қарашадағы
N 216 қаулысымен бекітілген

Банктік заем шарты бойынша өзгермелі сыйақы ставкасын
есептеу, қолдану талаптарының ережесі

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңының 39-бабына сәйкес әзірленген және екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі - банк) үшін б анктік заем шарты бойынша, оның ішінде жеке тұлғалармен жасалатын ипотекалық заемдар шарты бойынша (бұдан әрі – шарт) өзгермелі сыйақы ставкасын есептеу мен қолдану талаптарын айқындайды.

      2. Шарттарда тараптардың келісімі бойынша белгіленген не өзгермелі сыйақы ставкасы белгіленеді.

      3. Өзгермелі сыйақы ставкасы пайыздық тармақтарда есептелетін номиналды шамамен базалық көрсеткіштің және пайыздық спрэдтің ставкасының (бұдан әрі – пайыздық спрэд) қосындысы/айырмасы ретінде есептеледі.

      4. Пайыздық спрэдтің мөлшері банк дербес есептейді және белгілейді және банк оны үш жылда бір рет қайта қарауы мүмкін, бұл ретте пайыздық спрэд мөлшерінің кезекті өсуі шартта көрсетілген пайыздық спрэдтің бір жолдық өсуінің мөлшерінен аспауы тиіс.

      Банк пайыздық спрэдті есептегенде заемды берумен байланысты шығыстарды, оның ішінде әкімшілік шығыстарды, барынша төмен резервтік талаптардың ставкасын, арнайы провизияларды (резервтерді) құру бойынша шығыстарды, салық төлеу және бюджетке міндетті басқа төлемдер бойынша шығыстарды, меншікті капиталға табыс салығын төлегенше күтілетін таза кірістің қатынасы ретінде есептелетін күтілетін кірістілікті (ROE) есепке алады.

      Пайыздық спрэдті есептеу банктің операцияларды жүргізуінің жалпы талаптары жөніндегі ережемен айқындалады.

      5. Базалық көрсеткіш ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасы қолданылады.

      6. Шарттың қолданыс кезеңінде ө згермелі сыйақы ставкасы базалық көрсеткіш өзгеруіне байланысты өзгереді, бұл ретте заем бойынша сыйақыны өтеу банк өтеу күніне есептеген ө згермелі сыйақы ставкасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Клиентке сыйақы ставкасы өзгергені жөніндегі ақпарат жеткізу әдісі шартта көрсетілген тараптар келісімімен айқындалады.

      8. Осы Ережеде көрсетілген талаптар шартта көзделеді.