Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2007 жылғы 17 қазандағы N 624 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 5 қарашадағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4981 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін  3-тармақтан қараңыз.

      "Мақта саласын дамыту туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі  Заңын іске асыру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.

      2. Егіншілік және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министрдің м.а.

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрлігінің
2007 жылғы 17 қазандағы N 624
бұйрығымен бекітілген    

Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды
жүзеге асыру ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Мақта саласын дамыту туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі заңының  7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленген және мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру тәртібін анықтайды.

      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
 

      1) мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыру (бұдан әрі - уақытша басқару) - мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін атқару қабілетін қалпына келтіруге бағытталған әкімшілік, заңдылық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа іс-шаралар мен рәсімдер кешенін еріксіз жүргізу;
 

      2) уақытша басқару жөніндегі комиссия - құрамына уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің және облыстық жергілікті атқарушы органның өкілдері енетін, мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды жүзеге асыратын алқалық орган;
 

      3) уақытша әкімшілік - құрамына мақта қолхаттарын ұстаушылардың, уәкілетті органның, мақта өңдеу ұйымының, мақта өңдеу ұйымы қатысушы болып табылатын мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорының өкілдері енетін, уақытша басқарудың күші бар кезеңде мақта өңдеу ұйымын басқаруды жүзеге асыратын алқалық орган;
 

      4) мақта қолхатын ұстаушы - мақта өңдеу ұйымына шитті мақтаны сақтауға және (немесе) бастапқы өңдеуге; мақта талшығын және мақта тұқымын сақтауға өткізген мақта иесі; мақта қолхатында индоссамент жасалған жағдайда - индоссат;
 

      5) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
 

      6) мақта өңдеу ұйымы - меншік құқығында мақта тазалау зауыты бар, шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөнінде қызметтер көрсететін заңды тұлға;
 

      7) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры - мақта өңдеу ұйымдарының өздері берген мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында өз қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға.

      3. Уақытша басқаруды уақытша басқару жөніндегі комиссия мен уақытша әкімшілік мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      4. Уақытша басқару алты айдан аспайтын мерзімге енгізіледі.

  2. Уақытша басқаруды жүзеге асырудың негіздері
мен шарттары

      5. Мақта өңдеу ұйымы:
      1) мақта қолхатын ұстаушының алғашқы талабы бойынша мақта беруден бас тарту арқылы шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) тиісінше орындамаған;
      2) мақта қолхаттарымен қамтамасыз етілген мақта мөлшерінің сақтаудағы мақтаның нақты мөлшерінен артық болуы факті анықталған жағдайда уақытша басқару енгізілуі мүмкін.

      6. Уақытша басқару облыстық жергілікті атқарушы органның ұсынысы немесе тексеріс жүргізу кестесі немесе мақта беруден бас тартудың екі және одан да көп фактілері бойынша мақта қолхаттарын ұстаушылардың ресми өтініштері (шағымдары) негізінде уәкілетті орган мақта өңдеу ұйымының қызметіне инспекциялау (тексеру) жүргізген жағдайда енгізіледі, соңынан анықталған бұзушылықтар туралы акт құралады.

  3. Уақытша басқаруды жүзеге асыру тәртібі

      7. Облыстық жергілікті атқарушы орган уәкілетті органға мақта өңдеу ұйымын тексеру актісімен қоса, құрамында уақытша басқаруды енгізуге негіздер туралы қорытынды мен уақытша басқару жөніндегі комиссия құрамына енгізуге арналған кандидатуралар бар уақытша басқаруды енгізу туралы ұсыныс жолдайды.

      8. Уәкілетті орган ұсыныс түскеннен кейін үш жұмыс күні ішінде уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылдайды, онда:
      1) мақта өңдеу ұйымының атауы және орналасқан жері;
      2) уақытша басқаруды енгізу негізі;
      3) уақытша басқару күшінің басталуы мен мерзімі;
      4) мақтаны беруді тоқтата тұрумен қоса, мақта өңдеу ұйымы қызметін шектеулер тізбесі;
      5) уақытша басқару жөніндегі комиссияның дербес құрамы;
      6) мақта өңдеу ұйымының басшы қызметкерлеріне:
      жұмыс туралы есеп дайындау және оны уақытша әкімшілікке ұсыну;
      мақта өңдеу ұйымы берген мақта қолхаттарын белгілі ұстаушыларды уақытша басқаруды енгізу туралы міндетті түрде хабардар ету жөніндегі нұсқама болады.

      9. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:
      1) уақытша басқару жөніндегі комиссия төрағасының кандидатурасын анықтайды және оны уәкілетті органға бекітуге жолдайды;
      2) мақта өңдеу ұйымына қызмет көрсететін банктің атына мақта өңдеу ұйымының шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      10. Уәкілетті орган уақытша басқаруды енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мақта өңдеу ұйымының қаражаты есебінен республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде:
      1) уақытша басқаруды енгізу туралы шешімді;
      2) мақта қолхаттарын ұстаушылардың мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысына қатысуы құқығы туралы хабарлама жариялайды.

