Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілгендер бекітілсін:
1) малдар төлінің колибактериозын алдын-алу және жою бойынша ветеринариялық ережелерді;
2) сальмонеллезді алдын-алу және жою бойынша ветеринариялық ережелерді.
2. Ветеринария департаменті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстардың және Астана, Алматы қалаларының аумақтық басқармаларымен бірге, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы бұйрық ресми жариялаған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылық министрінің
2005 жылғы 24 қаңтардағы
N 70 бұйрығымен бекітілген
Малдардың төлінің колибактериозын алдын-алу
және жою бойынша шараларды жүргізудің
ветеринарлық ережесі
Осы малдардың төлінің колибактериозын алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринарлық ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринарлық шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Колибактериоз (эшерихиоз) ауыл шаруашылық малдар төлінің (соның ішінде құстар) және аңдардың жіті өтетін жұқпалы ауруы, негізінен организмнің мықты улануы мен іш өту белгілерімен көрінеді. Ауруға төлдердің жоғарғы өлімімен және жаппай ауруы тән.
Ауруға негізінен төл шалдыққыш, оның қанында глобулиннің аз немесе жоқ болуы, уақытында оған уызбен қоректендірмеуі немесе ондағы иммуноглобулиннің төмен құрамы себеп болады.
2. Ауру қоздырғышы - Escherіchіa colі, Escherіchіa түріне жататын инвазиялық және токсигендік қасиеттеріне ие.
Індеттің қоздырғыш көзі - колибактериозбен ауыратын немесе ауырып болған малдар. Жиі кездесетін жолы - алиментарлық, ауа арқылы жұғу сирек; кейде жатыр ішінде де жұғады.
3. Диагноз эпизоотологиялық, клиникалық және патологоанатомиялық белгілер негізінде және патологиялық материалды зертханалық бактериологиялық зерттеу нәтижесінде қойылады.
2. Жануарлар төлдерін колибактериоздан
ветеринариялық-санитарлық таза аймақтарда
өткізілетін алдын-алу шаралары
4. Төлдердің колибактериозын ұйымдастыру - шаруашылық, ветеринарлық-санитарлық, зоогигиеналық және сол ауруға қарсы жиынтық шараларын жүргізу (жалпы және арнайы), аналық малдар мен төлдердің организмін күшейту және сыртқы орта объектісі арқылы жұғуын болдырмау негізіне байланысты.
3. Жануарлар төлдерін колибактериоздан
таза емес пункттерде және індетті ошақтарда
өткізілетін шаралар
5. Шаруашылық субъектісінде (фермада, жеке аулада) колибактериоз шыққан жағдайда ұйымдастыру - шаруашылық, індетке қарсы және ветеринариялық-санитарлық жиынтық шараларын жүргізеді.
6. Бұзаулар арасында колибактериоз тіркелген жағдайда мынадай шаралар жүргізіледі:
1) сақтандыру секциясында ауру болған жағдайда бұзауларды қабылдау тоқтатылады. Ауырған малдарды орында қалдырып басқа сақтандыру секциясына таралып кетпеуі үшін бүкіл шараларды жүргізеді. Таза емес секциядағы мал қиы мен төсеніші алынып, бөлінген алаңға биотермиялық зарарсыздануға жиналады. Қиларды жинақтауға арналған телешкалар мен басқа құралдар күн сайын дезинфекцияланады;
2) ауру бұзауларға тері астына немесе көк етке колибактериозға қарсы гипериммундық сары суын, оны қолдану ережесіне сәйкес егеді, сонымен қатар антибиотиктерді (ауру қоздырғышы оған сезімтал), нитрофурандық және сульфаниламидтік препараттармен оларды қолдану ережелеріне сәйкес мөлшерде қосып пайдаланады. Уыз не сүт беруді 1-2 азықтандыруда бермейді, содан кейін оны қайнатылған сумен тең қалыпта қосып, күндік мөлшердің жартысын береді. Сонымен бірге ауру белгілеріне қарай су-тұз алмасу, қышқылдық-сілтілік тепе-теңдігін сақтауға, организмдегі белок, углевод және витамин жетіспеушілігінің орнын толтыруға басқа да дәрілер пайдаланады;
3) ауру бұзаулар болған профилактория секциясындағы қи мен су ағар жүретін науаларды 4% ыстық (70 0 С) күйдіргіш натр 3% активті хлоры бар хлорлы әк ерітіндісімен дезинфекциялайды. Бактерицидтік лампалар болған жағдайда сақтандыру секциясының ауасын күн сайын ультрафиолеттік сәулелермен дезинфекциялайды;
4) бұзаулар мен буаз сиырларды колибактериозға қарсы арналған вакцинамен оның қолдану ережесін сақтай отырып егеді;
5) колибактериозға таза емес сақтандыру секциясындағы бұзауларды шығарғаннан кейін, механикалық тазарту жүргізіледі, содан кейін жайды (қораны) 2% формальдегид ерітіндісімен немесе 4% (70 0 ) ыстық күйдіргіш натр ерітіндісімен немесе құрамында 3% күшті хлоры бар хлорлы әкпен дезинфекциялайды. Ерітінді шығыны - 1 квадратты метр беттік айдынға 1 литр 3 сағат ұстау керек. Сақтандыру бөлмесін егер жабдықталған, басқа бөлмелерге тарап кетпейтін болса аэрозолдік әдіспен дезинфекция жүргізуге болады. Ол үшін формалин пайдалынады (38-40% формальдегид ерітіндісі) 1куб метр орынға 20 миллилитр 24 сағат ұстау керек.
