"Вакциналармен және басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттармен жұмыс істеу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 17 маусымдағы N 484 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2007 жылғы 11 маусымдағы N 358 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2007 жылғы 5 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4789 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 12 қарашадағы N 702 бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009.11.12 N 702 бұйрығымен.

      "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  7-бабының 10) тармақшасына және  17-бабының 13) тармақшасына сәйкес, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Вакциналармен және басқа да медициналық иммунобиологиялық препараттармен жұмыс істеу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 17 маусымдағы  N 484 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде N 2950 тіркелген, "Қазақстан Фармациясы" журналында жарияланған, 2004 жыл, N 8) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
 

        4-тармақта "(Б.С.Байсеркинге)" деген сөздер "(А.А.Белоногқа)" сөздермен ауыстырылсын;

      көрсетілген бұйрыққа 2-қосымшада:
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Осы санитарлық ережелер мен нормаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
      1) қауіпсіз иммундау - алдын ала егу жүргізгенде емделушінің, иммундауды жүзеге асыратын медицина қызметкерінің, халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы;
      2) қауіпсіз жинау мен жоюға арналған қораптар (контейнерлер) (бұдан әрі - ҚЖҚ) - пайдаланылған шприцтер мен инелерді жоюға дейін оларды қауіпсіз жинауға және сақтауға арналған суланбайтын және тесілмейтін ыдыстар;
      3) вакцинадан кейінгі асқынулар - алдын ала егу салдарынан пайда болатын реанимациялық шараларды талап ететін денсаулық жай-күйінің ауыр, тұрақты бұзылуының клиникалық белгілері (дене қызуының 40 0 С астам көтерілуі, анафилаксиялық шок, афебрилдік ұстама, менингит);
      4) өздігінен блоктанатын (бұдан әрі - ӨБ) шприц - бір инъекциядан кейін автоматты түрде блоктанатын және қайта пайдалануға жарамсыз болатын шприц;
      5) өздігінен қирайтын (бұдан әрі - ӨҚ) шприц - бір инъекциядан кейін поршенінің сынуына байланысты жарамсыз болатын шприц.";

