Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау үшін қосылған құн салығын төлеушінің жеткізушілеріне қарсы тексерулер тағайындау ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының 2005 жылғы 29 маусымдағы N 288 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 22 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 3745. Күші жойылды - ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының 2007.06.26. N 428 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

       Күші жойылды - ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының 2007.06.26. N  428  (алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.  

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының  Кодексіне  (Салық кодексі) сәйкес және қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау үшін қосылған құн салығын төлеушінің жеткізушілеріне қарсы тексерулер тағайындауды ретке келтіру мақсатында  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының дұрыстығын растау үшін қосылған құн салығын төлеушінің жеткізушілеріне қарсы тексерулер тағайындау ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Салық комитетінің Салық әкімшіліктендіруі басқармасы (А.М. Қыпшақов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті Төрағасының орынбасары А.Г.Хорунжийге жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасы     
Қаржы министрлігінің      
Салық комитеті Төрағасының   
2005 жылғы 29 маусымдағы    
N 288 бұйрығымен бекітілген  

Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының
дұрыстығын растау үшін қосылған құн салығын төлеушінің
жеткізушілеріне қарсы тексерулер тағайындау ережесі

      1. Осы Ереже "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының  Кодексіне  (Салық кодексі) сәйкес әзірленген және салық қызметі органдарының қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы (бұдан әрі - ҚҚС) сомаларының дұрыстығын растау үшін ҚҚС-н төлеушінің жеткізушілеріне қарсы тексерулерді (бұдан әрі - қарсы тексерулер) тағайындауды ретке келтіруге бағытталған.

      2. Қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы (бұдан әрі - ҚҚС) сомаларының дұрыстығын растау үшін ҚҚС-н төлеушінің жеткізушілеріне қарсы тексерулер тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде тексеруді жүргізуші салық қызметі органының жауапты қызметкері қарсы тексеруге жатпайтын мынадай:
      1) бұл салық төлеушінің қосылған құн салығын қайтаруға өтініш беру сәтінің алдындағы он екі ай кезең ішінде аталған салық төлеушіге айына кемінде бір рет тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өткізуді жүзеге асыратын;
      2) электр және жылу энергиясын, суды, газды, байланыс қызметін жеткізуді жүзеге асыратын;
      3) Қазақстан Республикасында ҚҚС-н төлеушілер болып табылмайтын жұмыстарды орындайтын (тауарларды жеткізетін қызмет көрсетулер көрсететін) резидент емес жеткізушілерді қоспағанда, жазылған шот-фактуралар бойынша ҚҚС сомаларының кему тәртібімен тексерілетін салық кезеңі үшін ҚҚС-н төлеушінің жеткізушілерін айқындайды.

      3. Қарсы тексеруге осы Ережеде белгіленген жеткізушілерді қоспағанда, салық кезеңі үшін есепке жатқызуға жатқызылған ҚҚС-ның жалпы сомасы ҚҚС сомасының 80 процентін құрайтын шот-фактуралар жазып берген ҚҚС-н төлеушінің жеткізушілері жатады.
      Егер жеткізушінің шот-фактурасындағы ҚҚС-ның сомасы 80 проценттік шектеу белгілеуіне келетін болса, онда көрсетілген жеткізуші қарсы тексеруге жататын жеткізушілердің тізбесіне енгізіледі.
      Осы тармақта белгіленген шарттарға қарамастан міндетті тексеруге мынадай:
      қосылған құн салығы 1 миллион теңгеден астам сомаға көрсетіліп шот-фактура жазған, сондай-ақ жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам ҚҚС-н көрсетумен алушының салық кезеңі үшін екі немесе одан көп шот-фактура жазған;
      салық органы "Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілерді тіркеу. ҚҚС бойынша салық есептілігі нысандарын қабылдау және өңдеу" ақпараттық жүйесінде камералдық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар анықталған жеткізушілер жатады.

      4. Нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар бойынша ҚҚС-н қайтару мерзімдерін сақтау мақсатында салық қызметі органының қызметкері салық тексеруін жүргізу басталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық қызметінің тиісті органдарына салық төлеушілер мониторингіне жататын жеткізушілер беретін салық есептілігінің негізінде жеткізушілерге қарсы тексерулер жүргізу туралы сұрау салулар, сондай-ақ бюджеттен қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларының дұрыстығын растау бойынша сұрау салулар белгілейді және жібереді.

      5. Қарсы тексерулер тағайындаудың дұрыстығына салық органдарының бірінші басшылары жауап береді.