      11. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшілік құрамына өкілдер сайлау үшін мақта қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкімшілік құрамын бекітеді.

      12. Мақта өңдеу ұйымының басқарушы қызметкерлері уақытша әкімшілікке алу-беру актісі бойынша мақта өңдеу ұйымының мөрлерін, мөртабандарын, бланктерін, құндылықтарын, жайларының, сейфтерінің кілттерін және барлық қажетті құжаттарын тапсырады.

      13. Уақытша әкімшілік бірінші кезектегі тәртіппен:
      1) мақта өңдеу ұйымының қаржылық жай-күйіне талдау жүргізеді;
      2) мақта өңдеу ұйымының мүлкіне және оның міндеттемелеріне түгендеу, сондай-ақ сақталудағы мақтаға түгендеу жүргізеді;
      3) мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттарын ұстаушылар алдындағы берешегін қоса алғанда, кредиторлық берешегін айқындайды;
      4) сотқа талап-арыздар әзірлеу мен ұсынуды қоса алғанда, мерзімі өткен дебиторлық берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қолданады;
      5) мақта өңдеу ұйымының басқару құрылымын және штат санын айқындайды;
      6) мақта қолхаттарына қол қоюға уәкілетті адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (олар бар болған жағдайда) бар карточканы, олардың қолтаңбаларының үлгілерін уәкілетті органға табыс етеді;
      7) банкте банктік операциялар бойынша операциялар жасау үшін құжаттарға қол қою құқығы бар лауазымды адамдардың қойылған қолдарының үлгілері бар жаңа карточканы қызмет көрсететін банкке табыс етеді (бұл ретте уақытша әкімшілік тағайындалғанға дейін табыс етілген карточка жойылуға тиіс);
      8) уақытша басқару жөніндегі комиссияға мақта өңдеу ұйымының нақты жай-күйі туралы ақпарат береді және осы мақта өңдеу ұйымының шаруашылық қызметін жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      14. Уақытша әкімшілік мақта өңдеу ұйымының мүлкін мүлікті кепілге беруді, мүліктік жалдауды қоса алғанда, иеліктен шығару жөнінде шешімдер қабылдауға құқысыз.

      15. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша әкімшіліктің қызмет нәтижелері туралы есебін бекітеді және уақытша әкімшіліктің қызметін бақылауды жүзеге асырады.

  4. Уақытша басқару жөніндегі комиссия мен уақытша
әкімшіліктің жұмыс тәртібі

      16. Уақытша басқару жөніндегі комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ болуға және үш адамнан кем болмауға тиіс.

      17. Уақытша басқару жөніндегі комиссия өз мүшелерінің жалпы санының үштен екісінен кем емесі болған жағдайда шешім қабылдауға құқылы.
      Дауыстар тең болған жағдайда уақытша басқару жөніндегі комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      18. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның мәжілісі қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      19. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған уақытша басқару жөніндегі комиссияның төрағасы, мүшелері, хатшысы қол қояды және уақытша әкімшіліктің орындауы үшін міндетті болып табылады.

      20. Шешімдер қабылдау кезінде уақытша әкімшілік мүшелерінің дауыстары:
      1) мақта қолхаттарын ұстаушылар - жиырма бес процент;
      2) мақта өңдеу ұйымы - жиырма бес процент;
      3) уәкілетті орган - жиырма бес процент;
      4) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры - жиырма бес процент болып бөлінеді.

  5. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі

      21. Уақытша басқару:
      1) уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы бойынша;
      2) уәкілетті орган уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдаған жағдайда;
      3) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша тоқтатылады.

      22. Уақытша басқару:
      1) мақта өңдеу ұйымы берілген мақта қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілеттілігін қалпына келтірген;
      2) басқа да мақта қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын тиісінше орындауға ықпал ететін жағдайлар болмаған кезде уақытша басқару кезеңінде мақта қолхаттарын ұстаушылардың барлық мәлім етілген талаптарын толық көлемде қанағаттандырған жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      23. Уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау үшін негіздер болған жағдайда уақытша әкімшілік тиісті акт жасайды, соның негізінде уақытша басқару жөніндегі комиссия уәкілетті органға уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы ұсыныс енгізеді. Уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдайды.

      24. Енгізуге әкеп соқтырған себептердің жойылуына байланысты мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды (оның ішінде мерзімнен бұрын) тоқтату мақта өңдеу ұйымына қатысты барлық шектеулерді жоюға әкеп соғады.

      25. Уақытша басқару мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға әкеп соқтырмаған жағдайда уәкілетті орган:
      1) тиісті облыстық жергілікті атқарушы органға шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы ұсыныс енгізеді;
      2) мақта өңдеу ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап-арыз беруге бастама жасайды.