7. Торайлар арасында колибактериоз тараған кезде мынадай шаралар жүргізіледі:
1) барлық ауыратын еметін торайларды енесімен бірге және енесінен айырылған торайларды бөлек ұстап колибактериозға қарсы гипериммундық сарысумен қолдану ережесіне сәйкес емдейді, сонымен қатар ауру қоздырғышы сезімтал сульфаниламидтік және нитрофурандық препараттар қосылған антибиотиктер қолданылады. Диетикалық және симптомдық емдеу құралдары пайдалынады;
2) ауру малдар тұрып босаған орындар тазартылып, осы Ереженің 6 тармағында көрсетілгендей тазартылады және дезинфекцияланады;
3) таза секцияда тұрған буаз шошқа аналықтарын, 10 күндік жастан асқан торайларды колибактериозға қарсы вакцинамен оның пайдалану ережесіне қарай егеді.
8. Қозылар арасында колибактериоз тараған жағдайда мынадай шаралар жүргізіледі:
1) ауру қозыларды енесімен бірге бөлектейді және колибактериозға қарсы гипериммундық сары суын антибиотиктер, сульфаниламидтық және нитрофурандық препараттарды қосып емдейді; диетикалық және симптоматикалық емдеу қолданады оны қолдану ережесін сақтай отырып емдейді. Ауру малдар білінген орындар тазартылып, осы Ереженің 6 тармағында көрсетілгендей зарарсыздандырылады;
2) қоралардың аурудан таза бөлігінде қоздатуды ұйымдастырады;
3) өмірінің алғашқы сағаттарында жаңа туған қозыларды колибактериозға қарсы гипериммундық сарысуын ішкізеді;
4) колибактериозға таза емес шаруашылық субъектісінде (фермаларда) буаз саулықтарды және қозыларды сақтандыру вакцинациясын оны қолдану ережесін сақтай отырып вакцинациялайды.
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылық министрінің
2005 жылғы 24 қаңтардағы
N 70 бұйрығымен бекітілген
Сальмонеллез ауруының алдын-алу және жою бойынша
Ветеринариялық ережесі
Сальмонеллез ауруының алдын-алу және жою бойынша шараларды жүргізудің ветеринариялық ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 26 бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалармен орындалуға міндетті ветеринарлық шараларды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Сальмонеллез - жіті өтетін зардапты ауру, ішекқарын жолының, бауырдың зақымдануымен, көкбауырдың үлкеюімен және дене қызуының көтерілуімен сипатталады.
Сальмонеллезбен барлық ауылшаруашылық, үй, кәсіптік, жабайы, зертханалық жануарлар мен құстардың барлық түрі ауырады, әсіресе жас мал сезімтал.
2. Ауру қоздырушысы Enterobacterіceae тұқымдасының Salmonella түріне жататын бактериялар.
3. Сальмонеллезге алдын ала балауды эпизоотикалық, клиникалық және патологоанатомиялық мәліметтерге сүйеніп қояды. Қорытынды балауды бактериологиялық зерттеулермен қояды: микроскопия, таза өсіндіні бөліп алу және тәжірибелік жануарларға биосынама қою.
2. Сальмонеллезге ветеринариялық-санитарлық
таза аймақтарда өткізілетін алдын-алу шаралары
4. Сальмонеллез инфекциясының алдын-алу эпизоотияға, эпидемияға қарсы ветеринариялық-санитарлық және санитарлық-гигиеналық шараларды жүргізуді талап етеді.