      мынадай мазмұндағы 11-16 тармақтармен толықтырылсын:
      "11. Қауіпсіз иммундау мақсатында егілетін адам үшін мыналар қамтамасыз етілуі тиіс:
      1) стерилденген ӨБ немесе ӨҚ шприцті пайдалану;
      2) орам тұтастығы бұзылған, сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе шприцті пайдалануға дейін стерилдігінің бұзылуына ықпал ететін жағдайларда шприц пен инені жою;
      3) сапалы және қауіпсіз вакциналарды қолдану Қазақстан Республикасында тіркелгендігімен, сондай-ақ вакциналарды тасымалдау және сақтау кезінде "салқындық тізбегінің" талаптарын сақтаумен айқындалады;
      4) инъекцияға арналған лиофилиздендірілген вакцинаның немесе препараттың әрбір сауытын асептика техникасын сақтай отырып, жеке бір реттік шприцпен еріту;
      5) нұсқаулықта өзгеше айтылмаса, еріту кезінде вакцина ерітіндісінің толық көлемін пайдалану;
      6) вакцинаны еріткеннен кейін сауыт тығынынан инені дереу алып тастау;
      7) вакцинаны егу орны мен техникасын сақтау;
      8) вакцинаны егу орнын өңдеуге арналған мақта немесе дәке шариктерді спиртте емес, құрғақ күйде сақтау;
      9) вакцина бар сауыт тығынын және вакцинаны егу орнын өңдеу үшін жекелеген мақта немесе дәке шариктерді пайдалану;
      10) иммундау жүргізетін медицина қызметкерінің (бұдан әрі - вакцинатор) қолдары жарақаттанғанда бір реттік қолғапты пайдалану;
      11) иммундаудың барлық мәселелері, оның ішінде иммундаудың қауіпсіз практикасы жөнінде вакцинаторларды білімін растайтын, егу жүргізуге рұқсат анықтамасын бере отырып, жыл сайын аумақтық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және денсаулық сақтау басқармаларының комиссиясы өткізетін даярлау;
      12) егу алдында егілетін адамды дәрігерлік қарау;
      13) ата-аналарына алдын ала хабарлағаннан кейін балалар мен жасөспірімдерді, оның ішінде балалар бақшасына, мектептерге, колледждерге баратындарды егуді жүргізу.
      12. Шприцтің стерилдігі мыналармен қамтамасыз етілуі тиіс:
      1) ҚЖҚ және шприцтерді сақтау үшін жеке үй-жай бөлумен;
      2) шприцті жарамды мерзімінен өткенге дейін пайдаланумен;
      3) шприц орамын пайдалану алдында ғана ашумен.
      13. Вакцинатор үшін қауіпсіз инъекция мыналар арқылы қол жеткізілуі тиіс:
      1) кездейсоқ піспелеудің алдын алу;
      2) инелі шприцтің вакцинатор қолында болу уақытын азайту;
      3) егу жүргізуге арналған жұмыс орнын ұтымды ұйымдастыру;
      4) инъекция жасау кезінде баланы дұрыс орналастыру;
      5) егу кабинеттерін вакциналармен, ӨБ (ӨҚ) шприцтермен және ҚЖҚ кешенді жабдықтау принциптерін сақтау;
      6) ҚЖҚ инъекция жүргізу орнына жақын орнықты жерге/үстелге орналастыру;
      7) пайдаланылған шприцтер мен инелерді инъекциядан кейін дереу, алдын ала жумай, заразсыздандырмай, бөлшектемей және бұзбай ҚЖҚ тастау;
      8) жарақатқа әкелуі мүмкін қажетсіз әрекетті жасамау;
      9) ҚЖҚ төрттен үш бөлігіне дейін немесе белгісіне дейін толтырылғанда жабу;
      10) толтырылған ҚЖҚ жою;
      11) пайдаланылған шприцтермен толтырылған ҚЖҚ уақытша сақтау үшін орын бөлу.
      14. Халық пен қоршаған орта үшін инъекцияның қауіпсіздігі тек пайдаланылған шприцтер мен инелерді ғана жинайтын ҚЖҚ-ны қолдану, оларды уақытша сақтау орнына тасымалдау және кейіннен қалдықтарды жою арқылы қамтамасыз етілуі тиіс.
      15. Пайдаланылған шприцтері бар ҚЖҚ жоюдың мынадай әдістері пайдаланылады:
      1) қоқыс өртейтін арнайы пештерде (инсинераторларда) орташа (800-1000 0 C) және жоғары (>1000 0 C) температурада өртеу;
      2) салыстырмалы түрде жоғары емес температурада (< 400 0 C) пештерде, ашық шұңқырларда немесе металл бөшкелерде өртеу. Өртеуге арналған орын тұрғын үй құрылыстарынан кемінде 50 метр қашықтықта таңдалады. Таңдалған орын қоршалуы керек. Қалдықтарды өртеуге арналған шұңқырдың диаметрі 1-2 метр, тереңдігі кемінде 1 метр болуы керек. Шприцтер мен инелердің жанбаған қалдықтары көмілуі керек. Металл бөшкелерде жануды үдету мақсатында қалдықтары бар ҚЖҚ-тар арасына қағаз немесе басқа тез тұтанатын заттар салынуы керек, ал бөшкенің үстіне күл тастамасының көлемін азайту үшін ұсақ ұялы металл тор орналастырылады. Күл қалдығы көмілуі керек;
      3) пайдаланылған шприцтері бар ҚЖҚ жинау, тасымалдау және өртеу жауапты және дайындалған медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізіледі. Пайдаланылған шприцтерді жинауға, уақытша сақтауға, тасымалдауға және өртеуге байланысты жұмыстарға осы жұмысты орындаудың қауіпсіз техникасы жөнінде арнайы дайындықтан өткен адамдар жіберіледі.
      16. Қауіпсіз иммундау практикасын бағалау критерийлеріне мыналар жатады:
      1) денсаулық сақтау жүйесінің әрбір деңгейінде санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес келетін егу пункттерінің, кабинеттерінің үлес салмағы - кемінде 90%;
      2) медицина ұйымдарына вакцина ӨБ (ӨҚ) шприцтер мен ҚЖҚ партиясының барабар жеткізілуінің үлес салмағы - 100%;
      3) жыл бойы иммундау жөніндегі барлық жоспарлы іс-шараларды жүргізу үшін жалпы сатып алынғандардың ішіндегі ӨБ (ӨҚ) шприцтердің үлес салмағы - кемінде 90%;
      4) инъекциялық қалдықтарды қауіпсіз жоюды қамтамасыз ететін медицина ұйымдарының үлес салмағы - кемінде 80%.".

      2. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (А.А. Белоног) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің Ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету департаменті осы бұйрықтың Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Министрдің
      міндетін атқарушы