5. Басты шараларға, жануарлар мен құстардың арасында сальмонеллездің таралуын болдырмауға арналған шаралар жатады. Осы мақсатпен қажетті түрде:
1) жаңа туған төлдердің және өсіріліп жатқан төлдердің организмнің төзімділігін көтеру бағытында ветеринариялық-санитарлық тәртіптің қатаң бақылауын іске асыру;
2) жануарлар мен құстардың ауруына, тек қана ауру жануарлар емес, оның таратушыларын (тасымалдаушыларын) уақтылы айқындау мақсатында қатаң ветеринариялық қадағалауды белгілеу;
3) жоспарлы алдын-ала иммундеу, сондай-ақ жануарларға арналған өндірістік орындарды дезинфекция мен дератизация жүргізу;
4) шаруашылық субъектісін таза шаруашылық субъектісінен жануарлармен толықтыру;
5) жануарлардың тасымалдауын қадағалауына ветеринариялық қадағалауды атқару;
6) рационды бірден өзгертуге, бұзылған азық беруге, таза емес сумен суаруға болмайды.
6. Азық және азық қоспаларын сальмонеллалармен ластануына тұрақты бактериологиялық әдістермен бақылау қажет.
7. Сойыс жануарларының өнімдерін сальмонеллалармен ластануын болдырмау мақсатында ет өңдейтін кәсіпорындарында санитарлық деңгейін көтеруге сояр алдындағы тәртібін сақтауға және шартты жарамды өнімдерді зарарсыздандыруға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүргізу қажет; келген малдардың шаруашылықтың сальмонеллезге таза екендігі жөнінде белгісі бар құжаттарын жүргізу және ұшаны, басты, өкпе-бауырды, теріні бірыңғай нөмірмен таңбалау; дұрыс топтау, жұқтырмауын және қалдықтарын утилдеу жүргізіледі.
8. Сүт шаруашылығында сүтті жинау, сақтау және тасымалдаудың санитарлық шарттарын, сүт ыдыстарын, құралдарын, жабдықтарды сапалы санитарлық өңдеуді қамтамасыз ететін және сүтті пастерелеуге дейінгі қалыптандыру ережелерін сақтауын орындау қажет.
9. Құс шаруашылығында топты толықтыруға және инкубациялық жұмыртқа шығаратын аналық бастарға қантамшылы агглютинация реакциясы жолымен қатаң бақылау жүргізу керек.
Сальмонеллезге таза емес шаруашылық субъектісінде инкубациялық жұмыртқаларды және құстарды басқа шаруашылық субъектісіне шығаруға рұқсат етілмейді.
3. Сальмонеллезге таза емес аймақтарда және
індетті ошақтарда өткізілетін шаралар
10. Сальмонеллез анықталса, шаруашылық субъектісінде рұқсат етілмейді:
1) басқа шаруашылық субъектісіне малдарды және құстарды шығаруға және әкелуге;
2) шаруашылық субъектісі ішінде малдарды және құстарды қайта топтастыруға;
3) шарасыздан сойылған малдар мен құстардың етін алдын-ала бактериологиялық зерттеуге жүргізбей пайдалануға, ал егер зерттеуге мүмкіндік болмаса - жоғары температурада зарарсыздандырмай пайдалануға;
4) шаруашылық субъектісінің басқа секторындағы адамдардың, сондай-ақ, бөтен адамдардың арнайы киімсіз және аяқтарын дезинфекцияламай оқшауханаға кіруіне;
5) сальмонеллезден таза емес шаруашылық субъектісінің жайылымдарына мал бағуға және азық дайындауға;
6) таза емес құс қорасындағы құстардың инкубациялық жұмыртқасын шығаруға.
11. Шаруашылық субъектісінде сальмонеллез өршіген уақытта жануарларды жеке клиникалық тексереді және міндетті түрде термометрлейді. Ауру және ауруға күдікті жануарларды оқшаулайды және Қазақстан Республикасы аймағында қолдануға рұқсат етілген ауру қоздырғышына әсер ететін препараттармен байланыстырып, гипериммунды сарысуларымен емдейді.
12. Сальмонеллезбен ауырған малдар және құстар табылған қораларды сондай-ақ торларды, науаны, өткелдерді, құралдарды, инкубаториді, қосалқы бөлмелерде және серуен аулаларында ветеринарлық-санитарлық шаралар жүргізеді (дезинфекция, дезинвазия, дезинсекция және дератизация).
13. Ауруды жойғаннан 30 күн өткеннен кейін, қорытынды дезинфекция жасағаннан кейін және аурудан сауыққан жануарларды союға өткізгеннен кейін шаруашылық субъектісін сальмонеллезден таза деп есептейді.